Айтып келмейтін апаттар, аяқ астынан тап болатын алуан түрлі аурулар кезіккенде жедел жәрдем жетпейтіндей, уақыт өтпейтіндей боп қалатыны бар. Асыға күтумен өткізген 10 минутың 1 сағатқа татиды. Ал келешекте шақыртқан жедел жәрдеміңіз шынымен 1 сағатта келсе, оған ренжудің жөні жоқ. Бұған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен рұхсат берілген. Алайда, барлық ауруларға емес, кейбір науқастарға ғана 60 минут ішінде жедел көмек көрсетіледі. Халық арасындағы алыпқашпа сөздердің туындауына орай Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының директоры Болат Сәрсенұлы ТАЙШЫБАВПЕН сұхбаттасып, жаңа қағидаларды түсіндіруін сұраған едік.
-Елімізде медициналық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы заңды күшіне енді. Жедел медициналық қызмет туралы бұйрықта Қазақстан халқына жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің тәсілдері көрсетілген. Бұл жаңа бұйрық атүсті қабылданған жоқ, бұйрық шығар алдында жедел жәрдем қызметіндегі жай-жапсар талқыланып, сүзгіден өтті. Осы мәселе бойынша алдын ала бірнеше кездесулер өтіп, талдаулар жасалды. Мысалы, Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев жасаған талдауға назар аударсақ, жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулардың 56 пайызы 4 және 5-категорияларға тиесілі екен. Сондықтан біз көбінесе 1,2,3-категорияға жататын шақыртуларға барудың орнына осы категориядағыларға кетіп, уақыт өткізіп алып жатамыз. Енді категория дегеннің не екендігін қысқаша түсіндірер болсам, жедел жәрдем қызметінде шақыртулар бес категорияға бөлінеді. Оның біріншісі—адамның есінен тануы, тыныс алуының тоқтауы, жүрек соғысының тоқтауы, тыныс алу жолдарында бөгде заттың тұрып қалуы, сіңір тартылуы, кеуде тұсының ауыруы, электр жарақаты, қан аралас құсу, яғни, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін жағдайда бригада 10 минут ішінде баруы керек. 2-категория—сыртқы тыныс алудың айқын бұзылуы, терракт қаупі бар жерге шақырғанда, яғни, адам өміріне ықтимал қатер төндіретін, медициналық көмексіз жағдай. Мұндайда бригаданың келетін уақыты 15 минутқа дейін. Ал 3-категория—іштің қатты ауыруы, жоғары дене қызуының түспей қоюы, босанатын әйелді толғақ қысуы сияқты жағдайлар. Бұларға бригада 30 минутқа дейін жетуі тиіс. Міне, жедел жәрдем қызметі алдымен осы категорияларға медициналық қызмет көрсетуге міндетті. Бірақ кейде 4,5-категориядағы шақыртуларға барып, алдыңғы категорияларға кешігуге мәжбүр болатынымыз бар. Бұл категорияларға науқастың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп жоқ жағдайлар, жеңіл жарақат, жіті тері аурулары, кенеттен және айқын көрінген ағзалар мен жүйелердің бұзылуы сияқты жайттар жатады. Сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдар да осы категорияда. Енді жедел жәрдем әуелі алдыңғы үш категориядағыларға барып, соңғы категориядағы науқастарға 60 минутта бара алады. Өйткені, бұл аурулардың адам өміріне қаупі жоқ. Ал созылмалы ауруы барлар—емханада диспансерлік есепте тұрған, уақытында дәрігерге қаралып, ем алып жүрген адамдар. Егер олар кенеттен ауырса, демек, дәрігер берген ем-домды дұрыс қабылдамай, дәрілерін уақытылы ішпей жүрген боп саналады. Бұл бір кісінің ойлап тапқаны емес, мамандардың келісімімен осылай шешілгенін тағы қайталап айтқым келеді. Есепте тұрған науқастар бұған түсіністікпен қарайды деп сенемін. Ал келесі жылдан бастап жедел жәрдем қызметі тек алдыңғы үш категорияға ғана медициналық көмек көрсетеді де, соңғы категориялар емханалар үлесіне тиеді.
-Бұған дейін де учаскелік дәрігерді үйге шақыртуға болады ғой. Әлде алдағы жылдан бастап емханалар тәулік бойы жұмыс істейтін бола ма?
-Жоқ. Емханалар жанынан 24 сағат жұмыс жасайтын шұғыл көмек бөлімшелері ашылады. Бөлімшелердің өз мамандары, арнайы бригадалары, автокөліктері болады. 103-ке шақырту түскенде біз оны дереу тиісті емханаға аударамыз. Ал біз тек алдыңғы үш категория бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті боламыз.
Тағы оқыңыздар: Тоққа түсіп, қолынан айырылған балаға өтемақы төлеу туралы сот шешімі шықты
-Бұл жұмыстарға емханалар дайын болады және қалалық жедел жәрдем станциясына күш түспейді деп ойлайсыз ба?
-Дайын болуы үшін қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Емханалардың мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын. Бірақ бұған дайын болмай қалған емханаларға біз ақылы қызмет көрсетеміз. Яғни, емхана шұғыл медициналық қызмет көрсетуі тиіс науқастарға біздің мамандар барады да, сол үшін тиісті емхана жедел жәрдем станциясына ақы төлейді.
-Болат Сәрсенұлы, қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы Ақтауға жақын орналасқан аудандарға жедел медициналық қызмет көрсете ме?
-Егер 103-ке дабыл түссе, кезекші диспечер қайсы номерге соғу керектігін айтады. Бірақ біздің қызметкерлер бармайды, біз жауап бермейміз. Ол үшін ауданның өз жедел және шұғыл медициналық көмек станциялар бар. Қажет болған кезде шұғыл хабарласу үшін әр аудан тұрғыны өз жеріндегі жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының нөмірін білгені дұрыс. Павлодар мен Қызылорда облыстарында қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясын облыстық станцияға ауыстыру бағытындағы қанатқақты жоба жүзеге асырылып, ол жақтарда қазір облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы жұмыс жасап тұр. Біз де биыл облыстық станцияға ауысу қамындамыз. Біз облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясына ауысқан кезде өңіріміздегі барлық жедел және шұғыл медициналық көмек станциялары біздің қарамағымызда болатындықтан, 103-ке түскен дабылды 3 секундта науқасқа жақын жердегі станцияға ауыстырамыз. Сондай-ақ барлық қалалар мен аудандардағы жедел және шұғыл медициналық көмек станцияларының жұмысын жетілген техникалар көмегімен бақылай аламыз.
-Аудандар аумағындағы автокөлік жолдарында жол апаттары жиі орын алып, көбінесе кісі өлімі болып жататыны рас. Облыстық мәртебесі берілген соң елді мекендерден тысқары автокөлік жолдарына жедел жету жағы қарастырыла ма?
-Шыны керек, елімізде болып жататын жол-көлік апаттарынан қаза табатындардың 84 пайызы оқиға орнында көз жұмады. Ал дамыған елдерде, мысалы, Еуропада бұл көрсеткіш 50 пайыздай екен. Мұндай айырмашылықтың бір себебі жедел жәрдемнің уақытында бара алмауы немесе жарақат алған адамның қасындағы кісілердің алғашқы көмек көрсете алмауында екен. Сондықтан автокөлік жүргізушілерін алғашқы көмек көрсетуге оқыту қолға алынған. Автокөлік жүргізушілері ең болмаса, қан тоқтата білуі керек. Алғашқы көмек көрсетуді полиция қызметкерлері де білуі тиіс. Біздегі жедел жәрдем жүргізушілерінің барлығын өзіміз оқыттық. Ал облыстық ауруханада симуляция орталығында полиция, өрт сөндірушілер, алысқа қатынайтын автобустар жүргізушілері алғашқы көмек көрсету әдістерін үйренуде. Сондай-ақ жарақат алғандардың көпшілігі тым қатты ауырудан (болевой шок) өледі, яғни, адам қабырғасы, қол-аяғы сынып жатса, ондай қатты ауыруға шыдай алмай жан тапсырады. Мұндай қатты жарақат алғандарға жедел жәрдем фельдшерлері алдымен ауыруды басатын дәрі қолданып, науқас сәл тынышталған соң ғана жарақатты таңып, қан тоқтату шараларын жасайды. Онсыз сүйектері сынып жатқан адамды орнынан қозғау мүмкін емес. Қазір Жетібайда және Бейнеуде жолда тұрған төтенше жағдайлар басқармасына қарасты медпункттер бар. Ал Қарақия, Шетпе жақта, Жетібайдан бері қарай медпункттер жоқ. Ол жерлерде де жол-көлік апаттары көп болады. Бұрын тегіс емес, шоқалақ жолда жылдамдықты 40-50-ден асыра бермейтін автокөлік жүргізушілері тегістелген мінсіз жолда жылдамдықты шамадан асырып, апатқа тап болып жатады. Алдағы уақытта бұл жерлерде кезекші бригадалар болуы мүмкін. Жедел жәрдем және жалпы денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан жаңалықтардың барлығы медицина қызметкерлеріне қойылатын талапты күшейтуде. Ал ең бастысы, көңілге қонымдылығы—бұл өзгерістердің тұрғындар арасында өлім-жітімді төмендетіп, адамдардың өмір сүру жасын ұзартуға бағытталғандығы.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суретті түсірген автор