Головкиннің L’Equipe газетіне берген сұхбатының толық нұсқасы.
WBC, WBA (Super), IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 KO) француздың L’Equipe басылымына эксклюзивті сұхбат беріп, өзінің өмірі, карьерасы және жоспарлары жайында әңгімеледі.
Францияның жетекші спорт басылымы Головкиннің мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өтетін кездесу алдындағы ашық жаттығуынан кейін бір сағат әңгімелескен.
- Өмірде сіз мейірімді адамсыз, ал жекпе-жекте қатыгез сияқтысыз. Бұл қалай?
- Рингте мен GGG-мін. Мен оған ойын-күлкі үшін шықпаймын. Үздік боксшы болу үшін мен көп жұмыс істеймін. Бұл менің карьерам, өмірімдегі ең маңызды іс, сондықтан да жекпе-жекте барымды саламын. Ал рингтік сыртында жай Геннадий Головкинмін, отағасымын, әкемін.
- Сіз өзіңіз туған Қарағандыда 10 жасыңызда бокспен шұғылдана бастадыңыз. Бірақ білуімше, оның алдында басқа да спорттармен айналысқансыз.
- Маған футбол ұнайтын. Әлі күнге дейін спорттың барлық түрлерінің фанатымын. Боксқа дейін біраз уақыт теннис ойнадым, сосын баскетболға ауыстым. Өйткені, мен ержете бастаған жақта осы спорт танымал еді. Сосын күрес. Біздің елде бұл спорттың орны бөлек. Мен кез келген спорт түрімен айналыса беретінмін. Алайда, боксқа дейін өзім қатты қызыққан спорт түрі - теннис.
- Бокспен не себепті айналыса бастадыңыз?
- Оны ағам Сергей айтты. Ол менің ештеңемен тұрақты айналыспайтынымды көрді. Бірде достарыммен футбол ойнауға барғалы жатыр едік, Сергей жаңадан бокс секциясы ашылыпты, соған баруың керек деді. Мен төбелесе білсін деп санаған болуы керек. Өйткені, біз Қарағандының сәл қиындау ауданында тұрдық. Менің бала кезімде сені басқалар сыйлауы үшін өзіңді қорғай білуің керек еді.
- Сіз жиі төбелесуші ме едіңіз?
- Аулада көрші балалармен екі-үш күннің бірінде төбелесетінбіз. Қазір қарап отырсам, аудандағы өзіммен жасты балалардың ішіндегі ең күштісі болған сияқтымын. Өзімнен жасы үлкен балалармен төбелесіп, оларды оңай жеңетін кездерім де көп болды.
- Қарағандыда өміріңіз қандай болды?
- Әуелі айтқым келетін нәрсе, Қарағанды - айтарлықтай үлкен қала. Мені Қазақстанның бір түкпірінен деп жатады ғой. Бұл шындыққа онша жанаспайды. Қарағанды біздің бұрынғы және қазіргі астанамыз Алматы мен Астанадан соншалық кішкентай емес. Бала кезімде Кеңес одағының құлауы нәтижесінде елде экономикалық дағдарыс болып жатты. Бұл әрине қалалардың сырт келбетіне де әсер ететін. Бүкіл ел ақшадан таршылық көріп, үлкен қиыншылықта өмір сүрді. Қарағанды - кеншілер қаласы, сондықтан ондағы тұрғындардың көпшілігі көмір өндірісінде жұмыс істейтін. Былай айтқанда, біздің отбасы аса кедей тұрмайтын, өйткені әке-шешеміз қашанда жұмыс істейтін. Дегенмен, қиын кезеңдерді де көрдік.
- Сіз бокспен айналысуды егізіңіз Максиммен бірге бастадыңыз…
- Боксшы ретінде ол менен мықты болатын! Бала кезімізде ол маған қарағанда күшті, ірі және жылдам еді. Білу керек нәрсені тез игеретін және ең бастысы тәртіпті болатын. Мен тентектеу болдым, спорттың әр түрімен айналысуды жақсы көрдім. Екеуміз де алғыр болдық, бірақ Максим боксшы ретінде менен анағұрлым мықты еді.
- Бауырыңыз да, Сіз де талантты болғандықтан, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының финалына екеуіңіз шықтыңыздар.
- Біз бір салмақта бокстасатынбыз. 15 және 16 жасымызда біз Қазақстан чемпионатының финалына шықтық. Бәрі қайсысымыз мықты екенін білгісі келді. Ал ата-анамыз үшін екеуіміздің жекпе-жекке шыққанымыз ақылға сыймайтын нәрсе еді. Алғашқы жолы Максим финалда маған жол беріп, мен чемпион болдым. Келесі жылы мен дәл осылай істедім.
- Ал 18 жасқа келгенде екеуіңізді де Қазақстан құрамасына шақырғысы келді, бірақ біреуіңізге ғана орын болды. Сөйтіп, қиын таңдау Сізге түсті.
- (Ұзақ паузадан кейін) Негізі олай болған жоқ. Ол кезде құрамадағы шығынның бір бөлігін боксшы өзі төлейтін. Біздің отбасы кедей болмаса да, ақша екеумізге бірдей жетпейтін еді. Біз бұрынғыша бір салмақта бокстасып жүрдік. Әлем чемпионаты немесе Олимпиадағы кім баруы керектігі шешілерде екеуміз бокстасуымыз мүмкін болды. Максимге бұл оңай болған жоқ, бірақ ол жолды маған берді. Мен үшін ол бокстағы карьерасын аяқтады. Бұл адам сенбейтін мәрттік еді, мен сол үшін де оған өмір бойы қарыздармын. Біз егізбіз, бірақ мен 15 минут бұрын туғанмын. Максим менің үлкендігімді сыйлады. Әрине, қалжыңдаймын (күлді).
- Әуесқой бокста сіз 350 мәрте жеңдіңіз, алуға болатын титулдың бәрін дерлік алдыңыз…
- Олимпиаданың алтын медалынан басқасын.
- Бұған Сіз өкінесіз бе?
- Мен әлем чемпионы, Азия чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болдым. Мен шынымен де Афиныдағы Олимпиаданың «алтынын» мен алуға тиіс едім деп ойлаймын. Осы жағдайға байланысты әуесқой бокстан көңілім қалды.
- Бұл реніш екі жылдан кейін Сіздің кәсіпқой боксқа келуіңізге себеп болды. Сол үшін Қазақстаннан Германияға кеттіңіз.
- Иә, менің карьерам осылай басталды. 2006 жылдан 2009-ға дейін мен Германияда көп жекпе-жек өткіздім, әйеліммен, сосын ұлымызбен Штутгартта тұрдық.
- Бірнеше табысты жылдан кейін Германиядағы карьераңыз дамымай қалды.
- Нені айтасыз?
- Бірнеше чемпион, соның ішінде америкалық Келли Павлик Сізбен бокстасудан бас тартты, 2009 және 2010 жылдары.
- Мен ол кезде нөмірі бірінші үміткер болатынмын. Тәртіптің бәрі сақталғанда мен онымен шығар едім. Бірақ ол жекпе-жек кәсіпқой боксқа еш қатысы жоқ себептерден болмай қалды. Мен промоутеріме Павликпен бокстасқым келеді дедім. Ол мұның мүмкін емес екенін айтты. Павлик — америкалық, оның Top Rank-тегі промоутерлері жекпе-жекті НВО арнасынан көресетуі керек. Ал мен неміс арнасымен ірі келісімшартқа отырып қойғам.
- Байқаймын, мұндай ұсақ-түйек кедергілер Сізге ұнамайды.
- Мұның бәрі — бла-бла. Менімен жұмыс істеген оңай. Мен әлем чемпионы, ал сен бірінші үміткер болсаң, онда менеджеріңе званда, күнін белгілейміз де рингке шығамыз.
- Сізді нокауттың шебері деп атайды. Қарсыласты құлатқан кезде қандай сезімде боласыз?
- Сөзбен жеткізу қиын, бірақ ол жағымды сезім. Ондай сәтте мен рингтегі жұмысымды ойдағыдай істегенімді түсінем.
- Сіз 33 кездесуді нокаутпен жеңдіңіз. Олардың ішінде өзіңізге қайсысы қаттырақ ұнайды?
- Өзім де білмеймін. Әрқайсысы әртүрлі. Шынымды айтсам, біреуін атай алмаймын. Өте қиын сұрақ.
- Маған екі жыл бұрынғы Madison Square Garden-дегі техникалық нокаут ұнады, канадалық Давид Лемьені соққылауды рефери тоқтатуға мәжбүр болған кез. Сол жекпе-жектің соңғы секундтарын еске түсірейікші.
- Шатаспасам, алтыншы раунд болатын (негізі сегізінші раунд - L’Equipe ескертпесі). Есімде, оны қыса түсу үшін соққыларымның жылдамдығын үдетіп, енді канвасқа жібермек болғанымда төреші араласып, жекпе-жекті тоқтатты.
- Төрешінің тоқтатқанына қынжылыс болды ма?
- Жо-жоқ. Төреші дұрыс жасады. Қателеспесем, сол раундта ол Лемьенің өз-өзіне келуіне мүмкіндік беріп, қайта жалғастыруға рұқсат еткен болатын. Бірақ мен жылдамдықты үдетіп, тағы да бірнеше соққы жасадым. Содан кейін барып ол біржола тоқтатты.
- Сіздің қай қолыңыз қаттырақ ұрады?
- Екеуі де (күлімсіреп). Шынын айтсам, білмеймін. Бір нәрсені анық білем, мен екі қолыммен де нокауттарға жібергем.
- Сіздің күшіңізді және жылдамдығыңызды білеміз. Басқа қандай күшті қасиеттеріңіз бар?
- Мендегі тайминг, дәлдік және тәртіп. Мен үшін бокстағы ең қасиет күш емес, тәртіп.
- Карьераңызға қайта оралсақ. Германиядан кейін Сіз күшіңізді АҚШ-та сынап көрмек үшін 2010 жылы сол жаққа кеттіңіз.
- Мен карьерамда бәрін өзгерткім келді. Жаңа промоутер, менеджер және бапкер таптым. Павликпен жағдайдан соң мен кәсіпқой бокста биікке жету үшін АҚШ-кету керектігін түсіндім.
- Дәл осы себепті Сіз қазіргі бапкеріңіз Абель Санческе бардыңыз ба?
- Калифорнияда оның бокс залы бар екенін білетінмін. Бірақ Санчестен бұрын бірнеше басқа бапкерлерді көрдім.
- Кімдерді?
- Лос-Анджелесте Мэнни Пакьяоның бапкері Фредди Роучтың Wild Card залында болдым. Сосын Окснардтағы Робер Гарсияға бардым. Бұл Калифорния. Одан кейін Лас-Вегаста екі залда болдым. Бірақ бұл варианттардың ешқайсысына тоқтамадым.
- Неге?
- Адам өте көп. Көп боксшылар бірге жаттығатын танымал залдар ғой. Кейде әуесқойлар да кіреді. Мен тыныштау жерді жақсы көрем. Сосын ол кезде менің дамуыма ден қоятын бапкер керек болды.
- Санчестің The Summit залы тауда, Биг Беарда орналасқан. Сіз үшін таптырмайтын жер!
- Алғаш барған соң осы жерде дайындалам деп шештім. Бұл бокста аңыздар туған орын. Өйткені, көптеген ұлы чемпиондар Биг Беарда дайындалған, мысалы Де Ла Хойя мен Мозли.
- Абель Санчес Сіздің стильді қалай өзгертті?
- Екеуіміз өткізген бірнеше жаттығу лагерінде АҚШ-тан және Мексикадан өте көп спарринг-партнерлар болды. Бұл менің өз стилімді іздеуге мүмкіндік берді. Өйткені, Абель маған нақты біреуін таңған жоқ. АҚШ-та басында тым еуропалық стильде бокстастым, ол - таза бокс, мүмкін тым таза бокс. Абель мені көбірек тәуекелге баруға үйретті. Бұл мен үшін жаңа нәрсе еді. Сосын ол жылдамдықты қалай пайдалану керектігін үйретті.
- Оның көмегімен 2013 жылы Сіз АҚШ-тағы екінші жекпе-жегіңізде Габриэль Росадоны ұрып тастадыңыз. Гриппен ауырғаныңыздан бірнеше күн өткен соң-ақ.
- Нью-Йоркқа келгеннің ертесі жаман ауырып тұрдым. Жекпе-жекке екі күн ғана қалған, ал менде температура жоғары, қимылдай алмаймын, тамақ та жей алмаймын. Жекпе-жек болатын күні таңертең сәл дұрысталдым, ал кешкісін реферидің тоқтатуымен жеңдім. Егер промоутер сол кездесуді болдырмай тастағанда менің карьерам жаңа сатыға шыға алмаған күйі қалар еді.
- Қазақстан мен Германиядан кейін Сіз Лос-Анджелесте тұрып жатырсыз. Америкалық өмір салты Сізге қалай?
- Әрине, бәрі басқаша. Климат жағымдырақ (күлімсірейді). Мұнда бәрі әдемі, адамдар жағымды.
- Сіз туыстарыңыздың көбін алып келдіңіз бе?
- АҚШ-та Максим ылғи менімен бірге жүреді. Өйткені, ол - командамның бір бөлігі және бапкерлерімнің бірі. Әйелім мен ұлым да қасымда. Ұлым американ мектебінде оқиды, ол бізді қуантып жүр. Әйелімнің қазір аяғы ауыр. Біз екінші баланы күтіп жүрміз. Ол бала осында, АҚШ-та туатын болады.
- Сіз Jordan-мен келісімшарты бар баскетболдан бөлек спорттың өкілісіз. Және Сіз скандалдардан аулақсыз.
- Меніңше, Майкл Джорданға да ұнайтыны осы.
- Сіз онымен жеке таныссыз ба?
- Иә, бірде Нью-Йоркта бірге ас ішкенбіз. Менің отбасым мен достарым да сонда болды. Оған басқа қырымнан - отбасыдағы адам ретінде ұнадым деп ойлаймын. Ал мен үшін Майкл Джорданмен кездесу керемет нәрсе еді, ал оның брендін ұсыну - аса жоғары мәртебе.
- Сізді Сауль «Канело» Альвареспен өте үлкен жекпе-жек күтіп тұр. Ол Мексиканың - сіз ерекше жақсы қарайтын елдің өкілі.
- Менің бапкерім Абель Санчес Мексикада туған. Лос-Анджелесте мен олардың мәдениетін жақыннан біле алам. Маған мексикан тағамдары өте ұнайды. Оған Абель кінәлі (күледі). Біздің залдың жанында өте жақсы мексикан мейрамханасы бар. Мен аптасына екі-үш мәрте сонда барып тұрам. Кейде олар тамақты үйге әкеледі. Бірақ сөзіме сеніңіз, менде салмаққа қатысты ешқандай мәселе жоқ.
- Санчеспен жұмыс істей бастаған кезде Альварес Сіздің спарринг-партнеріңіз болды. Ол жаттығулардан есіңізде не қалды?
- Алты, әлде жеті жыл бұрын ғой. Ол кезде ол жас болатын, небәрі 20 ма екен, әйтеуір сол шамада. Біз бірнеше рет спаррингке шықтық, ол біраз алға ұмтылды. Қалыпты нәрсе ғой, өйткені оған өзінің кім екенін көрсету керек болды. Қазір Альварес Флойд Мейвезермен және басқа боксшылармен бокстасқан кезден бері шеберлік жағынан өсті. Оның күші толысты, есейді, қазір ол әлдеқайда мықты боксшы.
- Жекпе-жектің келіссөздері екі жыл жүрді, бітпейтіндей көрінді.
- Иә, ол жағы кәдімгідей қиын болды. Сол ғой, бокстың басқа жағы процесті баяулатып тастады. Ол тек Альварес пен Павликке ғана қатысты емес. Көптеген боксшылар менен қашумен болды. Қорқа ма, білмеймін. Менің промоутеріме бірнеше қоңырау келді. Альварес менімен шыққысы келетінін айтумен болды. Бірақ нәтижеде осының бәріне екі жыл кетті.
- Сіздің Дэниел Джейкобспен өткізген соңғы кездесуіңізде нокаут болмады. Көбі мұнда Сіздің стратегияңыз бар, Сіз осылайша Альваресті қорқытып алмауды ойладыңыз дейді. Расында солай ма?
- Тым мықты өткізген жекпе-жек кейде қарсыластарды қорқытып жіберуі мүмкін. Бірақ бір нәрсені ескерейік, Джейкобс - мықты боксшы. Мүмкін, оны нокаутқа да жіберетін едім. Екінші жағынан, 12 раундты рингте өткізгеніме қуаныштымын. Өйткені, менде ешқашан мұндай тәжірибе болған емес. Джейкобсты төрт немесе бес раунда жеңгенімде Альвареспен жекпе-жек болар ма еді? Сенімді емеспін.
- Сіздің жасыңыз 35-те. Альвареспен өтетін жекпе-жектен кейінгі жоспарыңыз қандай?
- Менің бар ойым - 16 қыркүйекте Альвареспен өтетін жекпе-жекте. Бұл менің карьерамдағы аса маңызды сәт, бокстағы биігім.
- Әлі қанша бокстаспақ ойыңыз бар?
- Бұл сұрақққа нақты жауабым жоқ. Мүмкін, келесі жекпе-жектен кейін пайда болатын шығар. Қазір мен өзімді жақсы сезініп жүрмін. Тағы екі жыл бокстасам десем болатын шығар. Кемінде екі жыл!
Қазір Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (49-1-1, 34 КО) кездесуге дайындық жасап жатыр. Бұл жекпе-жек 16 қыркүйек Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтетін бокс кешіндегі басты кездесу.
Дереккөз: vesti.kz