Маңғыстаулық мамандар шырмауықтай шырмалған бедеулік дертін қалай шешуде? Белең алған дерттің басты себептері мен шешілу жолы қандай? Облыста бала сүю бақытын аңсап жүрген қанша отбасы бар? Осы және өзге де сауалдарға облыстық «Ана мен бала» орталығының акушер-гинекологы Жұлдыз Жеткербайқызы жауап берді. – Жұлдыз Жеткербайқызы, соңғы уақытта бедеулікті «ХХІ ғасыр дерті» деп атап жүр. Жалпы бедеулік дегеніміз не? – Расында да ұрпақ сүйетін жастағы қыздар мен жігіттердің бедеулік дертіне тап болуы өзекті мәселе. Бұл жайт тек жекелеген отбасыларды ғана емес, қоғамдық ұйымдарды да, мемлекеттік денсаулық сақтау саласының мамандарын да алаңдатып отыр. Бедеулік – репродуктивті жастағы отбасының нәрестелі болмауы. Оны екі түрге бөлеміз. Мысалы, біріншілік және екіншілік бедеулік. Отбасы құрған соң жас келіншек бір жыл көлемінде өздігінен жүкті болмаса, мұны «біріншілік бедеулік» дейміз. Ал "екіншілік бедеулікте" ерлі-зайыптыларға бірнеше жылдан кейін екінші рет бала сүю бақыты бұйырмайды. Бұл күндері аталған екі бедеулік түрі бойынша да ақ халаттылардан ақыл-кеңес сұраушылардың қарасы қалың. – Түсінікті. Енді бедеуліктің белең алуына себеп болған факторларға тоқталыңызшы? Басты себеп не? – Бедеуліктің туындауына бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтқанда, жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғатын инфекциялардың (хламидиоз, кандида, гонорея, трихомонада және т.б) жиі таралуы. Гормондық бұзылыстар, бірнеше рет жатырішілік хирургиялық оталар (жасанды түсік, емдік және диагностикалық мақсатта жатырлық хирургиялық оталар), сондай-ақ созылмалы жамбас астауының қабыну аурулары, жатыр миомасы, эндометрия полипі, эндометрия гиперплазиясы, жатыр эндометриозы, жатырішілік жабысқақ сынды аурулар бедеулікке себеп болады. Бедеулік тек әйел денсаулығына қатысты емес. Қазіргі таңда ерлер арасында да бедеулік өршіп тұр. Оған себеп паротит және урологиялық ауруларының созылмалы простатит диагнозына алып келуі. Соның әсерінен еркек ұрығының сапасы төмендейді. – Жұлдыз ханым, бедеулікке кейде күйзеліс себеп болады дегенді жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас? – Әйел организмінің репродуктивті қызметі ми қыртысы жүйесі, гепоталамус-гипофиз жүйесі, аналық бездік және жатырлық жүйелерге байланысты. Сондықтан сыртқы ортаның және кез келген психологиялық (стресс, депрессия, қайғылы жағдай) өзгерістер мен айтып өткен жүйелерге әсер етеді. Мұның өзі бедеуліктің туындауына кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Мәселен, халқымыз жаңа түскен келіннің аяғы ауыр болғанын күтіп, ұрпағының жалғасын көргісі келеді. Күткені уақытында орындалмаса жас әйелге тағы да уайым емес пе? Ал отбасыда ер адамға бедеулік диагнозы қойылса да әйел затын кінәлауды тоқтатар емес. Мұның өзі әйелдің ішкі жан-дүниесінің конфликтісіне себеп. Осылайша қыздар артық ойлардан өзін шаршатып алады. Жүкті болмаған жағдайда өзін кінәлі сезінуі де санаға ауыртпашылық. Кейде отбасының ауыр жағдайы мен қысымы, әлеуметтік жағдайының нашарлығы да әйел затының жүкті болу не болмауына әсер етеді. [caption id="attachment_80729" align="alignnone" width="1024"] Сурет сұхбат берушінің архивінен[/caption] – Мұндай жағдайда науқастарға қандай көмек көрсетесіздер? – Алдымен ерлі-зайыптылардың бірге келуін өтінеміз. Себебі екеуіне бірдей кеңес бергеніміз дұрыс. Бедеулік мәселесімен тек бір адам ғана күреспеуі керек. Отбасы болып тығырықтан шығатын жол іздеп, екі жас бір-біріне демеу болса, аурудан айығу оңайға соқпақ. Ең бастысы – екі жастың сенімі мен үміті жоғалмауы. Әрі қарай медицина мамандары қажетті көмекті береді. – Жұлдыз Жеткербайқызы, енді Маңғыстау облысындағы бедеулік жағдайына тоқталсаңыз. Статистика не дейді? - Маңғыстау облысындағы бедеуліктің жалпы көрсеткіші қазір қолымда жоқ. Сондықтан еліміз бойынша нақты ақпаратқа тоқталайын. Жалпы Қазақстанда жылына 150-160 мың неке тіркелсе, соның 20 мыңнан астамы бедеулікке шалдығады. Демек, жыл сайын құрылатын әр сегізінші отбасыға бедеулік диагнозы қойылады. ЭКҰ (экстрокорпоралды ұрықтандыру) қажет ететін отбасылар саны - 40 пайыз. Ерлер арасындағы бедеулік 30-35 пайызды құраса, әйелдер арасындағы бедеулік 40 пайызға тең. Ал әйел мен еркектің бірлескен бедеулігі 25 пайыз. Мұнан өзге, белгісіз себептермен бедеулікке тап болғандар көрсеткіші 10 пайыз. Жалпы 6 пайыз импотент жағдайындағы бедеулік. – Жұлдыз ханым, өзіңіз қызмет ететін гинекологиялық бөлімшеге келетіндер көп пе? – Облыстық перинаталдық орталықтың эндоскопиялық реконструктивті гинекология бөлімшесінде жұмыс істеп жүргеніме бір жарым жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында 996 әйел гинекологиялық аурумен оталық көмекке жүгінді. Соның ішінде 101 әйелге бедеулік мәселесімен оталық ем жүргізілді. Айта кетсем, 57 әйел жатыр түтігі бедеулігіне, 3 әйел ер адамның бедеулігіне ота жасатты. Ал аналық без бедеулігіне 7 әйел, жатыр бедеулігіне 8 әйел, сондай-ақ жатырлық және түтіктік бедеулікке 7 әйел, ал бедеуліктің белгісіз түрімен 19 адамға ота жасалды. – Орталықта бір жыл ішінде 101 әйелге бедеулік мәселесі бойынша ота жасалды дедіңіз. Бұл көрсеткішті қалай түсінеміз? Аз ба, әлде...? – Біз үшін бұл көрсеткіш айтарлықтай көп. – Көбінесе қай жастағы адамдар осы дертке шалдыққан? – 25-42 жас арасындағы адамдар бедеулік дертіне шалдыққан. Өзіңіз білесіз, бұл дерт деңдеп, жыл өткен сайын жасаруда. Еліміз бойынша 35 жастан жоғарғы бедеулік 39 пайызды құрады. Инфекциялық себептерден пайда болған бедеулік 44,2 пайызды көрсетіп тұр. Бұл жай көрсеткіш емес. – Жұлдыз Жеткербайқызы, шырмауы қиын мәселені маңғыстаулық мамандар қалай шешуде? – Әуелі емханадағы дәрігерлер бедеулік диагнозы бар келіншектерді уақытында тіркеуге алып, бағыт-бағдар берсе мәселені шешу оңайға соғады. Бұл орайда емхана жұмысының жылдамдығы мен жүйелілігі маңызды. Тек дәрігерлер ғана мәселенің шешімін таппауы керек, халық та өз сауатын жетілдіру арқылы денсаулығына күтім жасаса жақсы көрсеткішке қол жеткізер едік. Гинекологиялық бөлімшеге жатырдың түтіктік бедеулігімен келетін әйел көп. Оларға хирургиялық гистероскопия, лапароскопия сынды ота жасау арқылы көмек береміз. Алайда бұл процестің науқасқа берер мүмкіндігі 50/50 екенін ескертеміз. Егер жатыр түтігіне су жиналса, онда жүкті болу мүмкіндігі екіталай. Себебі су жиналған жатыр түтігі өз жұмысын тоқтатады. Оны алып тастау керек. Өйткені мұндай жатыр түтігімен 10 жыл жүрсе де бала көтермейді. Сондықтан көп жағдайда жатыр түтігін алып тастап, ЭКҰ-ға (экстрокорпоралды ұрықтандыру) жүгінуге кеңес береміз. [caption id="attachment_80731" align="alignnone" width="1024"] Сурет сұхбат берушінің архивінен[/caption] – Экстрокорпаралды ұрықтандыруға мемлекет тарапынан қандай көмектер бар? ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек? – Қазақстанда бедеулік мәселесімен айналысатын клиникалар саны артуда. Қазіргі таңда жасанды ұрықтандыру (ЭКҰ) орталығының саны көп. Тіпті ЭКҰ орталықтарына мемлекет тарапынан тегін квота бөлініп, бедеуліктің алдын алу үшін көмек береді. Әр қалаға квота саны көрсетілген мәлімет келеді. Жыл сайын республикадан репродуктолог дәрігерлер кеңес беруге келеді. Квота алу үшін емханаға талдау тапсырып, қорытындысы шыққаннан кейін Денсаулық сақтау басқармасы мамандары бірлесе шешеді. Мұндай жағдайда міндетті түрде нәрестесі жоқ, біріншілік бедеулік диагнозы бойынша кезекте тұрған әйелдер экстрокорпаралды ұрықтандыруға жолдама алады. – Қазіргі таңда бойжеткеннің тұрмысқа кеш шығуы немесе гормондық препаратты қолдануы қаншалықты қауіпті? Жүктілікке кері әсерін тигізуі мүмкін бе? – Әрине. Бойжеткен болашақ жарын жолықтырса, уақыт оздырмай тұрмысқа шыққаны дұрыс. Қыздың жүкті болуы үшін аналық жыныс безі басты маңызға ие. Аналық безі қартайғанша жұмыс жасай бермейді. Ол да өз белсенділігінен жас ұлғайған сайын айырыла бастайды. Түсінікті болу үшін айтайын, 35 жастан әрі қарай аналық жыныс безі өз қызметін тоқтата бастайды. Жалпы фолликулдер саны азаяды. Маман ретінде бойжеткеннің кеш тұрмыс құрғанын құптамаймын. Ал гормондық препараттарды қабылдау арқылы бала тууды тежеу организмге өз зиянын тигізбей қоймайды. Сырттан гормон түсіп жатқандықтан аналық жыныс безі өзінің физиологиялық гормонын тоқтады. Бұл «ана боламын» дейтін қыз-келіншектерге аса қауіпті. Гормондық дәрілерді тек қана дәрігердің нұсқауымен емдік мақсатта қолдануды ұсынар едім. – Жалпы жастар бедеуліктің зардабын тартпас үшін нені ескеруі керек? – Жастар сезім жетегіне еріп, сан соқтырар қадамға бармауы үшін, репродуктивті денсаулыққа назар аударып, сауатын әрдайым арттырып отырғаны жөн. Қазір жасанды жолмен түсік жасатамын деп бала сүю қабілетінен айырылып жатқан қыздар көп. Міне, осы себептен де жастар жоспарсыз ерте жүктіліктен сақтанғаны жөн. – Жұлдыз ханым, салмақты сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Ота кезіндегі суреттер сұхбат берушінің архивінен