©
Бүкіл қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған өзекті мәселелердің бірі – жазуымыздың латын әліпбиіне көшуі. Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақмарал Отаровамен сұхбаттасудың сәті түскенде ұлттың рухани әлемі үшін маңызды саналатын осынау өзекті мәселе және жалпы тіліміздің жайы төңірегінде әңгімелеуін сұраған едік. - Адамның сана сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші рухани байлығымыздың жаңғырып, дамуынан көрініп отырады. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және оның заңды жалғасындай «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат ретінде игі істерге бастау беруде. Сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтеріліп отыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтымызды сақтау мен өркендету үшін, біздің ойымызша, екі үлкен дәуірлік мәселе көтерген десек, біріншісі — төл дәстүріміздің өміршең тұстарын заманауи сұраныстармен сабақтастыру, екіншісі — бүкіл адамзат баласына ортақ жаһандану үдерісінің өзіміз үшін тиімді тұстарын игеру. Төл дәстүріміздің өміршең тұстары дегенде, бар дәстүрімізді, жалпы мәдениетімізді, тұтас ұлтымызды сақтаушы ана тілімізді айтамыз. Тілді сақтау ұлтты сақтаудың тікелей кепілі екенін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлы тұлғалары сан рет айтты, сол үшін күресті де. Ахаң жиырмасыншы ғасырдың басында: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тілі десе, кеңестік ұлтсыздандыру тұсында: «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деп жазған болатын. Ұлт қайраткерлерінің бұл пікірлері бүгінде де өте маңызды. Бұл жөнінде Елбасы: «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған — оның ғажайып тілі» деп жазды. - Өңіріміздегі бірден-бір білім ордасы Ш.Есенов университетінің өзіңіз басқаратын «Қазақ филологиясы» кафедрасында тіліміздің көсегесін көгерту жолында көптеген шаруалар тындырылып жатқанын білеміз. - Әлбетте. «Қазақ филологиясы» кафедрасы ғылыми әлеуеті жоғары, 100% ғылыми, әдістемелік, тәрбие жұмысы толық жолға қойылған, аймақтық қана емес, республикалық деңгейде мойындалған білім беру, маман дайындау, мемлекеттік тілді дамыту орталығына айналуымен сипатталатынын білетін шығарсыз. Жаһандық білім беру стандарттарының басты талаптарына сай сапалы білім беру, саналы тәрбие, білікті ғылыми кадрларды дайындау ісінде, әсіресе қазақ тілін мамандықты игерту құралы, ғылыми білім тілі ретінде танытуда кафедра көптеген игі іс-шаралардың ұйытқысы болып отыр. Кафедрада рухани жаңғыруымызға байланысты өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялату, рухани және тарихи құндылықтарды қастерлеу мақсатында жоспарлы түрде көптеген танымдық, тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, жүргізіліп келеді. Кафедра Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруда, аймақтағы тіл, әдебиет пен мәдениетті зерттеу мен дамыту мәселелерін көтеретін, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында өткен конференциялардың ұйымдастырушысы болып келеді. Айта берсем, олар көп. Тізбектеп қайтем, не істесек те, халық игілігі, ел болашағы үшін ғой. - Бүгінде қоғамда көбірек талқыланып жатқан мәселенің бірі — латын әліпбиіне көшу ісі. Осы орайда өз ойыңыз бен жүргізіп жатқан жұмыстарыңызға тоқталсаңыз. - Латын әліпбиіне көшу — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір бағыты. Өткен ғасырдың 90-жылдары посткеңестік кеңістіктегі түркі тілдес елдер латын әліпбиіне көше бастағанда, Қазақстан да жазу реформасы туралы талқылауға кірісті. Латын әліпбиіне көшу мәселесін асықпай, терең зерттеу және дайындық жұмыстарын жасау туралы мәселе Елбасы тарапынан әлденеше рет көтерілгенін білеміз. Елбасы «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, бұл жұмысты уақыт ұттырмай, қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Кезінде халқымыз латын әліпбиінде жазып, оқулықтар шыққан. Бірақ кеңестік саясатқа байланысты кириллицаға өттік. Қазір латын әліпбиіне қайта келіп отырмыз. Оған көшудің бірнеше факторы бар. Біріншіден, қазір әлемнің 80 пайызға жуық халқы латын қарпінде әліпби жасап отыр. Сондай-ақ түркі тілдес мемлекеттердің барлығы латын әліпбиін қолданады. Бүгінде жастар цифрлық технологияның кез келгенін пайдаланғанда міндетті түрде латын қарпін пайдаланады. Болашақта латын әліпбиін бір жүйеге келтіріп, сол қаріпте жазатын боламыз. Әлемдік ақпараттармен алмасу, кез келген сала болмасын өте керек. Бұл маңызды құжат тәрбие мен идеологиялық жұмыстарды жүйелеуге кең мүмкіндік ашып отыр. Кафедрада өткен оқу жылында латын әліпбиіне көшуге байланысты бірқатар жұмыс биыл да жалғасын тапты. Маңғыстау облысында Елбасының «Қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығын орындау және жаңа әліпбидегі жазу емлесінің Жобасын таныстыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Б.Нұрдәулетова және облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының бөлім басшысы А.Ықыласқызы 2018 жылдың қазан айында Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандары тұрғындарымен кездесіп, жаңа әліпби ережелерінің жобасын түсіндірді, жаңа әліпбиге көшумен байланысты республика көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстырып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді. «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес республика бойынша латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының тәжірибе тұрғысында меңгерілуін жан-жақты қамту, бейімдеу мақсатында жалпыхалықтық диктант өткізілерде университетте «Қазақ филологиясы» кафедрасы оқытушыларынан жұмысшы тобы құрылды. Алдын-ала жаңа әліпбидің емле-ережелерін түсіндіруге арналған семинарлар, дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жалпыхалықтық диктантқа Ш.Есенов атындағы КМТИУ-нен 2000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында оқытушылар, магистранттар мен докторанттар мен студенттер болды. Жаңа әліпбиге байланысты міндетті түрде қазақ тілін оқыту пән мазмұны мен ғылыми курс мазмұнына тілдік білімдер жүйесін енгізу, жаңа ұлттық әліпби бойынша міндетті және арнайы курстардың енгізілгені дұрыс болмақ. Осы орайда Ш.Есенов атындағы КМТИУ-де де университет ректорының қолдауымен университеттің барлық мамандықтары үшін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының білім беру бағдарламасында пәндердің таңдау компонентіне «Латыннегізді қазақ әліпбиі: теориясы мен практикасы» атты пән енгізіліп отыр. Бұл пәнді оқу арқылы болашақ мамандар жаңа ұлттық әліпбидің тілтанымдық негіздерін оқып-үйренеді. Жаңа әліпби негізіндегі емле ережелерінің теориясын меңгеріп, оны іс жүзінде қолдануды, яғни қазақ әліпбиін латыннегізде таңбалауды, мәтіндермен жұмыс жасауды толықтай меңгеріп шығады. Сонымен қоса жаңа жасампаз емле ережелерін – жазудың бірыңғай ұлттық стандарты негізінде байырғы қазақ және кірме сөздердің орфографиясын, оларды жазуға бейімдеудің жаңа тетіктерін дайындау және жасауға дағдыланады. Қазақ тілі үшін әліпби ауыстырудың мақсаты графикалық жүйені жай ауыстыра салу ғана емес, ұлттық жазуды түбегейлі реформалау болып табылады. Ол, біріншіден, латын жазуына негізделген заманауи ұлттық әліпбиді, екіншіден, жаңа жасампаз емле ережелерін – жазудың бірыңғай ұлттық стандарты негізінде байырғы қазақ және кірме сөздердің орфографиясын, үшіншіден, кірме сөздерді игерудің дәстүрлі жолдарын қайта жаңғырту мен жаңарту негізінде оларды жазуға бейімдеудің жаңа тетіктерін дайындау және жасау арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. - Ақмарал Нұрғожақызы, тәжірибелі тіл маманы ретінде өзіңіздің де айтар ұсыныстарыңыз бар шығар? - Латын әліпбиінің болашағы зор. Жақсы емле болу үшін алдымен әліпбиіміз жақсы құрастырылған болуы тиіс. Әліпби мәнді болса, жазуымыз сәнді, айтуымыз әнді болады. Сондықтан латыннегізді жаңа әліпбиіміздің ұтымды тұстарымен қатар, өз көзқарасымыз бойынша, әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар екенін ескерте кеткіміз келеді. Әліпби ауыстыру – жазу реформасы, тілдік реформа болғандықтан үдеріс барысында сөздің графикалық бейнесі өзгеріп, оқу үдерісі баяулайтындықтан тілұстарту, жылдам оқу әдістемелерін жетілдіруді қолға алған жөн дер едім. Латын әліпбиі – ағылшын әріптерінің танымалдығын ғана арттырады, ал тілді үйрету үшін қазақ тілінің құрылысымен ағылшын тілінің құрылысын, қазақ мәдениеті мен ағылшын мәдениетін үнемі салыстыра отырып сабақ беру керек. Қазіргідей орыс тілінің материалына сүйеніп, қазақ балаларына ағылшын тілін үйрету көп проблемаларға ұшыратады, мысалы әріпаралық құбылысы салдарынан қазақ баласы бір әріптермен терілген қазақ және ағылшын сөздерін шатастырып алып, мағынасына мән бермей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан ағылшын тілін қазақ тілінің негізінде үйрету басымдық алуы тиіс, яғни шет тілі мамандықтарына салғастырмалы тіл білімдері курсы жүргені дұрыс дұрыс болар еді. Балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән — каллиграфия, яғни жазу өнері деген сабақтың енгізілуі аса қажеттілікті тудырады. Қазақ мектептерінде ағылшын тілін үйретін мамандардың қазақ тілінің грамматикасы мен қазақ мәдениеті, әдебиеті, руханиятынан жүйелі білімі, түсінігі болуы міндетті. Орыстілді және басқатілді мектептерде де міндетті түрде жаңа әліпбиге үйрететін пән енгізу, курстар ұйымдастыру арқылы ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайтуға бағытталған ұлттық мәдениетті, рухты насихаттайтын мазмұнда болғаны абзал. Тіл мәселесі қай қоғамда да, қай заманда да өзінің маңыздылығын жоймайтын тірі құбылыс болғандықтан, болашақта түркі әлемінің байланысын, барлық саладағы ортақ мүмкіндіктерін байланыстыру бағытында латын графикасына көшу үлкен көкжиектерге жол ашатындығына сенеміз. Ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын іске өз үлесімізді қосу абыройлы міндетіміз болмақ. Қазір латын негізді қазақ әліпбиі қабылданған соң, енді жаңадан ұсынылған қазақ тілі емлесінің Ережелері жобасын талқылау жұмыстары да мәреге жеткендей болды. Емле ережелері Жобасы талқыланып, пікірлер айтылды. Жалпы алғанда қазақ тілі әліпбиі мен емлесін латын графикасына көшіру жұмыстары тіл мамандарының үлкен белсенділікпен қатысуымен атқарылып келеді. Жаңа мазмұнды Қазақ емлесінің негізгі ережелерін дайындау барысында біртуар ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбановтың, латын графикасына ауысу идеясының көшбасында болған академик Ә.Қайдар, қазіргі қазақ жазуының ғылыми ортологиялық негізін қалаған көрнекті ғалым академик Р.Сыздықтың, сонымен қатар түркітектес халықтардың тәжірибесі жан-жақты ескерілген. Емле ережелері ұлттық тіліміздің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуына, тіліміздің дыбыстық қорының мүмкіншілігін толық қамтуына ерекше назар аударылған. Жаңа емле жобасында бұрынғы ережелеріміздің негізі сақталып, сөздерді біріктіріп жазу тәртібі, ғылым мен техниканың әртүрлі саласына қатысты терминдік мағынаға ие болған сөз тіркестерінің жазылуы, адам аттарының емлесі, кейбір жарыспалы тұлғалардың емлесі, өзге тілден келген сөздерді қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша жазу туралы, секілді мәселелер жетілдірілген. Осы орайда, жаңа емле ережелерін құрастыруда жазу тарихымызда құнды ғылыми ойларын қалдырған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Басымов, Т.Шонанов, т.б. туматаланттар мен олардың соңынан осы салаға еңбектерімен өзіндік үлестерін қосқан М.Балақаев, І.Кеңесбаев, А.Аманжолов, Р.Сыздықова, Н.Оралбаева, Н.Уәли, Қ.Күдеринова, Г.Мамырбекова, сияқты. Ғалымдар зерттелуінің маңызы зор болды деп есептейміз. Емледе бұрынғы жазылуы әртүрлі болып келген орфограммалар бір ізге түсірілгені анық байқалады. Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері Жобасы осы салада жұмыс жүргізген топ құрамындағы ғалымдардың және осы іске атсалысқан өзге де мамандардың тынымсыз еңбегі мен ғылыми дұрыс бағыттағы зерттеулерінің жемісі деп білеміз. Латыннегізді Қазақ емлесінің негізгі Ережелерінің жобасын негізінен қолдай отырып, қазақ жазуында қолдануға, оны қолданысқа енгізуге болады деп есептейміз. Жаңа емле қазақ ілінің табиғи заңдылықтарына сай жүйелі, ғылыми тұрғыда құрастырылғандығымен ерекшеленеді. Емле ережелері қазіргі жаһандану заманында бірнеше тілде сөйлеп жүрген жастарымыздың қазақ сөзінің үйлесімін бұзбай сөйлеуін, сөзіміздің әуезділігін, тіліміздің әсем ырғақпен айтылуын қамтамасыз ете алады. Әліпби мен емле қазақ тілінің үндесім заңына сай болуы арқылы мемлекеттік тілдің дамуына да ықпал ете алады. Сондықтан латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуының жаңа емлесі қазақ тілінің табиғатына сай болуы арқылы ана тілімізді жаңғырта түсетініне, қазақ елін жаңа биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА