Бұрындары «Тұрғындар ток, газ ұрлайды» дегенге сенбеуші едім. Тіпті үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Сосын қайдан білейін, «Ешқандай ыдысқа салынбайды, токты, газды адамдар қалай ұрлайды екен?» деп ойлаушы едім.
Жаңаөзенге көшіп келген жылдары бір көшеден екінші көшеге немесе бір шағынауданнан екінші шағынауданға караташка деген қара сыммен электр энергиясын тартып пайдаланып отырғандарды өз көзіммен көргенмін. Әсіресе, мұндай «үрдіс» қазіргі Рахат ауылында өте көп болатын. Анау Жаңаөзеннен Құланды ауылына қарай жүретін автокөлік жолының үстінде қара жыландай ирелеңдеп жатқан караташкалардан көз тұнатын. Себебі ол кездері «Рахат», «Ақсу» шағынауданынан басқа «Жұлдыз», «Мерей» шағынаудандарында үйлер аз болатын. Сондықтан соңғы екі шағынауданға электр энергиясы тартылмаған кез еді. Сол үшін мұның «ұрлыққа», «ысырапқа» жататын, жатпайтындығынан да хабарсызбын. Әйтеуір, бірқатар тұрғындардың мектепте оқитын балаларын шық-шылаулы күндері ток ұрып ауруханаға түскені, кейбір адамдардың ірі қара малдарының ток ұрып арам өлгені есімде. Сосын содан кейін барлық жерге электр желілері тартылды ғой.
Рас, әуелгі кездері орнатылған трансформаторлардың қуаты жетпей, кейбір көше тұрғындарының үйлеріндегі электр шамдары қызарып тұрудан әрі аспайтын. Теледидарлары көрсетпей, тоңазытқыштары жұмыс істемей қалатын. Бертін келе жағдай түзеліп, бәрі қалыпқа түсті. Рахат ауылының тұрғындары әлі толықпаған, қарасаң көз жетпейтін, ұшы-қиыры жоқ қияндағы көшелеріне де электр бағаналары орнатылып, сымдар тартылып, ток барды. Әрине, айдалада оңаша тұрған трансформаторлардың жауы көп болды. Өйткені олардың ішінде төрт аяқты қасқырларға түкке де қажеті жоқ, бірақ екі аяқты қорқаулардың көзінің құртына айналған бағасы қымбат түсті металдар болатын көрінеді. Әлгіндей «қорқаулар» соларды аламыз деп жұмыс істеп тұрған талай трансформатордың түбіне жетіп, кейде өздері де токқа түсіп, ауыл халқын жарықсыз қалдырып жүретін. Міне, бұл - айдың-күннің аманында ашықтан-ашық, басын құрбандыққа тігіп жасалатын нағыз кәсіби «мужской» ұрлық.
Ал ток ұрлаудың жымысқы түрі де болады екен. Бұл әлгі қазіргі күндері белең алған жемқорлық, парақорлық сияқты аса қауіпті құбылыс көрінеді. Қауіптілігі сол – одан пайдаланған электр энергиясына ақы төлемейсің, тегін. Яғни, мемлекетке, электр қуатын тасымалдаушы мекемелерге, жеткізіп берушілерге қаржылай зиян келтіресің. Бірақ оны өзіңнен басқа тірі пенде білмейді. Себебі бұл туралы әкең тіріліп келсе де тіс жарып ауыз ашпайсың, сыр шашпайсың. Үнемі тіліңнің ұшы тістеулі болуы керек.
Сөйтсем, бұл әдісті менен басқа жұрттың бәрі біледі екен. Тек мен екенмін ештеңеден хабарсыз. Тіпті мұндай жымысқы ұрлықты іске асырудың жолы оп-оңай екен. Үйіңді, кәсіпкерлік нысаныңды монтаждаған электрик «Жасап берейін бе?» деп сенен өзі сұрайды екен. «Жарайды» деп қалтасына бес-он теңгені артықтау тыға салсаң болды, құда да тыныш, құдағай да тыныш. Әлгі батыр-екең сенің қалаған жеріңе, тіпті учаскеңнің көршіңмен шектес арғы шетіндегі әжетханаңның іші-сыртына дейін прожектор қоямын десең де, өз еркің. Түнде түгіл күндіз іздесе де ешкім таба алмайтындай етіп құрып береді екен. Себебі ток желісін бағананың басымен емес, жердің астымен жүргізеді. Сосын тәулік бойы жарқыратып жағып қоясың. Өйткені есептегіш құралыңның бұған түк те қатысы жоқ. Қанша жақсаң да оның тілі айналмайды. Тілі айналмағасын қалтаңнан көк тиін қаржы шықпайды. Тек халықтың несібесін заңсыз ұрлағаның үшін қазынаның қазанына зияның тиеді.
Мен осы мәселені көтеріп, бірнеше рет жазуға оқталдым. Бірақ қазынаға жаны ашитын адам да таппадым, айтқанымды құлағына қыстыратын маман да таппадым. Сапарым, қолға алған ісім сәтсіз аяқтала берді. Тиісті басшылар «Мәке, бұл жұртқа жар салатындай немесе елді елең еткізердей жаңалық емес. Баршаға белгілі жәйт ғой» деп бетіме ыржиып, кібіртіктеп күбірлер, теріс айналып жүре береді. Бірақ өз мекемелеріне, мемлекетке қолдан жасалған зияндар келтіріліп жатқаны қаперіне де кіріп-шықпайды. Олар үшін «Басым аман болса, отырған орынтағымның төрт тұяғы сау болса болды. Шыққан шығынның, мемлекетке келтірілген зиянның орнын толтырудың бір шарасы табылар» деп дария тасыса тобығына келмей жүре береді. Халқымызда «Шөжені күзде сана» деген сөз бар. Сол айтылғандай бұлар жылдың ақырында осындай шығындарды толтыру мақсатында жұрттың бәріне жапа-тармағай 40-50 киловатт электр энергиясын артық жазып, көздері бақырайып, беттері бүлк етпей отыра береді. Содан ауыл, қала тұрғындарының арасынан шу шығып, наразылықтар пайда болады. Білетіндер «Өзенэнергосервис» мекемесіне барып, айтысып-тартысып жүреді. Оларды «Компьютердегі ақаудан кетіп қалыпты», «Жазып отырған қыздардың «байқамағанынан» кетіпті. Келгеніңіз, келіп бізге айтқаныңыз қандай жақсы болды. Оларға шара қолданамыз. Сосын мұндай кемшілік екінші рет қайталанбайтын болады» деп алдап-сулап, жалтарма жауап беріп құтылады. Ал мен сияқты ештеңеге мән бермейтіндер «Энергосервистің» артық жазған тоғына да үнсіз бас шұлғып, ақшасын төлеп жүре береді. Себебі, «Үкімет адамды алмайтын шығар» деп сенеді ғой.
Жалпы «ұрлық», «ысырап» дегендер қоғамды кері тартушы аса қауіпті құбылыс сияқты көрінеді де тұрады. Өйткені солар арқылы халықтың қаржысы құмға сіңген су сияқты құрбекерге желге ұшып, рәсуа болып, далаға кетіп жатады. Әйтсе де, айналғанда сол шығынның бәрі халықтың өзінің мойнына шөгеді. Соған қарамастан ұрылар мен ысырапкершілдерге қарсы күресті күшейтіп, орынсыз шығынды болдырмауға, әйтпесе азайтуға жұмыстанудың орнына керсолқылық танытып, «Қарным тойса құрбан айт» деп жүре береді. Мысалы, Ақтаудағы «МАЭК Қазатомпром» мекемесінен Жаңаөзен қаласына келіп жетемін дегенше электр энергиясының ысырабын Монополияны реттеу агенттігі 2017 жылға нормативтік ысырапты 6,2 пайыз деп белгілеп берген. Ал бүгінгі таңда коммерциялық ысыраптыің өзі 18 пайызға көтеріліп кеткен. 18 пайыз шығын 1 млн 200 киловатт екен. Сонда электр энергиясының 21 теңге 56 тиындық қазіргі бағасымен есептегенде, екеуі 28 млн 196 мың 728 теңгеден асып тұр деген сөз. Әрине, бұл аз шығын емес. Айналып келгенде, жоғарыда айтқанымыздай, бәрібір жаңаөзендік электр энергиясын тұтынушылардың мойнына барады. Осыны естен шығармаған жөн.
Жалпы мұның алдын алуға немесе болдырмауға бола ма? Болса, тиісті мамандар мен тиісті орындар нені күтіп жүрді? Міне, біз Жаңаөзенге жақында келген, «Өзенэнергосервис» МКК-ның су жаңа директоры Кенжебай Мұрынбаевпен болған сұхбатымызды осындай тақырыптар төңірегінде бастадық.
Қасына әлі Жаңаөзеннен ағайын-туыс, нағашы-жиен, құда-жекжат секілді тамыр-таныстар жиылып үлгермеген жаңа басшының жасқанбай, жалтақсыз берген жауаптарына жанымыз сүйсінді. Сосын өзімізден бұрын өмір сүргендердің, өз тәжірибелерінен көріп, көңілге түйгендерін, соқырға таяқ ұстатқандай етіп, «Шымшық сойса да қассап сойсын» деп айтып кеткендеріне қапысыз сендік.
- Ысыраптың да, ұрлықтың да түпкі негізі - бір. Кез келген жағымсыз құбылыстың алдын алуға да, болдырмауға да болады. Ол үшін ең бастысы жауапкершілік керек. Әрине, жаңа әдістерді, жаңа технологияларды жатсынбай, жатырқамай көпшіліктің қабылдап, қолдап, қуаттауы да ауадай қажет. Сонда жеңілмейтін қиындық, алынбайтын қамал болмайды, - дейді сұхбаттасымыз сенімді түрде. - Иә, Жаңаөзенде электр энергиясын тұтынушылар арасында ысырап та, ұрлық та жеткілікті екен. Бірақ оның алдын алуға да, болдырмауға да болады. Тек уақыт керек. Басты жұмыс жоспарымызды осындай істерге бағыттап жатырмыз. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін ауыл, қаладағы тұрғын үйлерге де, кәсіпкерлік нысандарға да, өндіріс орындарына да, жалпы электр энергиясын тұтынатындардың бәріне тегіс АСКУЭ (Коммуникациялық энергияны есептеуші автоматты жүйе) орнату керек. Қазір біз осындай есептегіш құралдар орнатуға жұмыстанып жатырмыз.
АСКУЭ электр энергиясын сатушыларға да, тұтынушыларға да өте пайдалы әрі тиімді. Сондықтан қаладағы бес көпқабатты шағынаудандағы 245 үйдің жертөлелеріне осындай есептегіш құралдарын қоюды бастауды жоспарлап отырмыз. Міндетіміз - токты жертөлеге дейін жеткізіп беріп, акт жасақтау. Жоғарғы пәтерлерге кіргізуді ЖПИК-тер мен «Электр жүйелері» ЖШС келісімшарт жасасып, іске асырады. Ал жер үйлердің есептегіш құралдары үйдің кіреберісіне орнатылып, қасына АСКУЭ аппараты қойылады. Сосын оны бұрынғыдай бақылаушылар барып тексеріп, жазып алып жүрмейді. Барлық тұтынушылардың қолданған электр қуатының көрсеткіштері сол сәтте-ақ автоматты түрде біздегі орталықтағы компьютерге келіп тіркеле береді. Оны операторымыз көріп отырады. Керек болса, тұтынушылар өздері қолданған электр энергиясының айлық әлде апталық емес, тәуліктік көрсеткіштеріне де қол жеткізе алады.
Егер ысырап, ұрлық болса осындайда анықталады. Анықталған жағдайда қосымша жасырын ток көздерін немесе разетка шығарғандарға, есептегіш құралының пломбасы бұзылса, ҚР Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 25 ақпанда шыққан №146 Қаулысымен бекітілген Ережеге сәйкес 3 жылға дейін айыппұл салуға құқығымыз бар. Мысалы, есептегіш құралдардың қуаттылығы анықталып, ол тәуліктегі 24 сағатқа көбейтіледі. Үш жылдағы 1095 тәулікте 26280 сағат болады. Электр энергиясы 26280 сағатқа көбейтіліп, 3 жыл ішінде айыппұл ретінде төлейтін болады.
Ал әлгі АСКУЭ құрылғанша өздеріміз аралап тексеріп, ұрлық токтан пайдаланып отырған үйлердің, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардың сымын қиып, электр желісінен ажырататын боламыз.
- Жыл соңында жұрттың бәріне жаппай электр энергиясын пайдаланды деп «байқамай» артық жазатын қызметкерлеріңізге не дейсіз? Былтыр жылдың ақырында 40 киловаттан артық жазылып қосылды. Биылғы жыл да яқталып келеді...
- Мұндай «үрдіс» биыл қайталанбайды деп нақты айта аламын. Себебі ол - заң бұзушылыққа жатады. Заңды бұзу – қылмыс. Бірақ біздің міндетіміз – жоғарыда айтқандай ысыракпкершілікке, токты заңсыз қосып алып ұрлық жасайтындарға қарсы күресті күшейтіп, мемлекеттің «асығын түгендеу». Яғни, ток ұрыларына қатаң тыйым салу.
- Осы АСКУЭ есептегіш құралын жеке тұлғалар, яғни жер үйлерде тұратындар қалай құрғызуына болады? Оның қандай шарттары бар? Бағасы қалай, жұрттың бәріне қолжетімді ме?
- Ол үшін жекеменшік жер үйде тұратын жеке тұлғалар бізге ұсыныс жасаулары керек. Біз жаңадан салынған тұрғын үйлерге, пайдалану мерзімі біткен бұрынғы, ескі есептегіш құралдарды осындай жаңа есептеу құралдарына ауыстырып беріп жатырмыз. Бағасы - аса қымбат емес, қолжетімді. 220 вольттық есептеу құралдарының құны - 20-25 мың теңгенің төңірегінде. Жаңалықтан жасқанудың қажеті жоқ. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір жұрттың бәрі осындай есептегіш құралдарына өтеді. Оның электр энергиясының ысырап болмауына, үнемдеуге пайдасы көп.
- Электр энергиясының бағасы жылына 3-4 рет қымбаттайды. Ал оны халыққа тасымалдаушылар тұрғындарға алдын ала хабарлауға да шаршады ма, әйтеуір үн-түнсіз қосып жібереді. Жалпы, «МАЭК Қазатомпромнан» өндірілген электр қуаты неше қолдан өтіп, жаңаөзендік тұрғындарға қалай жетеді? Әркімнің қолына тиген сайын, әркім өзіне қаржыны жұлмалап алып қалмай ма? Сөйтіп ең соңғы ауыртпалықтың тұтынушылардың мойнына шөгетіні соған байланысты ма? Сол үшін «Өзенэнергосервис» «МАЭК Қазатомпромнан» тікелей өзі сатып алып, халыққа жеткізіп бере алмай ма? Сонда тұрғындардың токқа төлейтін қаржысының мөлшері сәл де болса арзандар еді?
- Елбасының тапсырмасы бойынша еліміздегі энергетика жүйесіне жылда шетелдерден инвестиция тартылып, жүйе әлемдік стандарттарға сәйкес заманауи технологиялармен қайта жаңғыртылып, қайта жаңартылып, қайта жабдықталып отырады. Әйтпесе, көштен қалып, бәсекеге төтепкі беретіндей дәрежеде алға ілгерілеу мүмкін емес. Сондай-ақ, «МАЭК Атомпромның» өндірген электр энергиясын «МРЭК» сатып алады. Одан Жаңаөзендегі «Электр жүйелері» ЖШС бізге тасымалдайды. Біз ауыл, қала тұрғындарына жеткіземіз. Бұл туралы нарықтық экономикаға байланысты бұрыннан қалыптасқан үшжақты келісімшарт бар. Біз сол бойынша жұмыс жасаймыз. Әрине, тұрғындардан жиналатын төлмақы осылардың бәрінің қызмет көлеміне қарай бөлініп отырады. Электр қуатының құнының жылына 3-4 рет көтеріліп отыруының себебі осындайларға байланысты.
- Ал көшелердегі күннен қуат алатын шамдардың жағдайы қалай? Оны әлі де көбейте түсу жоспарларыңызда бар ма? Олардың сіздердің мекеме үшін қандай пайдасы бар?
- Күннен қуат алатын көше шамдары - экономикамызға өте пайдалы. Энергияны үнемдеуге зор ықпал етеді. Мұнда ысырап болмайды. Бірақ әуелгі кездері орнатылғандары сапасыз болып шықты. Коммуникациялық құрылғылары жарамсыз болды. Ол жағы бюджетте қарастырылмаған. Сондықтан кейбір маңызды бөлшектері істен шығып жатыр. Әйтпесе, өте пайдалы. Қазіргілері - жарық диодты. Мысалы, 250 ваттық шамдарға небәрі 30-40 ватт жұмсайды. Сондықтан бұл бағдарламаға облыстан аса көңіл бөлініп отыр. Сол үшін біз алдағы уақыттары ауыл, қала көшелеріне, яғни 16345 опораға орнатуды жоспарлап отырмыз.
- Сіздің мекемеде бүгінгі таңда 85 адам жұмыс жасайды. Жалпы мекемеңіз тұрғындарды электр энергиясымен қыс мезгілінде үздіксіз қамтамасыз етуге дайын ба? Ол үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?
- Иә, бізде мұндай жұмыстар жыл бойы үзіліссіз жүргізіле береді. Сонда да үстіміздегі жылы біраз жұмыстар жасалды. Мысалы, қаладағы «Шаңырақ» шағынауданында 229 метр 04-тік жерасты кабелі, «Шұғыла» шағынауданында барлығы 1212 метрлік осындай кабель, «Өркен» шағынауданында 267 метрге осындай кабель, «Самал» шағынауданында 572 метрге, «Көктем» шағынауданында 176 метрге 6 киловаттық жерасты кабелі, сондай-ақ жалпы 2555 метрге 6 кернеулі жоғары вольтты кабельдер тартылды. Сол сияқты «Шаңырақ»та «ТП 1-03» 630 ваттық трансформаторы өзгертілді. «Өркен» де ТП 5-03» 400 киловаттық трансформатор ауыстырылды. «Мұнайлы» шағынауданында КТП 22/1 400 киловаттық қуаттылықтағы трансформаторлар 600 киловаттыққа өзгертілген. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасуда. Бәрі де қыста қымтырылмаудың шаралары.
- Кенжебай Нұрадинұлы, төңірегіңіздегі өздеріңіз сияқты шаруашылық есебіндегі коммуналдық кәсіпорындар өздерінің негізгі жұмыстарымен бірге, қаржы табу мақсатында қосымша жұмыстар атқаруда. Бұл бойынша сіздерде қандай жұмыстар тындырылып жатыр?
- Біздер қаладағы «Дулыға» кешенін қайта жөндеп, өңдеп, безендіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол жерде жаз бойы 40-50 жұмысшымыз еңбек етті. Әрине, олардың ішінде қалалық жұмыспен қамту бөлімінен жолдамамен келгендер де бар. Сол жердегі аллеяға 12 адамдық бригадамыз әдемі электр шамдарын орнатып шықты. Жалпы жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Қалған соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс, безендіру жұмыстарын қараша айының ақырына толық бітіріп, халық игілігіне тапсыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына бірден жауабымыз болады деп ойлаймыз. Сондай-ақ бұл 1 желтоқсандағы Тұңғыш Президент күні мен 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесіне арнаған тартуымыз болады деп есептеймін.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы