©
Осы тақырыпқа дайындалу барысында көптеген ақпаратқа көз жүгірттік. Ғаламтор беттерін де сүзіп шықтық. Себебі бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесі туралы мәселелер ең өзекті болып тұр. Әйтпесе «Қазақстанның ана аймағында мектеп оқушылары топ-топ болып төбелесіп, бір баланы мүгедек қылып тастапты. Мына өңірде бір баланың өмірін қиыпты, ал осындай оқиғалар бойынша Жаңаөзен қаласында қандай шаралар жасалып жатыр?» деп кез келген маманға 5-6 сұрақты беріп, жауабын судыратып жазып шығуға да болады. Қажет болса, халықтың кәдесіне жарап жатса, оны да жазып шығармыз. Бірақ біз ата-аналар өз күнәміз бен кінәмізді өз бойымыздан емес, өзгеден іздеуге тырысатын қасаң қағида мен жағымсыз қасиетті қатаң ұстанып алғанбыз. Сол бойымыздағы жаман әдеттерді біле тұра мойындағымыз келмейді. Оны бүркемелеу үшін өзгеге жабысуды әдетке айналдырғанбыз. Өйткені тікелей өзіміздің айыбымызды, өзіміздің жауапкершілігімізді өзгенің мойнына арта салуға әбден дағдыланғанбыз. Мысалы, көбінесе баласы таяқ жеген, әлде баласы мерт болып, орыны толмас қайғыға кезіккен ата-аналар немесе өзгеге зардап шектіріп, кінәлі болған жақтың заңды өкілдері мектепке барып, сынып жетекшісі мен мектеп басшыларын кінәлап, одан әрі құқық қорғау органдары қызметкерлерін қарғап-сілеп, тіпті әділ үкім шығармады деп сот пен судьяларды айыптап, телеарналардың тілшілері мен операторларын шақырып, әйтпесе ұялы телефондарының бейнетаспаларына түсіртіп, айқай-сүрен салып, жарты әлемге жар салып жатады. Ал осындай оқиғаларды көшеде кездейсоқ көріп қалған тұрғындар да оларға қолдан келгенінше көмек қолдарын созудың орнына, жерден жеті қоян тапқандай мәз болып, қомпаңдап ұялы телефондарының бейнекамераларына түсіріп, дәл бір аяқастынан Америка ашқандай сайттарға салып, ғаламторда жұртты шулатып жатады. Міне, осының бәрін біздің санамызға мықтап сіңірген қазіргі қоғамның тәрбиесі. Кеңестік идеологияның сарқыншақтары. Коммунистік идеяның жемісі. Жұртты, әкеге баланы, шешегі қызды, ағаға ініні қарсы қойып, бір-бірімен араздастырып, арандатып ұстау олардың негізгі қағидасы. Өйткені жұртымыз жұдырықтай жұмылып, бір-біріне бауырмалдық танытып, қысылғанда көмек беріп тұрса – оларды бағындыру әрине жауларға оңайға түспейді. Ал бір-бірімен қырқысып, таласып, тармасып, бірін-бірі түтіп жердей болып отырған елді дана емес, бала да басқара алады. Себебі ауызбіршілігі жоқ елді басқару аса қиындық туғызбайды. Тұр десең тұрады, жат десең жатады. Өзіндік ой-пікір, асқаралы арман, нақты мақсаты болмайды. Ал ғаламтордағы мына бір аңыз көңіліме ой салды. Яғни, бізге ұнады. Сондықтан жұрттың бәріне болмаса да, көкірегінде саңылауы бар бірқатар саналы жандарға әсер етсе де пайдалы болар деп ойлап, осы материалға пайдалануды жөн көрдім. Ыстамбұл шаһарында Сүлеймения мен Шахзадабасы мешіттері арасында Уафа хазіреттің қабірі бар. Өз заманында аты баршаға мәшһүр бұл кісі бай мен кедейге бірдей мейірбан да әділ болған көрінеді. Күндердің бір күнінде бір сүт сатушы әйел Уафа хазіретіне келіп, оның баласының үстінен шағым айтыпты. Себебі хазіреттің ұлы оның сүт тасып жүрген шелегін бізбен тесіп тастай береді екен. - Мен сүт сатып күнелтіп жүрген адаммын. Өзім кембағал жанмын. Бүгін, міне, балаңыз алтыншы шелегімді тесіп тастады, - деп мұңын шағыпты. Баласының тентектігі үшін хазірет өзі кешірім сұрапты. Уайымдамаңыз, ол істің себебін анықтаймын деп, Уафа әлгі сүт сатушы әйелдің қолына азын-аулақ ақша ұстатыпты. Уафа хазіреті баласының тентектігін үйіне келіп әйелімен бірге талқылапты. «Кінә екеуміздің қайсысымыздан кетті?» деп екеуі де көп ойланыпты. Сонда әйелі: - Үйге үнемі азық-түлікті сіз әкелесіз. Егер арам нәпақаның кесірінен болса, онда сіз кінәлісіз, - дейді. Ол кісі байсалдылықпен әйеліне: - Мен көп ойландым, бірақ қандай қателік жасағанымды білмедім. Сен де жақсылап есіңе түсірші. Әйтеуір, қателік сенен әлде менен кеткен болуы мүмкін, - дейді. Әйелі сыртқа шығып кетіп, көп ұзамай қайта кіріп: - Отағасы, менің есіме түсті, - депті басын төмен салып. – Мені осы балама аяғым ауыр кезде көрші әйел тамаққа шақырған болатын. Сол үйде отырып дастархан үстіндегі апельсинге көзім түсіп, аңсарым ауып, көңілім кетті. Яғни, жерік болғандықтан жегім келді. Тағы да үлкендердің ылғи айтатын «Егер жерігің қанбаса, іштегі сәбидің ақыл-есі кеміс болады» деген сөздерінен сескендім. Дегенмен апельсинді үй иесінен сұрауға ұялып, батылым жетпеді. Сосын одан сырттан бір шыны су әкеліп беруін өтіндім. Осы сәтті пайдаланып, көйлегімнің омырауындағы түйреуішті алып, әлгі апельсинді тесіп, жылдам-жылдам сордым, - деп сөзін аяқтайды. - Міне, міне, барлық бәле, бар кілтипанның көкесі де осында ғой. Енді сенің қателік жасағаның белгілі болды. Сен тез арада сол көршіден барып кешірім сұра, - дейді Уафа хазірет. - Қойыңызшы, арадан біраз уақыт өткенде сол болмашы нәрсе үшін қалай кешірім сұраймын? - деп жұбайы наразылық білдіріпті. - Жоқ, ол көрші әйелден міндетті түрде кешірім сұрауың керек. Алланың алдында біреудің ақысының үлкені де, кішісі де болмайды. Сен не болып жатқанын білесің бе? Біздің ұлымыз қазір небәрі алты жаста. Бар-жоғы 5-6 жыл өтпей жатып, сенің қолыңдағы түйреуіш бізге, ал апельсин шелекке айналды. Сенің жасаған қателігің баламызды бұзық іске жетелеуде, - деп әйеліне мән-жайды түсіндіреді. Ал енді баласының тәрбиесі басты борышы екендігіне мән бермей жүрген, яғни перзент алдындағы жауапкершілікке назар аудармай, көңіл бөлмейтін өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамда қанша ата-ана бар? Бұған жауапты Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция тобының басшысы, полиция капитаны Бауыржан Абдуллаевпен әңгімелесу барысында анықтай жатармыз. Аяғы ауыр, жерік кезінде түйреуішпен тесіп апельсин сору былай тұрсын, Жаңаөзенде түйені түгімен, жылқыны жүгімен жұтатын аналар жетіп артылатын шығар. Қане, сол сұхбатқа көңіл бөліп көрелік. - Жасөспірімдердің өмірі өкінішсіз өтуі үшін сіздерде қандай жұмыс істеліп жатыр? Қылмыстық істерді және құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін алдын-ала дәріс оқып, профилактикалық іс-шара өткізесіздер ме? Әлде мұндай шаралардың бәрі қағаз жүзінде ме? - Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының Ювиналдық полиция тобы тарапынан қылмыстық іс пен құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандардың тізімін есепке алып, олардың ата-аналарының қатысуымен айына екі рет профилактикалық бағыттағы сұхбат жүргізіліп, мекенжайларына толықтай тексеру жасалады. Ата-аналары мен заңды өкілдерін қатыстыра отырып түсініктемелер алынады. 12 жасқа дейінгілер жасөспірім болып аталады. 12-18 жас аралығындағылар кәмелетке толмағандар болып есептеледі. - Бұрындары Жаңаөзен қалалық әкімдігі жанында Кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы жұмыс істейтін еді. Қазір сол комиссия бар ма? Бар болса қандай жұмыстар жасап жатыр. - Ол комиссия әлі де жұмысын жасап тұр. Комиссия отырысында қылмыс пен құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарды ата-аналарымен бірге қатыстыра отырып, мәселелерін қарайды. Оған Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева төрайымдық етеді. Сондай-ақ мүшелері – қалалық білім бөлімінің басшысы Тәттімбет Жұмалиев, полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Адхам Ахуновтар. Соларға қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мектеп психологтары қатыстырылады. Комиссия отырысы ай сайын болады. Осы биыл осындай отырыста ата-аналық құқықтан айыру бойынша шектеу берілді. Рахат ауылының «Рахат» шағынауданының тұрғыны Ш.М. деген азаматшаны ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс берілді. Мәселен, оның күйеуі ішімдікке берілген, өзі үйіндегі 5 баласына қарамайды. Міне, осы азаматшаны ата-ана құқығынан айыру туралы ұсынысқа шектеу берілді. Яғни, шектеу деген сөз ескерту берілгендігін білдіреді. Оның үйіне барып қалалық білім бөлімінің өкілдері мен мектеп басшыларының қатысуымен акт жасалып, балалары Бейімдеу орталығына уақытша қабылданды. - Бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласы мен ауылдарындағы 24 мектепте 30 579 оқушы бар. Ал мемлекеттігі бар, жеке меншігі бар 56 балабақшада 8568 бала тәрбиеленіп жатыр. Оған қосымша қаладағы 5-6 колледжде оқып жатқан студент жастарды қосыңыз. Қаланың шағынаудандарында да қызметкерлеріңіз жұмыс істейді. Осылардың бәрінің тыныштығын сақтау сіздерге жүктелген. Қанша қызметкер бар? Тыныштықты күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға жетісесіздер ме? - Әрине, жеткілікті деп айту қиын. Дәл осы күндері мамандардың жетіспеушілігі айқын сезілуде. Жалпы біздің штаттық кестеміз бойынша 30 қызметкер болуы керек. Үш қызметкер жетіспейді. Әлеуметтік, яғни декреттік демалыста бір қызметкеріміз бар. Төртеуі еңбек демалысында. Екі қызметкер денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыздық парағын аштырған. Іссапармен басқа салаларда жүрген үш қызметкеріміз тағы бар. Осындай себептерге байланысты осы күндері сапта 17 адам еңбек етуде. Оның алтауы аға инспектор, қалған он бірі білім беру ұйымдарында. - Мектептерде «Мектеп инспекторы» деген болушы еді. Қазір мектепке бара қалсаң көзге түспейді. Сонда қайда жүреді? Әлде қосымша жұмыстарға жегіп қоя ма? - Жаңа өзіңіз айтқандай 24 орта, 2 бастауыш мектеп, 1 гимназия-мектебі, 1 лицей-мектебі, 1 Дарын мектебі, 1 Инновациялық мектеп (бұрынғы қазақ-түрік лицейі) бар. Осылардың барлығына жұмыс кестесі бойынша инспекторлар бекітілген. Кей жерлерде екі мектепке біреу, тағы бір жерлерде үш мектепке біреу дегендей. Жалпы білім беру ұйымдарына қызметкерлеріміз сөздің шынын айту керек жетіспейді. Олардың жұмыс кестесі мен жалақысын облыстық полиция департаменті, ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығы арқылы белгілейді. Дегенмен осы балабақша, мектеп, колледждерде біздің жергілікті полиция қызметі Ювеналды полция тобының қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында, жалпы құқық бұзушылықты болдырмау үшін жиналыс өткізіп, сайыстар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, осындай тақырыптарға байланысты профилактикалық жұмыстарын атқарып жатыр. - Ертеректе Жаңаөзендегі мектеп оқушылары арасында топ-топқа бөлініп төбелесіп жататын хабарлар оқтын-оқтын естіліп тұрушы еді. Тіпті кейбірі топтарын атақты тұлғалардың есімдерімен атайтын. Ал қазір мұндай саябырлаған сияқты. Мұның сыры неде? Жалпы жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жылма-жылғы көрсеткіштері қалай? Көңіл көншітерліктей жағдайда ма? - Кәмелетке толмағандардың арасынан 2017 жылы 21 баланың қатысуымен 11 қылмыстық іс жасалды. Оның ішінде колледждің 11 студенті, 7 мектеп жасындағы оқушылар, үшеуі еш жерде оқымайтын, әлде жұмыс жасамайтындар. Сонымен қатар өз басымен билік ету бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1 дерек анықталды. Өз басымен билік ету деген, қазақша айтқанда өзгенің қолымен от көсеу. Ұрлық бойынша 5 дерек, бұзақылық бойынша 4 дерек, өзгенің автокөлігін заңсыз иемденіп, айдап кету бойынша 1 дерек, яғни жалпы 11 дерек анықталды. Ал 2018 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 қылмыстық іс артық жасалды. Яғни, 27 баланың қатысуымен 19 қылмыс анықталды. Соның ішінде 15 студент пен 7 мектеп оқушысы және бесеуі оқымайтын, еш жерде жұмыс жасамайтын жастар. Мысалы, ҚР ҚК-нің 293 бабы, яғни бұзақылық бойынша 6 дерек, адамға қасақана дене жарақатын салу бойынша 2 дерек, өзгенің автокөлігін заңсыз иемденіп, айдап кету бойынша 2 дерек, ұрлық бойынша 5 дерек, кісі тонау бойынша 1 дерек, өз басымен билік ету бойынша 1 дерек, кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа тарту бойынша 2 дерек анықталды. Ол бойынша Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімі тергеп, сотқа жолданып, соттың қаулысымен сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті немесе айыпталушы ретінде, соттың қаулысымен қылмыскер ретінде, құқық бұзушы ретінде Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің Ювеналды полиция тобында есепке алынып, қазіргі таңда ата-аналарының, яғни заңды өкілдерінің қатысуымен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Түсінік хаттар алынып, сұхбаттар жүргізіліп, тұрақты мекенжайына тексеру жасалуда. - Мұндай жасөспірімдерге қандай жазалар қолданылады? - Жасөспірімдерді соттау қазір тоқтатылған. Қылмыстық іс жасағандар мен құқық бұзушылыққа қатысқандарға айыппұлдар салынады. 16 жасқа дейінгілер үшін айыппұл ата-аналарына, ал 16 жасқа толғандардың өзіне салынады. Айыппұл 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Яғни, 25 250 теңгеге дейінгі айыппұл жасөспірімнің өзіне салынады. Жасаған ісі ауырлау болса, қомақты айыппұл олардың ата-аналарына әлде заңды өкіліне салынады. - Ал әлгі топ-топқа, жік-жікке бөлініп төбелесетін жасөспірімдер туралы жауабыңыз тасада қалып қойған жоқ па? Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық істер мен құқық бұзушылықтардың жылдан-жылға өршіп бара жатқандығын маман ретінде қандай себептерге байланыстырар едіңіз? - Қазіргі таңда да топ-топқа бөлінбейді дегеніміз артық айтқандық болар еді деп есептеймін. Өйткені бүгінгі жасөспірімдерде де сәл артықтау айтылған сөздерді көтере алмай қалатын мінездер белең алуда. Сабыр сақтау, төзімділік таныту дегендерді оншалықты ескере бермейді. Осындай қызбалықтың салдары әртүрлі құқық бұзушылыққа, тіпті ауыр қылмысқа бастауы да ғажап емес. Мысалы, ұрлықты алып көрейік. Біреулер қазіргі замандағы түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты, яғни жетіспеушіліктің салдарынан саналы түрде мәжбүрлікпен ұрлық жасауға қадам қояды. Екінші біреулер ұрлық істеуге әдейі барады. Қайткенде де, ұрлық жасау, кісіге зиян келтіру ауыр күнә әрі кінә. Қылмыстық істерді де, құқық бұзушылықты да кешіруге болмайды. Себебі халқымызда «Қамысты бос ұстасаң – қолыңды кеседі» деген сөз бар. Жалпы жасөспірімдер арасындағы кез келген келеңсіз жағдайдың өріс алуы ата-аналардың қадағалауының олқылығына байланысты орын алатынын жасырудың қажеті жоқ. Бұл туралы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте тайға таңба басқандай етіп айтылған. Осы Кодекстің 327 бабында кәмелетке толмаған балаларын 10 сыныпқа дейін бағып-қағуды, оқытып-тоқытуды ата-аналарға міндеттейді. Міне, құрметті оқырман! Сөзіміздің басында мысалға келтірген Уафа хазірет пен Қазақстан Республикасының заңдары өзара бір-бірімен қабысып жатқан жоқ па? Сондықтан ұл мен қыздарының тәрбиесіне жастай көңіл аударып, қатарға қосу ата-аналардың кезек күттірмейтін міндеті. Яғни, парызы, Алланың алдына барғанда ең бірінші жауап беретін қарызы. Сол үшін бала тәрбиесін назардан тысқары қалдырмаңыз. Өмірде бір рет шалыс басқан қадамы, ғұмыр бойы перзетіңізге өз көлеңкесін түсіреді де отырады. Қысылғанда да, қиналғанда да, тіпті қуанғанда да сол жаңылыс қадам кедергі бола беруі әбден мүмкін. Жасөспірімдеріміздің өмірі өкінішпен өтсін демесеңіздер той-мереке, ырду-дырду, тамаша-думандарға бөлетін уақыттарыңыздың ең болмаса бір бөлігін перзенттеріңіздің келешегінің жақсы болуына арнауға ерінбеңіздер! Олардың өміріне салғырттықпен қарамаңыздар! Өйткені, өмір бойғы олардың өкініші - өзіңнің өкінішің екендігін бір сәтке де естен шығармаңыздар! Әйтпесе, Қазақстанның кез келген жеріндегі мектеп оқушыларының қайғылы жағдайларға тап болып жатқандығын күнделікті БАҚ арқылы байқап отырған жоқсыздар ма? Осылардың бәрінен сабақ алып, дұрыс қортынды жасап, жас өскіндеріңіздің өмірлерін өкінішке айналдырып, өздеріңіздің де өзектеріңіздің орынсыз өртенбеуіне тырысыңыздар! Міне, біздің айтарымыз осы!Мұратбай ҰЛЫҚПАН