Ораза айт – ізгілік мерекесі
[ 2019 ] 5 маусым, 11:53 | Сұхбат
бКүллі мұсылман қауымы қасиетті Рамазан айының отыз күн оразасын өткізіп, айт мерекесімен де қауышты. Алланың разылығын табу үшін тұтқан оразаның қайтарымы іспеттес ұлық мерекенің елімізде жыл өткен сайын мәні кіріп, маңызы тереңдей түсуде. Осынау мерекеге орай Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл қажы Сейітбековпен әңгімелескен едік.
– Смайыл аға, отыз күн ораза тұтқан барша мұсылман қауымын қуанышқа бөлейтін Айт мерекесі де келді. Жалпы, ораза айт мерекесінің мән-маңызы, айт сөзінің мағынасы туралы кеңірек айтсаңыз.
– Алла Тағала ұстаған отыз күндік оразамызды қабыл етсін. Отыз күн ораза ұстаған жан үшін айт мерекесін тойлауға рұқсат етілген. Имам әл-Бағауи (р.х.): «Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш таныту діннің рәсімдеріне жатады! Әрі бұл күндер басқа күндер сияқты емес!» («Шархус-Сунна» 4/323), - деп айтады. Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Ораза айты айлардың сұлтаны әрі күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айының жемісті нәтижесі десек артық айтқандық болмайды. Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, бәлкім, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы.
Жаратқан Алла мұсылман үмбетінің көңіл көтеретін айт мерекесін ғибадатқа ұластырған. Айт мерекесі бүгін 5 маусым таңертең күн шыққаннан кейін екі арқан бойы көтерілгенде арнайы намазбен басталады. Бұл намаз «айт намазы» деп аталады. Әбу Саид әл-Худриден (р.х.) руаят бойынша: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) ораза айт пен құрбан айт күндері намаз оқылатын жерге қарай шығатын. Ең әуелі намаздан бастайтын», - деді.
– Айт мерекесінің қоғамды біріктірудегі рөлі де ерекше болса керек. Осы орайда айттың ағайын арасындағы татулықты арттырудағы сыр-сипаты қандай?
– Айт мерекесінің ел мұсылмандарын және өзге ұлттар мен ұлыстарды біріктіруде ерекше рөлі бар. Айт күндері мұсылман баласы өзгелерге дастархан жайып, қонақ күтіп, сырқат жандардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру секілді сауапты амалдарды жасағаны абзал. Айт күндерін бір мүмкіндік ретінде біліп, жанжалдасқан жандар татуласып, өзара кешірімге келіп, ағайындық байланысты нығайтуға көңіл бөлу керек. адам болған соң біреуді ренжітеді, көңілін қалдырады, артық сөз айтып, жүрегін жаралайды. Міне, осыларды ұмытып, ағайын-туыс, дос-жарандармен арадағы өкпе-назды шешу қажет.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды.
– Ораза айты мен айт намазы туралы Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде қандай баян келген?
– Алланың қадір тұтқан қасиетті белгілері мен күндерін құрметтеу
– жүректегі тақуалықтың белгісі болмақ. Бұған байланысты Құранда: «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» («Хаж» сүресі, 32-аят), - делінген.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Қадір түні Жәбрәйл (ғ.с.) періштелердің бір тобымен түсіп Хақ Тағаланы тұрып немесе отырған халде зікір еткен пенде үшін дұға етеді. Кейін Алла Тағала айт күні періштелерінің алдында Өзінің пенделерін мақтаныш етіп: «Періштелерім! Өз ісін атқарған қызметшінің ақысы қандай?»,- деп сұрағанда, періштелер: «Уа, Раббымыз! Оның ақысы – ақысын толық төлеу»,- дейді. Сонда Хақ Тағала: «Періштелерім! Менің құлдарым оларға міндеттеген парызымды орындап, Маған дұға ету үшін айт намазына шықты. Өзімнің құдіреттілігім, ұлықтығым, жомарттығым, жоғары мәртебе және дәрежеммен ант етемін! Мен олардың дұғасын қабыл етемін!»,- деп кейін пенделеріне: «Қайта беріңдер! Мен сендердің күнәларыңды кешіріп, жаман істеріңді жақсылықпен ауыстырдым»,-дейді. Осыдан соң адамдар күнәлары кешірілген халде қайтады» (Имам Бәйһақи, «Шуғабул-иман»).
– Ұлық мерекеде мұсылман жамағаты қандай амал-әрекеттер істеуі қажет? Айт намазы кімдерге парыз?
– Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары бар. Енді сол амалдарға қысқаша тоқталып өтсек:
1. Айт (мереке) күні ғұсыл алу, әтір себіну: «Бірде (бір кісі) Әли ибн Әбу Талибтен Алла оған разы болсын, ғұсыл туралы сұрады. Әли: «Қаласаң, күнде шомыл», – деп жауап берді. Әлгі кісі: «Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!», – деді. Сонда Әли: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!» (Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278), – деп айтты.
Нәфи’ғ (р.х.): «Ибн Омар әркез Ораза айт күні (намаз оқылатын орынға шығудан бұрын) ғұсыл алып, қош иістенетін» (Мәлик 1/177),- деді.
2. Айт намазына киімнің жақсысын киіп бару: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні қызыл шапанын киіп шығатын болған.
3. Жақсы тілекте болу: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні сахабаларымен кездескенде: «Алла бізден де, сенен де қабыл етсін!», - деп айтатын.
4. Айт намазына жаяу барып, жаяу қайту: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазына жаяу барып, жаяу қайтатын болған. Бұған қатысты Әли ибн Әбу Талиб былай дейді
: «Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту сүннет болып табылады».
– Биылғы айт мерекесінде орталық мешітте қандай игілікті шаралар атқарылды?
– Ораза айт мейрамының құрметіне орталық мешіт ауласында мерекелік шаралар өткізу игі дәстүрге айналған. Мешітіміз биыл да осы бір дәстүрден жаңылмай айт мерекесін ерекше реңкпен, ұлттық нақышта атап өтті. Мешіт ауласында 5 киіз үй тігіліп, мерекеге жиылған жұртшылыққа ұлттық ас-тағамдармен дастарқан жайылды.
Сонымен қатар айт мейрамында ұлттық спортымызды ұлықтау да ұмыт қалған жоқ. Ұлттық спорт түрлері бойынша мешіт жамағаты арасында арқан тартыс, аударыспақ, күрес, кір тасын көтеру, асық ойындары секілді сайыс өтіп, мерекенің ажарын аша түсті. Жарыс жеңімпаздарына мешітіміздің атынан арнайы «Алғыс хат» мен әртүрлі бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек балаларға базарлық ретінде батут орнатылып, 400 дана балмұздақ таратылды. Жалпы мұсылман баласы жақсы ниеті үшін сауап алады ғой. Айт күндері бір-бірімізге жақсы тілек пен ізгі ниетте болайық.
– Салиқалы әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ
1463
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.