Елде 16 шілде күні жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау процесі басталды. Яғни, борышкерлерге есептелген барлық өсімпұлдар алынады. Ол үшін мемлекеттік кірістер басқармаларына жүгініп, не болмаса өтініш-арыз жазудың қажеті жоқ. Мекеме мамандарының өздері жеке тұлғалардың дербес шоттарына бақылау жасай отырып және негізгі қарыздарын төлеген сәтте жиналған өсімпұлды автоматты түрде алып тастайды. Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада салықтық берешегі бар 1 миллион 400 мың жеке тұлға анықталған. Олардың қарыздары – 21 миллиард теңгеге жуық. Оның үштен бір бөлігі – қосылған айыппұлдар болса, барлық салық берешектерінің 70%-ы автокөліктерге тиесілі. Ал қарыздарын өтеп қойғандарға салықтық рақымшылық аясында артық төлем қайтарылады. «Әрине, тұрғандардың көпшілігі белсенді, жауапкершілігі мол, адал азаматтар деп айтуға болады. Көптеген азаматтарымыз аталмыш заңның қабылданғанын күтпей-ақ, берешектерін өсімпұлдарымен бірге өтеп тастаған. Біз осындай жауапкершілігі бар тұлғалардың өсімпұлдарын қайтарамыз. Қазіргі таңда, аталмыш тұлғалардың саны мен шамасы анықталып, нақтыланып жатыр. Олар негізгі қарыздарына қосып төлеген өсіпмұлдарын қайтарып алу үшін бізге өтінім береді. Кез-келген қайтарым өтініш арқылы ғана жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта есептен шығару әлі жүргізілмегенін ескере кету қажет, өйткені есептен шығару ережелері жасақталуда. Ережелер тіркеуден өткеннен кейін ғана Мемлекеттік кірістер органдары есептен шығаруды ұймдыстыра бастайды. Осы тұрғыда департаментте және аудандық бөлімшелерде тиісті комиссиялар құрылды. Ереже бекітілген сәттен бастап есептен шығару бірден жүргізіледі», - дейді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Ербол Өтеев. Осы ретте Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Ербол Өтеевке салықтық рақымшылық процесі жөнінде бірнеше сауалдарды қойған едік. – Маңғыстаулықтардың мемлекетке берешегі қанша және салықтық рақымшылыққа қанша адам ілігеді? – 2019 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметтер бойынша Маңғыстау облысында 77,3 мың жеке тұлғаның 2 млрд теңгеден астам қарызы бар екені анықталды. – Негізгі қарызды қай уақытқа дейін өтеу ұсынылады? – Елдің кез келген азаматы салық бойынша берешегінің өсімпұлын жоюға қатыса алады. Ең бастысы мемлекет алдындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеуі қажет. – Қарыз салықтық рақымшылық енген күнге дейін өтеліп қойған болса, төленген өсімпұлды қайтарып алуға бола ма? – Егер осы жыл ішінде және салықтық рақымшылық енбегенге дейін барлық қарыздар, соның ішінде негізгі қарыз бен өсімпұл да төленген болса, оны қайтарып ала алады. Ол үшін жеке тұлға мемлекеттік кірістер органына жүгініп, өтініш жазуы керек. – Ал егер тұрғындар салық органына барып, арыз жазуға мүмкіндігі немесе уақыты болмаған жағдайда не істейді? – Салықтық рақымшылық жасау аясында жеке тұлғалар үшін өсімпұлдарды қайтарып алу уақытын жіберіп алсаңыз, бұл мәселеде алаңдауға еш негіз жоқ. Артық ақша жоғалмайды. Жеке шотта алдағы төлемдер үшін сақталады. – Аталмыш салықтық рақымшылық жасаудың мақсаты неде? – Бұл жерде екі негізгі нысанаға алынған мәселені айтуға болады. Біріншісі – мемлекет ел азаматтарынан қаржылық ауыртпалықты алып тастағысы келді. Екіншісі – халықты негізгі қарызын өтеуге ынталандыру болып отыр. Сонымен қатар ел бюджеті бұл салықтық рақымшылықтан қаражат жоғалтпайды. Себебі бюджетті жасақтау кезінде өсімпұлдар есептелмейді. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалардың салықтық берешектері есептен шығарылады. Алайда он бес жылдан астам уақыттан бері тіркелген кәсіпкерлік қызметтегілердің қарыздары шығарылмайды. Құрметті маңғыстаулықтар, осы мүмкіндікті пайдалануға асығыңыздар. Рақымшылық 31 желтоқсанға дейін жалғасатынын қаперіңізге саламын. – Тұщымды жауабыңыз үшін рақмет!
Жұлдызай ҚАЛИЕВА