Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. Мақала «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұрады. Мақалада Елбасы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған. Сонымен қатар аталған екі бөлім атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, Қазақстан –алма мен қызғалдақтың отаны, архив – 2025, ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің генезисі, ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі атты тақырыпшалардан тұрады. Мақалада Елбасы төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтерді. Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынды. «Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек. Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет» делінген мақалада. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру керек екенін айтып өтті. Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Яғни рухани және материалдық мұраларын өзге жұрт тасып әкеткен, жоғалтқан замандар болды. Осы күнге дейін халқымыз соны түгендеу, іздеумен келеді. «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр», – деп жазады президент. Ежелгі дәуірден қазіргі Заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы тарихты түгендеуге үлкен мүмкіндік туғызады.
Бауыржан ЕЛЕМЕСОВ, Маңғыстау облыстық тергеу сотының төрағасы