Жә, Жаңаөзеннің мектептерінде не болып жатыр? Біз осындай сұрақтардың жауабын қалалық білім бөлімінің басшысы Тәттімбет Жұмалиевтан күткенімізде ол әңгімені былай бастады:
[caption id="attachment_36444" align="aligncenter" width="421"] Тәттімбет Жұмалиев[/caption] - Жаңаөзен қаласы бойынша жалпы 22 білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Қазіргі таңда оларға 28 272 бала қабылданды. Баршаға белгілі ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қарашада «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы қабылданған болатын. Бұл бұйрықта былай деп көрсетілген: «Мамыр айының 25-іне дейін мектеп оқушыларының формасын ата-аналар комитетінің жиналысында бекітіп қоюы тиіс». Соған сәйкес өткен оқу жылының аяғында бізде мектеп оқушыларының мектеп формаларын бекітіп қойдық. Ата-аналарға түсінік жұмыстары жүргізіліп, хаттамалар жасақталды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша барлық мектептердің алдына көрінекі құралдар ілінді. Одан кейін министрдің бұйрығын мойындамай, мектептің ішкі тәртібіне бағынғысы келмейтін, яғни мектеп формасынан бас тартқан оқушыларға ескерту хаттары берілді. Біз қыз балалардың формасы жөнінде мынадай талаптарды енгізгенбіз. Қыз балалардың киімінің етегі тізеден 15 см төмен болуы керек. Тырнақтары боялмаған болуы шарт. Биылғы жаңа оқу жылында қысқа юбка киіп, тырнақтарын бояп келіп, аталмыш талаптарды орындамаған қыздарға түсіндіріліп, көрсетілген талаптарды орындатуға жұмыстар жүргізілді. Қыздар ол талаптарды орындауға уәде берді. Алайда дін жолында жүрміз деп кейбір ата-аналар министрдің бұйрығына мойынұсынбай, мектептердің ішкі тәртібіне көнбей отыр. - Мұндай оқушылардың саны қанша? Әлде барлық мектептерде оқитын қыз балалар жаппай орамал тартып жүр ме? - Жоқ, бәрі түгел орамал тартып кетпеді. Қаладағы № 1, 2, 3, 6, 7, 8, 9, 11, 12, 15, 16, 17, 18, 19, 21 сияқты 15 мектепте жаңа оқу жылы басталғанда 61 оқушы мектеп талабына қайшы келетін киімдер киіп келді. Олармен жеке-жеке сөйлесіп, тағы да түсінік жұмыстарын жүргізуді жалғастырдық. Соның нәтижесінде 17 оқушы райдан қайтып, мектеп формасын киіп, сыныптас құрбыларының қатарына қосылды. Ал қалған 44 оқушы мен олардың ата-аналары алған бетінен әлі қайтар емес. Яғни, әлі күнге дейін сабаққа қатыспай жатыр. - Сонда малынып киініп, орамалға оранып жүрген қыздардың бәрі жоғарғы сынып оқушылары ма? Ал әлгі 17 оқушының бойында өзгеріс байқала ма? Мұндайлардың ықпалы басқа оқушыларға әсер етпей ме? - Жоқ, олардың бәрі жоғарғы сынып оқушылары емес. Олардың ішінде әртүрлі жастағылары кездеседі. Ең кішкентайы – 5 жасар. Мектепалды дайындыққа қатысады. Ал райынан қайтқан 17 оқушы сабаққа келіп жүр. Мектепке келгенше өздерінің «үйреншікті» киімдерін киіп келеді. Оқуға келгесін мектеп формасына ауыстырып киіп алады. Сабақ біткесін қайтадан «үйреншікті» киімдерін киіп, үйлеріне қайтады. Олардың мектепке келгенде киініп-шешінуі үшін мектептерден арнайы бөлме беріп қойдық. «Сабақта өзгеріс байқала ма?» дейсіз. Олар тек белгіленген бағдарлама бойынша сабақ оқиды. Сабақтан тыс кездері ешқандай үйірмелерге қатыспайды. Ал қалған 44 балаға біз әлі түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Одан да нәтиже шықпаса, тиісті өкілетті органдарға жүгінуге мәжбүр боламыз. Себебі ҚР «Білім туралы» Заңының 49 бабында «Мектеп бекіткен форманы ата-аналар сақтауға міндетті» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ол талап орындалмаса біз Маңғыстау облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне жүгінуге құқықымыз бар. 44 бала жөнінде жүгініп те жатырмыз. Ол орган «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 409 бабына сәйкес ата-аналарды жауапқа тарта алады. Яғни, алғашында 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салады. Жақында облыс бойынша бір мезгілде барлық мектептерде ата-аналар жиналысы болды. Оған Жаңаөзен қаласы мектептерінен 5 400 ата-ана қатысты. Солардың бәрімен оқушылардың мектеп формасын сақтаймыз деп келісілді. Әрине, іштерінде келіспегендер де болды. - Осы орамалға оранған оқушылардың сабақ үлгерімдері қалай? - Көпшілігі - сабақты жақсы оқитындар. - Ал мектеп формаларыңыздың түр-түсі, үлгісі қандай? Әр мектептікі әртүрлі ме? - Жоқ, облыс бойынша мектеп формаларының түсі бірдей. Қара көк түсті. Ал маталардың бағасы ата-атаналардың қалтасына қарай есептелген. Арзанын ала ма, қымбатын ала ма, ол жағы ата-аналардың жағдайына байланысты. Тек түсі бірдей болуы керек. Сондай-ақ, оқу жылының ортасында басқа мектепке, әлде облыстың басқа аудандарына әлдеқалай қоныс аударған жағдайда, басқа мектеп формасын қайтадан тіктіріп, әуре болмай-ақ қойсын деген ойдан туған дүние ғой. - Оқушылар мектепке ұялы телефон, смартфон деген дүниелерді алып келе ме? - Бізде былтыр ҚР Бас прокуратурасының хаты болған. Ол хатта мектеп оқушыларына смартфон ұстауға тыйым салынған. Бұл бойынша да түсінік жұмыстарын жүргіздік. Себебі балаларына қымбат бағалы смартфондарды алып беруге жұрттың бәрінің жағдайы келе бермеуі мүмкін. Бірақ ата-аналарымен хабарласып отырулары үшін ішінде функциялары аз, қарапайым ұялы телефондарды ұстайды. - Тәттімбет, енді мұғалімдерге тоқталсақ. Баяғыда зейнеткерлікке шыққан ер мұғалімдер жылдам молда болып кете беруші еді. Осы күндері қалай? - Бізде қазір 1 800-дей мұғалім бар. Дәл қазіргі сәттегі деректерге қарағанда намаз оқитын мұғалімдер жоқ. Кезінде екі-үш мұғалім болды. Олармен зиялы қауым ретінде киініп, жүріс-тұрысын реттеп отыру бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді. Күнделікті сабақтарын оқытады. Оларға белгіленген форма жоқ. Дегенмен классикалық үлгіде киіну талап етіледі. - Бес күндік оқу жүйесі не болып жатыр? - Бес күндік оқу жүйесіне бүкіл республика бойынша мектептердің бәрі көшті. Сосын көштен қалмай біз де өттік. Сенбі күндері үйірмелер бар, әртүрлі шараларға дайындықтар болады. Соған оқытушылар да, оқушылар да қатысады. Мұның бәрі оқушының бос уақтын көбейтіп, оны тиімді пайдалану үшін жасалып жатқан шаралар ғой. Бұл жерде тағы да екінші ауысымда оқитын оқушылардың ата-аналарында «Балаларымыз сабақтан бұрынғыға қарағанда кешеңдеу шығып қала ма?» деген сәл-пәл қорқыныш болған. Жоқ, олай емес, арадағы айырмашылық бар болғаны 10-ақ минут. Есесіне бұрынғы 45 минуттық сабақ 40 минутқа өзгертілді. Оқушылардың сыныпта қамалып отырып, бекерге миы ашымасын деп сағаттардың арасындағы үзілістердің мерзімі ұзартылды. - Ал үш тұғырлы тілдің мәселесі не болып жатыр? - Бізде қазір 300-дің үстіндегі ұстаздар ағылшын тілін үйрену курсынан өтті. Ақтау қаласына барып оқыды. Бірқатарын мамандар келіп Жаңаөзенде оқытты. Физика, математика бағытындағы мұғалімдер ағылшынша курстан өтіп болды. - Мұғалімдер сабақтың кезінде 40 минут бойы ағылшынша «сайрап» тұрса, оқушылар түсінбей қалмай ма? - Жоқ, Мұреке, олай емес. Алғашында жұрттың бәрінде осындай түсінік болды. Мұндағы мақсат – ағылшын тілінің элементтерін ғана түсіндіру. Сабақ кезінде оқытушы да, оқушы да ағылшынның тілінде сайрап тұрсын деген талап жоқ. Бәрі де қазақша сөйлей береді. Мысалы, қазақша «Жақсы» деген сөздің орысшасы – «Хорошо», ағылшыншасы – «Окей» деген сияқты түсіндіріледі. Өзім география сабағына әдейі кіріп көрдім. Онда да осындай. Оқытушы оқушыларға сабақты түсіндіргенде теңіздің орысшасы «Море», ағылшыншасы «Си» деп оқытады. Бар болғаны осы. Одан қорқатын дәнеңе жоқ. - «Рауан», «Рахат», «Арай» шағынаудандарындағы құрылыстары жаңадан басталып жатқан үш мектеп бітсе, проблемаларыңыз қаншалықты жеңілдейді? - Әрине, көп жеңілдейді. Қала әкімінің бақылап, қадағалауының арқасында материалдық техникалық базамыз жыл сайын толықтырылып отырады. Сол сияқты бізде бала саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Былтыр 27 мың бала қабылдасақ, биылғы қабылдағанымыз 29 мыңға жетіп отыр. Оның үстіне мектеп алды дайындық топтарында 3 мыңдай бала отыр. Сонда біздің мектептерімізде 32 мыңның үстінде бала оқып жатыр деген сөз. Әсіресе, Рахат ауылындағы №18 орта мектепте оқушылардың саны аса көбейіп кетті. Себебі, 6-«Рауан» шағынауданының балалары да осыған келіп оқиды. Сондықтан жоғарыда аталған үш мектептің құрылысы уәделі кезеңдерінде бітіп, 2018 жаңа оқу жылына пайдалануға берілсе, ең кемі 5 жылға дейін Жаңаөзенде мектеп проблемасы шешіледі. Сосын бізде 26 мемлекеттік, 18 жекеменшік балабақша бар. Оларда бүгінгі таңда 7500-дей бала тәрбиеленуде. «Шаңырақ» шағынауданындағы екі мектепте екі шағын орталық орналасқан. Қазір «Жансая» қонақ үйін жекеменшік балабақшаға айналадыруды көздеген жеке кәсіпкер шықты. Соны жыл ақырына дейін ашпақшы. 560 орынға мөлшерленген 4 жекеменшік балабақша ашқалы отырмыз. 3 пен 6 жас аралығындағы 500-дей бала кезекте тұр. Ал қазіргі жас ата-аналар бала туылар туылмастан балабақша кезегіне тіркеуге тырысады. Соларды қосып есептегенде бүгінгі таңда 7 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Осылардың бәрі бірте-бірте өз шешімін таба береді деп ойлаймын. - Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Мұратбай ҰЛЫҚПАН. Сурет интернеттен алынды.