©
- Қайырлы күн, Гүлшат ханым. Екпе жүргізу жұмыстары сіздің департаменттің бақылауында болады ғой?
- Жалпы вакциналарды сақтау, тасымалдау - Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзырында. Біз екпенің дұрыс егілуін бақылаймыз. Ал егу жұмыстарымен консультативтік-диагностикалық және стационарлық медициналық көмек көрсететін лицензиясы бар медициналық ұйымдар айналысады. Егуге барлық техникалық ережелерді білетін, жоғары және орта медициналық білімі бар, арнайы оқытылған медициналық қызметкерлерге ғана рұқсат етіледі. Рұқсатты жыл сайын әрбір емдеу-сауықтыру мекемелерінің жанынан арнайы құрылған «профилактикалық егулер өткізуге рұқсат беру» жөніндегі комиссия береді. Ал профилактикалық егуді ұйымдастыру және мамандарды даярлаумен медициналық ұйымдардың басшылары айналысады.
- Вакциналар қайда сақталады?
- Вакциналар облыстық қан орталығының жанында орналасқан арнайы вакцина сақтайтын қоймада сақталады. Қойма барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай жабдықталған, үзіліссіз электр қуатымен қамтылған.
- Екпенің қандай түрлері бар және олар қандай тәртіппен салынады?
- Екпенің жоспарлы және прафилактикалық мақсатта салынатын түрлері бар. ҚР Үкіметінің 2009 жылы 30 желтоқсандағы «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қаулысы негізінде Ұлттық егу күнтізбесі бекітілген. Осы Ұлттық күнтізбеге сәйкес, сәби туылғаннан бастап өмір бойына жоспарлы екпе салынады. Перзентханада дүниеге келгеннен 12 сағат ішінде вирусты гепатит В ауруына қарсы, одан соң 3-4 күн ішінде туберкулезге қарсы екпе салынады. Одан әрі Ұлттық күнтізбеге сәйкес, 2, 3, 4 айлығында, 1 жасында, 18 айында және 6 жасында, содан кейін 16 жасында және әр 10 жыл сайын екпе салынып отырады.
- Ол қандай екпелер?
- Әрбір екпенің салынатын өз уақыты, интервалы бар. Мәселен, баланың 2, 4 айлығында – гексаксим екпесі салынады, яғни құрамында 6 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцина бар. Бұлар көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, вирустық В гепатитіне, гемофильдік инфекцияға қарсы және әлсіздендірілген полиомиелитке қарсы вакцина. Сонымен қоса пневмококк инфекциясына қарсы вакцина егіледі.
3 айында және 18 айында пентаксим вакцинасы салынады. Оның ішінде көкжөтелге, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекция және әлсіздендірілген полиомиелитке (сал ауруы) қарсы вакцина бар.
1 жасында – қызылша, қызамық, паротитке қарсы (шошқа мойын), пневмококк инфекциясына қарсы және полиомиелитке қарсы вакцина алады.
6 жасында (мектепке барарда) - қызылша, қызамық, паротитке қарсы туберкулезге қарсы және жасушасыз көкжөтел компонентімен көкжөтелге, сіреспе, дифтерияға қарсы екпелерді алады.
16 жаста және әр 10 жыл сайын – дифтерияға, сіреспеге қарсы екпені алады.
- Бұл он жыл сайынғы екпеден хабарсыз тұрғындар бар ма? Олар екпе алу керектігін қалай біледі?
- Иә, кейде білмейтін тұрғындар кездесіп жатады. Оларды жасы келгенде екпе алу үшін учаскелік дәрігерлер емханаға шақыртады.
[caption id="attachment_58798" align="alignnone" width="1024"] Гүлшат Шорбасова - Маңғыстау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы[/caption]- Жоспарлы егудің басым бөлігі бала кезде жүргізіледі. Кейде ата-аналар екпе салуға қарсылық танытып жатады ғой. Бұл дұрыс па?
- Қазіргі таңда ата-аналар арасында жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпеден бас тарту және вакцина жөнінде кері пікірлердің күннен-күнге көбеюі алаңдатып отыр. Егуге қарсылық көрсетіп отырғандардың басым көпшілігі - әртүрлі діни түсініктегі ата-аналар.
Екпе не үшін керек? Мәселен, иммундаудың арқасында бұрын он мыңдаған бала мен ересектің денсаулығына орны толмас зардап келтірген, тіпті өлімге әкелген кейбір аурулар (табиғи шешек, полиомиелит) толығымен жойылды. Полиомиелит балалардың сал болып қалу қаупін тудырған болса, шешек адамдардың бет пішінін бұзды, кейде адамдардан шешектен көз жұмып жатты. Сондай-ақ екпе дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамықтың асқынуының (ентігу, тұншығу, пневмония, қызамықпен ауырған анадан туылған баланың туа пайда болған кемтарлығы және т.б.) алдын алуға мүмкіндік берді. Соның арқасында адамдар жұқпалы аурудың қаншалықты ауыр дәрежеде өтетінін ұмытты.
Маңғыстау облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты, дер кезінде және жоспарлы иммундаудың арқасында соңғы 10 жылда облыс көлемінде вакцинамен реттелетін жұқпалы – оба, іш сүзегі, дифтерия, сіреспе, полиомиелит сияқты аурулар тіркелген жоқ. Оған қоса, сатылы егудің арқасында гепатиттің «А» және «В» вирусты түрлері азайып отыр.
- Бұл сырқаттардың кездесуі қаншалықты азайды?
- Облыс көлемінде соңғы 10 жылда «А» вирусты гепатиттің деңгейі 8,1 есеге азайса, «В» вирусты гепатиттің деңгейі 22,8 есеге төмендеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 6 маусымдағы бұйрығы негізінде биыл Маңғыстау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, діни істер басқармасы және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп бұйрық шығарды. Облыстың барлық қала, аудандарында балаларын егуден бас тартқан ата-аналардың үйіне барып, екпенің маңыздылығы жөнінде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс аумағында жылдан-жылға профилактикалық екпеден бас тартушылардың саны азайып келеді. 2017 жылдың 6 айында 1016 жағдай болса, 2018 жылдың 6 айында 873 екпеден бас тарту жағдайы тіркелді. Профилактикалық екпеден бас тарту себептері: жеке сенім – 428 (49,0%), діни бас тарту – 363 (35,9%), вакцинаға сенімсіздік – 118 (13,5%), БАҚ (интернет, ТВ және т.б.) беттеріндегі ақпараттарға сену – 14 (1,6%).
- Түсіндіру жұмыстарының нәтижесі қалай болды?
- Нәтижелі болды деуге негіз бар. Ата-анамен мамандар тікелей жұмыс істеді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
- Жоспардан тыс, яғни профилактикалық екпелер қалай жүргізіледі?
- «А» вирусты гепатит ауруына қарсы, грипке қарсы екпелер жоспардан тыс салынады. Бұдан басқа жыл сайын обаға қарсы екпе салынды. Кәріз жүйесінің айналасында қызмет ететін мамандар 3 жыл сайын іш сүзегі ауруына қарсы егіледі. «А» гепатитінің вакцинасы 2 жаста және 2 жас 6 айда салынады. Сонымен қатар қандай да бір инфекция бас көтерсе, сол ауру тіркелген ошақта шұғыл түрде қарым-қатынаста болған адамдарға екпе жүргізіледі.
- Тегін бе?
- Менингокок инфекциясына қарсы екпеден басқасы тегін.
- Неге менингокок вакцинасы ақылы?
- Биыл республика деңгейінде менингококк инфекциясының бас көтеруіне байланысты осы мәселе қарастырылып жатыр. Барлығы қаражатқа тірелетін болғандықтан, бұл - республикалық деңгейінде шешілетін сұрақ. Дегенмен жоғарыда айтып өткен Қаулыдағы күнтізбеге енеді деп ойлаймын. Бұл күнтізбе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының негізінде бекітіледі.
- Яғни, күнтізбеге енгізілсе, тегін егіле ме?
- Иә, онда тегін болады. Халыққа Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес және профилактикалық алдын алу мақсатында аталған жұқпалы аурулардың 21 түріне қарсы егу ақысыз жүргізіледі.
- Вакцина жеткілікті ме? Жетпей қалған кездер бола ма?
- Ондай мәселе болмайды.
- Шетелге шығатындарға қандай екпе жасалады?
- Қазір Сауд Арабиясына қажылық сапарға баратын адамдарды менингитке қарсы егу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ақылы түрде. Ақтау қалалық №1 емханасында бүгінге дейін қажылыққа баратын 70 адам егілді. 80 дозаға тапсырыс берілді. Екпе жасағаннан кейін иммунитет 21 күн ішінде қалыптасады. Өлке тұрғындары Алматы, Астана қалаларына барып жүрмес үшін облысымызда егу жұмысы ұйымдастырылды.
- Бұл екпелер қашанға дейін жүргізіледі?
- Ол кісілер 13 тамызда жол жүретінін айтты. Сондықтан шілденің соңына дейін аяқталуы қажет.
- Екпені салу алдында және салғаннан кейін медициналық тексеру қалай жүргізіледі?
- ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 6 бұйрығы бойынша профилактикалық егу жүргізудің алдында дәрігер егілетін адамды медициналық тексеріп (дене температурасын өлшейді, өкпесін тыңдайды, қан қысымын өлшейді, тамағын қарайды) қарап, сұрау жүргізеді. Егілетін адамның медициналық картасына (026/у нысаны) талдау жасалады. Медициналық тексеру кезінде денсаулығында ақау анықталған жағдайда толық медициналық тексеруге жіберіледі. Тексеруде екпені салуға қарсы көрсетілім болмаса, егілетін адамның медициналық құжатына егу жүргізуге рұқсатты ресімдеп, егілетін адамға немесе оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық егу, иммундаудан кейінгі ықтимал реакциялар және қолайсыз көрсетілімдер, егуден бас тарту салдары туралы объективті толық ақпарат беріледі.
Осы бұйрық бойынша профилактикалық егуге ерікті келісім немесе бас тарту жазбаша түрде ресімделеді. Екпе салынған адам 30 минут бойы медицина қызметкерінің бақылауында болуы тиіс.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА