©
- Мұнайлы — еліміз тәуелсіздік алғалы тұңғыш құрылған жас аудан. Небәрі алғашқы он жылдықты артқа тастап, даму жолына түскен нағыз дер шағында. Сондықтан ауданның экономикалық жағдайының тілге алдымен оралар жөні бар. Нұрлан Төлегенұлы, алдымен ауданның жалпы экономикасы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерліктің өркендеуі жайында айтсаңыз. Жергілікті бюджеттің нығаюы да осы көрсеткіштермен тығыз байланысты емес пе?
- Әрине, бюджетіміз жыл сайын молая түсуде. Осы алты айда өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 24 миллиард 004,3 миллион теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 495,4 миллион теңгеге көбейгенін көріп отырмыз (01.07.2017ж. – 23508,9 млн.теңге). Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 13 миллиард 334,8 милион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 116%-ға немесе 2 миллиард 783,3 миллион теңгеге көбейді (01.07.2017ж.–10551,5 миллион теңге). Инвестициялардың 75,1%-ы мекемелердің меншікті қаражаты есебінен жүргізілгенін айта кеткен орынды болар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2018 жылдың қаңтар-маусым айына 585,4 миллион теңгені құрады. Нақты көлем индексі 117,4 пайызды құрады. Өткен жылғы осы уақтыпен салыстырғанда ірі қара мал 433-ке немесе 50 пайызға, қой, ешкі 3052-ге немесе 15 пайызға, жылқы 294-ке немесе 6,6 пайызға, түйе 643-ке немесе 16,4 пайызға, құс 19995-ке 93 пайызға артқаны байқалады. Аудан аумағында 142 мал шаруашылығы және 40 егін шаруа қожалықтары тіркелген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта 10 фермерлік типтегі жылыжай жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 190,72 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, барлығы 4655 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Аудан бойынша 3 мал сою пункті бар. Мал шарушылығын дамыту мақсатында шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер тарапынан Әзірбайжан Республикасынан 247 бас жылқы импортталды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында 3 кооператив құрылды. Кооперативтердің негізгі бағыты — ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және мал сою алаңын салу болып табылады. Олар 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында 11 161кг түйе етін, 8400 литр түйе сүтін, 1340 кг жылқы етін, 900 кг қой етін, 32 тонна қияр өндірді. 2018 жылдың бірінші жарым жылдығы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, ауыл шаруашылығы өнімінің, мал мен құстың барлық түрін тірідей салмақта етке өткізу 28,6 пайызға (224,5 тонна), сауылған сиыр сүті 13,3 пайызға (156,3 тонна) көбейді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытында отандық және шетелдік компанияларды тарту арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруды мақсат етіп келеді. Осы орайда өткен жылы Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында 6 000 тонна ұн сақтайтын астық қоймасы бар «Асқар» ұн-жарма өңдейтін өндірістік комбинаты іске қосылып, қаңтар айынан бастап жұмысын бастады. 2018 жылдың тек қаңтарынан маусым айына дейін 2 845,6 тонна бидайдан 512,2 тонна жоғары сұрыпты ұн, 1 508,2 тонна бірінші сұрыпты ұн, 113,8 тонна екінші сұрыпты ұн, 28,5 тонна жарма, 682,9 тонна кебек дайындалды. Маусым айында 770 тонна бидай келді. Ағымдағы жылдың шілде айында 840 тонна бидай келді.
Ауданда ашылған «Экзотика құс фермасында» 5000-ға жуық құс өсіріледі. Жалпы алаңы 800 шаршы метрлік 3 жылыжай салынып, қызанақ және құлпынай өсірілуде. Бөдене құстарынан күніне 850 жұмыртқа алынып, Ақтау қаласының сауда орталықтарына тапсырылып отыр. Мұнда тұрақты жұмыспен 15 адам қамтылған. 2018 жылдан бастап туризм саласын дамыту мақсатында халыққа қызмет көрсетуде.
Мамыр айында Батыр ауылдық округіндегі күн сәулесінен 2 МВт электр қуатын алатын станция ашылды. Оның электр энергиясын шығару қуаттылығы айына 2 МВт Жерінің жалпы аумағы 36,05 гектарды құрайды. Панель саны 8580. Жұмыспен 10 адам қамтылды. Жылдың басында Баянды ауылынан «АSPAN» газдалмаған табиғи ауыз су цехы ашылды. Жалпы алаңы 1,4 га. Сонымен қатар қаңтар айында Баянды ауылынан жеке кәсіпкер А.Т.Усманов жоба құны 100 миллион теңгені құрайтын мал бордақылау, сүт, айран, шұбат қымыз өндіретін шаруа қожалығын іске қосты. 12 қойма 2 қорасы және құстары бар бұл кәсіпкер 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Greenhause E.C.O» ЖШС 2 гектар жерден 100-150 тонна қияр алып, халыққа қол жетімді бағамен жеткізуде. Жұмыспен қамтылғандар саны – 25. Ал «КаспийАгроКомпани» ЖШС 4 гектар көлемінде егін егіп, оның 1 гектарынан 100-150 тонна қияр жинап алды. Мұнда 60 адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкерлердің бірқатарына «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы, өңірлік «Нұр капитал» бағдарламасы аясында, «Атамекен» Микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы арқылы несиелер берілді. Сонымен қатар «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі өткен жергілікті кәсіпкерлерге қаржылай гранд беру арқылы ауыл экономикасын көтеру мақсатында бизнес идеялар байқауын ұйымдастырған болатын. Оның қорытындысы бойынша 3 кәсіпкеріміз жалпы сомасы 4 375,6 мың теңгені жеңіп алды.
- Тұрғындарды жұмыспен және тұрғын үймен қамту мәселесі қалай шешілуде?
- Аудан халқының саны жыл санап артып келеді. Бірінші жарты жылда аудан тұрғындарының саны 155 700 адамға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 200 адамға көбейді.
Тұрғындарды жұмыспен қамтуға ауданда жұмыс істеп жатқан барлық мекемелер ықпал етіп отырғаны анық. 2018 жылы ауданда 3700 жұмыс орнын ашуға міндеттелген болсақ, 6 айда 3087 жұмыс орны құрылып, оның ішінде 1464 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Яғни, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2096 жұмыс орнына көбейді (2017 жылы 991 жұмыс орыны құрылған).
1 шілдеге дейін жалпы көлемі 127,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 17 мың шаршы метрге, яғни 115,5 пайыздай артық. Тұрғын үй қолжетімділігін одан әрі арттыру мақсатында аудан көлемінде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қазір тұрғын үйге мұқтаж 2812 адам кезекте тұр. Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Маңғыстау ауылынан 24 пәтерлік 12 үй, барлығы 288 пәтер құрылысы салынып, несиелік бағытта азаматтарға табысталуда. Бүгінде 183 отбасы осы бағдарлама бойынша пәтерлеріне кірді. Батыр ауылында 4 пәтерлік 40 үйдің 16 үй құрылысы және Маңғыстау ауылынан барлығы 192 пәтерден құралған 8 тұрғын үй 2018 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Батыр ауылдық округіндегі Емір шағынауданынан 4 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Маңғыстау ауылында 4 қабатты 24 пәтерлік 30 үйдің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде және Батыр ауылдық округінде 4 пәтерлі 20 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттарына түзетулер енгізілуде. Осы жобалар дайындалып, қаржыландырылып, құрылысы жүргізілген жағдайда кезектегі 800 отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Мамандарды тұрақтандыру мақсатында, Маңғыстау ауылынан 100 отбасына арналған жатақхана құрылысы жер қойнауын пайдаланушылар қаражаты есебінен жүргізілді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2018 жылдың 6 айында 30 маманға 108,2 миллион теңге бюджеттік несие және 22 маманға 4 миллиоин теңге көтерме жәрдемақы тағайындалды.
- Ауызсумен қамту мен жол жағдайы да өзекті мәселелер қатарында ғой...
- Қазіргі таңда орталықтандырылған магистралды ауызсумен аудан халқының 51,3% немесе 80000 адам қамтылып отыр дей аламыз. Жыл аяғына дейін Басқұдық, Маңғыстау-4 ауылдары ескеріле отырып 75,1% немесе 117000 адам ауызсумен қамтылатын болады. Ал 2019 жылдың аяғына дейін Мұнайлы ауданының тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінде ауылішілік жолдардың жағдайы аудандағы өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны шындық. Жақсы жолдың қоғамдық көліктердің, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызатыны да анық. Осы бағытта аудан бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Жалпы құны 1 040,5 миллион теңгелік 4 жоба дайын. Барлық ауылдар мен елді мекендерде дерлік жол жөндеу және жол құрылысы жұмыстары жүріп жатыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда 42МВт-тық жел электр станциясы іске қосылмақ- Денсаулық сақтау және білім беру саласына тоқталсаңыз. Халық тұрмысының ажырамас бөлігі ретінде мәдениет пен спорт саласын да қамти өтсек.
- Ауданда 14 денсаулық сақтау ұйымдары тіркеліп, әр ауылда дәрігерлік амбулаториялар, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтары, ауысымына 250 адамды қабылдайтын аудандық орталық емхана тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар «Көңілімқос», «Мұхаммед» деген 2 жекеменшік медициналық ұйымдар да бар. Осы 6 айда 1 жасқа дейінгі 23 сәби өлімі тіркеліп, туылған 1000 сәбиге шаққанда 10,7 промильді құрап отыр. Өткен жылғы осы уақытта бұл көрсеткіш 24 сәби – 11,4 промиль болған еді. 2017 жылғы жарты жылда 2095 сәби туған болса, биылғы 1 шілдеге дейін 2156 өмірге келді. Ана өлімі тіркелмеген. Өкпе ауруына шалдыққандар 100 мың тұрғынға шаққанда 31,2 промильді құрап, 3,3 промильге төмендеп отыр. Білім саласына ағымдағы жылы 6664,9 миллион теңге бөлінді. Мұны бүкіл аудан бюджетінің 34,1% деуге болады. 2017 жылы 5442,4 миллион теңге бөлінгенді.
Ауданда жұмыс істеп тұрған 13 орта мектепте 28185 бала білім алады. Биылғы жаңа оқу жылында Басқұдық және Қызылтөбе ауылдық округтерінен 600 орындық орта мектептер пайдалануға беріледі. Маңғыстау ауылының №11 мектепке тасымалданып отырған 1200 бала және Қызылтөбе ауылдық округінің Бірлік, Ынтымақ елді мекендерінен Дәулет ауылдық округіндегі №4 мектепке тасымалданып отырған 173 оқушы және Қызылтөбе-2 елді мекеніндегі №6 мектептің 1000 оқушысы жаңа мектептерге орналастырылады. 2017-2018 оқу жылында ҰБТ көрсеткіштері бойынша Мұнайлы ауданы облыс деңгейінде алғашқы үштікте көрінді. Аудан бойынша 18 «Алтын белгі», 42 «Үздік аттестат» иегерлері анықталды. Ауданның орта балы 76,6-ны болды.
Қазіргі таңда ауданда 15 мемлекеттік, 34 жекеменшік, барлығы 49 балабақша жұмыс жасайды. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамту пайыздық көрсеткіші 2017 жылы 83% болса, 2018 жылдың І жартыжылдығына 91% құрап, 8% өсіп отыр. Мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың 50,5% жекеменшік балабақша есебінен қамтылған. Осы мерзім ішінде 475 орындық 7 жекеменшік балабақша ел игілігіне берілді. Жыл аяғына дейін 500 орындық 6 жекеменшік балабақша іске қосылады деп күтілуде.
Мәдениет және спорт саласы бойынша 2018 жылдың 6 айында аудан көлемінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері мен атаулы күндерге орайластырылған 36 мәдени, 87 спорттық шаралар ұйымдастырылды. Аудан бойынша мәдени 20 клубтық кұрылым бар. Мұндағы 3 спорт мектептеріндегі 112 топта 1671 бала және жеке меншік спорт кешендеріне Мұнайлы ауданынан барлығы 735 бала спортпен шұғылданады. Бұқаралық спортпен 52 392 тұрғын айналысады десек, ол жалпы Мұнайлы ауданы халқының 34,3% құрап отыр. Жер қойнауын пайдаланушы компания (NCOC) қаржысы есебінен аудан орталығынан кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының 88% орындалды, 2019 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілмек. Соондай-ақ осы кезде Маңғыстау–5 елді мекенінен 160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. Атамекен ауылдық округінде 2, Маңғыстау ауылында 1 жекеменшік спорт нысандарының құрылыстары жүргізілуде. Ал Қызылтөбе және Батыр ауылдық округтеріне сұраныстар қарастырылуда. Ауданда қылмыстардың алдын алу, қоғамға қарсы бағытталған құқық бұзушылықты болдырмау, жастар мен жасөспірімдер арасында, сондай-ақ, топтық қылмыстардың алдын алу бағытында бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен де артық болмас. Сол жұмыстардың арқасында тіркелген жалпы қылмыс саны 23,3 пайызға, яғни, 502-ден 385-ке азайды. Оның ішінде ұрлық қылмыстары 30,2 пайызға (278-ден 194-ке), бұзақылық қылмыстары 23,3 пайызға немесе 30-дан 23-ке, көшеде орын алатын қылмыстар 20,5 пайызға немесе 39-дан 31-ге төмендетілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Көрнекі сурет сайттың архивінен