Аймақ басшысы Е.Тоғжанов жұмыс барысымен іссапарда болуына байланысты кеше аппарат жиыны облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеевтің басшылығымен өтті. Онда қаралған мәселенің бірі – 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру бойынша инфрақұрылымды дамыту. Бүгінгі таңда аты аталған бағдарлама аясында облыс көлемінде 11 жоба іске асырылуда. Бұл туралы облыстық автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а. Бауыржан Сапа мәлімдеді. Өткен жылы сол 11 жобаның 3-еуі толығымен аяқталған. Атап айтар болсақ, республикалық маңыздағы «Бейнеу – Шетпе», аудандық маңыздағы «Қияқты – Тұщықұдық», облыстық маңыздағы «Ақтау – Қаламқас» және «Таушық – Шетпе» автомобиль жолдары. Ал қалған 8 жобаның 5-еуі 2017–2019 жылдар аралығында іске асырылады деп жоспарланған. Оларға республикалық маңыздағы «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы», «Жетібай – Жаңаөзен», облыстық маңыздағы «Ата жолы», «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала мекені», «Құрық – Порт Құрық» автомобиль жолдары кіреді. «Қалған 3 жоба бойынша айтатын болсақ, біріншісі – облыстық маңыздағы «Ақтау – Қаламқас» және «Таушық – Шетпе» автомобиль жолдары. Құрылыс мерзімі 2018-2019 жылдарға жоспарланған. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 7,8 млн. теңге қаржы бөлініп, су өткізгіш құбырлары сатып алынды. 2019 жылғы жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге қарастырылды. Соны мен қатар республикалық бюджетке 785 млн. теңге қаражат бөлуге өтінім берілді. Одан соң «Ата жолының» 2-кезеңін бастағалы жатырмыз. 2021 жылы толықтай аяқталатын болады. Соңғысы – «Құрық портында паром кешенін салу және әмбебап жүк-жолаушы паромдарын пайдалану» жобасы. Жобаның жалпы құны 96,5 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл ретте паромдық кешен бидай, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, химикаттар және басқа да жүктерді Каспий өңірімен іргелес мемлекеттерге тасымалдауға мүмкіндік береді», – деді Бауыржан Сапа. Жиын барысында өзге де сұрақтарға тоқталып өткен Р.Сәкеев облыс басшысының барлық аудан, қала әкімдеріне берген тапсырмаларын тағы бір қайтара еске салды. «Құрметті әріптестер, осыған дейін облыс әкімі қала, аудан әкімдеріне бірқатар талаптар қойған болатын. Сол талаптарды орындауға міндеттіміз. Барлық аудан, қала әкімдері, оның орынбасарлары және аппарат басшылары, ауыл әкімдері мен оның орынбасарлары міндетті түрде тұрғындарды жеке қабылдап, олардың сапасын арттыру, қабылдау кестелерін қайта қарап, қазіргі таңда кемінде 3-4 рет қабылдауды ұйымдастыруға міндетті. Бекітілген тұрғындарды жеке қабылдау кестелерінің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Әрбір ауыл, аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды айына 1 рет жеке қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын. Облыс әкімінің жанындағы аппарат жиналыстарына әр айдың соңғы аптасында аудан, қала әкімдері тұрғындарды қабылдау жөнінде есеп беруі қажет. Жаңаөзен қаласының әкімдігіне Рахат, Теңге, Қызылсай ауылдарында орналасқан әр үйді, пәтерлерді аралау арқылы, әр отбасының әлеуметтік паспорттарын 1 айдың ішінде жасап шығару керек. Әзірленген паспорттар негізінде әлеуметтік көмекке, баспанаға зәру, мұқтаж отбасыларды анықтап, олардың мәселелерін шешу жолдары бойынша арнайы жоспар жасақтап, дайындауды тапсырамын», – деп Р.Сәкеев облыс басшысының тапсырмасын жеткізді.
Айгүл ОРЫНБАЕВА