©
Жуырда Астанада «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өткені баршамызға белгілі. Онда Елбасы Н.Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге байланысты үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Съезде айтылған әрбір тапсырма елеусіз қалмақ емес. Осы орайда Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов жақында жиын өткізіп, қабылданған бастамалардың өңірдегі орындалысын баяндады. «Елбасының атап өткен тапсырмаларын орындауымыз керек. Оған толықтай мүмкіндігіміз бар. Қазақстанның дамуы мен халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бұл әлеуметтік дамуға бағытталған мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін ерекше атап өткім келеді. Елбасы әлеуметтік саясатты іске асырудың 3 бағытын айқындап берді. Әр өңірде тұрғындардың табыс көзін арттыру, аз қамтылған отбасыларды қолдау, бюджет саласының аз жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 30 пайызға өсіруді тапсырды. Біздің облыс бойынша бюджет саласында 27 мыңнан астам адам қызмет етеді. Оларға балабақшадағы тәрбиешілер, психологтар, кітапханашылар, мейірбикелер, аула сыпырушылар, санитарлар және электрик сынды мамандар кіреді. Осы бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына аталған қызметкерлердің жалақысын өсіруге қажетті қаражатты бөлу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын. Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерге келетін болсақ, біз олардың оң шешімін табу бағытындағы жұмыстарды ары қарай жалғастыратын боламыз», – деді облыс басшысы. Сонымен қатар Елбасы республика бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасыларға баса назар аудару қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда өңір басшысының берген ақпараты бойынша бүгінгі таңда облысымызда 23 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Оның ішінде мыңнан астамы аз қамтылған отбасы, яғни атаулы көмек алушылар. Соған байланысты Е.Тоғжанов облыс деңгейіндегі жағдайы төмен жанұяларға бір жолғы көмек, яғни 100 мың теңге беруге шешім қабылдаған болатын. Сол шешім аясында аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне бөлінген қаржының әр отбасына толықтай жетуін жеке бақылауларында ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша атаулы көмек алып отырған көп балалы отбасылардың әр баласына берілетін 21 мың теңге жәрдемақысы біздің өңірде қалай берілмек? Бұл сұраққа облыс әкімі былай жауап берді: «2019 жылдың 1 шілдесінен бастап өңірдегі атаулы көмек алатын көп балалы отбасының әр баласына 23 749 теңгеден берілетін болады. Бұл сома аймақтағы күнкөріс деңгейіне сай есептеліп отыр. Одан бөлек, мүгедек балалары бар отбасыларына осы уақытқа дейін беріліп келген 31 183 теңге 41 578 теңгеге артады», – деді. Тағы бір айта кетерлігі, облыстағы көп балалы аз қамтылған отбасыларына өз бизнесін ашу үшін берілетін 500 мың теңге көлеміндегі гранттар тек ауылдық жерде тұратын аналарға қарастырылатын болады. Сондай-ақ Е.Тоғжанов қала, аудан әкімдеріне, ішкі саясат, жұмыспен қамту мен үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім, көлік, кәсіпкерлік және сауда басқармаларының басшыларына осы жылдың наурыздың 7-жұлдызына дейінгі мерзімде халыққа есеп беру кезінде атап өткен әлеуметтік қолдаулардың сапалы іске асырылуы бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды. «Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де негізгі сұрақтардың бірі болып отыр. Аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, мүгедек бала асырап отырған отбасылардың алдын ала 20 пайыз жарна төлеп, үй алуға жағдайлары келмейді. Сондықтан жалдамалы тұрғын үйлердің санын көбейтуді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 мың адам кезекте тұр. Оның 7 877-сінің жағдайы төмен. Көп балалы отбасылар – 1002, І, ІІ топтағы мүгедектер – 1948. Осы бойынша «Нұрлы жол» жобасымен Қарақиядан 120 пәтерлік 5 үй, Түпқарағаннан 64 пәтерлі 3 үй, Ақтау қаласынан 144 пәтерлі 2 үй салуды қарастырып отырмыз. Сметалық құжаттары дайын. Бұл тек бастамасы ғана. Жаңаөзен қаласынан да қарастыратын боламыз. Сондықтан қала, аудан әкімдері құрылыс басқармасымен бірігіп, осы мәселе бойынша жұмыстану керек», – деді әкім. Бүгінгі таңда өңірде ЖОО бітірген түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі де қуантарлық емес. Осыған байланысты облыс әкімі білім басқармасы мен Ш.Есенов университетінің ректорына мәселені шешу жолдарын бірігіп қарастыруды жүктеді. Осылайша өңір басшысының баяндамасы тыңдалып болғаннан кейін, қоғам белсенділері сөз алды. Алғашқылардың бірі болып сөйлеген «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рысгүл Игілікова Елбасының әлеуметтік сала бойынша ұсынған бастамалары халықтың әл-ауқатын арттыруда мол мүмкіндік екенін айтып өтті. «26 ақпан күні қоғамдық қабылдауда болдым. Сол күні 40-тан астам ана өз сұрақтарымен келді. Ондағы негізгі мәселелер: үй, жұмыс, жәрдемақы болатын. Кешегі өткен съезд осы сұрақтарға толық жауап бере алды деп ойлаймын. Әрине, оны іске асыру үшін бірлесіп еңбек ету керек», – деді ол. Одан соң Теңге ауылының тұрғыны, жас маман Арғынбек Қалбаев Жаңаөзен жастарының атынан сөз алды: «Жаңаөзен қаласында болған соңғы жағдайларды ескере отырып, халықтың жанайқайы мен арыз шағымдарын сол қаланың тұрғыны ретінде орынды деп санаймын. Осы тұста көрегенділік танытып, біліктілікпен қысқа мерзім ішінде дер кезінде шешім қабылдап, Жаңаөзен халқын қанағаттанарлық жағдайға алып келген облыс басшысы Е.Тоғжановқа ауылымның жастарының атынан алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында жағдай бірқалыпты, тұрақты. Биліктің жасап жатқан игі істері үшін, облыс басшысының командасының жасап жатқан жұмыстарының нәтижесінде елдің билікке деген ілтипаты, алғысы оңынан туып жатқаны байқалады», – дей келе, Елбасы Н.Назарбаевтың съезде халық игілігі үшін қабылдаған шешімдерін қолдайтынын айтты. Осылайша Астанада «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы аясында өткізілген үлкен жиын республика тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталып, көптің көкейінде жүрген сұрақтар шешімін тапты.Айгүл ОРЫНБАЕВА, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ