Күреңді көптен танимын. Қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүретін белсенді әйелді жиі көріп, тілдесіп тұрамыз. Оның көптеген қызметтері көз алдымызда жүріп жатыр. Өзі тұратын Қызылөзен ауылында қуыршақ театрын ашу жөніндегі жобасы «ЛукОйлСервис» компаниясының грантын жеңіп алып, Маңғыстау өңірінде алғаш рет ауылдық жерде қуыршақ театрын ашуы қарапайым әйелге қанат бітірді. Бұл 2007 жыл еді. Содан бері Күрең Медеуованың ауылдағы қоғамдық жұмыстарға деген ынтасы артып, түрлі жобалар мен бағдарламаларға қатысудан қалыс қалмай келеді. 2013 жылы «Хазірет» жастар қоғамдық қорын құрып, бүгінге дейін соның директоры қызметін атқарады. Осы уақыт ішінде аудан, облыс көлемінде экотуризм, ауылдық жерлерде еріктілер қозғалысын дамыту, өндірістің ашықтық бастамасы, Тұңғыш Елбасы атындағы Қор гранты, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының өңірлерді дамыту саласы бойынша гранттарымен біршама шаруалар тындырды. Көзіміз көріп, құлағымыз естіген кейбір жұмыстарына тоқталсам, Маңғыстау ауданының Таушық ауылындағы «Айгүл» балабақшасына жылыжай орнатты. Ақшұқыр, Баутино ауылдарындағы жұмыссыз қыз-келіншектерді массажшы мамандығының қайта даярлау курсында оқытып, массаж кабинетін ашты. Қызылөзен ауылында жазғы маусымда аз қамтылған отбасылар балалары демалатын эколагерь ұйымдастырып, 72 баланың демалуына жағдай жасады. Ауыл ішінде аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қатыстыра отырып, аудан көлеміндегі бизнес саласының өкілдері мен мұнай компаниялары, шетелдік инвесторларды біріктіріп, бірнеше қайырымдылық шаралар өткізді. Аудан және аудандағы ауыл әкімдіктерімен, аудандық білім бөлімімен, ауылдағы З.Баймырзаев атындағы орта мектеп ұжымымен тығыз байланыста. Оның бір ер азаматқа бергісіз табанды еңбегі орынды бағаланып, облыс аудан, ауыл әкімдерінің Алғыс хаттарымен мараппатталды. Ия, күнделікті жұмыс барысымен жүргенде Күреңді осындай еңбекқор әйел ретінде ғана білеміз. Ал онымен сырласып, әңгімені сыр сандығының түбінен ақтарғанда, әйел-ананың басына түсетін қиын тағдыр мұны да айналып өтпегенін біліп, Алланың ауыр сынағын қайыспай көтеріп, жүнжіп қалмағанына риза боласың. Көп балалы шаңырақта дүниеге келген Күрең Сапақызы 1977 жылы Жаңаөзен қаласындағы №1 орта мектепті бітірген соң МГДУ мекемесінде екі жылдай жұмыс істеді. Кейін Ақтөбе қаласындағы мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, оны кітапханашы мамандығы бойынша бітіреді. Қолына дипломын алған соң, 1981-1991 жылдар аралығында Мұнайлы орталықтандырылған кітапханасында, Қаламқас кен орнында қызмет етті. Көрші Атырау облысының жігітімен бас қосып, отау тікті. Алайда, дәм-тұзы жараспаған жастардың жұбайлық ғұмыры төрт-ақ жылға жетті. Болашағына үміт артып көтерген шаңырағы шайқалған соң Күреңнің бар мақсаты қос балапанын жетімсіретпеу еді. Бірақ жалғызбастылық жас келіншекке жарассын ба, көп ұзамай Қызылөзенде тұратын Сансызбай Медеуов деген азаматпен бас қосты. Бұл кісінің зайыбы өмірден ертерек озып, бес баламен қалған екен. Жергілікті әкімдіктерде, ауыл шаруашылық саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген, көргені көп азамат Күреңнің балаларына асқар таудай әке бола білді. Күрең де оның балаларын бауырына басты. Барлығына ортақ үш перзент келді өмірге. Күрең анасыз қалған бес баланың нағашыларымен де араласып, оларды да төркінім деді. Өмірі күрт өзгеріп, бұрын көрмеген қызықты осы отбасында көріп, он баланың ата-анасы болып, тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатты. Екеуінің арасындағы сыйластығы сонша, бірін бірі атымен атамайтын. Дегенмен, жалған дүние жалғандығын көрсетті. Күйеуі Сансызбаймен отасқан аз ғана уақыт та сырғи өтіп, Күрең 39 жасында жесір қалды. Әлі аяқтанбаған жас балаларының соңы 3 жаста. Анасыз қалып, әкесінен де айрылған тұл жетім 5 баламен қатар Күреңнің өзінің де 5 баласы қалды төгіліп. Заманды жаман деуге болмайды, қандай заманға тап болсаң да еңбек етпегеннің, еңбекпен тапқан қара нанды қанағат тұтпағанның күні қараң. Осыны ойлаған жесір әйел білек сыбана жұмысқа кірісіп, балаларын ешкімнің қолындағыға жаутаңдатпаудың амалын жасады. Балапандарын бір қараға іліндіру үшін көшеде сауда жасап, жұмыртқа сатты, 9-10 қабат үйлерге қызмет көрсетіп, күніне бірнеше рет зырылдап жүгіріп жүруге мәжбүр болды. Анасы мен сіңлісі Қарлығашқа балаларын қалдырып, Қаражамбас кенорнына вахтамен жұмысқа шықты. - Аллаға сансыз шүкір мені осы кісіге жолықтырған, - деп, өткен күнді еске алады Күрең. - Маған да жақсы жол көрсетті, балаларға да адами дұрыс тәрбие беріп кетті. Балалардың қай-қайсысының да бүгінгі жеткен жетістігі сол әкесінің арқасы деп ойлаймын. Ауызбіршілігі, бір-біріне деген құрметі, адамдарға деген қайырымдылығы, еңбекқорлық сияқты жақсы қасиеттердің барлығы әкеден дарыған өнеге болса керек. Өзім қаланың шөп басын сындырмаған қызы едім, ауыл жұмысының барлығын сол жолдасым, қызым Толқын, марқұм болған балам Бекболаттың арқасында меңгеріп алдым. Бекболатымнан екі немерем қалды. «Әке көрген — оқ жонар» деген, әкесінің бар қасиеттерін көріп, бойына сіңіріп өскен балалардың алды сол кезде 14 және16 жаста екен. Осы екі бала бұғанасы бекімей жатып, анасына көмектесіп, әлі келген жұмыстың бәрін атқарды. Ауылға газ жүргізген кезде, мектеп құрылысы салынғанда жұмысшы болды, цемент, ерітінділер тасып, балшық илеп, ақша тапты. Бұрын Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен елді мекенінің әкімдігінде есепші кассир, осында және мәдениет үйінде бас есепші қызметтерін атқарған Күрең ауыл әкімдігінде бас есепші қызметі ашылған соң ауыл әкімдігіне қайтып келеді. Тұрақты қызметке орналасқан соң тұрмысы бір ізге түсті. Бұл кезде балалар да есейіп, ұлдар үйленіп, қыздар тұрмысқа шыға бастады. Әкесі қайтыс болғанда 3 жастағы қыз да үйлі-баранды. Ең үлкен ұлдың отбасындағылардың барлығы жеке кәсіпкерлер. Қызы Толқын күйеу бала Аманкелдімен бірге мектеп асханасында, 10 жылдан бері 10 әйелге жұмыс тауып беріп, бірге жұмыс жасап жүр. Ұлдары Есболат пен Жанболат та жеке кәсіпкерлер. Ал келіндер бюджет саласында жұмыста. Әрине, өмір болған соң адам болжап білмейтін алуан түрлі жағдайлар да қатар жүреді. Тіл-көзден аулақ, 10 баланың әрқайсысының өзіндік мінезі мен түсінігі бар. Оларға келіндер мен күйеу балаларды қосыңыз. Жалғыз келін-баламен сыйыса алмай жүргендерді көріп отырып, 10 баламен арада бір кикілжің болмады десек, өтірік айтқан болармыз. Түсінбестіктер болды. Бірақ ақылды туған ұл-қыздар тегіне тартып, мәселені оңтайлы шешіп отырады. Олар үшін текетірестен гөрі бес күн тірліктегі сыйластық артық. Бүгінде бірін-бірі әбден түсініскен олар ортасындағы алтын діңгек ананың қадірін біледі. Бала-келін, немерелерімен бір шаңырақта тұрып жатқан Күрең де бақытты. «Келіндерім—алтын, күйеу балаларым—бриллиант», деп отырған ананың немересі үйленді былтыр. Алла қаласа, шөбереден үмітті. Шүкір, материалдық жағдайы да жаман емес. Тынымсыз еңбектің арқасында бәрі бар. Сонда да Күреңнің үйде отырғысы жоқ. NCOC компаниясының демеушілігімен ауылдың ортасындағы қоқыс жиналған орынға саябақ салдыртқан еді. Соны жаздыгүні үздіксіз суару үшін пластик құбырлар керек болып тұрған. Өткен жылғы күзде Сорос-Қазақстан қоры «Ең үздік ауылдық бастама» байқауын ұйымдастырды. Әр жеңімпазға берілетін қаражат қомақты да емес, небәрі 150 мың теңге. Есептеп көрсе, пластик құбырлар сатып алып, саябаққа өткізуге жетіп қалатын қаржы екен. Ұзақ ойланарға уақыт жоқ, тездетіп жобасын дайындап, байқауға ұсынып еді, ұтып шыға келді. Бұл да жобасын жүзеге асырып, саябақты «жандандырып» алды. Бұйырса, жаздың ыстық күндері жанның саясы болайын деп тұр. Айналасына жіті көзбен қарап, ізденумен жүретін және әр түрлі бағдарламалардың маңыздылығын бірден тани қоятын пысық әйел жақында тағы бір жетістікке қол жеткізді. Оның әлеуметтік кәсіпорын ашу мақсатында жасаған жобасы Самұрық Қазына ұйымдастырған арнайы бағдарламаның жеңімпазы атанды. Бұл жолы Күрең Сапақызының алдына қойған басты міндеттері—аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз жастарға 3 жұмыс орнын ашу, өңіріміздің байлығы саналатын кефаль балығын ыстап, облыстан тыс жерлерге шығару. - Ыстау аппаратын сатып алып, негізгі жұмысты бастап кеттік,- дейді ол. - Тек балықпен шектеліп қалмай, қосымша мал етінен де ысталған өнімдер, яғни, ысталған құйрық май, қабыртқалар, жылқының жон етінен орама дайындау да жоспарда бар. Алғаш рет ет өнімдерін ыстап, сатуға шығарып көріп едік, 2 сағатта өтіп кетті. Келешекте облыс жәрмеңкелеріне көп көлемде дайындап, шығарамыз бұйырса. Әзірше жұмыс қарқынды жүре қоймағандықтан 2 адамды ғана жұмыспен қамтып отырмыз. Бреуі балық пен етті тазалап, дайындаса, екіншісі ыстайды. Бір жұмысты бітіргенімен дамылдап отыра алмайтын Күрең ауыл ішіндегі жағдайдың барлығынан хабардар. Қолы бос кезде клубтағы шараларға қатысуды да әдетке айналдырған. Сан алуан сауалдарына жауап іздеген тұрғындар алдымен осы әйелге келетін көрінеді. Күрең оларға бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейді. Өйткені ол барлық адамдардың өз құқын ауылда да, қалада да қорғай білгенін, кез-келген жерде жер болмағанын, ұтылмағанын қалайды. Ал ең асқақ арманы — бақытын тауып, ұрпақ өрбітіп отырған жерін туристердің қызығып келетін демалыс орнына айналдыру. Бір әулетті ұйытып, қолға алған ісін тап-тұйнақтай тындырумен жүрген Күрең осынау ізгі мақсатына жетіп жатса, ел берекесінің артуына себеп болары анық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА