©
1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Содан бері Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні 28 жыл қатарынан тойланып келеді. Айтулы мереке қарсаңында Ақтау қаласындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген кәріс ұлтының өкілі Антонина арумен тілдескен едік. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Антонина елдегі әрбір азамат қазақ тілін білуі тиіс дейді.
-Антонина, сәлеметсіз бе? Алдымен өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып беріңізші.
-Менің аты-жөнім Огай Антонина. Ұлтым - кəріс. Ақтау қаласында туып өстім. Қаладағы №23 орта мектепті, одан соң Маңғыстау энергетикалық колледжін бітірдім. Қазір АҚ "Алма Тел Қазақстан" мекемесінде менеджер болып жұмыс істеймін. Ата-анам да Ақтауда дүниеге келген. Анам Қазақстан Темір Жолында қызмет етеді. Ал інім əскерде. Кішкентайым бар, есімі - Амира. Жасы 5-те.
- Қазақ мектебінде оқыдыңыз ба? Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
-Жоқ, орыс мектепте білім алдым. Жалпы қазақ тілін мектеп кезінде үйреніп бастадым, одан кейін колледжде жалғастырдым. Араласатын ортам, əріптестерім барлығы қазақша сөйлегендіктен мен де соған бейімделіп, тез үйреніп кеттім. Студент кезімде қазақ тілі мен әдебиетінен жыл сайын қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысатынмын.
-Қазақтың қандай ақын-жазушыларын оқитын едіңіз?
-Мұқтар Шахановтың өлеңдерімен, Абайдың шығармаларымен жақсы таныспын. Өлеңдерін олимпиадада жатқа да оқитынмын.
-Ал үйде отбасыңызбен қай тілде сөйлесесіздер?
-Үйде жалпы орысша сөйлесеміз. Бірақ кішкентайым қазақ балабақшасына барады. Сондықтан қазір қызымызға ыңғайлы болсын деп көбірек қазақ тіліне көшіп жатырмыз. Ал жалпы барлығымыз екі тілде де сөйлесе береміз.
-Тағы қандай тіл білесіз?
-Қазақша, орысша жəне аздап ағылшынша сөйлеймін.
-Ал кəрісше білесіздер ме?
-Жоқ, тек əжеміз сөйлейді. Ол кісі бізге кəріс тіліндегі жалпылама сөздерді үйреткен. Соларды ғана білетініміз болмаса, жақсы сөйлеймін деп айта алмаймын.
-Қазақша осынша жақсы сөйлейтініңізге таң қалатындар көп шығар?
-Жалпы, иə. Мен форум, фестивальдерге көп қатысамын. Сол кездерде қатысушылар тарапынан қазақша таза сөйлегеніме қызығушылық байқалады.
-Қызықты жағдайлар болып тұра ма? Сізді қазақша түсінбейді ғой деп бірнəрсе айтып қалған дегендей...
-Иə, ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Кейде адамдар менің қазақша түсінетінімді білмей, менің көзімше мен туралы қызық нəрселер айтып қалады (күліп). Сонда мен үндемей тыңдап тұрамын. Олар айтып болған соң жандарына барып, қазақша сұрақ қоямын. Сосын олар кішкене ұялып, ыңғайсызданып қалады. Бірақ мен оған көңіл бөлмеймін.
-Қазақша үйренгісі келетіндерге қандай кеңес айтар едіңіз?
-Меніңше... 1-2 күнге ауылдық жерге барып келу керек сияқты (күліп). Сонда тез үйренеді деп ойлаймын. Біз кезінде 2 шағын ауданда тұрдық. Көршілеріміздің көбі орыстар болды да, біз орысша тілдесіп жүрдік. Кейін 28 шағын ауданға көшіп келгенде керісінше, онда қазақы орта болды. Солармен сөйлесіп, бірге жүріп, бірге ойнағанымның арқасында тілді үйрендім. Орыс тілді де, қазақ тілді де достарымның барлығымен бірдей араласамын. Мен үшін екі тіл – тең.
-Ауылға бару керек дедіңіз. Өзіңіз барып тұрасыз ба?
-Иә. Жалпы мен жұмысыма байланысты іс-сапарларға жиі шығамын. Мысалы, өткен аптада Жетібай ауылына барып келдім. Қызылтөбе ауылына, Форт-Шевченкоға жиі барып тұрамыз.
-Қазақ тілін білгеннің қандай артықшылықтары бар деп ойлайсыз?
-Теледидардан жаңалық тыңдасаң да, құжат толтырсаң да мемлекеттік тіл аса қажет. Жалпы мен Қазақстанда туып өскен әрбір азамат қазақша сөйлеуі керек деп ойлаймын.
-Өңірімізде Корей елшілігі бар ғой. Сонда өткізілетін шараларға, жиындарға ат салысып тұрасыз ба?
-Иә, мен Корей этно-мәдени орталығының мүшесімін. Жиі барып тұрамын. Дәл қазір Ақтауда өтіп жатқан Халықаралық жастар форумына осы орталықтан делегат ретінде қатысып жатырмын.
-Әңгімелескеніңізге рақмет, Антонина. Ісіңізге сәттілік тілеймін.
-Сізге де рақмет!
Сұқбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН