Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Ұлттық халық санағының онлайн түрде басталғанына да жарты айдан асты. Халық санағы еліміздегі демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейде статистикалық деректерге деген пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында әр 10 жыл сайын өткізіледі. Еліміздегі халық санын анықтау мақсатында өтетін мемлекеттік маңызды шараны ойдағыдай ұйымдастырудың нәтижесінде, аудан, қала тұрғындарының қаншаға өскендігін анықтағаннан бөлек, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, халықтың әлеуеті мен тұрмыстық ахуалының, күн көру деңгейінің қаншалықты жақсарғаны туралы да нақты ақпараттарды жинақтаудың мүмкіндігі туады. Осы тұрғыда Ұлттық халық санағының өткізілу барысы туралы білу мақсатында Түпқараған аудандының статистика басқармасының басшысы Гүлмира Нәрешқызы Кенжебековамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлмира Нәрешқызы сұқбатымызды ауданда халық санағын жүргізуге дайындық барысымен бастасақ, қалай жүріп жатыр?
– 2021 жылғы халық санағы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 1-30 маусым аралығында өтті. Бұл кезеңде халық тұратын тұрғын-үй жайлар саны есепке алынды. Негізгі кезең бұл – екінші кезең 1-30 қазан аралығында жүреді. Биылғы санақ электронды форматта өтеді. Сол себептен 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында әрбір тұрғын өз отбасын Sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн өте алады. Онлайн өткеннен кейін хабарлама келеді және сол хабарламаны 10 қарашаға дейін сақтау қажет. Неге десеңіз, үйге келген санақшы-сұхбатшы көрсетілген хабарламадағы нөмірді планшетке енгізеді. Жалпы дайындық жұмысы туралы айтсам, санақтың жұмыс жоспары жасақталынды. Осы жоспар бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Аудан бойынша екі санақ бөлімі құрылды және екі уәкілетті маман жұмыс жасауда. Қала және елді мекендер бойынша санақ учаскелері бөлініп, қажетті санақшылар саны жинақталуда. Аудандық ішкі саясат, қала, ауыл әкімдіктері, жастар орталығы бірлесе отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
– Ұлттық санақты өткізумен байланысты пандемия жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар жасалуда?
– Қазіргі пандемия жағдайына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үй аралап санақ жүргізетін сұхбатшыларды вакцина алған азаматтардан жинақтап отырмыз. Барлық санақшылар бетперде, антисептик құралдарымен қамтамасыз етіледі.
– Халық санағы парақтарында қандай ақпарат бар?
– Санақ парақшаларында 1) халық саны, оның өңірлер және елді мекендерде, соның ішінде қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша орналастырылуы;
2) тұрған орны және туған орнының арақатынасы бойынша көші-қоны;
3) халықтың жынысы және жасы бойынша құрылымы, халықтың некелік құрамы, үй шаруашылықтарының құрылымы;
4) халықтың ұлты, ана және сөйлеу тілі, азаматтығы бойынша құрылымы;
5) халықтың білім деңгейі, күнкөрістің негізгі қаражат көзі, әлеуметтік жағдайы, экономика салаларында кәсібі бойынша құрамы;
6) туу көрсеткіштері;
7) тұрғын үй жағдайы туралы ақпараттар болады.
– Санақ нәтижесі қай салалардың жұмысын дамыта алады? Жалпы Ұлттық халық санағы елімізге не үшін қажет? Сауалнамаға дұрыс жауап беру несімен пайдалы?
– Санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты соңғы тұтынушы туралы толық сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге салмақты үлес қосады.
– Ауданда халық санағын жүргізуге қанша учаске, қанша интервьюер қамтылғаны туралы айтып өтсеңіз?
– Ауданда Форт-Шевченко қаласы мен Ақшұқыр ауылында екі санақ бөлімі құрылды. Форт-Шевченко қаласындағы санақ бөлімі: Форт-Шевченко қаласы, Баутин, Таушық, Қызылөзен ауылдарын, Ақшұқыр ауылындағы санақ бөлімі Ақшұқыр мен С.Шапағатов елді мекендерін қамтиды. Аудан бойынша 41 сұхбат-санақшы немесе интервьюер алынды.
– Тұрғындар санақ алуға келген сұхбатшы-санақшыны қандай ерекшеліктері бойынша тани алады?
– Нысандарды аралау кезінде барлық сұхбатшы-санақшыларды аты-жөні жазылған бейджик, көк портфель, көк түсті шарф болады. Барлық нысандарда жүрген санақшылардың суреті Sanaq.gov.kz сайтында әрбір аудан бойынша көрсетілген. Санаққа еліміздің барлық адамдары алынады. Жоғарыда көрсетілгендей, әрбір адам өз отбасын электронды форматта өтсе де қауіпсіз болар еді. Және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әрбір аудан тұрғынын санаққа ұйымшылдықпен қатысуға шақырамыз. Аудан халқы халық санағы бойынша 8700 2954156, 87785725177 нөмірлеріне байланыса алады.
- Сұхбатыңызға рахмет!
P.S. Өткен айда ғана Президент қазақстандықтарды 19 миллионыншы тұрғынымен құттықтаған болатын. «Балапанды күзде санайды» демекші, санымыз бен сапамызға қазан бойы қан жүгіретін түрі бар. Ал соның анық-қанығын 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялаған кезде білетін боламыз.
Жадыра ЖОЛДАСОВА