©
Күнделікті өмірімізде қолданылатын сандар шамамен бұдан 1500 жыл бұрын Үндістанда пайда болған. Әуелі сандар сызықшамен белгіленген. Кейін қалыптаса келе қазіргі таңдағы біздер қолданып жүрген сандар пайда болды. Адам баласы қазіргі біз түсінетін сандарды үйренуге талай ғасырларды бастан кешірген. Әуелі олар табиғи сандарды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9) меңгерсе, нөлдің пайда болуынан сандарға төңкеріс жасалған. Сөйтіп сандарды игеруде жаңа жүйелерді өмірге әкелді. 0 – «цифр» деген мағынаны береді. Ежелгі Үнді жерінде цифр – «сунья», арабтарда «сифр» сөзімен түсіндіріледі, яғни «бос орын», «түк жоқ» деген мағынаны білдірген. Ғылым мен өнердің қайта өркендеген дәуірінде (ХV-ХVІ ғасырларда) математикалық еңбектер латын тілінен аударылып, «сифр» сөзі сол қалпы қалдырылған. Тек алғашқы әрпі ғана «ц» болып өзгертілген. Нөл таңбасы басқа сандарға елеулі өзгерістер әкеліп, санау, есептеу, сату және уақытты белгілеп берді. «0» саны - бұл сан абсалюттік символы. Шексіздік белгісі және жаратылмаған әлемнің саны болып табылады. Бұл барлық заттардың бастамасы. Графикалық жоба бойынша сақина немесе дөңгелек ретінде белгіленеді. Бір (1) санын қазақ халқының ұғымында Алла жалғыз, Алладан басқа Тәңір жоқ. Қай тілде болсын бірлік сөзінің түпкі түбірі саналады. Адам өмірін басқаратын, әр пенде ұмтылатын сан болып есептеледі. Даос ілімін ұстанғандар үшін жасампаздық саны. Қандай да бір құбылыстың, тіршіліктің, әлем жаратылысының бастауын білдіреді. Даостық ұғымда да қазақ халқының түсінігімен сәйкес «бірлік тынысы» дегенді білдіреді, сонымен қатар «рух үйі», «барлық тіршіліктің ортасы» мағынасын аңғартады. 1 саны шыршамен теңестіріледі. Баяу болса да басқалардан биік, көркем болып өсіп, ұзақ жыл сақталып, кез-келгеннің көзіне жоғарыдан, алыстан-ақ ілінеді. «2» саны күні-түні демалмайтын екеу: күн мен ай, қосылу, толықтыру белгісі. Жақсы мен жаман, ер мен әйел, күн мен түн, ақ пен қара. Екі санына қазақ халқының көзқарасы, міне, осындай болып келеді. Даостық ұғымда қазақ халқының көзқарасына сай Жер мен Аспан, адамзат ұрпағын жалғастыратын еркек пен әйелдің киелі одағы, ақ пен қара, жарық пен қараңғылық, күн мен түн, жер шарының тепе-теңдігін сақтап тұратын екі энергия: «инь» мен «янь» ұғымдарын білдіреді. Өсу мен дамудың белгісі. Бамбук ағашына теңеледі. Өсу жылдамдығы өте тез, қолданылу мүмкіндігі өте кең. «Оңай» сөзінің омонимі. Пифагорлықтарда екі саны бірліктің жоғалуын білдіреді. Бұл сан махаббат, тұрақсыздық және теңсіздік символы болып табылады. Екі саны жылылық пен суықтық, мейрімділік пен қатыгездік, жарық пен қараңғылықтың, байлық пен жоқшылықтың арасында жүреді. «3» саны қазақ халқынан өзге де ұлттарда қасиетті болып саналған. Бір мен екінің қосындысы ретінде қандай да бір істің бастамасын да, жалғасын да білдіреді. Қытайларда үш саны біраз құбылыстың символикасы болып табылады. Жарықтың үш көзі – Жұлдыз, Күн, Ай. Үш бастау – Аспан, Жер, Адам. Отбасының үш элементі – еркек, әйел, ұрпақ. Үш саны қытайлардың түсінігінде Марс арқылы басқарылады және жалынға теңеледі. «Өсу» сөзінің синонимі. Пифагорлықта үш санының негізінде жан-жақтылық пен бірліктің үйлесімділігі қалыптасқан. Көптеген халықтарда үш саны есептеудің соңы деп саналады. Оны толықтың, толудың, аяқталудың символы деп есептейді. Ежелгі Грекияда бұл сан – бақыттың саны. Ежелгі Вавилонда үш құдайға: Күн, Ай, Шолпанға табынатын болған. Діни сенім-нанымдарда, ертегілерде үш саны қасиетті сан болып есептелген. Оның сиқырлығы сол ол алдыңғы екі санның қосындысынан тұрады. Үш саны өткеннің, осы шақтың, келешектің символы. Үш қуат: ақыл, жүрек, тіл. Үш қасиет: ар, ұят, сабыр. Үш жүз: ұлы, орта, кіші жүз. Үш адамның ниеті бұзық: Өтірік айтатын. аманатқа қиянат жасайтын, сөзінде тұрмайтын. Үш нәрсенің үш нәрсесіз болуы: Басы бар, ақылы жоқ іс, ғылымы бар, амалы жоқ іс, байлығы бар, қайырсыз іс қылушы. Үш ғайып: Ажал, қонақ, несібе. Үш арсыз: Ұйқы, тамақ, күлкі. Үш даусыз: Мінез, кәрілік, ажал. Үш қадірсіз: Жастық шақ, денсаулық, жақсы әйел. Үш жамандық: Ата жұртын бұзу (үй, құдық, зират), нақақтан қан төгу, орынсыз зорлық істеу. Үш байлық: бірінші байлық – денсаулық, екіншісі – ақ жаулық, үшіншісі он саулық. Үш қат: Жоғары қат (аспан), ортаңғы қат (жер үсті), төменгі қат (жер асты). Үш қуат: Ақыл қуат, жүрек қуат, тіл қуат. Үш қадірлі: Ырыс, бақ, дәулет (Жиренше шешен). Үш ақиқат: Қымбат – шындық, Арзан – өтірік, Дауасыз – кәрілік (Жанқұтты шешен). Үш қуаныш: Алғыс алу; өзіңді көптің іздеуі; ісіңнің өлмеуі. Үш биік: Билік, дәулет, даналық. Үш асыл: Көз, тіл, көңіл. Үш артық: Адалдық, еңбекқорлық, өнерпаздық. Үш ынтық: Еркін өмір сүру, құрметке бөлену, пайдалы еңбек ету. Үш тұл: Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз ғашық – тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл. (Абай) Үш кедейлік: кежірлік, еріншектік, ұйқы. Үш кемдік: Надандық, еріншектік, зұлымдық (Абай) Үш бақытсыздық: жаман ат, жаман әйел, жаман көрші. Үш би: Үйсін - Төле би, Арғын – Қаз дауысты Қазыбек би, Алшын - Әйтеке би. Адамға үш жақын нәрсе: Жан - елі, мал - жері, адал жар - болашақ үрім-бұтағы. Үш көз: Су анасы – бұлақ, мал анасы – тұяқ, сөз анасы – құлақ. Үш тоқтам: Ақыл – арқан, ой-өріс, адам-қазық. «4» саны қытайлардың үрейін ұшыратын сан. Олар төрт саны бар жерге жоламауға тырысады. Өйткені қытайларда төрт – «өлім» сөзінің омонимі. Шынымен де, қытайлар осы санды көп қолдана бермейді. Тіпті биік ғимараттарда төрт және он төрт нөмірлі қабаттарды таба алмайсың. Сонымен төрт қасірет саны болып саналады. Дегенмен бұл санның да өзіндік мағынасы зор. Төрт мифологиялық бастаманы білдіреді: Жер, Аспан, Күн және Ай. Төрт мифологиялық жануар: Жалғызмүйіз, Феникс, Панголин және Айдаһар. Қытайларда төрт саны шамға теңелген – бір қалыпты, жарық, ішінде жалын болса да, сырты жайма-шуақ. Табиғаттағы төрт құбылыс: от, жер, су, ауа. Төрт асыл: Иман, Намаз, Ақыл, Мейір. Төрт құбыла: Шығыс, Батыс, Солтүстік, Оңтүстік. Төрт маусым: Қыс, Көктем, Жаз, Күз. Төрт мұрат: Дау мұраты – біту, Сауда мұраты – ұту, Қыз мұраты – кету, Жол мұраты жету (Сырым батыр) Төрт бұрыш: Шығыс елі «дүниенің төрт бұрышы» деп, Шын – Машын (Үндістан), Мысыр, Рұм, Еуропа елдерін айтқан. Төрт түлік: Түйе пірі – Ойсылқара, Жылқы пірі – Қамбар ата, Сиыр пірі – Зеңгі баба, Қой – Шопан, ешкі – Сексек ата. Төрт қорлық: Шақырылмаған жерге бару, бейбастақ сөйлеу, дұшпаннан жәрдем күту, сараңнан қажет сұрау. Төрт халифа: Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли. Төрт періште: Жебрейіл, Әзірейіл, Мекайыл, Исрафил. Төрт қылыш: Хәмхәм, Сәмсәм, Зұлпықар, Зұлқұжа. Төрт кітап: Тәурат – Мұсаның кітабы, Забұр – Дәуіттің кітабы, Інжіл – Исаның кітабы, Құран – Мұхаммед ғ.с.с. пайғамбардың кітабы. Төрт күнә: Аллаға күмән келтіру, нақақтан қан төгу, ата-анаға тіл тигізу, өтірік куә болу (хадис). Төрт мүлік: Бас – сандық, тіл – кілт, қол – мүлік, аяқ – азамат. Төрт пір: Жарлының пірі – Қалтаң ата, Ұрының пірі – Жалтаң ата, Шебердің пірі – Тепшім ата, Кәрінің пірі – Кекшіл ата. «5» саны Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпанды білсеңіз Бес қару: садақ, шоқпар, найза, қылыш, айбалта. Бес парыз: Құдайдың бірлігі, намаз оқу, ораза ұстау, қайыр садақа беру, иман мен ихсан (адамгершілік және рахымшылық). Бес парыз: Иман келтіру, яғни Құдайдың бірлігі мен Мұхамбеттің пайғамбарлық қасиетін мойындау, намаз оқу, ораза тұту, зекет – қайыр-садақа беру, қажылыққа бару. Бес намаз: таң намазы, бесін намаз, екінті намазы, ақшам намаз, жашиық намазы. Бес борыш: Аллаға, Пайғамбарға байланысты борыш, адамның өзіне байланысты борышы, мемлекеттің халыққа борышы, үй – іші, жақындарға борышы, адамзатқа борыш. Бес қару: Садақ, шоқпар, найза, қылыш, айбалта. Бес жаратылыс: Күн, ай, жұлдыз, күндіз, түн. Бес өсиет: Топасқа сенбе, жауға иілме, әрқашан сақ жүр, аш үйге қонба, жарлыдан сый алма. Бес қатер: От, жау, қарыз, ауру, сөз. 6 саны еркіндіктің, ешкімге еш нәрсеге бас имейтін асау сан екен. Өміріне 2 рет 6 саны қатысты болса, онда ол жер бетіндегі ешбір билікке бағынбайтын дүлей күшке айналмақ. “666” саны әлемде әсіресе, батыстықтарды дір еткізетін санның бірі. Жалпы бұл сан сайтанның белгісі деп аталғанымен оның дінге қатынасы шамалы. 666-ның соншалықты жексұрын болуына 6 санының мінезінің жамандығы жазықты. Алты алаш: Қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, ноғай немесе Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз, Қазақтың құрама рулары (төре, төлеңгіт, қожа т.б.), Қырғыз, Қарақалпақ. Алты байлық: Денсаулық, қазына, дос, әйел (жар), білім, бала (ұрпақ). Алты парыз: Адамдардың бір-біріне әдейі барып сәлем беру, шақырса – бару, кеңес сұраса – ақыл қосу, сұрағына жауап беру, ауырып қалса – көңілін сұрау, қайтыс болса – жерлеуге қатысу (Мұхаммед пайғамбар хадисінен). Алты асқар: Ақыл, білім, жомарттық, әділдік, шыншылдық, кең пейіл. «7» санына әлем халықтары көзқарасымен қарар болсақ, онда бұл санды Пифагоршылар Афинамен байланыстырған. Ежелгі Египет философиясы мен астрономиясында ол өмірлік екі санның үш пен төрттің қосындысы деп қарастырылды. Үш адам - әке, шеше, бала өмірдің негізін қалайды. Ал төрт – бұл жарық, жел, жаңбыр, ылғалдылық жерді жеміс беруге дайындайды. Пифагордың ой қорытуы бойынша үш пен төрттің қосындысы (үшбұрыш пен төртбұрыш символдары), аяқталғанның, тәмамдалғанның, қорытындының белгісі деп санаған. Сондықтан жеті саны қасиетті сан, өйткені адам баласы қоршаған ортаны (жарықты, дыбысты, иісті, дәмді) басындағы жеті «тесік» (екі көз, екі құлақ, мұрынның екі танауы, аузы) арқылы түйсінген. Жапондарда жеті қайырымды құдай, адам өмірінде жеті рет сәттілік болады. Христиан дінінде жеті саны – сенім, үміт, қайырымдылық, әділеттілік, сабырлық, ақылдылық және рухтың күші. Жеті саны – жалпы жер бетіндегі халықтар ұғымы бойынша қасиетті сан. Жеті қат көк: Ай, меркурий (есекқырған), Шолпан, Күн, Марс (қызылжұлдыз), Юпитер «мүштәри), Сатурн (құсжолы). Жеті жұт: Құрғақшылық – егін шықпауы, мал қырылуы, өрт, оба, зілзала, соғыс, топансу. Жеті ғалам: Оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс, аспан – жоғары ғалам, жер – орта ғалам, төменгі – жер асты ғаламы. Жеті жоқ: Аллада бауыр жоқ, жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ. Жеті қазына: Ер жігіт, қыран бүркіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, берен мылтық, құмай тазы. Ерте замандағы жеті қазына: Аспан, жер, жел, бұлт, күн, ай, білім. Жеті күн: Дүйсенбі - дүниенің алғашқы күні, сейсенбі - істі күн, сәрсенбі - сәтті күн, бейсенбі - берекелі күн, жұма - Аллаға сыйыну күні, сенбі-сенімді күн, жексенбі - Алланың жер жүзін жаратқан күні. Жеті қат жер: тұңғыш, жылан, су, қос балық, қара тас, көк өгіз, жер. Жеті жетім: Киюсіз қалған тон жетім, тыңдаусыз қалған сөз жетім, басшысы жоқ ел жетім, аққу, қазсыз көл жетім, елінен айырылған ер жетім, иесіз қалған жер жетім, Заманы өтіп, қадірі кеткен, құрдасы өліп, кәрілік жеткен - бәрінен де сол жетім. Жеті ғашық: Ләйлі-Мәжнүн, Фархат-Шырын, Таһир-Зухра, Арзу-Қамбар, Уалик-Ғара, Уаки–Кулшат, Жүсіп-Зылиха. Жеті амал: Күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, қыс тоқсан, ай толған. Жеті шәріп: Мекке шәріп, Мәдина шәріп, Бұһан шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс (Мысыр) шәріп, Кәлләм (Құран) шәріп. «9 саны». Қазақ халқының Алла Тағаланың бұйрығын екі етпей орындайтын тоғыз періштелер: 1.Жәбірейіл – пайғамбарларға Алла Тағаланың сөзін хабарлаушы. 2.Мекайіл – барлық адамға, мақұлыққа берілетін ырыстың уәкілі. 3.Әзірейіл – барлық адамның, жан-жануарлардың жанын алатын Құдай уәкілі. 4.Ысырайыл – ақырзаманға дейін сұлыны алып жүретін періште. 5.Дардайыл – ай, күн, жұлдыздардың уәкілі. 6.Ысмайыл – жер бетіндегі киелілердің жебеушісі. 7.Зұлқайыл – қиямет күнінде адамдарды алып баратын періште. 8.Ахрайыл – барлық дария, көл, өзен, бұлақ суларының періштесі. 9.Мәлік – жеті тозақтың уәкілі. Сонымен бірге қазақтарда тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4000 жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең көп тараған ойын болатын. «13 саны» әлемнің көп халқы арасында белгісіз сиқыры бар сәтсіз саналады. Көбі сол күні жолға шықпауға, үлкен істі бастамауға тырысады. 13-ші үйді сатып алудан, 13 нөмірді спорт ойынына қатысудан, қайда да болсын 13-ші болудан қашқақтайды. Қазақта керісінше, 13-те отау иесі деп, бұл жасқа келген адамға жауапкершілік жүктеп, құрметпен қарайды. 13 санын жек көру қайдан шықты? 13-ке үрке қарауға 12 кінәлі, өйткені ежелгі вавилондықтар, римдіктер, қытайлықтар көп нәрсені 12 санымен белгілеп келген. Бір жылды 12 айға бөлсе, бір тәулікті екі 12 сағатқа бөлген, одан әрі қарай қандай сан бары, оларға белгісіз еді. Белгісіздік барлық уақытта да қорқынышты. Сондықтан таныс 12-нің артынан пайда болған 13-ке жек көрінішпен қараудың бір себебі де осында. «40 саны» Қырық санына байланысты оның қасиетін ашатын мағыналы тіркестер көп көлемде таралған. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде ұғатынымыз қыз әдебіне деген көзқарас. Той жасап, қуаныш қызық болар болса, қазақ елінің бұрыннан қалыптасқан ұғымында «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады» деген сөз қолданысы бар. Ер азаматтарға байланысты «Отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» дейді. «Қырықтың бірі - Қыдыр» деп үйге келген қонақ өзімен бірге ырыс, үйге құт әкеледі деп түсінген.Қарақия газеті №31-32 (938-939)