- Нұреке, сіз бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді ұйымдастырған құрылтайшы, ауылымызға танымал кәсіпкерсіз. Осылардың арасында сіз ұйымдастырған «Бейнеумехтранссервис» ЖШС-інің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі жайлы өзіңіздің пікіріңізді білгіміз келіп отыр...
- Өзіңіздің хабарыңыз бар, «Бейнеумехтранссервис» ЖШС — көше бойынан жиналып, тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және жоюмен айналысып, ауыл ішінің тазалығын сақтауға жауапты кәсіпорын. Кейбіреулер бұл жұмысты жеңіл көреді. Анығында жұмыстың ауыры – тазалықты сақтау. Жасыратыны жоқ, осы жақынға дейін орталықтың өзінде қоқыс шашылып жатты ғой. Үйлердің жанында, көшелерде бей-берекет шашылып, желге ұшып жататын қоқыс қалдықты жинауға серіктестегі 30 жұмысшы, жүк тиеуші 3 техника мен қабылданған қалдықтарды тасымалдаушы 6 автокөлігімізді күндіз-түні жұмылдырсақ та үлгере алмайтынымыз анық.
Содан біздер жоғары орындарға ұсыныспен шықтық. Ұсынысымызды аудан, село әкімдері қолдап, осыдан бірнеше жыл бұрын серіктестігіміз тарапынан ауылымыздың орталығындағы екі қабатты (жұрт корпус деп атайтын) тұрғын үйлердің тұрғындары үшін ыңғайлы орындарға, жүргіншісі көп орталық көшелердің бойларына тұрмыс қалдықтары мен қоқыс тастайтын арнаулы темір жәшіктер (контейнерлер) қойдық. Бұл тазалықты сақтауға тиімді екенін байқатты. Екі қабатты тұрғын үйлердің маңында бұрынғыдай қоқыс толып жатпайтын болды. Тұрғындардың дені тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жинайтын темір жәшіктерге тастауды әдетке айналдыра бастады. Биыл тоғыз айда темір жәшіктерге жиналған 3 мың тоннадай тұрмыстық қалдықтарды жинап, тасымалдап, арнайы полигонымызда жойып, 42,8 миллион теңге көлемінде қызмет жасадық. Бірақ ауылымызда тазалықты сақтау мәселесі түбегейлі шешілді деп айтуға әлі ерте. Шешімін күтіп тұрған мәселе бар.
- Міне, осы шешілуі тиіс мәселе жайлы ойларыңызды ортақтассаңыз?
- Біздің серіктестігіміз бүгінгі таңда ауыл орталығындағы екі қабатты (корпус) тұрғын үйлер мен жүргіншісі көп орталыққа жақын көшелердің бойындағы тазалықты сақтауға ғана баса көңіл бөліп отырғанын жоғарыда тілге алдым. Соңғы жылдары халық саны күрт өсіп, көшелер көбейіп, ауылымыздың іргесі кеңейгені баршамызға аян. Кейінгі жылдарда пайда болған көшелердің тұрғындарының көпшілігі тұрмыстық қалдықтарын кез-келген жерге тастап жүр. Қалай болса, солай тасталған қалдықтар желмен ұшып, ауыл ішін қоқысқа толтыратын түрі бар. Бұл ауылымыздағы тазалықты сақтаудың ең өзекті мәселесіне айналып отыр.
- Бұл мәселені тиімді шешудің қандай жолы бар?
- Мұның бірден-бір тиімді жолы – ауыл тұрғындары ауласында тұрмыс қалдықтарын уақытша жинайтын ыдысты өздері дайындауы керек. Айталық, сіз қалдықтарды салатын ыдысты мүмкіндігіңізге қарай жасаңыз. Сосын сол ыдысқа тапсырылатын қалдықтарды бөлек-бөлек салып қоюыңыз керек. Әлде де түсінікті болуы үшін талдап, тарқатып айтайын. Тыңдаңыз. Тек қана құрғақ тамақ қалдықтарын бір қалтаға толтырып, ауызын буып, салып қоясыз. Картон, қағаз қалдықтарын, шөлмек, баклажка сияқты заттарды бірін-біріне қоспай, бөлек жинағаныңыз дұрыс. Тұрмыстық қалдықтарды дәл осы тәртіпте жинап, тапсыратын болсаңыз, құрғақ тамақ қалдықтарынан басқа аталған қалдықтарды тегін тапсырасыз.
- Сөзіңізді бөлейін, бұрын аты қалдық болса, тапсыра беретін едік ғой. Енді қалдықтарды айыратын болдық па?
- Өзім де, міне, осыны түсіндіргелі тарқатып айтып отырмын. Жуырда біздің қызметімізді реттеуші жоғары орындар қалдықтарды қабылдаудың жаңа тәртібін дайындап, қолданысқа берді. Жаңа тәртіпке орай ендігіден былай тек қана тамақ қалдықтарын полигонда жоямыз. Бакалажка, шөлмек, картон, қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге жөнелтеміз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Шетпеден шыққан шаң- Ал аралас қалдық, қоқыстарымыздың барлығын бір қалтаға салып, ауызын буып қойсақ ше?
- Аралас қалдықтарды қабылдамаймыз.
- Бұлар жайлы оқырмандарымыз қажетті ақпаратқа ие болды деп ойлаймыз. Ал жеке мал қорамызды күбірден, үй тұрғызу немесе жөндеуден кейін қалатын қатқан цемент, сынған ағаш, тас қалдықтарынан ауламызды тазалауға тапсырыс беруімізге бола ма?
- Әрине, болады. Бұл жұмыстарға бірнеше техниканы пайдаланатын болғандықтан қызмет ақысы қалтаға салулы тұрған тұрмыстық құрғақ қалдықтарды жинап алудан бірнеше есе қымбат. Айталық, сіз құрғақ тұрмыс қалдықтарын алып кетуіміз үшін мың теңге төлейтін болсаңыз, аулаңызды, қораңызды күбірден тазалағанымыз үшін 5 мың теңге төлейсіз.
- Қызмет ақысын өзіңіз белгілейсіз бе?
- Жоқ. Тариф бойынша қызмет жасаймыз. Тарифті Астанадағы «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгілеп, бекітеді. Бүгінгі таңда бұл серіктестік еліміз бойынша жүзеге асырылатын тазалық қызметінің жаңа тарифін әзірлеу үстінде. Бұйырса, 2019 жылдан бастап жаңа тариф қолданысқа енгізіледі. Алайда жасақталып жатқан тариф халқымызға да, бізге де тиімді болады деп ойлаймыз.
- Нұреке, сіздің әңгімеңізден серіктестігіңіз атқаратын қызметпен біршама таныстық. Енді өзіңіздің серіктестігіңіздің ұжымы жайлы айтып өтсеңіз?
- Қанша техникамыз, жұмысшымыз бар екенін айтып өттім ғой. Жұмысшыларымыздың еңбек ақыларын уақытылы беруге баса мән береміз. Тәртіп пен еңбек қауіпсіздігі қатаң сақталады. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшы мүддесі бірінші орында тұрады. Ауызбірлігіміз мықты, жұмысқа ынта күшті. Ал мұндай ұжым ауылымыздың тазалығын сақтауда жетістіктерге жетуге жұмыла еңбек ететіні анық.
Сөзімді аяқтай келе айтарым, «Бейнеуіміз әлі де көркейсе екен» дейтін әрбір азамат тазалыққа үлес қосуға ұмтылуы керек. Ауылдың көркі – тазалық. Осыны ұмытпайық, ағайын.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Беркімбай ГАРАБАЕВ