Биыл құрылғанына 45 жыл толғалы тұрған Бейнеу ауданының орталығы –Бейнеу ауылының ірге тасы 1963 жылдары қаланған болатын. Кезінде Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп аталған «Мақат-Бейнеу-Маңғышлақ» және «Бейнеу-Қоңырат» теміржол құрылыстарының жүргізілуіне байланысты Бейнеуде алғашқы рет барак үйлер салынып, теміржолшылар мен құрылысшылардың шағын кенті бой көтерген.
Жоғарыда аталған екпінді теміржол құрылыстарын ГОРЕМ-22 мекемесі жүргізді. Құрылыста жұмыс жасауға сол кездегі Кеңес одағының түкпір- түкпірінен құрылыс отрядтары мен жас мамандар ағылып келген. Уақыт өткен сайын теміржолшылардың саны да артып, соның себебінен оларды жатақханамен және тұрғын үймен қамту мәселесі туындады. Бұл тығырықтан шығудың жолын іздеген құрылыстың негізгі мердігері ГОРЕМ-22 мекемесінің УС-99 деп аталған құрылыс учаскесі Бейнеу станциясы басынан қазір біздер «корпус үйлер» деп атап жүрген көпқабатты тұрғын үйлерді салуды қолға алған еді. Оған жергілікті жерден құрылыс материалдарын пайдалануды көздеген ГОРЕМ-22 мекемесі Ескі Бейнеуден алғашқы ұлутас карьерін ашыпты. Одан өндірілген тасты әртүрлі құрылыс жұмыстарына пайдалана бастаған екен.
Бұл шамамен 1964-65 жылдар болса керек. Бейнеуде алғашқы ашылған осы карьерде ұзақ жыл еңбек еткен, қазіргі кезде зейнеткер Сәду Ашықбаев ақсақалмен аталған карьер жайлы сұхбаттасып, әңгімелесудің сәті түсті.
Бұл күнде Сәду ақсақал бала-шағасымен бақуатты өмір сүріп, Бейнеу ауылында тұрып жатыр. Өзі бір көргенде аласа бойлы, топшысы кішкентай болғанымен, мығым денелі, қажарлы адам. Күші шамалы әлсіз, әлжуаз адам карьерде күнде тынбай тас көтеріп жұмыс жасамайды ғой, күш-қайраты болған соң жұмыс жасайды емес пе?
Жұмыс бабымен үйіне арнайы барып, аман-саулық сұрасып, мән-жайды түсіндіріп болған соң уақытты оздырмай әңгімелесуге көштік.
- Сәду аға, сіз Бейнеуде алғашқы ашылған ГОРЕМ-22 мекемесінің ұлутас карьерінде ұзақ жыл еңбек еткен, карьердің ашылғаны мен жүргізген жұмыстарынан азда болса хабары бар адамның біреуі деп естідік. Осыжөнінде әңгімені бастасаңыз?
-Иә, мен 1972 жылы осы Бейнеуге Бесқаладан алғашқы лекте өзім салт келіп, карьерге жұмысқа кірдім. Содан бастап 1992 жылға дейін 20 жылға жуық еңбек еткендердің бірімін.
Менің естуімше, бұл карьер — Бейнеуде ең бірінші ашылған карьер. Бейнеу станциясы арқылы өтіп тұрған теміржол бойындағы станция мен разъездердегі корпус үйлері мен теміржолдың басқа да ғимараттарын салған кезінде осы карьердің тасын пайдаланған. Бұл карьерді ГОРЕМ-22 мекемесі ашқан екен. Оның бастығы Томель деген неміс кісі болыпты. Ал біздер жұмыс жасаған карьердің бастығы Мария деген татар әйел болды. Біз оны Маша апай дейтін едік. Жұмысшыларға жайлы, жақсы адам. Күйеуі карьерде комбайншы болып жұмыс жасады. Маша апай біздердің күнделікті жұмысымызға басшылық жасап, жүргізді. Жұмысшыларға ешқандай қиянат жасағанын көрген жоқпыз. Еңбегімізді бағалап отырды. Сол кезде карьердің басындағы асханада 2 мезгіл тегін тамақ беріліп тұрды. Айлығымызды уақытынан кешіктірмей алдық. Айдың орта шенінде аванс берсе, аяғында айлық беретін еді.Айдың ортасы болса болды, Маша апай: «Ал, жігіттер, мен бүгін Бейнеуге барып, айлық ақша әкелемін» деп кетіп, кешке жұмыс аяғында айлығымызды таратып беретін. Айлық алған күні өзің білесің, жұмыстан шаршап-шалдыққанымызды ұмытып,үйге көңілді қайтатын едік. Ол біздің тұрмыс жағдайымызға да көңіл бөліп: «Жігіттер, үй саламын десеңдер, арзан бағамен тас алыңдар» дейтін. Маған Маша апайдың: «Сен тас алып, 2 үй сал. Біреуін сатып, пайдалан» деген қамқорлық сөзі әлі есімде.
Осындай жақсы жағдай жасалып отырған соң карьерде қызу жұмыс жүрді.Адам көп болды. Көпшілігі— орыс пен татар ұлтынан. Әуелгі кез- дежергілікті жердің адамдары аз еді.Бастықтардың да нобайы — орыс пентатар. Мен орыс тілін білмейтін едім. Бізбен бірге жұмыс жасаған Наренбайдың ағасы Құлданбай орыс тіліне жүйрік, ол орыстармен шүйіркелесіп сөйлесетін. Оның тіл білгенінің пайдасы маған да тиіп, ол орыстармен сөйлесіп, мені жұмысқа кіргізген болатын.
Ұмытпасам, карьерде сол кезде 3 комбайнмен тас кесіліп тұрды. Біреуі— көлденең кесетін комбайн. Карьерде кесілген тас текшеленіп жиналатын. Карьердің басындағы кран көлігі оны автокөлікке салып, апарып, вагонға тиейтінбіз. Бұл әдіс тасты есептеп жіберуге қолайлы болған болуы керек, сірә.
-Күніне қанша текше метр тастиеп тұрдыңыздар? Мекеме өзінен ауысқан тасты жаңадан қоныстанып жатқан адамдарға да сатып берген шығар?
-Күнде ертемен карьердің басына оншақты вагонды Бейнеуден апарып қояды. Біз соның 5-6-уын шама келгенше тиеп жүрдік. Ол кезде тас көбіне платформа вагондарға тиелетін. Әр вагонға 40 текше метр тас тиеледі. Күніне қанша тас тиелетінін енді өзің есептей бер. Вагонға тас тиеудің де машақаты көп. Баратын жеріне дейін вагонның тасы шашылып қалмас үшін борттарына жіңішке бөренелерден кесіп, қазық қағып, дайындап береміз. Дайын болған вагонды кешке Бейнеу станциясына алып кетеді. Бейнеу арқылы өтіп тұрған Орта Азия және Ақтау бағытындағы теміржол бойындағы корпус үйлердің барлығы дерлік осы карьердің тасынан қаланып, салынған еді. Тіпті Қарақалпақ,одан әрі Қоңыратқа дейінгі құрылысқа да пайдаланылды.
Әлгінде айттым ғой, Маша апайдың «Тас алып үй сал» дегенін. Көбіміз үйлерімізді сол карьердің тасынан салдық. Осы Бейнеу ауылының осыдан 30-40 жыл бұрынғы 1-ші, 2-ші және 4-ші учаскелерінің алдыңғы салынған үйлерінің көбі осы біз өндірген тастан салынған ғимараттар.
- Бейнеуде тұрып, сізбен бірге жұмыс жасаған кісілер көп болды емес пе? Орыстар мен татарлар елдеріне кеткен болар. Ал қалған кісілер қазір қайда кетті?
-Әй, шырағым, қартайған адам қайда кетсін?! Үйлерінде шығар. Сол кезде карьерде менімен бірге Бейнеудің адамдары да жұмыс жасады. Осының алдында Нәренбайдың Құлданбай деген ағасының жұмыс жасағанын айтып өттім. Ол қайтыс болып кетті. Иманды болсын! Одан басқа қазір 4-ші ауылда тұратын Дүзелбай шофер болып, тас тасыды. Және Сәуел Елемесов деген шофер болды, ол да қайтыс болған. Адайбай мен Берекет жұмыс жасады.Кейінінен ол теміржолға ауысып кетті. Жақында Ақтауға көшкен. Адайбай бар, 4-інші ауылда тұрады. Ауылдас болған соң Адайбаймен, Дүзелбаймен ара-тұра той, садақада кездесіп тұрамын. Айтпақшы, сен карьер жайлы, бастықтардың толықтай аты-жөндерін солардан сұрап, білуіңе болады. Олардың да есінде қалған шығар.
-ГОРЕМ-22 мекемесінің атауыөзгеріп, жаңарған түрде қайта құрылған болар?
-Кешегі өткен 90-шы жылдардағы жекешелендіру кезінде қайта құрылып, қазіргі таңда Еркінбек Оразбаев басқаратын «Ақтас» ЖШС деген атаумен бұрынғыша тас өндіруді жалғастырып жатыр.
Қазіргі кезде карьерлер көбейді деп естимін. Міне, бұл — жеріміздің баға жетпес байлығының бірі. Құнды құрылыс материалы болып есептелетін ұлутасымыз да берекелі Бейнеудің халқына Құдайдың берген несібесінің біреуі деп білу керек. Халқымыз сонда жұмыс жасап, бала-шағасын бағып, нәпәқанасын тауып жүр.Оны қажетіне жаратып, игілігіне пайдалануда.Тек қадірін білуіміз қажет.
-Сәке, сөз соңында бір-екі ауыз ауылдастарыңызға тілек айтсаңыз?
-Не айтайын? Халқымызда «Елу жылда –ел жаңа, қырық жылда — қазан жаңа» деген қанатты сөз бар. Сол сөз ақиқатқа айналып, Бейнеу қазір адам танымастай жаңарған. Біз көшіп келген жылдарда кішкентай шағын ғана кент еді. Оны көзіміз көрді. Ал қазір көңілге қуаныш ұялатқан жаңалықтары көп. Қайсыбірін айтайын. Ел көбейіп, іргесі кеңейді. Көшелері көрікті, асфальтталған.
Су және газ құбырлары жүргізіліп, тоғы үздіксіз беріліп тұр. Міне, бұл жақсылық емес пе?!.. Осындай жақсылықтар жалғасып, Бейнеу гүлденіп, көркейе бергей деп тілеймін.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Кәрісбай ӘДІЛ