©
- Аудан өнерпаздарының жетістіктерімен бөлісіп, өңіріміздегі талантты жандармен таныстырып өтсеңіз?
- Биыл 12 селолық мәдениет үйі мен клубтарды қамтитын «Өрлеу» МҚК-ны 9 айда 478 мәдени-көпшілік шара өткізді. Өнерпаздарымыз тек қана аудан халқына өнер көрсетумен шектелмей, Ақтөбе қаласында өткен 4-ші республикалық «Би ханшайымы-Нұрсұлу» атты би байқауында «Таңшолпан» халықтық би ансамблі 3-орынды иеленіп қайтты. Астана қаласында М.Ильясованың продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Жұлдыз болғың келсе» би байқауында «Нұр-Шах» би ұжымы бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ халықаралық «Қазақстан таланттары» атты рухани патриоттық ән байқауынан жас өнерпаздарымыз А.Сатыбалды мен І.Садақбаева қос бас жүлдені иеленді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 9 айда барлық мәдениет үйлерінде «Туған өлке ғажайыптары», Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясындағы аудандағы халық театрларының кеші, драма ұжымдарының қойылымы, «Нәр берген ән бұлақтан» атты С.Нұрғожаевтың шығармаларына арналған ән байқауы, С.Қондыбайдың шығармашылығына арналған «Санамызды жаңғыртқан Серікбол» атты тақырыптық кеш, кәсіби режиссер Н.Мұхамбетжанов атындағы театр мен драма ұжымдарының аудандық байқауы, «Туған жерді тербетеді текті жыр» жергілікті ұлы тұлғалармен кездесу кеші, «Туған жерге саяхат» тақырыбында Отпан тарихи-мәдени кешеніне Жыңғылды, Шайыр мәдениет үйлерінің саяхат ұйымдастыруы, ауылдық мәдениет үйлерінің «Ата салтымыз - асыл мұрамыз» көшеаралық сайысы, «Ата сөзі - ақылдың көзі» ардагерлермен, ауыл ақсақалдарымен кездесу кеші, бағдарлама аясында «Елімнің жүрегі - Астана» аудан өнерпаздарының ән байқауы, сонымен қатар барлық ауылдардың аудан орталығында «Ауылым - алтын бесігім» ауыл күндері өтіп, әр ауыл өз қолөнерлерін, жетістіктерін, ауыл шаруашылық өнімдерін және концерттік бағдарламаларын көрсетіп, ауданның 90 жылдығына тарту етті. Халықты рухани азықтандыру бағытында 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 13 селолық кітапхана жұмыс жасап тұр. Орталық кітапханада «Рабис» бағдарламасы жұмыс жасайды. Бағдарламаға қазіргі таңда 35210 кітап пен 23667 газет-журнал мақалалары қосылды. Кітапханалардағы 192122 кітап қоры балалардың әдеби, рухани жан дүниесін байытуға толық қамтамасыз етеді.
Жыңғылды селолық кітапханасында ауыл тұрғындарына арналған онлайн қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындарына интернет арқылы ғаламторға кіруге мол мүмкіндік бар. Орталық кітапханада Қ.Сағырбайұлының 200 жылдығына «Күй құдіреті» әдеби-сазды кеші, балалар кітапханасымен бірлескен «Латын әліпбиіне көшу - заман талабы» дөңгелек үстел, «Маңғыстау: Кеше және бүгін» тақырыбында библиографиялық шолу, барлық кітапханаларда «Сан ғасырда қалпын бұзбаған» тақырыбында кітап көрмесі, «Наурыз - береке бастауы», «Ата салтымыз - асыл мұрамыз» қолөнер шеберлері мен ұлттық өнер сайыстары, «Қондыбай әлемі шақырады» библиографиялық шолулар өтті. Сонымен қатар бағдарламада «Бір ел, бір кітап» акцясы аясында Ш.Құдайбердіұлының, Н.Келімбетовтің, Б.Момышұлының кітаптарын ел болып, оқу акциясы өткізіліп, барлық кітапханаларда оқырмандар кеңінен қамтылды.
- Маңғыстау ауданы спортшыларының да шыққан биіктері жыл санап артып келеді. Әлем, Азия, Европа чемпионаттары мен кубоктарына, алыс-жақын шетелдердегі ірі халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл — біз үшін қуаныш. Жеңістер легін толастатпау бағытындағы жұмыстарға тоқталсақ.
- Әрине, ауданда балалар мен жасөспірімдер мектебі, 1 күрес, 1 бокс залы, 1 жүзу бассейні, 1 орталық стадион, Тұщықұдық, Шебір, Шайыр, Ақшымырау, Қызан, Өтес, Жыңғылды селоларында спорт залдар және әр елді мекендерде спорт алаңдары халық игілігіне берілген.
Атап айтсақ, 2014-2017 жылдары аралығында демеушілердің көмегімен Тұщықұдық, Шебір, Шайыр, Ақшымырау, Шетпе селоларынан 5 спорт зал құрылысы салынып, пайдалануға берілді, оның ішінде 2017 жылы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Туған жерге туыңды тік” ұранымен ескі Шетпеден жеке кәсіпкер С.Мұңалбаевтың демеушілік етуімен салынған «Азамат» спорттық кешені мен жүзу бассейні және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен Шетпе селосындағы А.Меңдалыұлы атындағы орта мектеп жанынан салынған ашық спорт алаңы, стрит-воркаут, балалар ойын алаңдары бар.
Осы жылы Қызан ауылынан ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлердің және өндірістік мекемелердің көмегімен спорт кешені және Шетпе-1 елді мекенінен кәсіпкер С.Мұңалбаевтың демеушілігімен ашық спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Соңғы салынған спорт нысандарында қазақ күресі, дзюдо, самбо, кикбоксинг, волейбол, футбол секциялары бар. Шетпеде төрт, Ақшымырау, Жармыш, Шебір, Жыңғылды, Тұщықұдық, Онды, Үштаған, Тұщыбек ауылдарында ашық спорт алаңдары бар. Сонымен қатар «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен Жыңғылды және Қосбұлақ елді мекендерінен ашық спорт алаңы, стрит-воркаут, балалар ойын алаңы салынуда. Алдағы уақыттарда да аталған қор өз қаржысымен барлық ауылдарға кезең кезеңімен спорт алаңдарын салуды жоспарлап отыр.
Жетістіктерге келетін болсақ, спортшыларымыз биыл Анапада (Ресей) өткен кикбоксингтен әлем кубогында Ж.Сайынов 1-орын, Ө.Селбай 1-орын, А.Жанайысұлы 2-орын иеленсе, Бішкек қаласында өткен дзюдодан Азия кубогында С.Жұбатқан 1-орын иеленіп қайтты. Джиу-джитсудан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ауданымыздың мақтанышы Қ.Қонысов Тайландта өткен джиу-джитсудан халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды. Ливанның астанасы Бейрут қаласында дзюдодан өткен Азия чемпионатында М.Зұлхарнаев Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ спортшыларымыз Анталия, Чехия, Польша, Ресей елдеріндегі Европа кубоктарына барып, бақ сынасып қайтты.
Жыл басынан бері облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерге, ҚР чемпионаттары мен біріншіліктеріне, жолдастық кездесулер мен оқу-жаттығу жиындарына барлығы 808 спортшы қатыстырылды.
- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміздің әр өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, ел жадында жаңғырту, туристік орындарды дамыту тапсырылған болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
- Аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы, сақталуы біздің ұдайы бақылауымызда. Тарихи-мәдени ескерткіштерге жыл сайын ауыл тұрғындары, ұрпақтары, студенттер, оқушылар, мекеме қызметкерлері сенбілік, тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады. Алайда жаз мезгілінде демалыс орындарына (Ақмыш, Ағашты, Самал) демалушылардың көптеп келуіне байланысты тазалық тәртібі сақталмай, күл-қоқыстарын тастап, демалыс орнын бүлдіріп кету фактілері жиі кездесіп отыр.
2018 жылы Шайыр ауылы аумағындағы Құлбарақ ата қауымына ұрпақтарының демеушілігімен ата басына баратын кіреберіске ені 3 м. ұзындығы 25 м. болатын арка, 100 м. қашықтықта таспен өрілген жаяу жүргіншілер жолы салынса, Өтес ауылы аумағындағы Толыбай, Жұлдызбай қорымдарына демеушілер күшімен қоршау жасалды. Аудан әкімінің бастамасымен, ауыл әкімі, ауыл азаматтары демеушілігімен Сисем ата қауымының түнеуханасы кеңейтіліп, Бекі елді мекеніндегі Есен ата қауымы түнеуханаcы жаңартылып, әктеліп, төбесі қайтадан жабылды. Тұщықұдық ауылындағы Өмір қауымына «ОСК» мекемесі қауымның құлаған қоршауын ретке келтіріп, сілтеу, қорғау тақтайшаларын жаңартып сырлап, қауым басына тазалық жұмыстарын жүргізді. Үштаған ауылы маңындағы қауымның түнеуханасы салынып, зират етіп келушілерге жағдай жасап қойды. Тұщықұдық ауылындағы Айдар ишан қауымына ұрпақтары түнеухана салды.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ж.АМАНҚҰЛОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен