Жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған World skills халықаралық жобасы 1946 жылдан бері әлемнің 78 мемлекетінде жүзеге асырылып келеді. 2014 жылы Қазақстанның WorldSkills International халықаралық қозғалысына енуіне байланысты, дүниежүзі елдері мойындаған аталмыш бірлескен жобаны «Кәсіпқор» Холдинг» АҚ Басқармасы төртінші жыл Қазақстанда өткізуді жоспарлаған. WorldSkills International кәсіптік шеберліктің халықаралық чемпионаты екі жылда 1 рет өткізіледі, 2015 жылы Бразилияның Сан-Пауло қаласында, 2017 жылы БАӘ, Абу-Даби қаласында өткен болса, биыл Ресейдің Казань қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Қазақстан кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыру ісінде бұл жобаға 2015 жылы алғаш рет қатысқан болатын. Ондағы мақсат — жұмысшы мамандығын дәріптеу, жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру, өндіріс орындарындағы жас мамандардың, мектеп оқушыларының, студенттердің, ата-аналардың, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру. Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі жұмысшы мамандығының «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионатына 2016 жылы «Аспаздық ісі», «Киім үлгілеу», 2017 жылы «Аспаздық ісі», «Киім үлгілеу», «Кондитерлік іс», былтыр «Аспаздық ісі», «Киім үлгілеу», «Кондитерлік іс», «Графикалық дизайн», «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттіліктері бойынша қатысып келді. Ал биылғы ақпан айының соңында осы оқу орыны өңірлік чемпионатқа «Аспаздық ісі», «Киім үлгілеу», «Кондитерлік іс, «Графикалық дизайн», «Ұлттық тағамдар», «Киім үлгілеу (DeаfSkills)» құзыреттілік бойынша қатысты. «WorldSkills Atks» атты колледжішілік және «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионатының құрамдас бөлігі негізінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының есту және сөйлеу қабілеті нашар студенттері арасында «Киім үлгілеу» аталымы бойынша өткен «DeafSkills» кәсіби шеберлік чемпионаты ерекше болды. Оған «Ақтау саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы, Маңғыстау облыстық білім басқармасы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернат, облыстық техникалық және кәсіптік білім берудің оқу-әдістемелік кабинетінің қызметкерлері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері және студенттері, әлеуметтік әріптестер, ата-аналар мен мектеп оқушылары қатысты. Колледж директоры Өтеген Қайырбаевтың айтуынша, биылғы оқу жылынан бастап мұнда есту және сөйлеу қабілеті нашар балалар аспаз мамандығына оқытылады. Келешекте мүмкіндігі шектеулі жастарды оқыту аясы кеңи түспек. Осы мақсатта колледждің 16 мұғалімі ымдау тілін оқып, меңгерген. - Біздің мақсатымыз — есту қабілеті бұзылған жастарға сапалы кәсіби білім мен жұмыспен қамтуға көмектесу, - деді Өтеген Тілегенұлы. - Ерте кәсіби бағдарлау жүйесін, оқытудың жаңа технологияларын, мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмысқа орналастырудың тиімді жүйесін құру. Жеңімпаздарымыз облыстық чемпионатқа қатысатын болады. Чемпионат сәтті өтіп, Deafskills жеңімпаздары анықталған кезде әділқазылар шешімімен 1-орын Әйгерім Ғабдуллинаға бұйырды. Ал Шарайна Байболова жүлделі 2-орынды иеленсе, 3-орын Ақжарқын Жеткербаеваның еншісіне тиді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73955,73957,73956,73954"]