©
Тамыз айының соңғы күндері облыс орталығының 7 айлық кішкентай тұрғыны шетінеп кетті. Өмір есігін биыл ғана ашқан сәбиге не болды? Оның өліміне кім кінәлі? Осы тақілеттес сауалдарға денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрсұлу МҰХАМБЕТЯРОВА жауап берді.
- Ана мен бала өлімін төмендету үшін кезек күттірмейтін шаралар қодану жөніндегі облыстық штабтың кезектен тыс отырысында осы мәселе қаралды. Бала өлімі облыстық аурухананың 1-шағынаудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесінде тіркелген. Баланың науқасы емдеуге болатын аурулар қатарына жатады. Алайда, түрлі себептермен сәби шетінеп кетті. Басынан бастап айтар болсам, екі аптадай бұрын сырқаттанған баланы учаскелік дәрігер қараған. Бірақ бала емдеу мекемесіне орналастырылмай, үйінде жата берген. 12 күн ішінде оның беті бері қарамай, ауруы күшейіп кеткесін ата-анасы жексенбі күні сәбиді облыстық балалар ауруханасына алып келеді. Сол күні мұнда тәжірибесі аз жас дәрігерлер кезекші болған. Олар ауыр жағдайдағы баланың денсаулық жағдайын бағалай алмаған, дәрігерлер консолиумын өткізбеген, аурухана басшыларына да хабарламаған. Қабылдау бөлімшесіндегі педиатрдың жоғары медициналық оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасқанына небәрі 1 ай болған, ал реаниматологтың жұмыс тәжірибесі 4 айлық қана. Олар баланы қарап, өзбастақ шешім қабылдап, ауыр жағдайда жатқан сәбиді 26-шағынауданнан 1-шағынаудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесіне жібереді. Бөлімшеге келген соң 4 сағат ішінде баланың жүрегі тоқтады.
- Сонда бала өліміне кім кінәлі болып тұр? Жас дәрігерлер ме?
- Осы жағдайға байланысты басқарамада арнайы комиссия құрылды. Тексеру нәтижесінде бала өліміне бүкіл құрылым жұмысының дұрыс ұйымдастырылмағаны анықталды. Яғни, №2 Ақтау қалалық емханасы мен облыстық балалар ауруханасының емдеу-диагностикалау жұмыстарында олқылықтар бар. Денсаулық сақтау министрлігінде бекітілген стандарттарға сәйкес, бала бірінші көрсетілген емдеу орнында-ақ оған ем жасалуы тиіс. Бұл жолы олай болмаған, баланы алғаш қараған дәрігер оны ауруханаға жібермеген. Ауыр жағдайдағы сәби үйде жата берген. Осы орайда ата-ананың медициналық қызметкерлер тарапынан ақпараттандырылмағаны да көрініп тұр. Ал облыстық балалар ауруханасында еңбек жолын жаңа ғана бастаған екі жас дәрігердің бірдей кезекшілікте болуы бұл емдеу мекемесінде дәрігерлердің кезекшілік кестесі дұрыс түзілмегенін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігінің де, біздің басқармамыздың да демалыс және мереке күндері қабылдау бөлімшелерінің жұмысын күшейте түсу туралы тапсырмасы болғанына қарамастан жағдай осылай болды. Бұл күндері ауруханаларға түсетіндер әдеттегіден көбейіп кетеді.
- Жауапты дәрігерлерді жаза күтіп тұрған болар...
- Жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері жауапты. Қазір ол кісі денсаулығына байланысты емделіп жатыр. Әлі де кешенді тексерулер жүргізіледі. Ал жас дәрігерлерді жұмыстан шығарып жібергеннен ештеңе ұтпасымыз белгілі. Бұл қайғылы оқиға оларға өмірлік сабақ болды. Бүкіл өңір балаларына медициналық қызмет көрсететін жалғыз ескі аурухана қазір мамандармен 45% ғана қамтылған. Кемінде 70% қамтылған болса да мәселе басқаша болар еді. Дәрігерлердің онсыз да қиын жұмысы маман тапшылығы жағдайында өте ауырлап кететіні белгілі. Бар дәрігерлердің кейбірі еңбек демалысында болса, кейбірі бала тууына байланысты демалыста болады.
- Аурухананы мамандармен қамтуға не кедергі?
- Мамандар келеді, әлеуметтік жағдайы келіспегесін қайта кетеді. Ең алдымен жалақының төмендігі қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. Дәрігерлер де ауыр жұмыс істеп, мардымсыз айлыққа байланғысы келмейді. Кей мамандар біліктілігін арттырған соң жеке кетеді немесе республикалық орталықтарға ауысады.
- Өңірімізде бала өлімі көбейіп тұрған жоқ па?
- 8 ай қорытындысы бойынша бүгінге дейін 1000 тірі туған балаға 9,2 проимиле болды. Бұл 1 жасқа дейінгі 121 бала шетінеді деген сөз. Бір қарағанда көп көрінгенімен, соңғы 3 жылмен салыстырғанда бала өлімінің төмендегені байқалады. 2014 жылы 14,2 проимиле болған еді. Әрине, бұған тоқмейілсуге бомайды, әлі де көп жұмыс істеп, көрсеткішті одан әрі төмендетуіміз керек. Енді бала өлімін одан әрі талдап көрсек, шақалақтардың көбісі туғаннан 7 күнге дейін шетінеп кетеді екен. Оның себебі, ең алдымен, әйелдің денсаулығына байланысты. Баласын тоғыз ай толық көтере алмаған ана салмағы өте төмен бала туады, қазақша айтқанда, шала туады. Бала өлімінің 66 пайызы осы шала туған шақалақтар көрсеткішімен толыққан. 35 пайызы—көптеген туа бітті ауру белгілерімен туғандар. Бұл аурулар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары 1-орында, одан кейін асқазан-ішек жолдарының жетілмеуі, баланың бітеу ішекпен тууы, бауырдың, өкпенің кінәраттары бала өліміне себеп болып тұр. Мұндай аурулар қиын емделеді, емделмейді деуге де болады. Сондықтан жүкті әйел үш мәрте УДЗ тексеруінен өткіземіз. Тексеру қорытындысында іштегі шарананың бойындағы ауыр кемістік анықталса, болашақ анаға жүктілікті үзу туралы кеңес беріледі. Бірақ бұған аналардың барлығы бірдей келісе бермейді. Оларды квотамен Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау орталығына да жібереміз ары қарай анықтау үшін. Соның өзінде 54 әйелден 8 әйел ғана жүктілікті үзуге келісті. Сөйтіп, 40-тан астам әйел өмірге ауру бала әкелді. Жалпы, соңғы кездері уақытынан бұрын босану жиілеп кетті. Бұған ең алдымен әйелдің денсауығы ықпал етеді. Кейбір келіншектер, мысалы, қаңтар айында бала туса, желтоқсанда тағы босанып жатады. Бұл аралықта ағза дайындалып үлгермейді де, көптеген аурулар пайда болады. Баланың арасын тым жиілету, әсіресе, Мұнайлы ауданында, Жаңаөзен қаласында көбірек кездеседі. Бейнеу ауданында уақытынан бұрын босанатындар көп болғандықтан бала өлімі мұнда бір жарым есе көбейді. Бейнеуде бала өлімі биыл 13 болып тұр. Бұған балалардың уақытынан бұрын тууы басты себеп болып отыр. Ал Жаңаөзенде өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіш 18 болса, биылғы 8 айда 23-ке жетті. Салмағы 500 грам болып туса да, ол да бала ғой. Әр баланың шетінеуі бізге оңай тиіп жатпайды. Дәрігерлер шақалақтың салмағына қарамастан, оны аман алып қалудың амалын жасайды. Осыны әйелдердің өздері де ескеруі керек. Өз денсаулығына мұқият қарап, бала туудың арасын бір жылға да жеткізбеудің өздері үшін жақсы емес екенін білгені дұрыс. Тоғыз ай 10 күн көтерген баласының амандығы әркімге де керек.
- Деректерге көз жүгіртсек, өңірімізде бала туу көбейіп келе жатқан сияқты.
- Ия, бала туудың көбейіп келе жатқаны рас. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда биылғы 8 айда 620 бала артық туған екен. Бұл жақсы, әрине денсаулықтары жақсы болып, өсіп-жетілсе. Өмір есігін ашқан сәбилердің күтімі мен денсаулығын сақтау үшін жақында 34-шағынауданда ана мен бала орталығы ашылады. Заманауи жабдықтармен жабдықталған бұл орталықта жаңа туған балаға ота жасайдтын неонатальдық хирургия жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ Бейнеу ауданындағы перзентхананың екінші деңгейге өтетінін де жақсы жаңалық ретінде жеткізгім келеді. Талапқа сай материалдық-техникалық базамен қамтылатын бұл перзентханада әйелдерге ота жасалатын болады.
- Көңілге үміт ұялататын жағымды жаңалықтарыңыз да бар екен. Келешекте сәбилер өлімінің алдын алу үшін қолға алынатын нақты шаралар бола ма?
- Бұдан былай дәрігерлерді бірқатар қосымша тренингтерден өткіземіз. Қабылдау бөлімшелерінде рөлді ойындарды күнде өткізуді жолға қоямыз. Бұл дәрігерерді, әсіресе жас мамандарды машықтандыруға көмектеседі. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында емханалар қызметіне мобильді қосымшалар енгізіледі. Әр жүкті әйел телефонына «Моя беременность» тегін қосымшасын тегін жүктеп алады да, одан өзіне қатысты барлық мәселенің жауабын алады. Мысалы, аяғы ауыр әйел «басым ауырып тұр» деп жазса, оның дәрігері қарауындағы әйелдің басы ауырып тұрғанын біліп отырады. Ол босанған соң да қосымша жалғаса береді. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасында, облыстық және аудандық ауруханаларда «SОS» жүйесі енгізіледі. Ауруханаға ауыр науқас түссе, осы жүйе арқылы қабылдау бөлімшесінен реаниматолгқа хабар жетеді де, 30-40 секунд ішінде реаниматолог науқастың жанына келеді. Бұрын қайғылы жағдай болған кезде оны тексеру үшін ауруханаға келіп түскен уақытын, оны дәрігердің қараған уақытын тексеріп отыратын едік. Енді кімнің қай уақытта келгені, барлық деректер автоматты түрде көрініп тұрады. Жоспарда тұрған бұл жүйе жыл соңына дейін енгізіледі деп күтудеміз.
- Әңгімеңізге рахмет. Бала өлімі азайып, әр шаңырақтан сәбидің шат күлкісі кетпесін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА