©
Аурудың жақсысы жоқ. Дегенмен, біреуден екінші адамға жұғып, соңы қатерлі кеселге ұласып кететін қауіпті аурулардан абай болған абзал. Жақында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жанетта Керімбаевамен осы тақырыпта әңгіме өрбіткен едік.
- Менің түсінуімше, гепатит - түбі бауырды зақымдайтын дерт. Алайда мұның қалай дамып, қандай жағдайға ұласатыны жайында көп біле бермейтініміз шындық.
- Біздің қоғамда адамдар өз ауруы жайлы айтқанды ұнатпайды. Оның бір себебі айналасындағыларға дімкәс болып көрінуден сақтану болса, екіншіден, орынды-орынсыз сұрақтардан қашқақтау. Соның салдарынан проблема айтылмай, жабулы күйі қалады да, содан соң «ауруын жасырған өледінің» кері келеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарында вирусты гепатиттен туындаған өткір инфекциялар, цирроз сынды бауыр аурулары 890 мың адамның өмірін қиды. 2013 жылы бұл көрсеткіш 1,45 миллионға жетті. Мұның бәрі гепатитті қауіпті дерт ретінде мойындамаудан, көпшіліктің бұл ауру жайлы көп біле бермеуінен болады. Сондықтан жұртшылықтың бұл дерт жөнінде сауатын арттырудың маңызы зор. Гепатит - бауырдың қабынуы. Оның A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Ең қауіптісі – Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиын. Сырқаттардың 90 пайызы өткір гепатитке шалдығады. Мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Алайда емделіп шыққан пациенттің бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Сарғаю – гепатиттің айқын әрі көпшілікке жақсы таныс белгілерінің бірі. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе, жасушылардың орнында ешбір қызмет атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.
- Бұл жөнінде статистика не дейді?
- Әлемдік статистикаға сүйенсек, дүние жүзінде 250 миллионнан астам адам В гепатиті вирусын жұқтырған болса, тағы 71 миллион адам С гепатитімен ауырады. Сары аурудан болатын өлім-жітімнің 96 пайызына гепатиттің дәл осы екі түрі себепкер. 2017 жылы Қазақстанда 70 мыңға жуық адам гепатит жұқтырған болса, оның 5147-сі ауруды жаңадан жұқтырғандар. Ал Маңғыстау облысы бойынша 2017 жылы 108 бала, 19 жасөспірім мен 2 906 ересек адам гепатит жұқтырған. Оның 182-сі ауруды жаңадан жұқтырғандар. А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, тазалық сақталмағандықтан, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. Бірақ бұл ауруды нашақорлар немесе жыныстық қатынас кезінде сақтанбайтын адамдар ғана жұқтыруы мүмкін деген сөз емес. Егер дұрыстап зарарсыздандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Тазалық сақтаған жағдайда вирус тұрмыстық жолмен таралмайды. Сондай-ақ В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал. Imperial College London және University of Washington ғалымдары вирусты гепатиттің өлім-жітім бойынша безгек, АИТВ/ЖИТС және туберкулезден кем түспейтінін дәлелдеді. Ғалымдар 1990-2013 жылдар аралығында, яғни 23 жыл бойы әлемнің 183 елінен мәлімет жинақтаған. Осы уақыт ішінде бауыр ауруынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 63 пайызға өскен. 1982 жылдан бастап дүние жүзінде В гепатитіне қарсы 1 миллиард доза вакцина салынған. Соған қарамастан одан болатын өлім саны азаймай отыр. Ал зерттеу жұмыстарына жұмсалған инвестиция мен күштің арқасында туберкулез бен АИТВ/ЖИТС-тен болатын өлім-жітім азайып келеді. 2013 жылы әлем бойынша ЖИТС-тен 1,3 миллион, туберкулезден 1,4 миллион, безгектен 855 мың адам көз жұмған. 2000-2016 жылдар аралығында АИТ вирусын жаңадан жұқтырғандар саны 39 пайызға, одан болатын өлім-жітім де едәуір қысқарған. Ал, гепатиттен 2013 жылы 145 миллион адам көз жұмыпты. Кей мамандардың айтуынша, гепатиттің беті қайтпауының бір себебін қаржының тиісінше бөлінбеуімен байланыстырады.
- Жанетта Нұрбергенқызы, аурудың қайсысы болмасын, оның алдын алсаң ғана одан сақтануға болатыны белгілі. Гепатиттен да сақтанудың жолдары бар шығар?
- Әрине, жолы бар. «Сақтансаң, сақтайды» деген. Шыны керек, біздің қоғамда гепатитті нашақорлар мен коммерциялық секспен айналысатындардың ауруы деп есептейтіндер аз емес. Мәселені отбасы, ошақ қасынан шығарғысы келмей, жасырып ұстайтындар қарасының азаймауы сондықтан. Жалпы бұл аурудың тырнағына кез-келген адам ілігуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы бақуатты, дамыған елдерде тұратын азаматтардың ағзасы керісінше, вирусты тез қабылдауы мүмкін. Сондықтан «сақтықта қорлық жоғын» естен шығармаған жөн. Ол үшін қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтаңыз. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алыңыз. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез-келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған дұрыс. Бірақ кейде гепатит адами факторға қатысы жоқ беймәлім жағдайларда да таралуы әбден мүмкін. Оған 1988 жылы азық-түлік пен ауыз судың ластануы салдарынан 300 мың адам сары ауру жұқтырған Шанхай оқиғасын мысалға келтіруге болады. Дегенмен, сақтықты көпшілік жиналатын орындардан, науқастардан іргені аулақ салу деп түсінбеген жөн. В гепатиті бассейн арқылы, сүйіскенде немесе құшақтасқанда, сондай-ақ ортақ ыдыс-аяқ арқылы жұқпайды. Әр адам вирустан қорғанудың негізгі жолдарын білуі тиіс. Таза ауыз су қолданып, жеке гигиена талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өткім келеді. Тазалыққа, соның ішінде зарарсыздандырылған шприц, ұстара және медициналық отаға арналған құралдардың тазалығына жіті мән беру керек. Жыныстық қатынас кезінде де сақтануды ұмытпау. Гепатиттің алдын алудың тағы бір сенімді жолы — иммундау. Вакцина егу керек пе, әлде жоқ па? Негізі екпеге қарсылық білдіріп жүргендер вакцина құрамында балаларды аутизм, диабет, склероз, бедеулік сынды ауруларға шалдықтырып, зейін қою қабілетін төмендететін заттар барын алға тартады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Вакцина ағзаның қорғаныс жүйесін белгілі бір аурудан немесе инфекциядан қорғауға жұмылдырады. Иммундау халық денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпе егу шарасын денсаулыққа салынатын тиімді инвестиция деп таныды. Қазақстанда жаппай екпе егу нәтижесінде соңғы 25 жылда В гепатитімен ауыратын балалар саны 1234,5 есе, ересектер арасында аурудың таралу көрсеткіші 311,5 есе азайған.
Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. Өкінішке орай, олардың бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі. Ал С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ. Бүгінде мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету арқылы гепатиттің алдын алу үшін тиісті мүмкіндіктер жасауға жағдай жасалуда. Сөзімнің соңында тағы да қайталап айтамын, әр азамат өзінің жеке гигиенасына мұқият қарауы керек. Уақытында вакциналарды алып, денсаулыққа зиянды әдеттерден арылып, дұрыс тамақтану дәстүріне бет бұру өз қолымызда екенін ұмытпайық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА