Қазіргі таңда жүрек ауруларымен күресу және алдын алу жолдары тек қана Қазақстанда ғана емес бүкіл дүние жүзі бойынша өзекті мәселеге айналып отыр. Адам ағзасындағы ең маңызды мүше жүректің ишемиялық аурулары қарттар арасында ғана емес, жастар арасында да өршіп тұр. Жүрек ауруларының көбеюіне не себеп? Оған не әсер етеді? Жалпы жүрек ауруларының алдын алу үшін не істеу қажет? Осы және өзгеде сауалдарға жауап алу үшін №1 қалалық емхананың кардиолог-дәрігері Айбол Тәжіқұловпен тілдескен едік. - Жүрек аурулары бүкіл әлем бойынша маңызды мәселеге айналып отыр. Жалпы жүрек ауруларының көбеюінің себебі неде? - Қан қысымының көтерілуі – жүрек ауруларының бастауы. Қан қысымының көрсеткіші тұрақсыз болуының салдарынан жүректің ишемиялық, коронарлы аурулары пайда болып, қадағаланбаған жағдайда асқынып кету қаупі бар. Негізінде кез келген ауру жас талғамайды. Мейлі кәрі, мейлі жас болсын денсаулығымызда кінәрат болса, оны дер кезінде алдын алып, ағзамызға күресу үшін жағдай жасамасақ халіміз мүшкіл болмақ. Сол секілді, жүрек аурулары да кәрілер мен жастар арасында да кездесуде. 40 жастан асқан ересектердің жүрек ауруына шалдығуы қалыпты құбылыс болғанымен, оның да өзіндік себептері болады. Ал жастар арасында кездесетін жүрек ауруларына тұқымқуалаушылық және стресс, депрессия салдарынан болуы мүмкін. Физикалық іс-қимылдың аз болуы, психоэмоционалдық күйлерге жиі душар болуы, темекі шегу, ішімдік ішу секілді зиянды әдеттерге әуес болуы, ұйқының бұзылуы, дұрыс тамақтанбау, қант диабетінің болуы және әйел адамның ағзасы гармондық өзгерістерге ұшыраған жағдайда қан қысымы жоғарылауы мүмкін. Жалпы жүрек ауруларының алдын алу үшін емхана қабырғаларында № 685 – бұйрыққа сай 18, 25, 30, 35, 40, 42, 50, 53, 55, 58, 60, 64 жасқа толған кез келген тұлғаны жылына екі рет тегін скрининг тексеру жүйесінен өткізіп отырамыз. Бұл тексеріс кезінде адамның бой-салмағы, қан қысымы, бел айналасы, көз түбі және қандағы холестерин көлемін өлшейді. - Тұрақты қан қысымы қандай? - Қалыпты қан қысым көрсеткіші 120/80-ді құрайды. Егер қысым көрсеткіші 140-тан жоғары болса, жергілікті емханаға диспансерлік есепке алынуы тиіс. - Жаңаөзен қаласы бойынша қанша науқас бар? Оның жас ерекшеліктері қандай? - Қала бойынша қан қысымымен тіркелген бес жүздей науқас бар. 70 пайызы - ересектер. - Қан қысымына экологияның, климаттың қаншалықты әсері бар? - Ауа райының күрт өзгеруі көбінесе жүрек ауруларының асқынуына апару мүмкін. Күннің қатты суық болуынан жүректе коронарлы синдромдары кездесуі қаупі бар. Осылардың алдын алу үшін қалыпты түрде тексеруден өтіп, ЭКГ-ға (электрокардиограмма) түсіп тұру қажет. Дәрігердің қадағалауында болып, диета, яғни тамақтану режимін сақтаса, уақытылы анализдерін тапсырып, нәтижесі ойдағыдай болса біраз асқынулардың алдын аламыз. Егер кез келген адамда бастың ауруы, көздің тұнуы, құлақтың шуалдауы, әлсіздік секілді клиникалық белгілер байқалса тез арада тексеруден өту қажет. Халыққа айтарым, өз бойыңызда осындай белгілерді байқасаңыз, бірден жергілікті дәрігердің көмегіне жүгініңіз. - Жүрек ауруларының ішіндегі ең қауіптісі қайсы? - Жедел коронарлы синдром, яғни инфаркт синдромы - ең қауіпті. Және бұл жүрек ауруларының жоғары деңгейде асқынған түрі. Аталмыш синдром орын алған жағдайда науқас бірден жан тапсыруы мүмкін. Дәрігерлердің аман алып қалуы екіталай. Инфаркт синдромы ишемиялық аурулардың өршуінен, мезгілімен дәрі-дәрмегін қабылдамаса жүрек қабатында никроз, яғни приступ пайда болады. - Жүрек ауруларына шалдықпау үшін не істеу керек? - Ересектер де, жастар да физикалық тұрғыдан көп қозғалу қажет, салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысуды әдетке айналдырған жөн. Көп жаяу жүру қажет. Уақытылы пайдалы тағамдармен қоректеніп, ағзаға ауыр тамақтардан бас тарту керек. Ет өнімдері өте ауыр келеді, оның ішінде қой еті, бешбармақ секілді тамақтар қан тамырының тарылуына әкеп соғады. Сондықтан, ас мәзірінен ет тағамдарын азайтқаныңыз абзал. Сонымен қатар, ұйқы бұзылуына жол бермей, сегіз сағат ұйықтау қажет. - Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Қаламқас Аманқосова, ОСӨСҚПО ЖҚФ еріктісі