Рамазан - әдеп пен тәрбие айы
[ 2019 ] 29 сәуір, 06:53 | Сұхбат
Өзін мұсылман санайтын әр адам үшін қасиетті де мейірімге толы ерекше қуанышты ай, бүкіл айлардың сұлтаны Рамазан айы келіп қалды. Күллі мұсылман ораза ұстап, құлшылықпен өткізетін және барлық игі амалдар еселенген сауаптарымен қабылданатын бұл ай биыл мамыр айының 6-да кіреді. Осынау қастерлі күн қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңіріміздегі өкіл имамы, орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сүйерқұлұлы СЕЙТБЕКОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсіп, оразаның маңызы жайында әңгімелеуін өтінген едік.
- Рамазан оразасы—Исламның бес парызының бірі. Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбарымыз: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа тәңірі жоқ екеніне, Мұхаммед Алланың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару», деген болатын (Бухари, Иман 34). Ораза тұту ғибадаты бұрынғы өткен қауымдарға да парыз болған. Бұл жайында Құранда былай делінген: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара сүресі, 183 аят). Шынында, ораза ұстау тек құлшылық қана емес, адамға тигізер пайдасы да бар. Мысалы, адамның нәпсісін тәрбиелеп, сабырлылыққа үйретеді, аштықпен күн өткізген өзгелердің бір сәт болсын басынадағы қайғысын сезіндіреді. Рамазан айы кіргенде Жаратушымыздың пендесіне деген рахымы еселенеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Рамазан айы кіргенде жәннәт есіктері ашылып, жәһәннәм есіктері жабылады. Шайтандар шынжырланады» деген хадисі бар (Бухари риуаяты). Жәннәттың есіктерінің ашылуы—Алла тағаланың мейірімінің түсуі. Ал тозақ есіктерінің жабылуындағы мақсат—жаманшылықтардың азаюы. Шайтандардың шынжырлануы—адамды бұрынғыдай азғырудың шектелетіні. Алла Тағала адам баласы істеген әр жақсы амалына он сауап жазатын болса, ораза ұстағандығы үшін шексіз сауаптар жазады. Алланың ораза ұстаған пендесіне о дүниеде беретін тағы бір сыйы—жәннәтқа Райян атты есіктен кіргізетіні. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жәннәтта Райян атты бір есік бар. Қиямет күні осы есіктен текқана ораза ұстағандар ғана кіреді...» (Бухари риуаяты).
- Жасыратыны жоқ, арамызда оразаны арықтау немесе денсаулығына пайдалы болғаны үшін ұстайтындар да бар. Ораза ұстаудың шарттарына қысқаша тоқталсаңыз.
- Рас, ораза ұстаған кісінің денсаулығы да жақсы болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ораза ұстаңыздар, денсаулықтарыңыз жақсы болсын». Алайда ораза диета ниетімен ұсталатын болса, оның сауабы болмайды. Өйткені, ораза—денсаулық мықты болсын деп емес, бір Алланың разылығы үшін жасалтын құлшылық. Алла разылығы үшін нәпсісін тыйып, ішіп-жеуді тоқтатқан, аузы берік кісі жөнсіз әрі орынсыз сөз сөйлеуден, өзгенің ісіне араласудан сақ болуы керек. Тіпті біреу келіп тисіп яки тіл тигізіп, әдепсіздік жасаса: «Менің аузым берік» деп кері бұрылып кеткені жөн. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Ораза бір қалқан. Аузы берік кісі жаман сөз айтпасын, аузы берік кісі өзіне тиіскен адамға «менің аузым берік» десін. Жаным құдірет иесінің қолында болған Аллаға ант етемін, аузы берік кісінің аузынан аштықтан шыққан иіс Алла қабатында миск (жұпар иіс) исінен де жағымды болады» (Бухари риуаяты). Осылардың бәрі—оразаның қасиеті. Ораза ұстау үшін біріншіден, мұсылман болу шарт. Екіншіден, балиғат жасына толған, ақыл-есі сау болуы керек. Ал балиғат жасына толмаған балалар мен ақыл-есі кем адамға ораза парыз емес. Сондай-ақ ораза ұстауға күші жетуі және сапарда болмағаны дұрыс. Шариғат бойынша науқастар мен жолаушыларға ораза ұстау парыз емес. Дегенмен, шамасы келсе, ұстаған оразалары қабыл болады. Біреу науқас немесе сапарда болып, ораза ұстай алмаса, басқа күндері сол ұстай алмаған қаза оразаларын өтеуі тиіс. Хайыз (етеккір), нифас (босанған әйел) кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиуі мүмкін болған жүкті әйелдер мен бала емізген әйелдерге де ораза парыз емес. Олар ұстай алмаған оразаларының қазасын кейінірек өтейді. Ораза ұстаушының оразаға жүрекпен ниет етуі жеткілікті. Ниетін тілімен айтып жеткізсе, абзал болады. Ауыз бекіту үшін сәреге тұрудың өзі ниет орнына саналады. Себебі сіз басқа нәрсе үшін емес, ораза ұстау үшін ұйқыдан ерте тұрдыңыз ғой. Оразаға: «Я, Алла! Сен үшін мүбарак рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім», - деп ниет етеді.
- Ауыз бекіткен кісілер 30 күн бойы тұтқан оразасын бұзып алмауы немесе оның сауабынан мақрұм қалмауы үшін қандай істерден бас тартуы керек? Қандай жағдайда ораза бұзылмайды?
- Ораза ұстаған кісіге мәкрүһ немесе күнә болған іс-әрекеттер мыналар:
Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау–мәкрүһ. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Астың дәмін татқан уақытта оның тамаққа кетпеуі шарт.
2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану–мәкрүһ.
3. Дәрет алған кезде ауызға су алып жұтқыншаққа дейін шаю және мұрынға суды қатты тартып қолдану мәкрүһ.
4. Тәттісі кетпеген сағызды шайнау оразаны бұзады. Ал тәттісі кеткен, шайналған сағыз шайнау-мәкрүһ.
5. Рамазан айында қатты ыстықта салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну–мәкрүһ.
6. Аузы берік кісінің жүніп (төсек қатынасы) болып, жуынбаған күйінде таң атыруы оразаға зиян емес.
7. Аузы берік жанның гүл мен иіс суды иіскеуіне болады.
Ал оразаны бұзатын жағдайлар:
Емделу мақсатында денеге бір нәрсе кірсе немесе кессе, яки жараға дәрі құйса ораза бұзылады. Ондай жағдайда оразаның қазасын өтеу керек.
2. Дәрет алып жатқан кезде байқаусызда тамағына су кетіп қалса, оразасы бұзылады. Кейін қазасын өтеу керек.
3. Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды.
4. Егер ораза екенін ұмытып ішіп-жеп қойса, есіне түсіп тоқтатса, оразасы бұзылмайды, оразасын жалғастыру қажет.
5. Аузы берік адам өз қалауымен ауыз толтырып құсса, ораза бұзылады. Мұның қазасын кейін өтеу керек.
6. Ауаға жайылған түтін, шаң оразаны бұзбайды. Көзге сұйық дәрі тамызса, ораза бұзылмайды. Мұрын мен құлаққа тамызса бұзылады, қазасы өтеледі.
7. Ораза кезінде укол салдыру мен дәрі ішу де оразаны бұзады.
8. Аузы берік қыз-келіншектерге помада қолдануына болмайды.
Ал оразаның қазасымен қатар жазасы да өтелетін жайттар мыналар:
Аузы берік бола тұра себепсіз ішіп-жеу, темекі шегу, су ішу оразаны бұзады. Бірақ тамақты аузына салып, шайнағанмен жұтпай түкіріп тастаса, оразасы бұзылмайды.
2. Аузындағы жаңбыр тамшысын, ауыз шайып жатып, су тамшысын әдейі жұтса оразасы бұзылады.
3. Аузы берік жанның күндіз зайыбымен жақындасуы оразаны бұзады.
Оразасын әдейі бұзғаны үшін сол бұзған күнінің қазасын өтейді және әдейі бұзғанның жазасы ретінде екі ай қатарынан үзбей ораза ұстауы керек. Оған шамасы жетпесе, 60 жоқ-жітікті тойдыруы қажет. Кей адамдар ораза кезінде түкірік жұтуға болмайды деген жаңсақ түсінікке сенеді. Бұл дұрыс емес, түкірік жұту оразаны бұзбайды. Әтір себуге, миск қолдануға, гүл мен әтір секілдіні иіскеуге және сүрме жағуға да болады.
- Оразадан кімдер босатылатынын және мұның қазасы қалай өтелетінін айтсаңыз.
- Жасы ұлғайып, кәрілік жасқа жетіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға және айықпас дертке, туберкулез, қант диабеті, онкологиялық сияқты созылмалы ауруға шалдыққандар ораза ұстаған жағдайда денсаулығына зиян келетін болса, ұстамай-ақ қояды. Бірақ ұстай алмаған әр күні үшін бір жарлыны тойдыруы тиіс. Яғни, 30 күн ораза үшін 30 жарлыны таңертең, кешке тамақтандыруы қажет немесе бір күндік тамағына жететіндей ақшаны есептеп, 30 күн үшін пидия етіп беруіне болады. Ал бұлай жасауға шамасы келмеген жандар Алладан кешірім тілейді.
- Сонда күніне қанша теңгеден есептеген дұрыс болмақ? Және күнде таңертең, кешке тамақтау үшін бір міскінді қайдан тауып отырады? Мұның басқа жолы бар ма?
- Иә, бұл сұрағыңыз орынды. Оның үстіне өзі денсаулығы жоқ адамға бұл оңай тимейді. Біздің Ақтаудағы азық-түлік бағасына қарай есептеуіміз бойынша бір адамның таңғы асына шамамен 800, ал кешкі ауызашарға 1500 теңге жұмсалады екен. Сол ақшаны мешіттердегі жағдайы төмен адамдардың тізімін алып, сол адамдарға таратып берсе де болады. Сонымен қатар Рамазан айында әр адам беруі тиіс пітір садақа бар. Оның мөлшері жан басына 300 теңге болып бекітілген. Ол үшін арнайы нисап мөлшері жоқ, күнін көре алмай отырған пақырдан басқалар пітір садақасын беруі керек.
- Пітір садақасы дегеннен шығады. Кейбіреулерден пітірді мешітке бермеңдер, дегенді естіп қалатынымыз бар...
- Иә, соңғы 1-2 жылдан бері әлеуметтік желілерден белгісіз біреулер Рамазан айы басталарда имамдарға тіл тигізіп, пітір садақаны мешітке бермеуге үгіттеген хабарламалар таратып жүр. Олардың мешіттерге, имамдарға қандай өкпе-назы бар екені белгісіз, әйтеуір қара күйені аямай жағып жатыр. Мен барша азаматтарға айтарым, пітір садақасын кімге берсе де әркімнің өз қалауы, мешітке беру міндет емес, тек ешкімге жазықсыз жала жаппаса екен. Егер шынымен де жағымсыз жайттар орын алған болса, бізге нақты қай мешітте, қашан болғанын дәлелмен айтсын. Біз оны жан-жақты тесеріп, ақ-қарасын анықтауға дайынбыз. Мұсылман кісінің біреуді, әсіресе, мұсылман бауырын жазықсыз қаралап, тіл тигізуі кез келген уақытта сол қаралаушы адамның өзі үшін күнә. Ал қасиетті Рамазан айында мұсылман емес жандардың да үстінен жағымсыз сөз айтуға, өсек-аяңға, зұлымдық істеуге тиым салынғанын естен шығармайық. Ең болмаса осы айда, 30 күн бойы артық-ауыс сөзден аулақ болайық. Алланың хақ дініне сөз келтіріп, ағайын арасында діни алауыздық тудыратын әрекетке бару арқылы жастарымызды жат ағымдарға өз қолымызбен жетелеп апаратынымызды ескерейік. Ата-анасы, туыстары мешітті жамандап отырса, Ислам атын жамылған секталардағылар да дәстүрлі дін бағытындағы мешіттерге, имамарға қарсы уағыз айтса, балалар соларға иланбағанда қайтеді? Осыдан басқа ештеңе ұтпаймыз.
- Жан-жақтан неше түрлі ағымдар қаптап тұрған кезде мешіттеріміздің көп болуы—болашақ ұрпаққа ата дінімізді таза күйінде тапсыруымызға себеп болары сөзсіз. Ақтау қаласы күн санап үлкейіп барады. Мысалы, 29-шағын ауданнан ары қарай қаншама ел қоныстанды. Сол жақта мешіт салу жоспарда бар ма? Тым болмаса Рамазан айында еліміздің астанасы мен кейбір қалаларындағыдай бізде де тарауыққа баратындар үшін автобус жүретін болса, бұл да ата дінімізге араша түсудің бір шарасы болар еді.
- Бұл да бізді мазалап жүрген проблеманың бірі. Жоғарғы шағын аудандарда мешіт салу мәселесі бойынша Ақтау қаласының әкімдігінде болдым. Бүгін-ертең нақты шешімі бола қоймағанымен, келешекте жүзеге асады деген үміт бар. Тұрғындардан сұраныс түсіп жатса, әрине, мешіт те салынады бұйырса. Ал тарауық кезінде кешке жаңа шағын аудандардан жүретін автобус шығару мәселесі де Алла разылығы үшін қолға алған азаматтарға аса қиын шаруа емес. Бұл да ойымызда бар. Айта берсек, мәселе көп. Дегенмен, айтып, ескерту менің міндетім болғандықтан, жерлестеріме тағы бір өтінішімді жеткізгім келеді. Шыны керек, Алла тағаланың ораза ұстауды парыз еткенін барлық мұсылмандар біледі. Сөйте тұрып, ораза тұтуға асықпайтындар бар. Сол кісілерден өтінеріміз, қасиетті айда ораза ұстамаса да, мұсылман адамның Рамазан айына деген құрметі ретінде аузы берік кісілердің жанында ас-су ішпесе екен. Темекі тартатын, насыбай ататын болса да ораза ұстаған адамнан аулағырақ кеткені дұрысырақ. Алланың бұйрығын орындамай, күнә көтергені аздай, Алланың қасиетті айын елеместен күнә үстіне күнә арқалаған жақсы емес. Біз қазақ болғасын той-томалақсыз жүре алмаймыз. Арасында беретін садақамыз тағы бар. Көпшілігіміз той-садақаны отбасы мүшелерінің бос болатын кезіне қарай ыңғайлап жатамыз. Алайда, Рамазан айында олай істеуге болмайды. Тойды кешке жасағанның өзінде онда арақ қойылады, музыка ойнап, би билейді, не түрлі ыңғайсыз сөздер айтылуы мүмкін. Мұның барлығы Рамазан айына қасақана қарсылық саналады, яғни екі есе күнә. Ал садақаны кешке, ауызашарға лайықтап берсе, әрі садақа, әрі ауызашар берген болып, екі есе сауапқа кенеледі. Ораза ұстаған адамға ауыз аштырғанның сауабы мол екенін әркім де білетін шығар. Сондықтан мүмкіндігінше шариғат аясынан шықпауға тырысып, шарапаты мол айда есепсіз сауапқа кенелейік, дұғалар қабыл болатын айда еліміздің амандығын тілейік.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
2545
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.