©
Ақтау қаласы әкімінің қатысуымен Ақтау қалалық мәслиxатының 23-сессиясы өтті. Күн тәртібінде қала инфрақұрылымына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, мәслихат депутаттары тарапынан көтерілген тақырыптарға қатысты сауалдар қойылып, ұсыныстар жасалды. Сессия жұмысына Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Жиын жұмысында қала инфрақұрылымы объектілерін, аумағын кемелге келтіру, көгалдандыру және қаладағы тазалықты сақтау бойынша қала әкімдігінің жұмысы туралы Ақтау қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев баяндама жасады.Абаттандыру ауқымы қандай?
ТҮКШ бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев өткен жылы қалада жүргізілген абаттандыру жұмыстары жөнінде мынадай деректерді мәлім етті. «2018 жылға Ақтау қаласын абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 205,2 млн. теңге көлемінде қаржы қарастырып, бұл қаржыға халықтың демалуына, жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, қаланың шағын ауданішілік жолдарын ағымдағы және шұңқырлы жөндеу жұмыстарына 46,3 млн. теңге қарастырылып, қазіргі таңда 2, 4, 7, 8, 12 шағынаудандар жолдарын толықтай шұңқырлы жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ 3, 14, 15, 29, 31 а шағынаудандарда кей жерлерінде тұрғындардың шағымдары бойынша шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық жөнделген шұңқырлы жөндеу жұмыстарының көлемі 15 мың шаршы метр құрайды. Қаланың шағын ауданішілік спорт алаңдарын ағымдағы жөндеуге 23,1 млн. теңге бөлінген. Аталған бағытта 27 шағынаудан, 64-үй алдындағы спорт алаңы, 3 шағынаудан, 148-үй, 27 шағынаудан, 2-үй алдындағы спорт алаңдарында жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, қазіргі таңда пайдалануға берілген», – дейді Қ.Ақыбаев. Сонымен қатар Ақтаудағы шағын аудан ішіндегі балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстарына жергілікті бюджеттен 43 млн. теңге бөлінген екен. Жыл басынан бері 29 шағынаудан, 21-үй, 26 шағынаудан, 18-үй, 21 шағынаудандағы әскери қалашығы және 32 б шағын аудан, 8-үй, 3 шағынаудан, 114-үй, 14 шағынаудан, 43-үй мекенжайларында толықтай жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда 6 балалар ойын алаңы пайдалануға беріліпті. Ал «Мәңгілік алау» монументін ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстар маусым айында басталып, абаттандыру жұмыстары орындалу үстінде. Келісім шарт құны – 67,2 млн. теңге болатын жұмыс жауапкершілігін «МТС-Ақтау» ЖШС мердігер компаниясы міндетіне алған. Дегенмен қаражат уақытылы бөлінбеуіне байланысты жұмыстардың орындалу мерзімі 2019 жылға жылжыған. «Абаттандыру аясында Приморский тұрғын үй массивінен (солдатский пляж) теннис орталығына дейін жаяу жүргіншілер жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына «Нәзір» ЖШС-мен 8,9 млн. теңгеге, 1 шағынауданының периметрінің жаяу жүргіншілер жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына «Самал–2003» ЖШС-мен 23,5 млн. теңгеге келісім шарттар жасалды. Қазіргі таңда жұмыстар толықтай аяқталды. Сонымен қатар күнделікті қаланы абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 130 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы «Шанс–21» ЖШС 66 080 мың теңгеге жеңімпаз болып анықталды», – деген бөлім басшысы абаттандыруға бағытталған қатқабат жұмыстарды жіпке тізіп берді. Бүгінде қаланы абаттандыру бойынша бірқатар маңызды жұмыстар еңсерілген екен. Мәселен, сәулеттік ансамбльдерді, ескерткіштерді, алаңдарды, шағын және безендіру формаларын, субұрқақтарды күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу, мрамор беттерін жуу, тірегіш қабырғаларын, темір қоршауларды және т.б. сырлау; кеспе тас төсенділерін күтіп ұстау: топырақтың отыруынан және кеспе тастың бұзылуынан кейінгі төсенділерді жөндеу, кеспе тастарды төсеу; жағажай аймағының абаттандыру элементтерін күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу: тірек қабырғаларын, қажеттілікке қарай тірек қабырғалары мен темір қоршауларды сырлау; балалар және спорт алаңдарының абаттандыру элементтерін күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу; қала аумағындағы саябақтардағы орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сырлап күтіп ұстау жұмыстары жүйелі жүзеге асырылған. Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының айтуынша, 2019 жылы Ақтау қаласын абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 100 млн. теңге қаралған. Сонымен қатар балалар ойын алаңдарымен спорт алаңдарына 155 288 мың теңге қаралып, наурыз, сәуір айларында мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жұмыстары жүргізіледі. Биыл қала әкімінің есеп беруінде қала тұрғындарының жаяу жүргіншілер жолдары мен шағын ауданішілік автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары бойынша көп сұрақ туындаған. Бүгінгі күні шағын аудан периметрлеріне сметалық құжаттамалары жасақталып, жаяу жүргіншілер жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен барлығы 420 184 084 теңге қажет. Ақтау қаласы аумағындағы шағын ауданішілік автомобиль жолдарына ағымдағы шұңқырлы жөндеу жұмыстарына 2019 жылы 6 000 000 теңге қаралған (1800 м2). Алайда қала тұрғындарының шағын ауданішілік автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігі туралы қала әкімдігіне арыз шағымдар көп түсуде. Бірінші кезекте жөндеу жұмыстарын 1,5,27,28,28а шағын аудандарында жалпы аумағы 8200 м2, 27 400 000 теңге қаражат қажет етеді.Жасыл желектің жайы бөлек
Мұнан соң бөлім басшысы Қайрат Ақыбаев қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстардың жай-жапсарына тоқталды. «Былтыр қаланы көгалдандыруға 957,4 млн. теңге бөлініп, конкурс бойынша келісім шарт құны – 777,777 млн. теңгені құрады. Бұл жұмысқа жауапты мердігер – «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау корпоративтік қоры». Аталған жұмыстар бойынша шамамен 205 адам, 65 бірлік арнайы техника қызмет көрсетті. Бұл қаражат бүкіл қаладағы жасылжелектерді тиісті деңгейде күтіп ұстап, жаңа аумақтарды көгалдандыруға жұмсалды. Қала аумағында көгалдардың жалпы аумағы 130147 м2 құрайды. Келісім шарт бойынша 528 000 гүл, 5200 дана ағаш, 10 000 шаршы метр газон отырғызылды», – дейді Қ.Ақыбаев. Оның айтуынша, қала тұрғындарының қала аумағындағы жасыл желектерді суару жұмыстары бойынша арыз-шағымдарының көптеп түсуі ескеріліп және мердігер мекеменің жұмыстарының сапасыз орындағаны үшін сот органдарына шағым түсірілген. Алайда сот органдары қала әкімдігі тарапынан берілген арыздың дәлелді құжаттары толық емес деп шағым арызды қанағаттандырудан бас тартты. Ал 2019 жылы қаланы көгалдандыру жұмыстарына бюджеттен 832 220 998,56 теңге қарастырылған, оның 161,7 млн. теңге жаңа ағаштарды отырғызуға, 670,5 млн. теңге бұрынғы көгалдарды күтіп ұстауға арналған. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жарияланды. Қаланың әрбір тұрғыны жылына шамамен 300 кг тұрмыстық қатты қалдықтар шығарады, оның ішінде 75%-ы – тамақ қалдықтары, шыны, қағаз бен картон. Қоқыс контейнерлерін толған-толмағанына қарамастан күнделікті белгіленген кестеге сәйкес шығарылады. «Былтыр тазалықты қамтамасыз ету жұмысына 868 млн. 400 мың теңгеге келісім шарт жасақталды. Барлығы 455 адам, 37 арнайы техника қызмет атқарды. Қоқыс қабылдау полигонына ай сайын 2400 м3 жуық қоқыс шығарылды. Тазаланатын аумақтың жалпы көлемі – 12 897 758 м2. Бөлінген 10 млн. теңгенің конкурс нәтижесі бойынша 6053,6 теңгесіне 143 дана тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын контейнерлер сатып алынды. Қазіргі таңда аталған контейнерлер 1,2 шағын аудандарға орнатылды»,– дейді бөлім басшысы. Биыл қала аумағын және шағын ауданішілік санитарлық тазалық жұмыстарына бюджеттен 716 319 999,36 теңге қаралған. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы өтуде. Аталған жұмыстар келісім шарт бойынша жылдың соңына дейін атқарылмақ. Сондай-ақ осы жылға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер сатып алу жоспарланған. Бұл жұмысқа бюджеттен 9 млн. 052 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жарияланады.Мәслихаттың шешімі
Мәслихат отырысында қаузалған тақырыптар мен талқыланған мәселелер бойынша қабылданған тиісті шешімдерді депутаттар бірауыздан қабылдады. 2018 жылы атқарылған жұмысы жөніндегі қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқықтық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының есебі, Ақтау қаласының қоғамдық кеңесінің құрамын, Ақтау қаласының қоғамдық кеңесінің ережесін бекіту туралы мәселелер қалалық мәслихаттың тұрақты кеңейтілген отырысында талқыланды. Сонымен қатар қалалық мәслихаттың жиырма төртінші сессиясы төрағасы болып №3 сайлау округінен сайланған депутат Марат Молдағұлов тағайындалды. Сессия хатшылығына №6 сайлау округінен Андрей Могилин, №7 сайлау округінен Шамсадин Гусейнов, №8 сайлау округінен Құралбай Озғамбаев сайланып, күн тәртібі бойынша шешім жобасы бекітілді. Қала әкімі Ғалымжан Ниязов жиында қаланы көркейтуге қатысты атқарылған жұмыстардың аз еместігін, алдағы уақытта бұл жұмыстар ауқымы ұлғая түсетінін атап кетті. «Құрметті мәслихат депутаттары, жиынға қатысушылар! Бүгінгі жиында қаламызды көркейтуге, абаттандыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға байланысты көтерілген мәселелер бойынша айтар болсақ, бұл жұмыстар – жылдан-жылға жалғасатын әрі маңыздылығын жоймайтын міндеттер. Ал қала көшелеріндегі кей тұстарда аялдамалар салу мәселесіне келер болсақ, жалпы инженерлік желілер жетіп тұрған болса, аялдамалар коммерциялық объекті саналады. Пайда табу үшін кәсіпкер бір жағын аялдама, екінші жағын дүкен етуіне құқылы. Ал инженерлік желі тартылмаған болса немесе қысылтаяң аумақ болса тек әйнекті аялдама жасалады. Мысалы, 11, 12-шағын ауданның арасында, ол тұста аялдаманы дүкенмен қосып салуға болмайды. Себебі дүкенмен салынған жағдайда дүкенге бір адам көлігімен келіп тоқтаса, аялдамаға екі автобус қана сыяды да, үшінші автобус жолдың бойына тұрып қалады. Сондықтан қысылтаяң туғызатын жерлерге дүкендер мен аялдама салмаймыз. Қала бойынша 128 аялдама болса, 64 аялдама жабдықтармен қамтылған, осыларға конкурс ұйымдастырылады», – деген қала әкімі аталған мәселелер ретімен шешімін табатынын жеткізді. Сондайақ мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін Алғыс айту күніне орай қоғамды белсене жұмыс істеуге шақырды. «Елбасымыз бекіткен Алғыс күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қазір қала әкімдігі өз штабтарын, жоспарларын құрды. Соның ішінде әлеуметтік мәселелердің маңыздылығы жоғары екені белгілі. Жаңаөзен қаласының азаматтарын Ақтау қаласына жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күннің өзінде біраз азаматтар келді. Қазір «ҚазМұнайГаз» компаниясымен келісімдер жүргізілуде. Оларға жатақхана беру немесе жалға алу мәселесі қарастырылу үстінде. Әзірше 8 адам келді, әлі де қабылдаймыз. Алғыс айту күніне орай барлық қала тұрғындарын мүжәлсіз отбасыларға қамқорлық танытуға, мұқтаждарға көмектесуге, игі істерді атқарып, алғыс иеленуге шақырамын. Мереке құтты болсын! Назарларыңызға рахмет!»– деп жиынды қорытындылады қала әкімі Ғ.Ниязов.Жайық НАҒЫМАШ