Жасы ұлғайған шағында тағдыр талқысына түсіп, әр қилы себептермен қарттар үйіне келіп қалған қариялардың көңіл-күйі отбасындағыдай болмасы анық. Келген-кеткенге жәутеңдей қарап отыратын қарттардың жағдайын біліп, көңілдерін аулау үшін мұнда көптеген қайырымды жан келіп, қолынан келген көмегін көрсететіні бар. Cенбі күні Маңғыстау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде тағы бір қайырымдылық шара өтті. Оны «Добряки Актау» клубы ұйымдастырды. Ата-әжелерге арнап кең дастархан жайған клуб мүшелері мерекелік концерт, шоу бағдарлама да ала келіпті. Сондай-ақ ақ шашты аналардың әрқайсысына жеке сыйлықтар да үлестірді. - Клубтың ашылғанына онша көп уақыт болмаса да, біраз шаралар өткізіп жатырмыз,-деді клубтың әкімшісі Сабина Бисембаева. - Әртістер де көмек қолын созып, тегін өнер көрсетеді. Дастарханға қоятын тағамдардың көбісін қайырымды ақтаулықтар пісіріп әкеледі. Рахмет оларға. Сол күні түрлі ұлттардың өнерін паш етіп жүрген «Хает» ансамблі әр ұлттың биін билеп, қарияларды бір серпілтті. Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің мәдени шараларды ұйымдастырушысы Ақжамал Таңатованың айтуынша, бүгінде мұнда 100 адам тұрады. - Қарттардың жасы шамамен 60-90 аралығында, - деді Ақжамал Шәріпқызы. - Дегенмен, күтім жасайтын ешкімі жоқ мүгедектерді де қабылдаймыз. Бізге қайырымдылық шаралармен келіп, қарттарымызды қуантатын азаматтарға алғысымыз шексіз. Еш мереке бос өтпейді. Мейрам болмаса да осында келіп, дастархан жайып, сыйлықтарын беріп кететін ұйымдар мен жеке азаматтар аз емес. Солардың арасынан өте жиі келіп тұратын Мұнайлы аудандық «Ар-Рахман» және «Миғраж» мешіттерінін қызметкерлерін ерекше атап өтер едім. Барлығы да мол сауапқа кенелсін. Жүрекжарды тілектерін қариялар да айтып тауыса алар емес.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА