©
Ақтауда «Caspi Leader Camp» лагері жұмыс істеуде. Оған еліміздің бірқатар белсенді жастары атсалысып жатыр. Солардың бірі, танымал вайнер, «Уuframe» тобының мүшесі – Расул Абдуллаев. Шара аясында уақыт тауып, жас кәсіпкермен тілдескен едік, оқи отырыңыз. – Расул, саламатсыз ба! Маңғыстауға қош келдіңіз! Алдымен, оқырмандарға өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. – Менің атым - Расул. Жасым 21-де. Мамандығым – маркетолог. Осы сала бойынша жұмыс істеп жүрмін. С. Демирел атындағы колледжді тәмамдап, Стамбул қаласындағы Айдын университетіне халықаралық сауда мамандығына түскен едім. Бірақ оны аяқтауға мүмкіндік болмай, тастап кеттім. – Неге? – Себебі жұмыс істей бастадым. Менің ойымша, қазір ғаламтор дамыған, барлығын оқып үйреніп алуға болады. Кітаптардың да онлайн нұсқалары бар. Өзім 17 жасымнан бері маркетолог болып қызмет атқарамын, 4 жылдың тәжірибем бар десем де болады. – 17 жасымнан дейсіз. Ең алғаш қандай жобамен айналысып едіңіз? – Startupgrap.kz деп аталады. Бұл – онлайн жеткізу қызметі. Сондай-ақ, елімізге танымал маркетологтардың шеберлік сыныптарына барып дәріс алдым. Бір жылдай Әлішер Елікбаевпен бірге жүріп, біраз нәрсе үйрендім. 2015 жылдың қаңтар айында «Уuframe» жобасын қолға ала бастадық. Қарапайым бейнероликтер түсіріп, оны желіге жүктейміз. Осы екі жарым жыл ішінде инстаграм желісінде 3 миллион, ютуб каналында 350 мың қолданушы бізге жазылды. Онымен қатар, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап, «Кристалс принк» компаниясында да жұмыс істеп келемін. Онлайн тапсырыс беруді қамтамасыз ететін мобилді қосымша - «Zenge» жобасы бойынша. Бұл жоба Алматы, Астана қалаларын қамтиды. «Уuframe» жобасы көрерменге кең танылып, дами бастаған соң, маған бірін таңдауға тура келді. Мен «Уuframe»-нің негізін қалаушылардың бірі ретінде соны таңдадым. Өйткені ол тек веб-парақша ғана емес, ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Бұрын бұл жоба аясында өзінің жеке кафесі болды. Енді бургер орталық ашылып жатыр, сұлулық салоны бар, айта берсек көп. Жалпы біздің мақсатымыз – әлемдік деңгейге шығатын қазақ контентін қалыптастыру. – Әлішер Елікбаевты қазір барша Қазақстан біледі десек, қателеспеспіз. Сіз одан не үйрендіңіз? – Мен оған өз түйіндемемді апарып, «Менің сізбен жұмыс істегім келеді» дедім. Презентациямды көрсеттім. Сосын ол маған "өзге ғаламшарлықтар жайлы фильмге идея тап" деген тапсырма берді. «Алқызыл түлкі жайлы ертегі» фильмінің режиссері Фархат Шариповпен таныстырды. Мен бірден іске кірістім. Шерхан Әлішерге мен туралы жақсы пікір айтқан екен. Содан кейін Әлішер мені көптеген жобаларына араластыра бастады. Маған кеңестерін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Біздің командамызға да ақыл-кеңестерін, идеяларын қосып отырады. Кейде серіктес ретінде жұмыс істейтін мамандарды ұсынады. Қазір қарым-қатынасымыз достыққа ұласты дей аламын. – Енді «Уuframe» жобасына ойыссақ. Оны вайн түсіретін топ ретінде көбіне жастар жағы таниды. Инстаграмдағы тіркелушілеріне қарап, бүтін бір әскер деуге болады. Оларды қызықтыру үшін қандай тәсілдер қолданасыздар? Оқырманды жалықтырмау қаншалықты қиын? – Біз алғашында вайндар, қысқа роликтер түсірумен бастадық. Вирусты бейнежазбалар дейді ғой. Күлкілі жағдайлар, өмірде орын алатын оқиғалар т.б. Сол арқылы жұрттың қызығушылығы оянды. Оқырмандар өздері көріп, ұнатып, бір-бірен таратып жатты. Бір-бірі арқылы біздің парақшамызға тіркелді. Бір оқырманның өзі кем дегенде 3-4 адамның бізге қосылуына ықпал етті. – Ал ең танымал вайндарыңыз не туралы еді? Есіңізде ме? – Меніңше, «Братухи» деген вайн болуы керек. Осы аттас сериал бар екенін білесіздер. Біз сарказм қосып, сатира жанрында бердік. Біздің менталитетімізге тура келген сыңайлы, көп қаралымға ие болды. – Дәл қазір Ақтау қаласындасыз. «Caspi Leader Camp» форумында бизнес-жаттықтырушысыз. Мұнда жиналған жастармен қандай кеңестеріңізді бөліспексіз? – Маған әлі біреуді оқытуға, үйретуге ертерек деп ойлаймын. Өз тәжірибеммен бөлісемін деген дұрыс болар. Менің бағытым диджитал болғандықтан, осы тұрғыда білгендерімді айтамын. Адамдарға дұрыс сұрақ қоя білуді үйрете аламын. Себебі сұрақ дұрыс қойылғанда ғана дұрыс жауап ала аласыз. – Мұнда тобыңызбен бірге келдіңіз бе? – Иә, Арман, Артур, Карина бәріміз бірге келдік. Бірге вайн түсірмекпіз. – Яғни, теңіз жағалауында ролик түсіресіздер ғой? – Әрине, Ақтау – өте әдемі қала. Бізге ұнады. Арман мен Карина 1-2 ай бұрын осында келіп кеткен еді. Сол кезде Арман өте керемет көңіл-күймен, эмоциямен оралған болатын. Шынында, Ақтауда басқаша атмосфера байқалады. Бізге осында келу жайлы ұсыныс түскенде командамызбен қуана келістік. Кешкісін теңіз жағасында серуендейміз, халқы өте қонақжай екен. Балықтан дайындалған бешбармақтан да дәм тату ойымызда бар. – Егер құпия болмаса, сценарийлеріңізді айта аласыз ба? – Шамамен ертең көріп қаларсыздар. – Ал мұнда қанша вайн түсіресіздер? – Біреу. – Сіз Алматыдан келдіңіз. Ақтаудың халқы мен Алматы халқынан айырмашылық байқадыңыз ба? – Ақтаулықтар тікмінезді екен (күліп). Мысалы, Алматыда біз ролик түсіру кезінде тұрғындарға өтініш жасайтын кездер болады. Сондай сәтте қаламайтындар «кешіріңіз, түсе алмаймын» немесе «уақытым жоқ еді» деп, басқаша жолмен бас тартып жатады. Ал мұнда сәл басқашалау. Қысқа-нұсқа «жоқ» деп жауап береді. Сонымен бітті. – Бұл сіздерге ыңғайсыздық тудырды ма? – Енді кей жерлерде – иә, кей жағдайларда – жоқ. Бұл – әр аумақтың өзіне тән мінез-құлқы, жаратылысы деп ойлаймын. Екінші ерекшелік – мұнда көпшілігі қазақша сөйлейді. Қонақжайлылыққа келер болсақ, ол жалпы қазақ еліне тән қасиет қой. Дегенмен, Ақтауда бір саты жоғары деп айтуға болады. – Ал сіздердің қазақ тіліндегі вайндарыңыз бар ма? – Бір ғана вайнымыз болды. Бірақ жақында ютуб каналымызда қазақша жоба бастағалы отырмыз. – Демек сұраныс бар ғой? – Мәселе сұраныста емес, өзіміз ана тіліндегі жобамыз болғанын қаладық. Біз жалпы сұранысқа жауап бергеннен гөрі, өзіміз ұсынғанды жөн көреміз. Көрерменге қызықты, жаңа, қоғамның дамуына ықпал ететін дүниелерді нарыққа шығарғымыз келеді. Өз трендімізді қалыптастырсақ дейміз. Егер адамдарға керек дегенін ғана беріп отыра берсең, өспейсің. – Жалпы вайндар әзілге құрылады. Көрермен сол сәтте ғана күледі, көңілін көтереді. Ал оның басқа мақсаты бар ма? – Әрине. Біз бұл жобаны 19 жасымызда бастадық. Ол кезде қазіргідей салмақты ойлар, белгілі бір мақсат болды демеймін. Бірақ қазір біз құр күлкілі вайннан салмағы бар жобаларға ауысып жатырмыз. Онда біз сапалы дүние ұсынуға, дамуға тырысамыз. – Сізден жас кәсіпкер ретінде сұрағым келіп отыр, Қазақстанда сіз секілді кәсіпкерлердің даму мүмкіншілігі қаншалықты? Немесе белгілі бір шегі бар ма? Сіз оған қол жеткіздіңіз бе, әлде... – Жоқ, біз – мыңдаған баспалдақтың алғашқы сатысындамыз. Яғни, алғашқы қадамды жасадық. Алда әлі атқарылар жұмыс өте көп. Менің ойымша, Қазақстанда бизнес жүргізу оңай. Өйткені нарық әлі дамымаған, бәрі бос тұр деуге болады, салық көлемі де төмен. Ал Еуропада керісінше толып қалған, салықтар өте қымбат. Бізде бұл жағынан мәселе жоқ. Иә, біз мұхитқа тіке шыға алмаймыз. Дегенмен Елбасымыз айтқандай, бізде алып экономикалық екі мұхит бар: Ресей және Қытай. Неге өнімдерімізді шығармасқа? Вайн түсірсек те, кондитерлік өнім өндірсек те... Меніңше, Қытай оны бағалайды. – Ал, сіздер әріптестеріңізбен, яғни басқа вайн түсірушілермен байланысып тұрасыздар ма? Тек отандық емес, шетелдіктермен де... Мәселен, желі арқылы танылған қырғыз қызы да бар. Жалпы олармен бәсекелесіздер ме? – Иә, әрине. Араласып тұрамыз, бірақ бәсекелес емеспіз. Мысалы, біз сәбіз сатып тұрмыз, ал олар – пияз. Дәл сол секілді тұтынушы бізден сәбіз, олардан пияз сатып ала алады. Біз бірге өсіп, бірге дамып келеміз. Бір-бірімізге көмектесетін де кездер болады. Жарнама берушілерге ұсынамыз дегендей. Осының арқасында да біз осындай дәрежеге жеттік деп ойлаймын. Ал шетелдіктерден ресейлік Павел Микуспен, Гусейн Гасанов, Эльдана FourEyes-пен араласып тұрамыз. Эльдана – бізге алғашында қолдау білдірген вайнерлердің бірі. Батыров, Ха-ха шоу, жалпы барлығымен жақсы қарым-қатынастамыз. – Жарнама берушілер деп қалдыңыз. Мен сіздердің инстаграмдағы парақшаларыңыздан бірнеше жарнаманы байқадым. Мұндай әдіспен қанша қаржы табуға болады? – Орташа есеппен, роликтер бізге 800 мың теңге көлемінде пайда әкеледі. – Бір ғана ролик? – Иә, оған жетпейтіндері де болады. Алғашқы сома – 700 мың теңге. Оның ішіне сценарийдің жазылуы, оператордың, монтажердің жұмыстары, дыбыс, аппарат, менеджерлер бар, тағысын тағы кіреді. Жалпы «Уuframe»-нің 25 мүшесі бар. Үлкен команда жұмыс істейді. – Өз ісін бастағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз? – Жақсы көретін ісіңмен айналысу керек. Дольче мен Габбана етікші боламын деген армандарын жүзеге асырғанының арқасында керемет бренд қалыптасы. Сапалы спорттық аяқ киім шығаруды қалаған Адольф Даслердің идеясы «Адидасты» дүниeге әкелді. Егер адам сүйікті жұмысымен айналысса, зор ынтамен, ниетпен кіріседі. Және ол нәтижелі болады. Бастысы берілмеу керек. – Әңгімеңізге рақмет. - Сізге де рақмет.Сұқбатты дайындаған Кәмшат ӘБДІРАЙЫМ,
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет Р. Абдуллаевтың инстаграмдағы жеке парақшасынан алынды
https://youtu.be/P_Q39n6AP74