- Жолдас аға, әңгімеңізді ауданның ашылып, қалыптасу жылдарынан бастасаңыз...
- Қалыптасу жылдары дейсің бе?
Бейнеу — біздің қазаққа кешегі күні мекен болған жер емес, атам заманнан құтты қоныс болған жер. Бұл өлкені ырыс-құтынан айырған өткен ғасырдың отызыншы жылдарының зорлық-зомбылық, зобалаңы ғой. Сол жылдардан бастап Сам жері құлазыған қу мекиен далаға айналып, отыз жылдай меңіреу тыныштық құрсауында қалғаны — тарихымыздың қасіретті беті. Сол жылдарда Бейнеу тағдыры тартысқа толы талай аумалы-төкпелі күндерді басынан өткізді.
«Өткенге салауат» дейміз. Бүгін бұл сөзді айтатын жөніміз бар. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары жеріміздің ағыл-тегіл байлығын халықтың игілігіне жаратуға шешуші қадам басталып, тарихи әділеттілік қалпына келіп, ел орныға бастады. Біздің ауылдастарымыз – Маңғыстаудың қара ойының малшыларының бір бөлегі соғыс аяқталудан осы өңірге көшіп келіп, Сали Оразбайұлы ағамыз бастаған шеберлер ескі құдықтарды қайта ашып, жөндеп, қалпына келтіріп, су шығарған құдықтар маңайына ел қоныстана бастады.
1950 жылдар аяғында теміржол құрылысы қолға алынды. Жер қойнауындағы байлықты барлаушы қаптаған экспедициялардың самсаған вагон, шатырлары Боранқұл, Бейнеу, Үстірт жерлеріне орнатылды.
- Еңбек жолыңыз қалай басталды?
- 1938 жылы Ақшымырау, Қызан жерінде өмірге келген мен 1961 жылы Бейнеу аумағындағы кендерді зерттейтін Солтүстік Үстірт барлау экспедицияларының бірі «Турланэкспедицияға» қызмет жасайтын автоколоннада алғашқы еңбек жолымды бастадым. Бұл экспедиция ауданымыз ашылғаннан кейін Бейнеуде орналасқан «Маңғыстаумұнайгазбарлау» мекемесіне (МИНГЭР) қосылып, мен осы мекеменің тапсырысы бойынша жұмыс жасайтын Ералиевтегі (қазіргі Құрық) АТК-ның Бейнеудегі автоколоннасында зейнеткерлікке кеткеніме дейін ауыр жүк көлігінің бірінші класс жүргізушісі болып жұмыс жасадым. «Өліқолтықтағы» кен орындарын барлау тұсында басталған еңбек жолым Шағырлыдағы кен орындары ашылған кезде аяқталды. Бұл — Бейнеу жерінің қойнауында байлығы бар әрбір нүктесінде менің автокөлігімнің ізі бар деген сөз.
Ол жылдарда Ералиевтегі АТК-да 1,5 мыңдай, ал Бейнеудегі колоннада 100-дің үстінде автокөлік болды. Барлығы жер қойнауы байлықтарын барлаушылардың тапсырыстары бойынша жұмыс жасайды. Мен «Урал - 375» маркалы, алыс аралыққа 15 тонна, ұзындығы 15 метрге дейінгі болат құбырларды тасуға арналған ауыр жүк көлігін жүргіздім. Бейнеу теміржол стансасына келіп түскен болат құбырларды 380 шақырым жол жүріп, Каспий ойпатындағы «Өліқолтықтағы» №1, 2, 3, 4-інші барлау-бұрғылау бригадаларына, ал жақын дегенде 100 шақырымның үстіндегі Айыршағыл, Сазтөбе, Бұғабай, Мыңсуалмас, Ырғызбай-Қарасайдағы Шағырлы кен орындарындағы барлаушыларға жеткізуге міндетті едік. Есептеп қарасам тек «Өліқолтықтағы» әрқайсысының тереңдігі 3-4 мың метрге жететін 100-дің үстіндегі ұңғымаға болат құбыр тасып жеткізіппін. Жол өте нашар болды. Қыста ауыр жүкпен асулардан асу дегенің қияметтің барып тұрғаны еді. Үш ойдың (Маңғыстаудың қараойы, Жылыой, Бесқаланың ойы) ортасындағы дөң Үстірттің қаһарлы қысы «Әуселеңді көріп алайын» деп күшіне мініп, ақ боранға айналып құтырынғанда жапан түзде машинаң сынбасын дей бер. Сынса біткенің. Қыстың аяғындағы жылымық мезгілдегі қатпа жолдар еріп, көктем мен күздегі жаңбырлы күндерде, елсіз құла түзде машинамыз балшыққа батып, талай азапты бастан өткіздік. Ұзақ жолдың жолаушысына иен даладағы шілденің шіліңгір ыстығы, қыстың қақаған бораны да асақауіпті болып,талай қатерлерден аман-сау өттік.
«Бүйткен жұмысы құрысын» деп қолымызды бір сілтеп кетіп қалғымыз келген сәттер де болды. Басшыларымыз Николай Сергеевич Смоленко, Қалекес Өзбекқалиев, Қизат Балмұқанбетовтар біздерге жағдай жасап, қолдап, жігерлендіріп жүрді. Мәскеуден келген ғалым әрі басшылардың ішінде Токарев деген кісі арнайы жасақталған карта мен көрікті елді мекеннің макетін алдымызға жайып салып: «Сіздер осы жұмысты табысты жүргізсеңіздер санаулы жылдар ішінде Үстірт пен Сам жерінде көрген көз тоймайтын әсем елді мекен пайда болады», - деп шабыттана сөйлегенде жасампаз еңбегімізбен келетін нұрлы болашақты көру бақытына ие болсақ, тектен тек ие болмай, «Бұл көрікті мекенде қолтаңбамыз қалған, үлесіміз қосылған, бақытты болашағымыз үшін «Жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп» дегендей, жұмыс жасадық» деп ерекше леппен айта алатындар қатарында болсақ деген сезім бойымызды баурап, жұмысқа құлшына кірісетінбіз.
- Жолдас аға, өзіңіз танысқан жобадағы сызбалардың санаулы жылдарда ақиқатқа ұштасуына жапан түздегі құм арасындағы шағын ауылдың аудан орталығына айналуына адал еңбегіңіз, маңдай теріңіз үлес болып қосылды. Қажыр-қайраты мол халықтың жасампаз еңбегімен көркейген мекенге куә болдыңыз...
- Иә, Бейнеуімізге теміржол өмір жолы болып келсе мұнай,газ орындарының көзінің ашылуы ырыс-құт орнатты. «Бұл өлкенің болашағы зор, жалпы еліміздің экономикасының өркендеуіне қосатын үлесі мол» деп риясыз сенген үкіметіміз арнайы құжат қабылдап, 1973 жылдың наурыз айында Бейнеу ауданының іргесі қаланып, өз алдына шаңырақ көтерді. Осылайша «Қар бар жерде қаһар бар, кен бар жерде шаһар бар» деген сөздің тектен-тек айтылмағаны дәлелденді. Бұл жердің құтты мекен болатындығына сенген ел тұс-тұстан ағылып келе бастады. Аудан мәртебесін алған Бейнеу өсіп, өркендеу жолына түсті.
Ауданымыз ашылған кезде ауыл орталығында екіқабатты 16 тұрғын үй, шағын теміржол ауруханасы, бір мектеп, бір-екі дүкен, теміржолмен тасымалданған ауыз су тарқататын орын дегендей санаулы әлеуметтік нысандар, қазіргі «Дана» дүкені тұрған маңайда ГОРЭМ мекемесі құрған жұмысшылардың ағаштан құралған барак үйлері, бірінші ауылда оншақты жер үйлер ғана бар еді. Сексенінші, тоқсаныншы жылдары құрылыс қарқын алды, табиғи газ, су құбыры тартылды. Көшелерге асфальт төсеу қолға алынды. Бораған құмнан, желден қорғайтын талдар отырғызылып, абаттандыру басталды. «Сельхоз ауыл», екінші, үшінші ауыл бой көтерді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап Бейнеу қанатын бұдан да кеңге жайып, нағыз отаншыл тұлғалар - оралмандардың көшімен іргесі бекем, көркі көрікті елге айналды. Барша қазақты бақытқа кенелткен тәуелсіздік Бейнеуге ерекше мейірім шуағын төкті. Қарқынды дамуына даңғыл жол ашты.
- Өзіңіз айтқан ауыр еңбекке бастап ататын таңдар артта қалды. Алайда ізсіз қалған жоқ. Сіздің, сіздей мыңдаған еңбек адамының мол қажыр-қайраты, мықты ерік-жігерінің арқасында ұлы Сам шегінде, Үстірт төсінде жауһардай жарқыраған келешегі кемел Бейнеу ауданы өмірге келді. Бүгінгі көріністі көрген сайын бойыңызды қандай сезім билейді?
- Жауһардай жарқыраған дедің-ау. Шындығында өзім өмір сүріп жатқан Бейнеудің бүгінгі келбетін шұғылалы шаңыраққа ұқсатып, тамаша әсер аламын. Өйткені Бейнеу — құтты қонысым, жапырағым жайылып, өскен жерім. Бәйбішем Тойша екеуміз аялап өсірген 8 ұл-қызымыздың ұяға, қияға қонып, өмірден орындарын тапқан жері. Немерелеріміз бен шөберелеріміздің, жиендеріміздің көз қуанышымызға айналған жері.
Бейнеу - Пір Бекет атамыздың «Қандастарымды отырықшылдыққа бейімдейін. Отырықшы елдің Отаны анық болады» деген ізгі ниетпен үңгір қазып, мешіт ашып, бала оқытқан киелі қонысы. Бейнеу - Пір атамызбен ойы үндесіп, көзқарасы сәйкес келгендіктен сыйлас, ниеттес болған замандасы, Қосай ұрпағынан тараған Айтқұл ауылының қасиет қонған азаматы Бейнеу Намазұлы атамыз отбасын ілгерідегі Еуропа мен Азия керуен жолдарының біреуінің сұлбасындағы, сол замандағы «Адай көші» жолындағы ескі Бейнеу қамалының құламай қалған бөлігіне орналастырып, шаршап-шалдыққан сансыз жолаушы мен талай көштің ат суытып, бел жазып, дем алған бекеті орналасқан жер. Бейнеу атамыздың Манашы сайы бойынан құдық қазып, бұлақ көздерін пайдаланып, егін егіп, ағайын-туыстарын отырықшылдыққа үндеген жері –Бейнеу. Сол Бейнеу Намазұлы атамыз «Бұл жер болашақта қалың елдің құтты қонысына айналады деген екен» дейтін әңгіме ел жадында сақталған жер. Бейнеу ауданының ашылып, қалыптасып, көркеюі — аталарымыздың арманы ақиқатқа ұштасқан дәуір деп бағалаймын.
– Бейнеу ауданнының 45 жылдық мерейлі тойы атап өтілетін күн алыс емес. Тойға тілегіңізді білдірсеңіз.
- «Қуана білгенге құт, бағалай білгенге бақ қонады» дейтін сөз бар қазақта. Шын қуанайық, ағайын. Тойымыздың дүбірі ғасырлардан ғасырларға жалғасып, басымызға қонған бағымыз баянды болғай. Бұл сөзімді сексеннің сеңгіріне шыққан атаның ақ тілегі, батасы деп қабылдағайсыз,ағайын!
- Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қартбай ҚОЖАЕВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="59046,59081,59082"]