Алпысбай Сарыбаев пен Гүләйім Әлімбетова - өмірде де, еңбекте де бір-біріне сүйеніш, жолдас. Биыл олардың тағдыр жолдарының тоғысқанына 27 жыл толса, жұмыста қатар жүріп, бір вагондағы ерлі-зайыпты жолсеріктер атанғанына - 16 жыл. Қос теміржолшының басты артықшылығы да осында болса керек. Тек теміржолда емес, басқа салаларда да елден осылай ерекшеленетін жұптар көп емес. Мұны біздің кейіпкерлер бір жағынан мақтанышпен айтса, екінші жақтан жауапкершілігі де зор дейді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінен қателік кетіп, сөгіс алатындай жағдай туындаса, екіншісі де сол жазаны рухани түрде арқалайтыны сөзсіз. Керісінше, халықтың ризашылығына бөленіп жатса, мадақ естіген адамнан бұрын серігінің көбірек қуанатыны тағы бар. Біздің жолсеріктер жұмыста алғыс алса да, қарғысқа қалып көрмепті. Алпысбай ағаның өзі болат жолдағы жұмысын 1994 жылы бастайды. Оған дейін 1988-1990 жылдары әскери қызметте болады. Әскерден кейін құрылысты кәсіп етеді. Құрылыста еңбек етіп жүріп жан жарын жолықтырады. Отбасын құрып, өмірі түбегейлі өзгеріп шыға келген жас жігіттің бағы жанып темір жолдағы тұрақты жұмысқа қабылданады. Араға біраз жыл салып сауда-саттық бағытында жұмыс жасайтын келіншегін де қасына шақырады. Бар білгенін үйретеді. Сол күннен бері табан аудармай бір мамандықта келе жатқан олар 2004 жылдан бүгінге №309-310 "Маңғыстау-Ақтөбе" пойызында бір вагонда жүр. Жұмыста да, тұрмыста да жұптары жазылған емес. Мұның сырын "Ер мен әйелінің жұмыста да бірге жүруінің өз артықшылықтары бар. Қиындықтары да жоқ емес. Екеуіміз де үйден бір уақытта кететінбіз. Балаларымыз кішкентай болды. Оларды бөтен біреуге қалдырып кетуге сенбейсің. Қарап қалатын жақындарың да өзің сияқты бәрі жұмыста. Ол уақыттарда тәрбиеші-күтушілер де көп емес. Кімге тастауды білмей, күтуші таппай, әуреленетінбіз. Бірақ бір-бірімізге арқа сүйеп, біріміздің жетпеген тұсымызды толықтырып, қолдау жағынан куйеуіңмен әріптес болудың пайдасы көп. Әсіресе, бұл ең алдымен жолсерік қыз-келіншектерге керек дер едім. Отағасың қасыңда болса, жұмысыңды түсінеді, артық әңгімеге, кикілжіңдерге орын жоқ. Соның арқасында біз екі жолда да үнемі бірге, тату-тәттіміз. Шүкір, қос ұл мен қыз тәрбиелеп отырмыз. Алды ержетіп, қолымыздан ауырды алатын жасқа келді. Тұңғышымыз Абай теміржол оқуын оқыды. Үйленді. Қазір теміржол күзетінде. Ортаншымыз - сауда саласында. Қос қарлығашымыз 3, 7-сыныптарда білім алады, - деп жеткізген Гүләйім Әлімбетова, - Ағаң сөзге шорқақтау болса да, іске мығым. Аз сөйлесе де, саз сөйлеп жолаушылардың көңілін таба біледі", - деді. Оны өзіміз де байқадық. Жолға аттанғалы тұрған жерінде әңгімеге тартқанымызда "Өз-өзім туралы не айтамын" деп, бізге "мен мынадаймын" деп өзі туралы баяндап тұрудан гөрі жолаушылардың жағдайын жасап, көмектескенді жөн көрді. Олар осы жылдар ішінде жолдағы талай адамға көмектесті. Бұл туралы Гүләйім апа "Қайсы бір жылы Сексеуіл мен Шалқардың арасына жолға отырған жүкті келіншектің аяқастынан толғағы қысып, пойызда босандырғанбыз. Вагонымызда дүние есігін алғаш рет ашқан нәрестенің іңгәлаған дауысы естілді. Пойызға жалғыз отырған жолаушымыз аман-есен босанып, екеу болып түсті. Жолсеріктерге бұдан артық бақыт бар ма?! Жолда мұндай түрлі оқиға кездеседі. Бүгін, міне, өзге жолсеріктердің орнына Астрахань бағытында кетіп барамыз. Барып-келгенше 200-ге жуық жолаушы мініп, түседі. Кім білсін, алдымызда тағы қандай кісілермен кездесерімізді...?", - дегені сол еді машинистер отарбаны от алдырып, жолға дайындық дабылын қақты. Сәл-ақ бұрын перрондарда әрлі-берлі асыққан халықтың қарасы бірден сиреді. Есіктер тарс жабылып, пойыз өз жолымен жөнеп кете барды. Біздің сұралмаған сұрақтар сол күйі қала берді...
Шахида ЖҰМАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34950,34949,34948"]