Соңғы кездері газ, токтың бағасы шарықтап, халықтың арасында наразылық тудырып жүргені жасырын емес. Осы бір мәселенің мән-жәйін халыққа түсіндіру мақсатында халыққа су мен ток жеткізіп отырған мекеме - «Дария» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Амалбек Жанбуршиевпен тілдесіп, жағымды жаңалықтың шетін естідік.
- Электр энергиясы үшін «Дария» МКК-ге төленетін төлемнің қымбатырақ екенін білеміз, жәй жапсарын айтып өтсеңіз.
- Облыстағы «МАЭК Казатомпром» ЖШС ток көзін өндіруші болса, одан тасымалдаушы — «МРЭК» акционерлік бірлестігі. Ал аудан халқына ток көзін таратушы «Дария» мекемесі «МАЭК Казатомпром» ЖШС-нен алатын ток көзіне 0,77 тиын қосып халыққа жеткізіп отыр. Біз барлық тұтынушыларға, заңды тұлғаларға пайдаланған ток көзіне бар болғаны 0,77 тиын қосып, таратып отырмыз. Ал өндіруші «МАЭК Казатомпром» ЖШС бізге токты - 14,18 теңгеге, одан тасымалдағаны үшін – «МРЭК» акционерлік бірлестігі - 2,93 теңгеден беріп, қосымша құн салығымен токтың бағасы - 20.02 теңге болып есептеліп отырған болатын. Осы жылдың тамыз айынан бастап токтың бағасы 14,18 теңгеден - 13,12 теңгеге өзгерді. «МАЭК Казатомпром» бағасын түсіргені үшін біз де тұрғындарға таратып отырған ток көзінің бағасын - 18,84 теңгеге төмендеттік. Бірақ заңды тұлғалар бұрынғы 20,12 теңгемен төлей береді.
- Ай сайын тұрғындар қанша квт. ток көзін пайдаланады? Және осындай мекемелердің бас ауруына айналған қарыз мәселесі сіздерді де айналып өтпеген болар?
- Ай сайын «МАЭК Казатомпром» ЖШС-нен шамамен 1 млн.500 - 1млн.700 квт. ток аламыз. Оны теңгеге шаққанда шамамен 25 млн. теңгені құрайды. Аудан бойынша 2438 тұрғын, 137 жеке кәсіпкер, 57 мекеме бізден ток алып отыр. Осы таратып отырған токтың 2,93 теңгесін біз ай сайын тасымалдағаны үшін «МРЭК» акионерлік бірлестігіне төлеуіміз қажет. Әрбір тұрғын мәселен тамыз айында жаққан токтың ақшасын қыркүйек айының 20-на дейін толық өтеуі керек. Өйткені біз жоғарыда айтып өткендей «МРЭК» акционерлік бірлестігіне әр айдың 25-не дейін пайдаланған электр энергиясының ақшасын төлейміз. Бірақ бар мәселе осы жерде туындап отыр. Кейбір тұрғындар пайдаланған токтың ақшасын уақытында төлемейді. Елді мекендердегі тұрғындар айлық жалақылары түсісімен ең бірінші қызмет құнын төлейді. Ал төлемді Шетпе басының тұрғындары төлеуге құлықты емес. Әсіресе мекеме басшылары жеке тұрғын үйлерінің пайдаланған жарық көзінің ақшаларын төлеуге асықпайды.
Сондықтан осы сұхбатты пайдалана отырып, халыққа ескерту айтқым келіп отыр. Алдымызда — қыс. Жылу маусымы келе жатыр. Қыркүйек айының төлемін қазан айының аяғында төлеуге тиісті тұрғындар уақытылы төлемесе ескертусіз ток көзін ажыратуға мәжбүр боламыз. Өйткені тұрғындардың қарыздары туралы тарату қағазында ескерту беріледі. Ол ескертуді тұрғындар елең қылмайды. Одан бөлек әрбір тұрғын келісім-шартқа қол қойған. Бірақ қазақшылыққа салынып, бір ай, екі ай, үш ай бойына қызмет құнын төлемей жүрген аудан тұрғындарының 30 пайызы бізге борышты. Алдымыздағы айдан бастап ескертуге де қарамай, тұрғындар борыштарына селқос қарайтын болса, біз борышты мәжбүрлі түрде өндіру үшін сотқа жүгінетін боламыз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда 1 қыркүйек күні 9 жаңа мектеп ашылдыПайдаланған токтың ақшасын төлей алмай отырғанда токты айырып тастасақ, қайта қостыру үшін 9432 теңге қайта қосымша ақша төлеу керек. Сондықтан түсіністікпен қарап, уақытылы төлемдерін төлеуді сұраймыз.
Тұрғындарға төлемдерін сол айдың 20-на дейін төлеуге мүмкіндік береміз. Әр үйге шыққан 7-10 мың теңге жиналып келгенде біршама миллионды құрап отыр. Сондықтан аудан тұрғындарының болашақта келеңсіздікке жол бермегендері жөн. Біздің мекеме халыққа үздіксіз ток көзін таратып отыр. Осы соңғы жылдар ішінде токты ажырату болған емес. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан болмаса, облыстағы «МАЭК Казатомпром» ЖШС әртүрлі жағдайға байланысты ажыратулар болмаса біздің мекеме тарапынан үзіліссіз ток беріліп келеді.
Алда да мұндай мәселе туындамайды деп сенеміз. Ток көзі тек қана қысты күндері сым үзілгенде, жел, дауылдарда ғана ажыратылып кетеді. Мұндай жағдай тек қана бір сағат ішінде шешімін тауып отыр.
Қазір барлық тұтынатын нәрселер токқа тәуелді. Сондықтан үнемі жарық көзін пайдаланып, сол арқылы жұмыс жасап отырғандықтан қызмет көрсетіп отырған мекемеге де кедергі келтірмеген абзал.
Ж.АМАНҚҰЛОВА