- Равиль Тәжіғараұлы, сіздің мамандығыңыз және Маңғыстау өңіріне келу жолыңыз?
– И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын инженер-механик мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін, институтқа оқуға түскенге дейін өзім бес жыл бойына слесарь болып жұмыс істеген, Гурьев облысының (қазіргі Атырау облысы) Мақат ауданы, Доссор кентінде орналасқан автомобильдер, тракторлар және мұнай өнімдерін жөндеу зауытында жұмысымды жалғастырдым.
1968 жылғы 21 қазанда Гурьев облысының Маңғыстау өңірінде Жаңаөзен ауданын құру туралы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің жарлығы жарияланған болатын.
Аудандық партия конференциясы, халық депутаттарының аудандық кеңесінің сессиясы өткізіліп, партиялық және атқару комитеттері құрылған еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Д.Н.Клинчев, хатшылары болып О.К.Қарасаев, К.А.Дәулетов сайланды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Ж.Е.Есенжанов және оның орынбасары Р.П.Остапенко болып бекітілді.
1968 жылғы 25 желтоқсанда бірінші аудандық комсомол конференциясы өткізіліп, мені аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Мені бұл жұмысқа Доссор зауытының бас инженері болып жұмыс істеп жүрген жерімнен облыстық партия комитеті жолдаған болатын.
Аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы Л.Н.Бурлаков және хатшы Т.П.Перепелкина болып сайланды. Ірі комсомол комитеттерінің хатшылары болып мыналар сайланды: «Өзенмұнай» МКБ-да – Д.Айтмағамбетов, «ММГБ» тресінде – А.Өрбісінов, Өзен «БЖБ-да» – Ю.Цембельман, «ММГБ» тресінде – С.Шомадов және т.б. Осылайша біздің көп ұлтты комсомолмен және жастармен оларды Маңғыстау байлығын игеруге жұмылдыру бойынша жұмысымыз басталды.
– Өзен мұнайының қарқынды игеріліп жатқан жылдары және еңбек адамдарының жасампаздық істері туралы естелік айтып берсеңіз?
– Маңғыстау түбегінің және атап айтқанда Өзен кенорнының байлығын игеру жұмыстарын ұйымдастырудың бастамасында кімдер тұрғаны туралы қысқаша айта кеткенім орынды болар.
Бұлар М.А.Исенов 1964–1970 ж.ж., С.М.Мұқашев 1970–1977 ж.ж. Гурьев (Атырау) облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары болды.
С.Өтебаев 1951–1957 ж.ж. «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы, ал 1965–1971 ж.ж. «Қазақстанмұнай» және «Маңғыстаумұнай» бірлестіктерінің республика министрі мәртебесіндегі бастығы болып жұмыс істеді.
Ж.А.Досмұхамбетов 1954–1957 ж.ж. бойынша бас геолог, ал 1957–1971 ж.ж. «Эмбамұнай» комбинатының бастығы болып жұмыс істеді.
1959 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» (ММГБ) трестінің басқарушысы Х.Ө.Өзбекғалиев болды және тресті 1978 жылға дейін 19 жыл басқарды.
Жоғарыда аттары аталған басшылардың барлығының жоғары білімдері болды және мамандықтары мұнайшы болатын. Олар қатардағы жұмысшыдан бастап, кәсіби өсудің барлық сатыларынан өтті және мұнай саласының басшылары, сондай-ақ мемлекет қайраткерлері деңгейіне дейін көтерілді.
Алғаш рет Эмба мұнайшылары Маңғыстау түбегінің кеңістіктерінде 1951 жылы пайда болды. Сафи Өтебаев бірлестік бастығы лауазымына кіріскеннен кейін бірден геофизиктер тобын басқарып, Маңғыстау түбегінің мұнай табылуы ықтимал барлық орындарын аралап шықты. Сапар қорытындылары бойынша геологиялық барлау экспедициясын құру туралы шешім қабылданады және сейсмикалық партияларды кең ауқымды зерттеу басталады. Геологиялық барлаушылар көптеген болашағы бар кенорындарын анықтады.
Маңғыстаудағы бірінші бұрғылау агрегаты 1958 жылы Түбежік құрылымында пайдалануға берілді. 1959 жылғы қаңтарда Жетібай, ал 1961 жылы Өзен кенорнын терең барлау бұрғылауы басталды.
1961 жылы Г. Әбдразақов және К.Бураков бригадасымен Өзен кенорнында бұрқақ алдық. Сол жылы Жетібай құрылымында №6 барлау ұңғымасында Н.Петровтың бригадасы бұрқақ алды.
Маңғыстауда мұнай мен газдың үлкен қорлары анықталуы, сондайақ жоғарыда аттары аталған мұнайшы басшылар мен облыс басшыларының дәлелді және табанды талаптары КСРО Министрлер Кеңесінің 1962 жылғы 19 қаңтарда «Маңғыстау түбегінде және Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігінің аумағында мұнай және газға геологиялық барлау жұмыстарын күшейту туралы және осы аудандарда анықталған мұнай кенорындарын пайдалануға дайындау туралы» қаулысының қабылдануына алып келді.
КОКП ОК, КСРО Министрлер Кеңесі және республиканың партиялық-кеңестік органдары Маңғыстау түбегінде қуатты отын-энергетикалық кешенін құру міндетін қойды.
БЛКЖО ОК Маңғыстауды «Бүкілодақтық комсомол құрылысы» деп Жариялау туралы қаулы қабылдады. Кеңес Одағының барлық түкпірлерінен комсомол жолдамасы бойынша мамандар мен жастар, сондай-ақ әскерден демобилизацияланған жауынгерлер ағыла бастады.
Маңғыстау үлкен өндіріс алаңына және орасан құрылысқа айналды.
1964 жылы ҚазКСР «Маңғышлақмұнай» бірлестігін және оның құрамында түбектегі бірінші «Өзенмұнай» МКБ (мұнайкәсіптік басқармасын) құрады, оның бастығы Р.Өтесінов, орынбасары О.Бердіғожин болып тағайындалады, партия комитетінің хатшысы ретінде Х.Тоқашев сайланады.
1966 жылы жазда Өзен кенорнында мұнайдың бірінші миллион тоннасы өндірілген болатын.
1966 жылғы 10 қазанда Волгоград мұнай өңдеу зауытында өңдеу үшін мұнай толтырылған Каспий кеме шаруашылығының бірінші «Джабраил» танкері жөнелтілді, сондай-ақ қазан айында Өзен-Жетібай-Шевченко мұнай құбыры арқылы бірінші ыстық мұнайды айдау жүзеге асырылды.
КСРО Мемлекеттік комитеті запастар бойынша 1964 жылы Өзен мұнай кенорнында алынатын 600 млн. тонна мұнай және 16 млрд. м3 газ, ал 1966 жылы Жетібай кенорнында 147 млн. тонна мұнай және 35 млрд. м3 газ запастары барын бекітті.
Өзен, Жетібай және Маңғыстау түбегінің басқа да кенорындарын ашқаны және тезде тіп игергені үшін құрамында Ж.Досмұхамбетов, Х.Өзбекғалиев, Б.Дьякова, Ш.Есенов, Н.Имашев, Х.Махамбетов бар мамандар мен ұйымдастырушылар тобына КСРО «Ленин сыйлығы» тағайындалды. Маңғыстауда аса күрделі жағдайларда жемісті еңбек еткендері үшін С.Рысқалиевқа, К.Қадыровқа, Г.Әбдразақовқа, З.Балгенжиевке КСРО Кеңестік Еңбек Ері атағы берілді.
Түбекке келген алғашқы еріктілер қатарында С.Өтебаев, О.Бердығожин, Д.Усе нов, А.Хисметов, Р.Убесинов, О.Балғынбаев, Н.Марабаев, В.Захаров, В.Токарев, Х.Нұрғалиев, Р.Григарян, Х.Төкенов болды.
Тарихи уақыт өлшемі бойынша қысқа уақытта Маңғыстаудың орасан байлығы игерілген болатын. Қатал климаттық жағдайлар, жолсыздық, судың жоқтығы жағдайында бос жатқан жерлерде елді мекендер пайда болды, кәсіпорындар құрылды, қажетті әлеуметтік объектілер мен инфрақұрылым салынды.
Жаңаөзен ауданы құрылғаннан кейін бес жылдан соң, 1973 жылы Маңғыстау облысы құрылды.
– 1989 жылдың маусымында болған Жаңаөзен оқиғасы кезінде сіз сонда болып па едіңіз? Болсаңыз, сол кездегі ахуалға қандай сипаттама бересіз?
– 1989 жылы 22 маусымда Алматы да Г.В.Колбинді басқа жұмысқа ауысуына байланысты міндетінен босатқан және Н.Ә.Назарбаевты ОК бірінші хатшысы етіп сайлаған Қазақстан Компартиясының кезектен тыс пленумы өтті.
ОК пленумынан кейін Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.А.Құлыбаев және мен Маңғыстаудағы оқиғаларға байланысты Жаңаөзен қаласына ұшып кеттік. Әуежайда бізді қарулы офицерлер мен солдаттар күтіп алды, қалада коменданттық сағат орнатылған болатын. Қалалық партия комитеті мен қалалық кеңестің атқару комитеті ғимараттарының жанына бірнеше мыңдаған адам жиналған. Ғимаратқа бізді солдаттар өткізді.
Келесі күні 24 шілдеде Жаңаөзен қалалық партия комитетінің пленумы өтті, пленум да мен баламалы негізде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым, қалалық атқару комитетінің төрағасы болып Д.Жұмашев бекітілді.
Енді Жаңаөзендегі оқиғалар туралы. Қайғылы оқиғалардың бастау алуы Жаңа өзенде 1989 жылдың 16 маусымынан 17 маусымына қараған түні орын алған жаппай тәртіпсіздіктерден басталған. Оқиғаға бірден республика басшылығы араласып, қаладағы жағдайды бақылауға алу мүмкіндігі орнады. Ал 20 маусымда Жаңаөзен қалалық партия комитеті бюросының орын алған толқуларды талдауға, олардың туындауына итермелеген негізгі себептерді анықтауға және болашақта осындай оқиғаларды болдырмау шараларын айқындауға арналған кеңейтілген отырысы өтті. Бюрода қала мен облыстың басшыларымен қатар Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ө.Жәнібеков, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы М.Сағдиев, республиканың Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары О.Желтиков және құқық қорғау құрылымдарының басшылары: республика прокуроры Г.Елемесов, КГБ төрағасы В.Мирошник және ІІМ министрі Г.Князев қатысты.
Сонымен Жаңаөзенде не болды? Кейде құжаттардың құрғақ жолдары кез-келген сипаттауға қарағанда ділмарлы болады, сондықтан үкіметтік комиссия төрағасы О.Желтиковтің сол бюрода сөйлеген сөзінен үзінді келтіруді жөн деп шештім. Бұл комиссия ашынған адамдарды көшелерге шығарған оқиғаларды тергеу және ескірген қалалық проблемаларды жою үшін арнайы құрылған болатын.
Желтиковтің Жаңаөзен қалалық партия комитеті бюросының отырысында жасаған баяндамасынан:
«… 1989 жылғы 16 маусымда 23 сағат 30 минутта Жаңаөзен қаласында топтасқан түрдегі қоғамға жат қылықтар басталды. 1989 жылғы 17 маусымда 2 сағат 30 минутта олар агрессивтік сипат ала бастады, кооперативтік дүңгіршектер, «Союзпечать» дүңгіршектері талқандалды, автотранспорттарды өртеді. 300-ге жуық адамнан құралған бұзақы топтың әрекеті барынша ұйымдасқан сипаттағы әрекеттерге айналды. Милиция тәртіп орната алмады.
Әлеуметтік сипаттағы талаптар қойылды: жастарға жұмыс жоқ, азық-түлікпен қамтамасыз ету нашар, тіркеуге тұру және тұрғын үй мәселелері. Сондай-ақ тәртіп бұзушылық үшін ұсталғандарды босату талаптары қойылды (бұл талап орындалды).
Қазақстан Компартиясы ОК бюросы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жергілікті жерлердегі іс-қимылдарды үйлестіру үшін арнайы топ құрды. Милицияның күші жеткіліксіз болып табылды, әскери бөлімдерді кіргізу туралы шешім қабылданды. Жедел құрам Шевченко және Гурьев ішкі істер бөлімдерінен жіберілген қызметкерлермен күшейтілді.
1989 жылғы 17 маусымда сағат 14.00-де қаладағы жағдайға талдау жасалды. Оқиғалардан кейін 4 МАИ посты құрылды, кенттер мен қалалардан адамдардың жаппай шығуына жол бермеу үшін, жақын маңайдағы кенттер мен қалалар толық хабарландырылды. Қала бойынша кезекшілік күшейтілді, еңбек ұжымдарында, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Орын алған оқиғалар ұлттық рең (қазақтар-кавказдықтар) алды. Объектілердің күзетін күшейту және 1989 жылғы 18 маусымнан 19 маусымға қараған түнге коменданттық сағат енгізу туралы шешім қабылданды.
1989 жылғы 19 маусымда барлық объектілердің күзеті күшейтілді. Сағат 14.00-ден бастап белсенді іс-қимылдар мен келіссөздер басталды. 42 зардап шеккендердің 25-і ауруханаларға жатқызылды, үш адам алған жарақаттарынан көз жұмды (екі қазақ, бір кавказдық); 19-ына медициналық көмек көрсетілді. Орын алған оқиғаларды бағалай келе, республикалық органдардың облыстық басшылары қаланың басшыларын және құқық қорғау органдарының басшыларын лауазымдарынан босатты...».
Әскери бөлімдерді кіргізгеннен және коменданттық сағат енгізілгеннен кейін тәртіпсіздіктер мен ұлттық негіздегі қақтығыстар тоқтатылғанына қарамастан, қаладағы ахуал шиеленісті болып қала берді және ішкі драматизмге толы болды. Өзара жанжалдасушы тараптар арасындағы қатынастарда сенімсіздік басым болды. Қаланың көптеген тұрғындары, негізінен кавказдық отбасылардың әйелдері мен балалары Жаңаөзенді тастап кете бастады: 320-дан астам адам Махачкалаға, үш жүзге жуық адам Грозныйға кетті.
Жалпы аудан бойынша жедел жағдай шиеленісе түсті. Бізге қордаланған проблемалардың шұғыл шешімдерін табу қажет болды.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коменданттық сағатты алып тастау бойынша бағдарлама белгілеп, шұғыл және стратегиялық тұрғыда шешуді талап ететін міндеттерді айқындап, оларды іске асыруға кірістік.
Бір аптадан кейін мен Алматыға ұшып кеттім және онда барғаннан кейін еліміздің басшылығының қабылдауында болып, орын алып жатқан шаралар туралы баяндадым, сондай-ақ Жаңаөзен қаласы бойынша ҚКП ОК мен республика үкіметінің арнайы қаулысын қабылдау туралы ұсыныс енгіздім.
Шамамен үш апта өткеннен кейін біз қаладағы және жақын маңда орналасқан Теңге, Ескі Өзен кенттеріндегі жағдай қалыпқа келе бастағанын және толық біздің бақылауымыз да екенін сезіндік. Мен бұл туралы республика басшылығына баяндадым, Жаңаөзенде жарияланған төтенше жағдайды тоқтатуды және қаладан ішкі әскерлерді шығаруды сұрадым. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тиісті қаулысы 1989 жылғы 24 шілдеде қабылданды. Қабылданған қаулы және қабылданған шаралар Жаңаөзен қаласын қаржыландыруға және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды тездетіп шешуге мүмкіндік берді.
- Жаңаөзен халқының негізін Атамекенге оралған қандастар құрайтыны белгілі. Кезінде оларды баспанамен, жұмыспен қамту және өзге де әлеуметтік жағдай жасау жолындағы жұмыстар, кездескен қиындықтар туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында кеңес билігі кезінде Қазақстанға КСРО құрамындағы көршілес елдерден көшіп келуді жөн санаған «оралмандар» туралы арнайы заңдар болған жоқ. Олардың барлығы құрамында одақтас республикалар болған бір КСРО мемлекетінің тұрғындары деп танылды. Сондықтан ҚКП ОК мен ҚР Үкіметінің Жаңаөзен бойынша 1989 жылғы шілдеде қабылдаған қаулысы қала тұрғындары санының артып отырғанын ескере отырып қабылданған болатын, себебі қала құрылысы мен жаңа кәсіпорындардың пайда болу қарқыны қаланың басқа республикалардан келіп жатқан тұрғындармен толығу қарқынына үлгермейтін.
Шапшаңдатылған қарқында тұрғын үйлер салына бастады, іргетасының отыруы және ірі жарықтардың пайда болуы салдарынан қаңырап тұрған көп қабатты бірнеше үй қалпына келтірілді. Коттедждер салу үшін жер учаскелері бөлінді. Отбасы құрамымен еңбекке жарамдылықтарын ескере отырып, тұрғын үй бөлу реттестірілді және қатаң бақылауға алынды. Бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік объектілер іске қосылды, кәсіпорындар жанынан қосалқы шаруашылықтар белсенді түрде ашыла бастады, оларда бау-бақша өнімдері өсірілді, бұл жұмыспен қамту мәселесін шешті. Мамандарды қайта даярлау курстары ашылды.
Қалада және жақын маңдағы кенттерде электр энергиясын жеткізудің қосымша желілері салынды, сумен жабдықтау, телефондар орнату, көлік қызметін көрсету жолға қойылды, медпункттер, сауда нүктелері және т.б. ашылды.
Тұрақты өткізіліп отыратын азаматтардың жиындары және кейінге қалдырмай шешім қабылдай отырып, тұрғындардың арыздарын, мазалайтын мәселелерін заң аясында қарау қаладағы жағдайды қалпына келтірді.
Қала көшелерінде тәртіпті қамтамасыз ету үшін ерікті дружиналар, жедел-комсомол отрядтары құрылды. Құқық қорғау органдары жаңа штаттық бірліктермен және техникамен толықтырылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қабылданып жатқан шаралардың ахуалдары және олардың нәтижелері тұрақты түрде жарияланып тұрды.
– Сіз Жаңаөзен қаласын басқарған тұста мұнай саласында, партия-кеңесте кадр мәселесі қалай шешілді?
– Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысының міндеттерін атқаруға кірісе отырып, мен қалалық партия комитетінің, қалалық атқару комитетінің қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың және өндіріс басшыларын жиналысқа шақырдым. Қалалық партия комитетінің екінші хатшысы С.Ноғаев, идеология жөніндегі хатшысы Р.Непрелова және ұйымдастырушылық бөлімінің меңгерушісі Р.Исаев болды. Қалалық атқару комитетінің төрағасы сол күні тағайындалған – Д.Жұмашев, орынбасарлары М.Әбілханов, Т.Базарбаев, Т.Бреева және халықтық бақылау комитетінің төрағасы А.Өтемісов болды.
Республикалық органдар өкілдерінің қатысуымен барлығына Жаңаөзен қалалық партия комитеті бюросының шешімін жеткіздім. Алдымызға міндеттер қоя отырып, кім-кімді болса да бұрынғы жұмысы үшін лауазымынан босату ниетімнің жоқ екендігін хабарладым. Оның орнына барлығымыз бүгінгі күннен бастап өз жұмыс учаскелеріміз үшін жауапты болатынымызды айттым. Бұған дейін жол берілген барлық қателіктерді түзету үшін барлық шараларды қабылдау және бүгінгі таңның маңызды міндеттерін белсенді орындау керек. Жоғарыда аталған әріптестерімнің сенімді ақтағандарын атап өту керек.
Сол кезеңде «Өзенмұнай» МКБ бастығы болған М.Батырбаевтың тиімді жұмысына айрықша тоқтала кеткім келеді. Ол мемлекеттік жоспардың, сондай-ақ дағдарыстан шығу бойынша алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етті. Бұл қаланың қалған басшылары үшін үлгі болды.
– Жаңаөзен қаласы бүгінде 150 мыңғатарта халқы бар сәні мен салтанаты келіскен, толысқан шаһарға айналды. Әйткенмен мәселелер де баршылық. Қаланы Кендірлі демалыс аймағына қарай көшіру, жаңа шағынаудандар салу туралы айтылған ұсыныс-пікірлерге қалай қарайсыз?
– Әрбір дұрыс ойлайтын адам өңірдің климаттық жағдайлары салдарынан теңіз жағасында тұруға ұмтылады және бұл дұрыс деп ойлаймын. Осыдан 50 жыл бұрын, орталығы ретінде Жаңаөзен қаласын белгілей отырып аудан құрудың алғашқы күндерінен бастап-ақ қаланы Кендірліге салу мәселесі көтерілген болатын, бірақ КСРО үкіметі, бірнеше мыңдаған жұмысшыларды бұрғылау, кәсіпшілік және құрылыс орындарына күнделікті тасымалдауды ұйымдастыру үшін ақша-қаражаттың жоқ екенін уәжге ала отырып, бұған рұқсат берген жоқ.
Содан бері көп нәрсе өзгерді, Маңғыстау еліміздің экономикалық тұрғыдағы жетекші облыстарының біріне айналды. Жібек жолының және мемлекеттер арасындағы толық ауқымды экономикалық ынтымақтастықтың қайта жаңғыртылуымен байланысты үлкен өзгерістер болып жатыр.
Осыларды ескере отырып, мемлекет пен Маңғыстау облысы басшыларының қалаларды қайта өзгерту мен тұрғындарға арналған демалыс аймақтарын құру бойынша өз жоспарлары бар деп санаймын.
– Сіз ҚР-дың тұңғыш Мұнай және газ министрі болдыңыз, Атырау облысын басқардыңыз, Парламент депутаты болдыңыз. Осы кезеңдерде Жаңаөзен қаласымен байланысыңыз үзіліп қалған жоқ па?
– ҚР мұнай және газ министрі бола отырып, мен қызмет бабы бойынша Маңғыстау облысының мұнайшыларымен тығыз байланыста болдым, себебі елімізде өндіріліп жатқан мұнайдың мардымды бөлігі осы өңірге келетін. Күнделікті мәселелерден басқа геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және жақсарту, жер қыртысының қайтарымын арттыру, сондай-ақ мұнай мен газ өндіруді арттыру үшін шетелдік инвестицияларды, жаңа технологияларды тарту қажет болатын.
«Өзенмұнай» МКБ базасында «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігін құру туралы шешім қабылданған болатын. Негізгі мақсат – Жаңаөзен қаласының өндірісі мен салынуын кеңейту мақсатында қаржы мәселелерін өз бетінше шешу үшін жағдайлар жасау.
Атырау облысының әкімі болып жұмыс істеген бес жыл ішінде біз маңғыстаулықтармен тарихи тұрғыда қалыптасқан жақсы көршілік қатынастарды жалғастырдық.
Маңғыстау өңірі 1973 жылғы наурызға дейін Гурьев облысының (қазіргі Атырау) құрамында болғанын назарға ала отырып, кейбір салалар ұзақ жылдар бойына қалыптасқан режим мен құрылымда жұмыс істеулерін жалғастырды.
Мысалы: теміржол желілерінің дамуы, тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени объектілер, коммуникациялар, медициналық, білім беру, тұрмыстық, сауда орындары және т.б. үшін барлық жағдайлар жасалған елді мекендері бар станциялар салынуы. Бас кеңселері Атырауда орналасқан ұйымдарға бағынатын теміржолшылар үшін қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ сумен, жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету кәсіпорындары құрылды. Маңғыстауда жылу-энергетикалық кешенін құру және Ақтау, Жаңаөзен қалаларын, аудан орталықтары мен басқа да елді мекендерді салу бойынша барлық жүк тасымалдау 2007 жылға дейін, яғни Маңғыстау облысының теміржолдарын пайдалану үшін арналған «Ұлттық Компания» АҚ құрылғанға дейін Атырау теміржол бөлімшесінің тікелей басқаруымен жүзеге асырылды.
Маңғыстауда өндірілетін мұнай ішінара Атырау мұнай өңдеу зауытында өңделеді, Самараға өтетін мұнай құбырымен Атырау арқылы айдалады және Волганың саласы Қиғаштан тартылған су құбыры Жаңаөзенге Атырау арқылы өтеді, сондай-ақ жоғарғы кернеулі электр желілері де Атырау арқылы тартылған. Мұнай айдауды жүзеге асыратын сорғы станциялары бас кеңсесі Атырау қаласында орналасқан бір құрылымға бағынады. Құрылыста, аграрлық секторда, көлікте және өмірдің басқа да салаларында облыстар арасында байланыс көп.
ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты ретінде, мен әріптестеріммен бірге әрбір өңірдің, оның ішінде Маңғыстау облысының өміріндегі көптеген салаларды қамтитын заңдармен жұмыс істедім. Салық салу, оралмандар үшін жағдайлар жасау, шетелдік компаниялармен жұмыс істеу, мұнай мен газ кенорындарын бірлесіп игеру кезінде өнімдерді бөлу бойынша қабылданған заңдарда Маңғыстау облысы да ескерілді.
– «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазақгазөңдеу» зауыты және бизнес құрылымдардың Жаңаөзен қаласының экономикасын дамытуға ықпалы жайында не айтасыз?
– 2017 жылдың қорытындылары бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ 5480 млн. тонна мұнай өндірді және Жаңаөзен қаласының бюджетіне салық түрінде 5400 млн. теңге қосты, бұл бюджеттің 40% құрайды, ал «Қазгазқайтаөңдеу» ЖШС 169 мың тонна сұйылтылған газ және 612 млн. м3 құрғақ газ шығарды және бюджетке 495 млн. теңге немесе 3,6% қосты.
Шағын және орта бизнестің қызметінен бюджетке келіп түскен қаражат 644 млн. теңге немесе не бары 5% құрайды, мұны сөзсіз шұғыл арттыру қажет.
– Жас кезіңізде Жаңаөзен қаласының дамуына еңбегіңіз, маңдай теріңіз сіңді. Өзіңізді жаңаөзендікпін деп айта аласыз ба?
– Жаңаөзенде мен аудан құрылған 1968 жылдан бастап алғаш рет өзімнің комсомол қатарындағы қоғамдық жұмысымды бастадым, екі жылдан кейін осы жұмысты облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымында жалғастырдым және 1973 жылға дейін Маңғыстау Гурьев облысының құрамында болғандықтан, мен түбектегі және Жаңаөзендегі жастармен тығыз жұмыс жүргізуімді жалғастырдым. Менің жастық шағым, өмірімнің ең жарқын және керемет романтикаға толы бес жылы Өзенмен байланысты.
Қаладағы ахуалды қалпына келтіру және қордаланған проблемаларды шешу бойынша қауырт еңбек еткен мазасыз 1989-1990 жылдар менің жадымда мәңгілік сақталып қалды. Сөзсіз, мен өзімді жаңаөзендікпін деп санауға құқылымын, себебі ол жерде мен шыңдалдым.
– Маңғыстау өлкесіне, оның тұрғылықты халқына деген көзқарасыңыз қандай?
– Маңғыстау облысы – ежелгі өркениетті аймақ. Маңғыстаудың 12 мың тарихи және мәдени ескерткіштері еліміздің археоло- гиялық аймағына енгізілген және мемлекеттің қорғауына алынған. Олар ежелден Каспий теңізінің жағасында өмір сүрген бабаларымыздың экономикалық және мәдени дамуы мен рухани өмірлеріне қатысты көптеген қызықты мағлұматтар береді.
Бұл жерде ұлы Жібек жолының ізі қалған. Қазақстаннан және бүкіл түркі әлемінен келетін тауап етушілердің көңілін аударуы күннен-күнге артып отырған Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата, Масат ата әулиелердің кесенелері мәңгі тарих болып табылады.
Шөл далалы Маңғыстау түбегінде тарихи өлшеммен қарағанда өте қысқа уақыт болып есептелетін жарты ғасыр ішінде шапшаң дамып келе жатқан индустриялық-аграрлық облыс құрылды.
Бұған аға буын маңғыстаулықтардың ерен еңбектерінің арқасында қол жеткізілді, олардың дәстүрлерін қазіргі заманғы буын жемісті жалғастыруда.
2017 жылдың қорытындылары бойынша Маңғыстау облысы басты көрсеткіштер қатары жөнінде басқа облыстардың арасында алдыңғы қатарда тұрғанын мақтанышпен атап өтуге болады.
2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында өткен, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша конвенцияға қол қойылған, елдер арасындағы келісім 20 жылдан астам уақытқа созылған Каспий жағалауындағы мемлекет басшыларының бесінші саммиті тарихи оқиға ретінде айрықша атап өтуге тұрарлық.
Каспий жағалауындағы бес елдің президенттері Маңғыстау облысының әкімі Е.Л.Тоғжановқа және саммитті дайындауға қатысқандардың барлығына жұмыстардың жүргізілуі үшін өте жақсы жағдай жасағандары және керемет күтіп алғандары үшін жоғары баға берді.
Маңғыстау аймағының тұрғылықты халқы мен осында көшіп келіп жатқан отандастарымыз туралы олар негізінен өз бабаларының салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалған және өздері тұратын аймақты гүлдендіріп отырған қайратты және қолдарынан іс келетін ұрпақтар деп біржақты айтуға болады.
– Бүгінгі таңда қандай қоғамдық істерге атсалысып жүрсіз?– Мен «Нұр Отан» партиясының мүшесімін және Астана мен облыстарда өткізілетін іс-шараларға жиі қатысамын. Еуразиялық экономикалық академиясының, халықаралық минералды ресурстар және ҚР Инженерлік академияларының академигі ретінде ғылыми-практикалық конференцияларға және халықаралық форумдарға қатысамын.
Сонымен бірге менің негізгі уақытым зерттеулер жүргізу мен кітаптар жазуға кетеді.
Соңғы жылдарда менің «Мұнай. Кеше-бүгін-ертең», «Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих», «Каспий» деген кітаптарым басылып шықты. Қазір кезекті кітабымды жазумен айналысып жүрмін.
- Өзеннің 50 жылдығына орай қандай сүбелі ой, мәнді ұсыныстар айтасыз?
- Алдыңғы аға буын мен бүгінгі таңда олардың істерін жалғастырушылардың ерен еңбектерінің арқасында қала өсіп және құлпырып келеді.
Планетамызда өмір үнемі өзгеріп тұрады, сол себепті қоғам да барлық өзгерістердің алдын алуға тиіс.
Біз әлемдегі 4-өнеркәсіптік революциясы, сондай-ақ цифрлы экономикаға ауысу қарқынды өзгерістер кезеңінде қадам басып келеміз.
Еліміз бен барлық өңірлеріміздің белсенді қатысуы жоспарындағы негізгі қадамдар Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жаңа технологияларды енгізу жолымен экономиканы 3-жаңғырту, сондай-ақ рухани жаңғыру туралы Жолдауында айқындалған. Бүгінгі таңда облыстың әрбір тұрғынының және оның ішінде жаңаөзендіктердің міндеті – оларды орындауға ұмтылу.
Бұл – мектептің бірінші сыныбынан бастап, студенттердің және жұмысшылардың барлығына қатысты айтылған сөз. Компьютерлік технологияны, робототехникасын және олардың қолданылуын игермесек, сондай-ақ шетелдік тілдерді білмесек және рухани жетілуге қол жеткізбесек оқшауланып қалуымыз ықтимал.
Әрі кетсе он жылдан кейін әлем танымастай болып өзгереді.
Тағы айтарым, әлемде соңғы онжылдықтарда жасыл экономикаға көшу, яғни қоршаған ортаның ластануына жол бермеу процесі жүруде. 2013 жылы ҚР Президенті «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасын бекітті. Өткен жылы Астана қаласында «Болашақтың энергиясы» тақырыбына, яғни баламалы энергия көздеріне көшуге арналған «ЭКСПО–2017» дүниежүзілік көрмесі жемісті өтті. Бұл жаңа технологияларды қолдану есебінен қоршаған ортаның ластануын шұғыл қысқарту, сондай-ақ қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне көшуді қамтамасыз ету қажеттілігін білдіреді. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы қоршаған ортаның ластануына жол бермеу бойынша түпкілікті шаралар қабылдауы қажет. Экологиялық сауаттылыққа мектеп қабырғасынан дайындау керек.
Әрбір жаңаөзендікті қаланың 50 жылдығы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, бақытты және ынтымақты ұзақ өмір, жақсы денсаулық, оқу мен еңбекте жетістіктерге қол жеткізуді, сондай-ақ аңсаған армандарының орындалуын тілеймін.
- Сұхбатыңызға рақмет.Зухра ӘБДІЛ-САТТАР