«Медиация» терминінің өзі латынның «mediare» деген сөзінен бастау алады. Қазақы ұғымға сəйкестендірер болсақ, ол дау-жанжалдармен шиеленістерді, дау нәтижесіне мүдделі емес үшінші тараптың қатысуымен реттеу деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз. Ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен қатар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады. Әлем елдерінің тәжірибесіндегі бар тақырыптың елімізге енгеніне де 6-7 жылдың жүзі болды. Осыған дейін кішігірім даулар кәсіби емес, қоғамдық медиаторлардың көмегімен шешіліп, сот процесін жеңілдеткен болса, енді ауданда тұңғыш рет кәсіпқой медиатор да жұмыс жасай бастады. Кәсіпқой медиатор қалай жұмыс жасайтынын Абдукаримов Талғат Абайұлының өзінен естісек.
– Ұлтымыздың санасында басқаша атпен қалыптасқаны болмаса, медиация қазақта ерте заманнан дамыған. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тәсілді қолданып, жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі, рулар арасындағы және басқада дауларды Билер кеңесі арқылы бітімгершілікпен шешіп келген. Құрамына атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Досай, Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба, Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық би, Байдалы, Тайкелтір, Қоқым сияқты дарынды қайраткерлер енген Билер кеңесінің қабылдаған шешімдері қоғам өмірінде ерекше роль аткарғандықтан, ондай шешімдерге әр кезде болған қазақ хандарыда қарсы келе алмаған. 28.01.2011 жылы қабылданып, 05.08.2011 жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы, Билер кеңесінің жаңаланған түрі болып табылады. Аталған заң елімізде медиацияны, бітімгершілікті ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.
– Бұл айтылған сөздеріңіз медиацияның тәжірибемізге әлем елдерінен емес, бұрыннан бар екенін дәлелдейді. Бірақ заманына қарай өзгеріске ұшырап, дала заңы емес, демократиялық заңға сәйкес жұмыс жасайтын медиация жәйына тоқталсаңыз?
– Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы-медиация барысында «кәнілілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы – қаржылық жағынан сот шығындарына қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды. Сот отырысында сот тағайындалады, ал азаматтар медиация жолында медиаторды өздері таңдайды.
– Азаматтарға тағы қандай тиімділігі бар?
– Сот жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді. Бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді. Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді. Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі. Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын қатысушылардың өз келісімдеріне қарай белгілейді.
– Медиатор қызметін кім жүзеге асыра алады ?
– Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асыра алады. Медиатор қызметін кәсіби емес негізде - қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар жүзеге асыра алады. Медиатор қызметін кәсіби негізде - жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, отставкадағы судьялар жүзеге асыра алады. Кәсіпқой емес медиаторлардың тізімін Түпқараған ауданының әкімдігі жүргізеді. Тізімге енгізілген қоғамдық медиаторлардың барлығыда ұзақ жылдар бойы ауданның дамуына ерекше еңбек еткен, үлгілі жанұя, өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар азаматтар деп білем. Түпқараған ауданында кәсіби медиаторлар болмағандықтан, медиацияны қоғамдық медиаторлар жүргізіп келген. Олардың ішінен Гүлсім Ромашевамен ғана танысып сұхбаттастым. Басқа қоғамдық медиаторлармен әлі танысқаным жоқ. Қызмет барысында барлықтарымен де танысып, бірге қызмет жасаймын деген сенімдемін.
Тағы оқыңыздар: Шахмардан Есеновтің туғанына 90 жыл!– Кәсіби мен кәсіби емес медиаторды ажыратып білуіміз керекпіз дейміз. Айырмашылық неде?
– Медиатор дауда шешеді дегенмен, ол еліміздің заңының аясында жұмыс жасауы керек, дұрыс па? Енді осы арада кәсіби емес медиатор кішігірім жеңіл дауларды шешуде өзіндік рөлі болуы мүмкін. Бірақ олардың заңдық сауаты толық болмағандықтан кейбір істердің қиындығында әлсіздігін көрсетіп алады. Ал, екі жақты азаматтардың келісімге келуіне және оның заң талаптарына сай болуына кәсіби медиатор рөлі басым. Бірақ кәсіби медиатор жұмысы ақылы түрде. Оны да дауға қатысушы екі жақ медиатордың өзімен келісім шарт жасаса, келісе отырып тағайындай алады.
– Өзіңіз туралы айтпадыңыз. Аудан жұртшылығы кәсіпқой медиаторды газет арқылы танығаны жақсы деп ойлаймын.
– Өзіме келер болсам, мамандығым заңгер. Астана қаласындағы «Медиацианы дамыту орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінде медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша толық курсын бітіріп, кәсіпқой медиаторлар тізіміне енгізілгенмін. Жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар өз араларында туындаған қаржы, еңбек, отбасылық дауларды, корпорацияаралық және корпорацияішілік дауларды, банк және сақтандыру саласындағы дауларды басқа да даулар сотқа жүгінбей, медиатор көмегімен шешуге мүмкінігі бар. Сонымен қатар, ауырлығы шағын және орташа қылмыс жасаған азаматтар істі немесе соты болмастан жәбірленуші тараппен бітімгершілікке келіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылу мүмкіндігін пайдаланғысы келсе, хабарласуларына болады. +7-701-244-34-42 +7-776-244-34-42 телефон нөмірлері әрдайым желіде.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Клара ҚАНСҰЛТАНОВА