Аптаның алғашқы күні бір топ оқушы «Жаңаөзен» газетінің редакциясына «Маңғыстау-Медиа» ЖШС меншікті тілшісі Мұратбай Ұлықпанды арнайы іздеп келді. Айтуларынша, ағайдың еңбектерімен әуелден таныс, бүгінгі көздегендері Маңғыстау туралы, оның ішінде қала атауының қайдан және қалай пайда болғаны жөнінде жазғандарын автордың өз аузынан есту. Балаларды бастап келген Бағила Ражапова №10 орта мектепте география пәнінің мұғалімі, оған қосымша өлкетану үйірмесіне жетекшілік етеді екен. «Мұратбай Ұлықпанның еңбектерін кітап, газет беттерінен оқып жүреміз. Арнайы кездесіп, танысудың сәті түспеді. Таяуда бір байқауға дайындалу барысында Маңғыстау туралы, қаламыз Жаңаөзен жайлы кітаптардан, ғаламтордан тарихи материалдар іздедік. Сонда байқағанымыз, бұл туралы Мұратбай Ұлықпаннан өзге ешкімнің мақаласы жарияланбапты. Өлкетану бағытында білім беретіндіктен мені ағаның Өзен атауының қайдан және қалай пайда болғаны туралы бірнеше мәрте жариялаған журналистік зерттеулері қатты қызықтырды. Содан міне, бүгін шәкірттерімді ертіп келіп отырған жайым бар», - деді Бағила Мұхтарқызы. Мұратбай Ұлықпан бұйымтайшылардың тілегін орындап, осыған дейін Өзен туралы жазған мақалаларында келтірілген деректермен бөлісті. Әңгімесін «Өзен атауы қашан және қалай пайда болды?» деген балалардың сұрағына жауап беруден бастады. Журналистің осы аттас мақаласында ардагер мұнайшы Рахим Серікбаев: «Жаңаөзен қаласы атауының түп дерегі суы өзен суындай мол, әрі ешқашан сарқылмай бір деңгейде тұратындықтан «Өзен» деп аталып кеткен құдықпен байланысты» деген пікір айтады. Одан кейінгі «Өзеннің ұрпақтары Жаңаөзеннен табылды» деген материалында автор алдыңғы мақалада сөз болған құдықты қаздырған Өзен Қиғылықұлы деген бай болғанын, оның ұрпақтарының аузынан естіген әңгімелерге сүйене отырып жазады. Кейін Рахим Серікбаев және Өзен баба ұрпақтарымен бірге атаулы құдықтың орнына барып көрген. Ал, «Тағы да Өзен туралы» материалында XIX ғасырдағы орыстың әскери карталарында «кол. Узень кудукъ» деген атаулардың болғанын көрсете отырып, мемлекеттік қызмет істерінің ардагері, өлкетанушы Алқажан Еділханның, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мекемесінің директоры Нұрлан Құлбаевтың пікірлерімен жалғайды. Міне, осы әңгімелер туралы балаларға егжей-тегжейлі баяндап, «Өзен» атауының түп төркінін зерттеу барысында түсірген суреттерімен бөлісті. «Архивтерде шаң басып жатқанша, біреудің кәдесіне жарасын. Бар көрген-білгенімді, естіген, жиғандарымды шамам келгенше айттым», - дейді Мұратбай ағай. Иә, ағайдың Өзен туралы жазған циклді материалдары көпшілік арасында түрлі пікір тудырды. Дұрыс дегендер де, бұрыс дегендер де табылды. Бүгінгі балалардың журналисті арнайы іздеп келуі де автордың шығармашылығына деген, өңірдің тарихына деген қызығушылықтан туған дүние. Бағила Ражапова бастаған Болат, Самат және Мүсілім есімді жігіттер кездесуден көп қажетті мағлұмат, керемет әсер алғандарын айтады. 6-сыныптың оқушылары сабақтан тыс уақытта «Өлкетану» үйірмесіне қатысады екен. Қазір «Қойнауы сырға толы ауылым» атты байқауға дайындық үстінде. Байқаудың шарттарын орындау барысында өлкенің тарихи-мәдени ескерткіштерін іздеп Маңғыстаудың біраз жерін аралап үлгеріпті. «Жаңаөзеннің атауын басым жұрт мұнаймен байланыстырады. Мұнай баршамызға белгілі, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бергі жағында ғана алына бастады. Ал, бұл жердің тарихы әрігеректен басталады. Сондықтан біз де өзімізше іздене бастадық. Ізденіп жүріп, журналист Мұратбай Ұлықпанның материалдарына кезіктік. Қаланың атауына байланысты мұндай зерттеуді әлі басқа ешкім жүргізбеген екен. Өзіңіз білесіз, Жаңаөзеннің 50 жылдық мерейтойына орай республика ақындарын мұнайлы өлкеге жинаған алқалы айтыс болды. М.Ұлықпан ол туралы да көлемді мақала жазды. Сол жерде автор «Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрадым Мейірман мен бәсекеге түскен Алматының ақ берені Асхат Қылышбектің қылыштай тілінен тың жаңалық естігенде көрермен қауым селт ете қалып, серпіле қол соқты. Ысқырып қошеметтеп, шуылдай қолдады» деп жазып, келесі өлең жолдарын мысалға келтіреді: Хорезм шахтың кезеңі, Әмудәрияның өзені, Каспийге келіп құйыпты, Аралап осы өлкені. Өзен аты содан қалған жер, Тарих бір сырды шертеді. Ұрпақтары бар Жарының, Қисапсыз саны малының, Өзен деген бай өтіпті, Бұл да бір сырдың бөлтегі. Сол кісі қазған құдықтар, Өзен атанған жұрттар, Шындыққа бұл да жуықтар, Зерттесе мұны жөн деді». Мұның өзі ағаның өлкеміз туралы жазған материалдары қоғамда резонанс тудырғанын көрсетіп отыр. Осындай дүниелер біз үшін аса құнды. Себебі, өсіп келе жатқан болашақ жастар төл тарихымызды білуі керек»,- дейді жас ұстаз. Балалар өздеріне география пәні өте ұнайтындығын, үйірмеге келгелі Маңғыстаудың тарихы туралы көптеген өздері бұрын білмеген, тіпті естімеген дүниелерді көріп, танысып жатқандықтарын айтады. Балалардың болашаққа мақсаттары айқын, қадамдары нық. Болат келешекте әскери адам боламын деп қазірден шешіп қойыпты. Шешімін әкесінің арманымен байланыстырады. Самат жеке кәсіп ашып, беделді тұлға болам десе, Мүсілім Мұратбай Ұлықпан секілді дарынды журналист, ел сыйлаған абыройлы азамат болсам дейді. Ол Маңғыстаудың ойы мен қырын зерттеп, өлкеміздің ерекше табиғатын күллі әлемге таныту арқылы туризмді дамытамын деп нық бекініп отыр. Ендеше, біз де жас дарындардың талабына сүйсініп, әрдайым жолдарың ақ болсын деген тілек айтып қоштастық.
Айжан НАСЫРОВА ҚР Журналистер Одағының мүшесі