Жақында «Арыс» баспасы «Әбіш Кекілбайұлы» атты энциклопедияны басып шығарды. Көлемі 3 том, әр том орта есебі 1 мың беттен тұрады. Жоғары сапалы қағазға түрлі түсті етіліп, суреттерімен безендіріліп, баспа өнерінің соңғы жетілген үлгісінде басылған. Авторлары ҚР Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Махамбет сыйлығының лауреаты, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы Әбілқайыр Спан, жоғарыда аталған баспа директоры, ф.ғ.д. Ғарифолла Әнес және Ә.Кекілбайұлының жесірі Клара Жұмабаева. Кітаптың таралымы бар-жоғы 4 мың дана. Маңғыстау жұртшылығы, жалпы оқырман қауым абыз, аңыз тұлға туралы кітапты көптен асыға күткені анық. Кітап ауылымызға жеткен бойда біз де кітап авторларының бірі жазушы Ә.Спанмен кездесіп, аз-кем сұқбаттасқан едік. -Әбеке, қазіргідей «Рухани жаңғыру» сияқты жауапты кезеңде мынау бір сәтімен біткен үлкен жұмыс екен. Энциклопедияда басылымды шығарудың идеясын ұсынып, негізгі ауыртпалықты көтерген өзіңіз екендігі қаперге берілген екен. Бұған да жерлестеріңіз марқайып, қуанып жатыр. Авторлар ұжымын, өзіңізді осы еңбек жеңісіңізбен құттықтаймыз. -Рахмет, Сәке! -Сізді осы Әбекең тақырыбына тәнті етіп әкелген қандай күш деген сауалдан бастасақ әңгімемізді. Бұдан бұрынғы заңғар жазушының повесть, әңгімелеріндегі автобиографизм, географизм, Айсәуле анасы жайлы жазған «Заңғар», «Ай – Ана» роман – эсселеріңізді қызыға оқыдық. Мынау мүлдем басқа сыйпаттағы жазба ғой. Жауапкершілігі де басымырақ деген сияқты.. -...«Абай», «Мұқтар Әуезов», «Қаныш Сәтпаев»... Шүкір, қазір қазаққа тұғырлы тұлғаларымыз, арыстарымыз туралы шыққан энциклопедиялар таңсық емес. Бұл сала солай қазақтық, ұлттық, салалық, облыстық, аудандық... деген биіктерді артта қалдырып сүлейлерімізді танытуға, дәріптеуге дендеп кірісіп кетті. Үлкен ілгері басқындық қой бұл. Солардың бәріне тән бір заңдылық оған сөз болғалы отырған тұлғаны білетін автор ғана барады. Менің туған ауылым Жармыш Әбекеңнің ауылы Оңдыдан он-ақ шақырым жерде. Екеуміздің жас айырмашылығымыз аттай 10 жыл, екі күн. Әбекеңнің бастауыш сынып бітірген жылы геологтар экспедициясына жол көрсетуші болып еріп табаны тиген Бескемпір төбесінде менің де бала кездегі жалаң аяғымның табы жатыр. Талай басына шығып ойнаған жерім ол. Жармыштағы 8 сыныптық мектепте Әбекең өлеңдерін жаттап ержеттім. 1964 жылдың жазында «Жұлдыздан» «Ажар» триптихын тамсана оқып, сондағы «Көз жасы» әңгімесінің біраз жерін судыратып жатқа айтатынмын. Содан бергі уақытта оның қаламынан шыққанның бәрі рухани шөлімді қандырумен келеді. Ендеше,осылар менің Әбішті біршама, бірсыдырғы дәрежеде білемін- ау деуіме негіз болса керек. Біршама, бірсыдырғы деуім Әбекеңді жете білу тіпті де мүмкін емес. Ондай сүлейлер бәлкім келешекте, келесі ғасырда өмірге келер. Ал тап осы ғасыр аяғына дейін көрініп, бесікке бөленбейтіні анық. Біз қазақ көп нәрседен кешеуілдеп, кенжелеп қойған халықпыз. Опығымыз көп. Ал уақыт жылдам, тіпті шапшаң. Сенің керенаулығыңды кешпейді. Тарпып тастап, өз жөнімен тарта береді. Ендеше тек асығу керек. Сөйтіп қана толтырамыз опықтың опырайған орнын. Бәз біреулер «топырағы кеуіп үлгермей жатқан Әбекең туралы энциклопедия ма, бұл қалай өзі?» деп те қалар. Шынымды айтайын, мен ойша оны тым ертеректе Әбекеңнің өмірде бар кезінде – ақ бастап кеткенмін. Себебі озған уақыт адам жадының обал – сауабы бар деп білмейді. Әуелі жаңылдырады, сосын ұмыттырады мүлдем. Мысалы, Әбекең «Күй» повесінде күзгі, ақырын жаңбырды жібіскі деп суреттепті. Қандай жауын ол. Бұрынғы ата – бабалар жақсы біледі. Дым бүріккен тұманнан сәл күшті, сіркіреуден бәсең ғана жауынның өзі емс сесі ғана ол. Бүгінгі далада шаруаға етене қазаққа әбден таныс. Қаладағы не тақымына таралғы тимеген қазақ атаулыға мүлдем жұмбақ немесе Тұзбайыр. Маната асуының оңтүстігіндегі дөңгелек сор Әбекеңнің аталары, аулы ас тұзын алып отырған жер. Мұндағы тұз – сор табына тұнған ас тұзы. Ал байыр түбірі парсы сөзі. Тұну, орнығу дегенді білдіреді. Содан тілімізде байырқалау деген етістік бар. Әңгімені бірден сөзден бастауым Әбекең тілі бай, сөзге өте ұста, халықтық байырғы тілді өте жетік білетін қаламгер. Бұл жағы әлі зерттеусіз жатыр. Энциклопедияда біз тек айта алып, аңғартып қана кете алдық. Басылымның жанрлық ерекшелігі онан арғыны көтере алмайды. Жауапкершілік жүгі дейтін болсақ, бұл авторлар ұжымын қатты ойлантқан мәселе болды. Орыстар Пушкин туралы энциклопедияны әлі шығарған жоқ. Неге? Пушкин өмірбаяндық деректерін өзі-ақ жазып қалдырған емес пе? Ақын туралы зерттеу еңбектері, естеліктер қаншама? Соған қарамастан энциклопедия жоқ. Себебі орыстар үлкен жауапкершілік алдында табаны тайсақтап отыр. Ал Лермонтов туралы энциклопедия бар. Ираклий Андроников жазды. Сәтті шығарма. Бірақ Әбекеңе үлгі-өнеге бола алмайды. Себебі Лермонтов ұлы ақын, суреткер болғанмен, бүтін ұлттың, әлемнің әбден танып мойындаған кемеңгер Кекілбаевы емес. Ол шәлкес шатаққұмар кіші офицер, ал бұл - атын берік қалдырған мемлекеттік қайраткер. Осы тұрғыда қатты қиналдық. Қосалқы автор Ғарифолла Әнес ғылым докторы, арғы-бергі классикалық әдебиеттің ғұлама білгірі, өте зиялы адам. Ал тағы бір автор-Клара Жұмабаева жеңгеміз марқұм күйеуі Әбекеңнің бірден бір тірі тарихы. Әбекең туралы дерегіміз жетіп артылады. Енді соны қалай қай үлгіде хаттаймыз. Қалыпты энциклопедиялық «А» – дан «Я»- ға дейінгіні альфавиттік қайту үлгісіне алып Әбекең сыймайды. Олай етсек, шыңырауға шым батып ғарық боламыз. Көп толғана келе Наседкин деген автордың 30 жыл жазып шығарған Достоевский туралы энциклопедиясының кей үлгілеріне ден қойдық. «Кей үлгілеріне» дегенімде де гәп бар. Достоевский заманы бөлек, Әбекең күні кешегі Әбекең,оның тірлігі басқа, Әбекең ғұмыры тіпті өзгеше. Достоевский қуғын, сүргін көргенмен мемлекетті ұстап отырған ұлы орыс ұлтының мен мен өкілі, ал Әбекең отар ұлттың перзенті, ол шовинист орысшыл, ал Әбекең ұлы гуманист т.б. Ең бір ескерер тұс - біздің қазақи менталитетіміз де бар емес пе?! Кәдімгі Абай, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев жеріне жеткізіп айтып, сонда да тауыса алмай кеткен өте күрделі менталитетіміз. Мұны да ескеру керек болды. Өйткені шығарма алдымен қазақ оқырман үшін жазылып отыр емес пе? Сөйтіп энциклопедияның бірінші томы қаламгердің шығармашылығына арналды. Ол да жанр жанр бойынша. Бір ғана мақалалар тарауына Әбекеңнің 600 туындысы туралы сөз болады. Жазушы көркем шығармаларында өзі әр шағында көрген оқиғаларды, жайттарды да суреттейді. Ол барлық ел әдебиетіне ортақ дәстүр. Мысалы Л. Толстой «Арылу» романында каторгаға айдалып бара жатқан тұтқындар легінің С.Петербург көшесімен қапырық ыссы күн өткен азабын көзімен көргенін суреттеп жазған. Әбекеңде әдебиетте автобиографизм делінетін ондайлар өте көп. Әсіресе «Құс қанаты» повесінде. Сондағы бала, сосынғы суретші азамат, келін Роза, қақыра жаулық қара кемпір – жазушының өзі, Клара жеңгеміз, Айсауле шешеміз. Ал көркем әдебиетте белгілі бір жердің сол қалпында айнытпай суреттеуін автогеографизм дейді. Әбекеңде бұл өте – мөте көп. Бұл жағынан келгенде ол туған жерінің жыршысы. Мысалы «Ең бақытты күн» әңгімесіндегі шөпшілер аулы, құдық, ұста дүкені – дәл Мырзайыр ойы. Қарабала мен Онбай оқитын («Тасбақаның шөбі») «Ақ көл» де сонда. Орны әлі ағараңдап жатыр. «Бір шөкім бұлттағы» Аққаймақ құлайтын тау беткейіндегі қия жол да әлі тұр. Қалматайдың қара жолы, күйеу там, ауыл алдындағы бала мен қойшы отыратын қырқа, Шайтан күп, Есболай шал үйі отырған кез, егін еккен бұлақтары–қысқасы Әбекең шығармашылығына қатысты мұндай мысалдарды әлденеше ондап санап көрсетіп бере аламын. - Әбеке, бұлай деуіңізге қарағанда бұл өңірді өте жақсы білетін болдыңыз ғой. Әдейі жүріп зерттеген де боларсыз? - Жоғарыда айттым ғой. Оңдыға көрші ауыл Жармыштанмын, сонда туғанмын деп. Оңды, Мырзайырды 1956 жылы жазда мамам Кінәш Көбейсінқызының түйесіне мінгесіп Тасбастағы барлаушылар аулына сапарлап жүргенде көргенмін. Шөпшілер аулына аялдап шай ішкенбіз. Ал зерттеу дейтін болсақ ол жағы да бар. Көп жыл облыстық газетте қызмет еттім ғой. Ауыл шаруашылығы бөлімін басқардым. Іс-сапарым көп. Біразы Онды аулына. Сонда әр қыраңды кезіп, әр ойды түгендеп бұл маңды көп араладым. Нәтижесінде «Заңғар», «Ай – Ана» романдары жазылды. Сосын сірә осы энциклопедия. Соңғы рет Әбекең ағамен, Клара жеңгемен Мырзайыр ойына Әбекеңнің 70 жылдығы тойланатын жылы қоңыр күзде келіп қайтқанмын. Әттең, суретші болмағаныма өкінем. Егер ондай өнерім болса Әбекең суреттеген сол жерлер өлең тақырыбым бола кетер еді. - Әбекең өмірде болған кісілерді кейіпкерлері етіп алды. Мысалы, Еңсеп, Жақан, Шайқат басқарма т.б. прототиптері болды деген пікірді жиі жаздыңыз... - ...Дұрыс. Дәл солай. «Бір шөкім бұлттағы» Досан шал ондылық Қосан ақсақал. Еңсеп құдықшы Қараш аулының шеберлері-жиынтық образ. Дегенмен онда Бейнеубай құдықшының бейнесі барырақ. Бейнеубай кешегі зобалаңда Иранға ауып кетіп барып өлді. Немересі Есберген Іңірбаев журналист. Иранға барып, атасының басына ескерткіш тақта қойып келді ана жылы. Ата баласы солай болуы керек қой. Ол тақта, Бейнеубай туралы экциклопедияда бар. Ал Шайқат басқарма Шаңытбай марқұм, бұл туралы да қамтылды. «Автомобильдегі» Жақанның прототипі Қоблан Зоранов біздің ауылға жиен еді. Нағашы бабасы Аранжан батырға қатысты аңызды Әбекең «Үркер» романында пайдаланған. Қоблан ұшқан делінетін биік Мырзайыр ернегінде. М.В. Бадрунас баяғыда сапарлап келгенінде басына шығып, биіктігін өлшеп түсіртті. Ол деректе энциклопедияға енгізілді. Ғұлама геолог Оразмұханбет (Размағанбет) «өлшеусіз ештеңе жоқ. Бәрінің өлшемі бар»депті ғой. Сол айтқан Әбекең шығармаларында туған даласын көркем әдіптегенде елінің бірегей жақсыларын да ұмытпай өлшем-деталь етіп отырған. - Энциклопедия тым тез жазылған жоқ па дейді біраз жұрт?.. - Ия, сырт қарағанда солай көрінуі де. Ақиқатында олай емес. «Заңғарда» жаздым ғой, мен 1964 жылдың 26 тамызынан бастап Әбекеннің ең ынтазар оқырманы болдым деп. Солай болған соң, ол жазған кез келген нәрсеге зейініммықтап ауа жүрді. Яғни үлкен дайындық сол кезде басталды. Махамбет, Пушкин жайлы жазбаларым бәлкім үлкен тақырыпқа барар алдындағы баспалдақтар болған шығар. «Заңғар», «Ай – Ана» романдары да солай деуге келеді. Меніңше әр адам көлемді бір нәрсені бастар алдында қатты ойлануға тиісті. Осы шаруа қолдан келе ме, келмей ме деп. Өнер, әдебиетте мұны творчество азабы дейді. Ең қасіретті кез осы. Сосын қолға алдың ба ол тәуекел делінеді. Тәуекел түбі - қайық, өтесің де, кетесің деген де бұл ретте жүріңкіремейді. Өтем, кетем деп ғарық болып, құрдымға сіңіп те кетуің әбден мүмкін. Міне, осы сәтте табысқан серігім Ғарифолла Әнес болды. Оны бұрын сырттай біліп, ден қоятын едім. «Алаш арыстарын» дәріптеуде ғажап жұмыстар тындырды, сонысымен тәнті етті. Ол да біраз ойланды, толғанды. Алматының «Қарғалы» санаториясының ауласын талай кезіп жүріп, кеңестік. Құдды композитор Чайковский мен либреттошы досы екеуінің «Аққу көлі» балетін жазар алдында толғағы деуге болар мұны. Ал Клара жеңгеміз болса, ол сірә Әбекеңнің өмір серігі, өз адамымыз ғой. Біз осы уақытқа дейін жеңгемізді Әбекеңнің тасасында ғана қалдырып, үнемі қасынан көріп қана келіппіз. Ал ол, нағыз ер, қаһарман әйел екен. «Әбішті ізбасар леп інілері сіздер жазбағанда кім жазады? Ағаларың ертеңге сенетін. Бірақ ертеңгінің үлесіне ісін қалдырмайтын. Сендер де сол үрдісті ұстаның. Кірісіңдер!», - деді. Өзі қолдап, қаусырып әкетті және жұмыс солай басталды. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Айдынды, аққулы шаһарым! - Қазіргі кезде көп нәрсе қаржыға қатысты ғой. Яғни демеушілік мәселесі қалай шешілді? - «Шығару шығынынан қам жемеңіздер. Өзіміз көтеріп аламыз» дегендер болды. Бірақ Әбіш халықтікі ғой. Қаһарман. Халық жазушысы. Біздер авторлар ұжымы, жазушының ағайын-тумалары бұл ретте ел ыңғайынан шықпауды ұйғардық. Әбіш ұлтанды елге ұран болып үлгірген қайраткер, халқысының қалаулысы ғой. Жекенің қанжығысына байлай алмадық бұл мәселеде. Маңғыстау облысының әкімдігі ойланбастан, тіпті қуана демеуші бола кетті. Энциклопедияны бастырып шығаруға қыруар қаржы бөлді. Жеке кәсіпкерлерден Нұржан Жұмағұлов інім белсенділік танытып, мені Әбекең мен Клара жеңгеміздің Қап тауына барып демалатын сапарына ертіп жіберді. Демеушілік көрсетті. Оңашада армансыз әңгімелессін дегені ғой. Рахмет ол пейіліне. Айта кетейін, Нұржан Айсәуле шешемізге нағашы болып келеді. Бегімбет-Күмісбай-Қаракісі тұқымы. Жеке кәсіпкерлер енді «бұл кітап саны аз, Қазақстан халқына жетпейді. Көбейтіп шығару керек. Ол салмақты мемлекет емес біз өзіміз көтереміз» деп өзеуреп отыр. Көп рахмет, халқым! Мұны Әбекеңнің алғысы деп қабылдаңыздар. - Авторлар еңбегі, қаламақы мәселесі қалай болды? Құпия болмаса ол жағынан не айтасыз? - Ештеңе де. Біз Әбекең ағаға еңбегімізді сатпаймыз. - Энциклопедия 3 том дедіңіз. І-том 800 беттен астам. Олардың көлемі, таралымы қанша болады? - Жалпы әр том орта есебі 1 мың беттен болады деп есеп жасағанбыз. Жақында баспа редакторы телефон соғады маған. - Әбеке, мына ІІ том тым көп болып бара жатыр. Тіпті адам көтере алмастай. Қайтеміз? Қысқартпайсыз ба? – дейді. - Жоқ қысқарта алмаймын, қолым бармайды. Әбекең аға тірісінде осы қазақтың ауыртпалығын көтеріп өтті ғой. Содан ауыр болмас энциклопедиясы. Оқасы жоқ, көтереміз,- дедім кесіп. Солай жұмыс жүріп жатыр. Ол том да келіп қаларкешікпей. Екінші том Әбекеңнің «Өмірі мен ортасы» деп аталады. Үшінші том аты «Көрсеткіштер». Механикада бір заңдылық бар: Механизмнің пайдалы әсер коэффиценті еш уақытта 100 пайыз болмайды. Творчество, әсіресе энциклопедия да солай. Кемшіліксіз болмайды. Әбекең сияқты алып айдынның – мұхиттың телегейін тегіс қамти алу мүмкін емес. Ертең энциклопедияға мен неге енбей қалдым деген сан сауалға құлағымыз жауырар. Түсінген түсінер, түсінбеген түйсікке шара жоқ. - Бір іс біткендей тыныстаған боларсыз? - Әрине. Бірақ Алла осы қанағат мәселесіне келгенде пендесіне тым тарқолдық жасаған ба деп қалам. Адам пақыр да ғұмырында шөл далада келе жатқан жолаушыдай ғой. Кенезең кепкенде бір торсық суға тап болып шөліңді қандырдың делік. Сәлден соң қайта шөлдейсің. Біз де тап сол жолаушы сияқтымыз. Оның үстіне Әбекең ұшы – қиыры жеткізбейтін бір кеңістік қой. - Жақында «Аңыз адам» журналының Әбекеңе арналған бір саны жарық көрді. Оның алдында «Қазақ әдебиеті» газеті Әбекең энциклопедиясының І томы жайлы дөңгелек стол өткізді. Онда «бұл энциклопедия – жаңа үлгідегі энциклопедия» деген пікір айтылыпты. Қуанып қалдық. Ал «Аңыз адамда» сөз алған ғұламалар «Әбекең ендігінің зерттеле берер таусылмас тақырыбы» деген ой айтыпты. - Өте дұрыс сөз. Мұхаңды – Мұхтар Әуезовты алыңызшы. Қаншама диссертация қорғалды, зерттеу еңбек, естеліктер жазылды. Тағысын тағы. Тіпті санап тауысу қиын. Бір сөзбен айтқанда Ұлы Мұхаңның өлген соң екінші өмірі басталды. Және ұзаққа созылды ол. Созыла, жалғаса береді ол. Әбекең де солай. Өйткені Әбекең қазақ әдебиетіндегі Мұхаңның заңды жалғасы. Құдай деп айтайын, ендігі қазақ әдебиетінің тарихы Абай – Мұхтар – Әбіш деген желімен, жүйемен түзіліп жазылады. Мұны теріс деуші қызғаншақтар мен күншілдердің ішіне шоқ. Менен бұрын осылай деген әріптес ағам Мырзатай Болатов өте дұрыс айтады. - Рахмет, Әбеке. «Ел құлағы елу» деген, қазір «Заңғар» мен Ай-Ананың» жалғасы үшінші томын жазып жүргеніңізден хабардамыз. Сәтті бітуіне тілектеспіз! - Саған да рақмет, Сағындық інім. Мазмұнды кездесуіңе жазсын деп тілелік.
Сағындық РЗАХМЕТОВ, Ақтау қаласы