Қазіргі таңда тілі кеш шығатын немесе әріптерді анық айта алмайтын немесе мүлдем айта алмайтын балаларды жиі көреміз. Мұндай ақауларды түзетуде логопед маманның рөлі орасан зор. Логопедтер тілдегі кемістікті түзетуге, әріптерді дұрыс дыбыстауға, анық және қатесіз сөйлеуге үйретеді. Жаңа оқу жылының алдында балалардың әріптерді қаншалықты дұрыс айтатынын білу үшін «Айналайын» дамыту орталығының логопеді Жаншат Абдуловамен сұқбаттасқан едік.
- Сәлеметсіз бе, Жаншат ханым! Кейде бірінші сыныпқа барған балалардың арасында әріптерді айта алмайтындары болады. Жасы үшке толса да анық сөйлемейтін балалар бар. Жалпы баланың тіліндегі кемістікті неше жаста және қандай жағдайда анықтаймыз?
- Қазір көптеген ата-ана баласын 1-ші сыныпқа берер алдында дайындық курсына, әр түрлі дамыту курстарына апарады. Ол жақта білікті мамандар әріптерді, сөйлеуді, сөйлем құрауды үйретеді. Егер балаңыз әріптерді айта алмаса онда оны тіліндегі кемістік деп айтуға болады. Бала мектепке дейін, яғни 7 жасқа дейін дұрыс сөйлей алуы керек. Ол уақытқа дейін сөздерді дұрыс айтпаса, оның себебі басқада. Тілдегі кемістік гипоксияның (оттегі жеткіліксіздігі) әсерінен, бала миының жарақаттануы немесе баланы мектепке бергенге дейін дамыту мен дайындық курстарына бермегендіктен болуы мүмкін. Бала екі жасында сөздерді қосып сөйлеуі, 3 жасында әңгіме айтуы тиіс. Қазір ондай балалар аз. Көпшілігі кеш сөйлеп бастайды. Ата-анасы мұны еркелік деп ойлап, көп уақытын кетіріп алады. Әкесі бала кезінде жай сөйлеген, тұқымнан деп ойлайды. Бала 5-6 жасында әріптің барлығын дұрыс айтуы керек, әке-шешесі соған мән бергені жөн.
- Баланың сөйлеу тілінің даму кезеңіне тоқтала кетсеңіз?- Бала бір жасында жоқ дегенде 10 сөз білуі қажет. 1,5-2 жасында екі-үш сөзді қосып сөйлеуі керек. Ал үш жаста бала сөйлем құрауы тиіс. 4-5 жасқа келгенде баланың кәдімгідей сөйлеуі және «л» мен «р» әріптерінен өзге әріптерді айтуы тиіс. Ал 6 жасында барлық әріпті дұрыс айтуы қажет.
- Балалар үшін ең қиын әріп қайсысы?- Балалар үшін ең қиыны - «л» және «р» әріптері. Ең соңғы дыбыстар. Физиологиялық даму бойынша бала 4-5 жасқа келгенде соңғы ж,с, ч, ш әріптерін айтады. Ал 5-6 жасқа келгенде л, р әріптерін анық айтады.
- Логопедке көбінесе қандай мәселемен келеді?- Логопедке түрлі себептермен келеді. Мысалға, «л», «р», «з» әріптерін айта алмайтындар. Олармен жұмыс жасау өте оңай болады. Одан басқа ақыл есінде кемістігі және сөйлеу тілінде кемістігі бар, Даун синдромына, балалар церебральді сал ауруына, аутизмге шалдыққан балаларды әкеледі. Баланың миындағы қандай да бір ақау тіліне әсер етеді.
- Бір баланың тілі шығуына қанша уақыт кетеді?- Қанша мықты логопед болса да, дәл осындай уақытта сөйлетемін деп ешкім нақты айта алмайды. Әр бала - жеке тұлға. Әр баланың сөйлеу тілінің кемістігі әртүрлі. Мысалға, мен мүмкіндігі шектеулі балалармен көп жұмыс жасағандықтан, мен үшін «р», «з», «л», әріптерін 1,2-ші сабақта үйрете аламын. Үйрету жеңіл, ал әріптерді автоматтандыруға көбірек уақыт кетеді. Церебральді сал ауруына шалдыққан балаға бірнеше ай кетеді.
- Балалардың тіліндегі кемістік неден пайда болады деп ойлайсыз?- Кемістік әр түрлі себепке байланысты болады. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, бала туылған кезде гипоксия немесе баланың басы қысылып туылуы мүмкін. Келесі себеп – еркелік. Бірақ қанша ерке болса да бала уақыты келгенде сөйлеп кетеді. Ерке бала сөздерді анық дыбыстамай жатады. Сонымен қатар ата-ана тілі енді шығып келе жатқан балаға уақытында көңіл аудармағандықтан тілде кемістік пайда болуы мүмкін. Әсіресе, «Балам басымды қатырмашы, бар мультфильміңді көр» деп балаға атүсті қарап, баламен сөйлеспегендіктен де баланың тілі кеш шығады. Кез келген ата-ана екі жастан бастап баланың тілінде ақаудың бар-жоқтығын анықтай алуы қажет немесе тілінің анық еместігін байқау керек. Мысалы, дислалия деген ұғым бар, яғни есте сақтай алады, бірақ әріптерді айта алмайды. «Эхолалия» қайталап сөйлейді. Ал тұтығу - мидың кемістігі. Тұтығудың себебі баланың психологиялық жай-күйіне байланысты.
- Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір логопедке жүгіну көбейген бе? Бұл неден деп ойлайсыз?- Логопедтің көмегіне жүгінетіндер көбейген. Үлкен мәселенің бірі бала теледидарды көп көруі, ұялы телефонмен көп ойнауы. Баламен жұмыс жасамағандықтан тілі кеш шығып қалады.
- Ата-ана балаға көңіл бөлу керек екендігін айттыңыз. Баланың тілі анық, әдемі шығуы үшін қандай жаттығу жасау керек?- Бала мектепке баратын уақытты күтпей екі жастан бастап баланың тіліне көп мән бергеніңіз жөн. Мысалға, екі жаста баланың қоршаған ортаға қызығушылығы артады, сол кезде балаға бәрін түсіндіріп, анық айтқызып, жоқ дегенде дұрыс сөйлеуді үйрету керек. Мектепке дейін бәрін жөндеп аламын деу – қате пікір. Балаға телефон бермей, мультфильмдерді көп қаратқызбай көбірек сөйлесу қажет. Кітаппен немесе карточкалармен жұмыс жасап, әр түрлі танымдылық кітаптарды, ойыншықтарды алып беріп, ойын арқылы түсіндірсе өте қызықты болады.
- Сіз логопед мамандығына қалай келдіңіз?- Мен алғашында экономика мамандығын таңдаған едім. Бірақ оқуды аяқтаған соң бұл салада өзімді көре алмадым. Маған адамдармен, әсіресе балалармен сөйлескенді жақсы көремін. Баламен сөйлескенді ұнататынымды байқаған жандар маған «Неге логопед болмайсыз?» дейтін. Ойлана келе, логопедтің оқуына түсуге шешім қабылдадым. Ресейдегі Қазан Университетінің логопедия факультетіне түсіп, сондағы академик-профессорлардан дәріс алдым. Алғашқы тәжірибемді Астанадағы республикалық балалар реабилитациялық орталығынан өттім. Онда жоғарғы білікті логопедтер, тәжірибелі мамандар көп нәрсе үйрендім. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасауды да тәжірибе барысында үйрендім. Логопед болу оңай емес, кез келген адам тілінде кемістігі бар баламен жұмыс жасай алмайды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау да оңай емес. Сондықтан маман тапшы.
- Арнайы логопед сабақтары өтетін мектеп бар ма?- Ақтау қаласында мемлекеттік деңгейдегі логопед мектебі жоқ. Бірақ мектептерде коррекциялық және инклюзивті кабинеттер бар. Сол сияқты дамыту орталықтарында, реабилитациялық орталықтарда логопед мамандар жұмыс жасайды.
- Ересек адам болсын, бала болсын тіліндегі кемістікті түзетуге бола ма? Логопедияда уақыт өтіп кетті деген бар ма?- Логопедияда жас талғау жоқ. Яғни балалар немесе ересектер логопеді деген ұғым жоқ. Логопед барлық адаммен жұмыс жасай білуі тиіс. Кішкентай кезінде басына зақым келген балалар, кезінде логопедке бармаған, тілі анық емес адамдар да келеді. Ересектер арасында инсульт алған жандар бар. Яғни сөйлеу аймағына зақым келіп, тілі күрмеліп, инсульт алғанда кішкентай бала секілді сөйлей алмай қалады. Олардың тілін жөндеуге біраз уақыт кетеді. Бірақ жаймен сөйлеп үйренеді. Мұндай жандарға тек сабақ өтіп қана қоймай, логомассаж да жасаймыз. Бұл қолмен жасалатын массаж тек инсульт алғандарға ғана емес целебральді сал ауруына шалдыққан балаларға өте көп көмегін тигізіп жатыр. Тіл кемістігін түзетуде бізде «БиоАкустикалық коррекция» құрылғысның да пайдасы зор.
- Биоакустикалық коррекция жайлы айта кетсеңіз...- Ол мидағы бұзылыстарды адам өзінің күші арқылы қалпына келтіреді. Көбінесе БиоАкустикалық коррекцияны аутизм, церебральді сал ауруы, ақыл есінде кемістігі және сөйлеу тілінде кемістік кезінде пайдаланылады. Тіпті Ресейде ҰБТ-ға дайындалар кезде де осы құрылғыны миды ояту үшін пайдаланады екен. Бұл құрылғы медицинада 25 жылдан бері қолданылады. Неврапатологтың рұқсатынан кейін БиоАкустикалық коррекцияны пайдалануға болады. Ем 15 күн бойы жүргізіледі. Нәтижесінде бала құрылғы арқылы миының дыбыстарын ести алады.
- Сұхбатыңызға көп рахмет, жұмысыңызға сәттілік тілеймін!Сұхбаттасқан Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60477,60478"]