©
Биылғы жыл ел өміріндегі елеулі жыл есебінде есте қалмақ. Кең байтақ Отанымыздың ажырамас бір бөлшегі болып саналатын Бейнеу ауданының құрылғанына 45 жыл толып отыр. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген, мінеки дүбірлі мереке аталып өтетін күн де келіп жетті. Бүгінде ауданда 69 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, мерейтойға дайындық қандай деңгейде? Бұл туралы аудан әкімі Бейнеубек Әбіловтен сұрап білген едік.
- Бейнеубек Көңлімқосұлы! Ауданның 45 жылдық мерейтойы құтты болсын! Мерейтойға қандай дайындықпен келіп отырсыздар?
– Рақмет, бірге болсын! Ауданның қырық бес жылдығын тойлауға қатысты арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оған Бейнеудің беделді азаматтары, ауданның ірге тасын қалаған зейнеткерлер, демеуші кәсіпкерлер қатыстырылған еді. Іс-шаралар жоспарын дайындап облыс әкімдігімен келісіп, бекітілді. Аудандық «Рауан» газеті мерейтойға байланысты арнайы айдар ашып, аудан тарихы жөнінде мақалалар жарияланды. Жоспар бойынша іс-шаралар легі он күн бұрын басталып кетті. Ақжігіт, Боранқұл, Тұрыш, Сарға елді мекендерінде Бейнеу мәдениет өнерпаздарының мерекелік концерті өтті.
«Бейнеу кітапханасы»,«Бейнеу аудандық балалар – жасөспірімдер спорт мектебі», аудандық жастар ресурстық орталығы сияқты мекемелерде, Әли Балта палуан атындағы орталық стадионда әр алуан спорт түрлерінен аудандық жарыс өтті. «Абыл» мәдениет үйінде Жайдарман ойындары ұсынылды. «Бейнеу аудандық балалар – жасөспірімдер спорт мектебі» жастар арасында футболдан қайырымдылық турнирін өткізді. Ауданның колледж, мектеп, балабақшаларында алдын ала ауданның мерейтойына байланысты шаралар ертеден-ақ басталып кетті. Негізгі іс-шаралар, үлкен той болатын күні өтеді.
Мерейтой қарсаңында Әли Балта атындағы орталық стадионды жөндеп реттеуді де қолға алдық. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған бағдарламалар 45 жылдыққа орай өткізілетін шаралардың арқауын құрайды.
45 жыл ғасыр өлшемімен есептегенде аз уақыт емес. Осынау кезеңде аудан өмірінің жүріп өткен жолдарында қалыптасу, толысу, тоқырау, өрлеу кезеңдерін бастан кешкені белгілі. Айтулы мерейлі шақта ауданның өткен-кеткен жолдарына, арғы-бергі тарихына барлау, бағамдау, ой жүгірту – біздің азаматтық парызымыз. Өткенді білу, оның тағылымды тарихын, өткен дәуір мен бүгінгі заманды ой безбеніне салып, салыстыра пайымдау, санаға тоқу, одан тиісінше сабақ алу – ғибратты тірлік болатындығы ақиқат. Туған жердің топырағы – киелі, тарихы–шежірелі. Сондықтан мерейтой салтанаты кезеңінде арнайы іс-шарамыздың бірі осы бағытқа арналады. Өйткені осы да таға дейін тарихта көптеген азаматтар мен олардың еңбектері қалды. Олардың еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес.
– Бейнеу – сіздің кіндік қаныңыз тамған туған жеріңіз, туып-өскен атажұртыңыз. Есіміңіз де туған жеріңізге байланысты қойылған және ең басты ерекшелігі кез келген азаматтың маңдайына бұйыра бермейтін бақ – өзінің туған өлкесін басқару. Ауданның басшылық тізгінін қолыңызға алғалы әлі жыл тола қойған жоқ. Дегенмен осы орайда аудан басшысы ретіндегі бастамалар мен атқарылып жатқан істер туралы және Бейнеу топырағының төл перзенті ретінде ой-пікіріңізді айта кетсеңіз?
– Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи қастерлеп өтетін өлкесі. Осы жерде дүниеге келіп, туған ауылыма қызмет арнау – Жаратқанның маған бұйыртқан үлкен бақыты. Әр адамның туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша құрметпен қарап, елдің дамуына атсалысуы – басты парызы. Мен бейнеулік бауырларыммен бірге қызмет етуге аянбаймын. Елдің әр азаматы өз ортасын, яғни туған жерін дамытуға тиісті. Сондай-ақ әрбір жастың бойын да «Мен – бейнеулікпін!» деген мақтанышпен қатар жауапкершілікті тәрбиелеу керек, олай болса аға ұрпақ өкілдерінен бастап, күш қуаты мол жастарды Бейнеуді қайта түлетуге шақырамын. Әр істің өз шешімі бар, осы істің шешімін көптің көмегі, ақсақалдардың ақ батасы мен ақылы, жастардың қажырқайраты және қаржылық демеуі арқылы табады деген ойдамыз.
Айта кеткім келгені өз туған жерімізден ұшқан түлектер, өнерпаздар, ағайын-туыс, бауырларымыз мереке кезінде Бейнеуге келіп, концерт беріп елдің қуанышын еселеуге үлес қосады деп сенемін. Ал енді ауданда атқарылып жатқан істерге тоқтала кетейін. Демеушілер қаржысына Бейнеуде 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Есетте жаттығу залының құрылысы мен Бейнеу де жабық бассейнге, сонымен қатар орталық стадионға жөндеу жұмыстары басталды. Боранқұлда екі спорт алаңы салынатын болады.
Аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарды қамқорлыққа алу жұмыстары жалғастырылды. Сыңғырлауда имандылық үйінің құрылысы жүргізілуде. Бейнеудегі орталық мешіттің алдына тас төсеу жұмыстары аяқталды. Ет және ет өнімдерін дайындайтын «Берген Бек» ауыл шаруашылығы кооперативінің модулді мал сою пункті іске қосылса, «Бейнеу» кооперативінің мал бордақылау алаңының құрылысы басталды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Бейнеу-Ақжігіт Өзбекстан Республикасы шекарасы» автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Инвесторлар қаржысына Боранқұлдағы ауылішілік автомобиль жолы асфальттанып, «Сарықамыс-Боранқұл» автомобиль жолының он шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бейнеудегі бір көшенің қиыршықтасты автомобиль жолының құрылысы аяқталып, екі көшенің қиыршықтасты автомобиль жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Көне Бейнеудегі автомобиль жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Бейнеу ауылындағы бес көшенің жаяу жүргіншілер жолы асфальттанды. Бейнеудегі Тобанияз көшесінің автомобиль жолын асфальттау жұмыстарының, екі көшенің қиыршықтасты автомобиль жолының құрылысының жобалық сметалық құжаттарын дайындауға мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде.
Бейнеудегі тоғыз көшеге ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды, он үш көшеге ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Боранқұлдағы ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары жақын күндері басталады. Төлеп пен Есет ауылдарына жоғары кернеулі электр желісін тарту жұмыстары жалғастырылуда.
Бейнеуде ауылішілік су құбырын тарту жұмыстарының 4 және 5 телімдерінің құрылыс жұмыстары жалғастырылып, Боранқұл, Сарға, Төлеп, Есет ауылдарына су құбырын тарту мен су тазарту қондырғысын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Интернет желісінің сапасын арттыру мақсатында Бейнеудегі тоғыз көшенің магистральды кабельдері ауыстырылып, Ақжігіт, Есет ауылдарында интернет порттары көбейтілді.
Ауылдарда сенбіліктер ұйымдастырылып, 8166 түп ағаш отырғызылды.
Жыл бойы атқарылатын әр ісіміз 45 жылдық аясында жүргізілмек. Аудан халқын 45 жылдық мерекемен құттықтаймын! Жерлестерімнің бірлігіне қуанамын, алдағы жылдары бүгінгіден де биік белестерді бағындырып, табысқа кенеле беретініне кәміл сенемін.
– Мереке құтты болсын! Мерейтой сәтті өтсін! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Айнахан ЕСЕТ
Көрнекі сурет сайттың архивінен