Биыл зерделі сөзі ел есінде ескірмей келе жатқан суырып салма ақын, өзінен бұрынғы ақын-жыраулар қалыптастырған дәстүрді жалғастырушы Қашаған Күржіманұлының туғанына – 170 жыл. Осыдан жиырма жыл бұрын, мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алар тұста Қашаған ақынның 150 жылдық тойы болып өтті. Сол шараның өтуіне ақынның аталас туысы, Қарақия ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Жер қойнауының құрметті барлаушысы Тұрсынғали Көшенов мұрындық болып, игі істің басы-қасында жүрді. Биыл да Тұрсынғали аға жақсы бастамаға өз үлесін қосуда. Мерейтой қарсаңында ағамен сұхбаттасқан едік.
– Аға, биыл Маңғыстауда Қашаған ақынның 170 жылдық тойы өткелі отыр. Осыдан жиырма жыл бұрын ғана еліміздің тәуелсіздігімен бірге Қашаған ақынның 150 жылдық тойы тойланған еді. Сол мерекені ұйымдастырушылардың бірі – өзіңіз. Бәрі қалай болып еді?
– Қашаған ақынның 150 жылдығын өткізу туралы идея ойда жоқта туды. 1989 жылдың мамыры болатын. Маңғыстау стансасында бір жиында марқұм Шәрелхан Әленовті кездестірдім. Ол №19 сегізжылдық мектепте директор болып қызмет ететін. «Ертең оқытушылар Қырықкезге Қашекеңнің зиратының басына ескерткіш қойып, ас бергелі отыр. Хабарыңыз бар ма?» – деді. Мұндай жақсы хабар кім-кімді де елең еткізбеуі мүмкін емес. Үйге келген бойда марқұм інім Үмбетқалиды жанына Ізтұрған Ахметов деген тілшіні ертіп, Қырықкезге жібердім. Бұл кезде Қашағанның туғанына 148 жыл толса, қайтыс болғанына 60 жыл толған еді. Қашаған ақынға жұпынылау құлпытас қойылған. Мектеп оқушылары мен ұстаздары Қашекеңнің басына тасқа суретін қашап, туған-қайтыс болған жылдарын жазып, ал жанына темірден домбыраның мүсінін жасаған. Сол сапардан кейін «Коммунизм таңы» газетінде Ізтұрған Ахметовтың мақаласы шықты. Бұл халық арасына қозғау салғандай болды.
– Қашаған атаның тойын өткізуге осы шара түрткі болды ғой?
– Иә, осыдан көп ұзамай тамыз айында Қырықкезде ағайынның басын қосып, ас беру туралы ұйғарымға келдік. Келген кісіде шек болмады. Ертесіне ағайынды жинап, «алда Қашаған ақынның 150 жылдығы келе жатыр, соны ұйымдастырсақ қайтеді?» деген ой тастадым. Көпшілік ұсынысты бірауыздан қолдады. Ынталы топ құрылып, көп ұзамай ауданның хатшысы Мұңалбай Икаевқа жоспарымызды айттық. Ол ұсынысты қолдап, ауданнан да ынталы топ құру туралы ұсынысын білдірді. «Қандай шаралар қамтылуы керек, бәрін қағазға түсір, мен бекітейін», – деді. Ол кезде өлке Атырау облысының құрамында болатын. М.Икаев облыстық атқару комитетінің төрағасы Новиковке хат жазды. Бірақ жауап болмады. 4 ай өтті.
– Мұндайда көңілге күмән ұялайды ғой?..
– Әрине, бірақ «сабақты ине сәтімен» емес пе? Құрықта 12 жыл бойы салынса да, әлі бітпей тұрған жылу жүйесі бар еді. Соның жұмысын өз көзімен көрмек үшін Новиков елге келді. Мен де осы сапарын пайдаланып, Қашаған атаның тойына байланысты мәселені шешіп қалмақ болдым. Сөйтіп, шақырылмасам да, жиынға қатыстым. Жиынды қорытындылайтын тұста Новиков «Кімде қандай сұрақ бар?» – деді. Сонда қолымды көтердім. «Что вы хотите?» – деді. Осыдан бірнеше ай бұрын ауданнан хат кеткенін, жауабын күтіп жүргенімізді айттым. Фамилиямды жазып алып, жанындағы көмекшілеріне қонақүйге тапсырыс беруге тапсырма берді де, сейсенбі күні атқару комитетінің жиынына келуімді сұрады. Демалыс күні Атырауға ұшып бардық. Жанымда інім мен Шаңды Жүсіпов деген азамат бар. Сол күні атқарушы комитеттің ғимаратына бардық. Ғимаратта облыстық атқару комитеті бастығының орынбасары бар екен. Кабинетіне келген соң: ол «Қашаған туралы көп білмейді екенмін. Шешімнің үлгісін өздеріңіз дайындаңыздар. Ертең қарап, түзетіп, басшыға көрсетейік», – деді. Шешім дайындалып, түзеліп, бірнеше нұсқада жасалып, жиынға да келдік.
Ортада ұзын үстел, екі жағында 17 орындық бар екен, шетте тағы 70 орындық қойылған. Біз сонда жайғастық. Новиков төрдегі есіктен кіріп, амандасқан соң, жиынға қатысушылардан: «Вы знаете Куржиманова?» – деп сұрады. Ешкім үндемей қалды. «А вы знаете Кашагана?» – деп қайта сұрады. Бәрі «білеміз» деп шу ете түсті. «Олай болса, халықтың алдында ұятты болдық. Осыдан 4 ай бұрын хат жіберген екен, біз жауап бермегенбіз. Маңғыстауда Қашағанның 150 жылдық тойын өткізу туралы шешім қабылдайық», – деді. Мен ортаға шығып сөйледім. Содан соң қатысушылардың бірі: «Он же алашординец», – деп еді, Новиков: «Жоқ, ол – ақын», – деп тыйып тастады. Сөйтіп, бірауыздан Қашаған ақынның тойын өткізу туралы шешім қабылдап, біз кешкісін ауылға ұшып кеттік.
– Үлкен іс ауылға келген соң басталды ғой?
– Әрине, келген соң облыстық атқару комитеті жиынының қорытынды шешімін барлық аудандарға таратып, қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Бүкіл ел қызу қолдады. Бағдарламаның ішінде Қашаған ақынның кітаптарын, пластинкасын шығару, ескерткішін тұрғызу, кесенесін салу, мұражайдан бір бөлме ашу, ат жарысы мен ақындар айтысын ұйымдастыру сияқты шаралар қамтылды.
– Ескерткіш демекші, бірінің тұрысы, екіншісінің материалы келіспей, ақынға бір емес, үш ескерткіш қойылды. Бұның басы-қасында өзіңіз болдыңыз ба?
– Алғашында Қашекеңе ескерткіш орнатады деп ойлаған емеспін. Содан ба, ескерткіштің жасалуына, мүсінші іздеуге араласқан жоқпын. Тек «Мынау – Қашағанның ескерткіші» дейтіндей бір ескерткіш болар деп қуандым.
Той болғалы жатқан уақытта облыс қайта құрылып, Маңғыстауға Новиков басшы болып келді. Бір кездесуде ұйымдастыру жұмыстарының барысын сұрады. Мен ескерткіштің бітпей тұрғанын айттым. Осылайша Қарағандыға баруым керек болды. Алматыдан Әбіш Кекілбаев күтіп алды. Ол кезде СССР-дің Жоғарғы кеңесінің депутаты. Ертесіне мүсінші Мергеновпен кездесіп, кешкісін Қарағандыға ұшып кеттік. Цехқа барсам, қаржысы толық төленбегендіктен, жұмыс жүрмей жатыр екен. Мұны естіген бойда сол түні-ақ Мергеновтің өзі ұшып келіп, банктегі жеке шотынан керекті қаржыны қолма-қол алып берді. Сөйтті де, қайтадан ұшып кетті.
– Ескерткішті елге қалай жеткіздіңіз?
– Мен Қарағандыға ұшқан кезде Маңғыстаудан көлік шығуы керек еді. Бірақ көлік кешіккен соң маңғыстаулықтар: «Қарағандының облыстық атқару комитетіне хабарлас, солар көмектеседі», – деді. Мұндағылар жақында ғана су жаңа тіркеме берілген автобазаның бір жүргізушісін бекітіп берді. Ол әрі-бері қарсыласқанымен, амалы бар ма, ақыры келісті. Ертесіне көлік таңғы сегізде цехқа келіп кірді, сол кезде Маңғыстаудың көлігі де кірді. Қарағандылық жүргізушінің қуанышында шек жоқ, бұзылып-бұзылып әрең жеткен біздің көлікке барлық қосымша жабдықтарын беріп, дөңгелегін аударып, көмектесті.
Айтпақшы, кетерде Қашекеңнің ескерткішін құярда алдын ала гипстен жасалған мүсіні бар екен, оны да тастамай ала кеттім. Қазір Қарақия ауданындағы мұражайда тұр.
Бірақ бұл ескерткіштің тұрысына халық риза болмай, қайтадан жасалатын болды. Осы мәселеге байланысты сол кездегі облыс әкімі Қиыновтың қатысуымен жиын өтті. Ескерткіштің қандай материалдан жасалатынын біліп: «Қорғасыннан ескерткіш тұрғызу ұят болмай ма?» дегенім жауапсыз қалды. Қорғасын жылдың төрт мезгілінде төрт түрге енеді. Екі газетті орап жақсаң, соның қызуына да ериді. Кейіннен ескерткіштің артқы жағы шөге бастады. Оған қоса, ұнтақ болып ұшады. Алғашында жас жұбайлар ескерткіштің жанында суретке түсетін, кейін Тарас Шевченкоға баратын болды. Неге? Өйткені қорғасынның ұнтағы ақ көйлекке қап-қара болып жабысады. Ал, мына үшінші ескерткіштің қоладан жасалғанын білмегендіктен жастар әлі де бармай жүр.
– Үшінші ескерткіш қалай салынды?
– Қырымбек Көшербаев облысқа әкім болып келген соң осы мәселені айтып қабылдауында болдым. Ол – көргені көп азамат. «Біліп жүрмін, келешекте ескерткішті басқаша жасаттырамыз»,– деді. Айтқанында тұрып, қаражат тауып, ескерткішті қайта жасатты. Макетін өзі қарап, бақылауда ұстап отырды.
– Ескерткіштің, басқа да суреттердің бет-бейнесін қалай жасадыңыздар? Әлде туған-туыстың түр-әлпетіне қарап, ойша жасалған ба?
– Менің әкем – Қашағанның немере ағасының баласы. Қашекеңнің жырларын академияның мұрағатына тапсырған да Көшен ақсақал. Ол кісіде Қашекеңнің сарғайып кеткен кішкентай суреті болды. Ол сурет қазір менде сақтаулы. Барлығы сол суретке қарап жасалды.
– Қашаған ақынның тойы – ел тәуелсіздігін алар тұста Президенттің алғаш қол қойған мерейтойларының бірі екен. Облыстық деңгейден асып, республикалық деңгейге қалай жетті?
– Шынын айтқанда, өзім бұрғылаушымын, әдебиеттен хабарым жоқ, Қашағанға кімнің қандай баға бергенін білмеймін. Осы істі қолға алғанда Қашағанды қандай деңгейде тойлау керек деп ойландым. Әркімнен сұраймын, біреу аудан көлемінде, біреу облыс көлемінде дейді. Бірақ ешкім республикалық көлемде тойлаған жөн дегенді айтпайды. Әбіш Кекілбаевтың ұлы Әулет баламмен жолдас еді, «Атыраудан ұшып келеді» дегенді естіп, әуежайға қарсы алуға бардық. Адам көп, сәтін салып кездесіп, Қашекең туралы айттым. Қашағанның атын естіген соң Әбіш ағытылды ғой. «Пушкин, Лермонтовтар – күнделікті көріп жүргенін жазған ақындар. Ал, Қашаған оқыған кісілердің білмейтінін де көрегендікпен толғаған. Алла Тағаланың дінін, пайғамбарлардың есімі мен он сегіз мың ғаламдағы құбылысты суреттеген. Оның өлеңінің әрбір шумағынан бір-бір диссертация қорғауға болады. Қай жерге қаламдарың жетеді, қай жерге тілдерің жетеді, сол деңгейден сөйлеңдер», – деді. Баяғыдан бергі түйінді мәселе шешіліп кеткендей, ғажайып күйге ендім. Осылайша республика көлемінде деген сөзге іліктік.
Новиковтің қолдауынсыз Қашекеңнің 150 жылдығы дәл сондай деңгейде тойланбауы мүмкін еді. Облыстық атқару комитетінде шешім қабылдап, одан кейін облыс құрылып, Маңғыстауға басшы болған кезде өзі қабылдаған шешімді орындады.
– Той өз көңіліңіздегідей өтті ме?
– Қашекеңнің 150 жылдығы екі рет тойланды. Бірі – Қырықкезде, екіншісі – Ақтауда. Алқажан Еділхан ол кезде Маңғыстау ауданының әкімі еді. Сол кісінің ұсынысымен Қырықкезде де елудей үй тігілді. Түнгі екі-үшке дейін жыр айтылып, ойын-сауық болды. Түн сондай тымық, жердің шөбі де тізеден келеді. Табиғаттың өзі тойдың сәнін келтіре түсті. Құлат таудың етегінде ат шабыс өтті. Аңызға айналып кеткен, әлі күнге дейін елдің ауызынан түспейтін Сыңғырлаудың жорғасы мен Ақмоншақтың шабатыны сол бәйге. Жиналған көпшілік «ойпырмай» десіп таңғалды. Сыңғырлаудың сары жорғасы қара ілестірмей, дара шапты. Тіл-көз деген де бар ғой, сол бәйгеден кейін шаппай қалыпты.
Ал, тойдың алдында Түрікменстанға інім Үмбетқали, қызым Бақытгүл, Сержан Шәкірат, Ізбасар Шыртановтар бастаған экспедиция аттанды. Қазақтар қоныстанған Бегдашы, Красноводск, Небидтау, Сүйел, Қошоба деген жерлерде концерт қойды. Сөйтсе, мына жақтан кеткен ауылдардың барлығы Қашекеңді біледі екен.
Сол кезде Қашекеңде қасиет бар екен деген ойға келдім. Қашекең үш рет отау тіккен, он төрт баласы болған. Барлығы да тұрақтамаған. Бауырынан шыққан бала болмаса да, бүкіл ел қолдап, мерейтойын тойлады. Ал, той бітіп, қонақтар тарап жатқанда кішкентай бұлт келді де, жаңбырды төкті ғой. Жұрттың бәрі таңғалды. Шетпеге дейінгі жолда сылбыр жауын болған. Қашекеңнің қасиеті ғой бұл да.
– Қашаған ата тыныс тапқан қорымда кесене тұрғызылды. Осы туралы айтып беріңізші.
– Қашағанға кесене тұрғызу туралы ойды ағайын-туыс қолдап, мекемелер көлік, тас, жарық беріп көмектесті. Сенбі-жексенбі сайын түрлі мекеме қызметкерлері сенбілік өткізді. Кесене орнатарда бір мәселе шықты. Қашекеңнің жанында Шәдіман деген ағамыз жатыр, келесі қапталында Дінғабіл деген ағамыздың, бергі тұсында – Көрпеш жеңгеміздің бейіті. Яғни, Қашекеңнің бейітінің артқы жағында орын бар, екі қапталы мен алдында орын жоқ. Ал, күмбезді үлкен, көрнекті етіп салу керек. Енді не істейміз? Көп ақылдастық. Біреулер бөлек кең жерге салайық дейді. Бірақ мұның да қисыны жоқ. Мақсұт Нұрқабаев шешімін тауып, арт жақтағы бос орынды пайдаланып, қиюын келтіріп, кесенені салды.
– Шеберді кім таңдады?
– Өзім таңдадым, әрі Мақсұт Нұрқабаев біздің ауылға жиен болып келеді. Ол уақытта үлкен кесене салу, мұндай жауапкершілікті мойнына алу кез келген адамның қолынан келмейтін. Әрі кесенені қиюластыру да қиын болды. Мақсұт батырлық жасады десе де болғандай.
– Қашағанның ұрпақтарын көрдіңіз бе?
– Қашекеңнің соңғы жары беріштің қызынан екі қыз туған екен. Солардың біреуі бертінге дейін Түрікменстанның Ташауызында тұрған. Ол өткен-кеткен кісіден: «Қашағанның Көшен деген інісі бар екен, соған айта барың, мені алып кетсін, далада қалдым», – деп сәлемдеме жазып жіберетін болған. Көшен атамыз қарындасын Краснаводск арқылы іздеп барып, алып келді. Жанында науқас қызы болған. Қыздың аты – Сағынай. Көп ұзамай апамыз қайтыс болады. Ал, Сағынайды бір жаңай молда шал «осыны адам қыламын» деп біздің әкейден сұрап алады. Арада бірнеше жыл өткенде, ұмытпасам 1976 жылдары, інімнің үйіне бір жұпынылау әйел адам келіп отыр екен. Анам: «Мына кісіні танисың ба? Бұл Қашекеңнің жиені – Сағынай», – деді. Біраз араласып тұрдық. Әлі күнге дейін оны суретке де түсірмегеніме өкінем. Бір жылдан кейін оларды жаңайлар Маңғыстау стансасына көшіріп алды. Екеуі де сонда қайтыс болды. Қашағанның мен білетін тікелей ұрпағының соңы сол Сағынай еді.
– Биыл күзде Қашағанның 170 жылдығы атап өтілгелі отыр. Сол кезде ескерілмей қалған нәрселер бар ма?
– Қырықкез – «Ақтау–Қаламқас» тас жолынан 22 шақырым жерде. Сол жерге грейдерлі жол салынса деген ұсынысымыз ақшаның жетіспеуінен аяқсыз қалған. Сол уақыттағы шаралардан тағы бір жасалынбай қалған нәрсе – «Маңғыстау майталмандарының мұражайынан» Қашекеңе бір бұрыш ашу.
Оған қоса, өзім ел аузындағы Қашаған туралы әңгімелерді, өлеңдері мен қолымдағы барлық деректі жинап, баспаға берсем деймін. Қолымда Қашағанның «Әзіреті Ғали» деген шығармасы бар. Баспада жоқ. Соны бөліп-бөліп газетке бергім келеді. Ол Қашағанның өзінің шығармасы ма, әлде әріден келе жатқан шығарма ма, білмеймін. Жалпы, Қашекең туралы материалдарды Қазақстанның Ғылым академиясының мұрағатына Қабиболла Сыдиықов тапсырған, оған көптеген материалды менің әкем Көшен берген екен. Содан бері әлі күнге дейін Қашаған жөнінде зерттеу жұмыстары жасалмай келеді. Қашаған жырларын ел аузынан теріп, экспедиция жасалды, бірақ егжей-тегжейлі талдау болған емес. Жасалатын басты жұмыстар, міне, осы!
– Сұхбатыңызға рақмет.
Камшат ӘБДІРАЙЫМ,
Суреттерді түсірген Т. Құсайын, А. Гагарина