©
Осы жылдың алғашқы жарты жылы тарих қойнауына еніп, барлық сала бойынша тындырылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Жақында Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбіловпен сұхбаттасудың сәті түскен.
- Мемлекеттің басты байлығы — адам капиталы дейміз ғой. Білуімізше, Бейнеу ауданында демографиялық жағдай көңіл қуантарлықтай сияқты. Дегенмен, Бейнеубек Көңілімқосұлы, көбейіп келе жатқан халықтың әлеуметтік жағдайы, олардың жұмыспен қамту сияқты мәселелер қиындық тудырып жатқан жоқ па? Осы жайттарға тоқталсаңыз.
- Иә, ауданымызда тұрғындар санының артып келе жатқаны рас. Жыл басынан бері аудан халқы 69 мыңға жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1600 адамға немесе 2,4% өсті деген сөз бұл. Қазір ауданда 11765 отбасы бар десек, бұл өткен жылғыдан 451 отбасына немесе 4% көбейгенін байқаймыз. Алты айда ауданға 61 отбасы, яғни 291 адам көшіп келді. Оның ішінде 143 адамы бар 32 отбасы жақын шет елдерден келген өз қандастарымыз. Олардың 19-ы тұрақты жұмысқа орналастырылып, 25-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Барлық көздерді қоса есептегенде, әлеуметтік қорғау шараларына республикалық бюджет есебінен 2,4 миллиард, аудандық бюджеттен 221,4 миллион теңге, барлығы 2,6 миллиард теңге жұмсалды. Нәтижеде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ресми тіркелген жұмыссыздар саны 15 адамға азайып, 600-ге жетті. Осы мерзім ішінде 2 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 37 ұйым тарапынан ұсынылған 130 бос жұмыс орнына 92 адам орналасты. Жаңадан 1746 уақытша және тұрақты жұмыс орны ашылса, оның 1141-і тұрақты жұмыс орны. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ашылған жұмыс орындары 747 орынға немесе 1,7 есеге көп. Жұмыспен қамту ұйымдары арқылы 905 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 16 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, «Жастар практикасына» 180 жас маман уақытша жұмысқа қабылданып, оның 64-і тұрақты жұмысқа орналасты, 535 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Қоғам болған соң мүмкіндігі шектеулі балалардың да, жалғызбасты ересектердің де болары белгілі. Оларға қамқорлық жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі. Ауданда 47 бала арнаулы топта, 64 бала үйде жеке оқиды, 145 бала мен 8 жалғызбасты қарттарға тұрақты қызмет көрсетіледі, 23 бала бюджет қаржысына жоғарғы оқу орындарында оқиды. «Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде» 118 бала тәрбиеленеді. Сырқаттығына байланысты арнайы есепте тұрған 24 бала мен 52 ересек емдеу-сауықтыру орындарына жіберілді. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың 934 баласы мен бірінші сыныптың 1779 оқушысы тегін тамақтандырылды. Мектеп жасындағы балалардың 100% күндізгі демалыс лагерлеріне қабылданды.
- Денсаулық сақтау және білім беру салаларында жетістіктер бар болар?
- Әрине, жетістіктер баршылық. Биылғы алты айда білім беру, денсаулық сақтау, спорт, ветеринария салаларына жұмысқа келген 44 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 108,2 миллион теңге несие берілді. Ауданда 32 мамандық бойынша 113 дәрігер мен 486 арнаулы орта білімді маман жұмыс істейді. 43 дәрігер мен 42 медбике біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Ауданның емдеу-сауықтыру ұйымдарына 10 дәрігер маманы келеді деп отырмыз. Орталық ауруханаға 48,9 миллион теңгенің 3 гемодиализ қондырғысы алынып, іске қосылып, 8 науқасқа емдеу шаралары жүргізілді. Осы жылы 25,0 миллион теңгеге 2 хронодиализ аппараты мен жылжымалы рентген аппараты, мемлекеттік жекеменшік әріптестік есебінен 350 миллион теңгеге компьютерлік томограф сатып алмақпыз. «Эндовидеохирургия» аппаратымен 7 науқасқа сәтті ота жасалды. Телемедицина арқылы 44 науқасқа емдеу шаралары ұйымдастырылып, 2,8 мың тұрғын скринингтік зерттеулерден өтті. Жылжымалы медициналық кешен арқылы 1,1 мың адамға дәрігерлік тексеру жүргізілді. Ал аурушаңдық көрсеткіші бойынша қант диабетімен ауыратындар 1,6 есеге, жүрек-қан тамырлары аурулары 29,5%, онкологиялық аурумен ауыратындар 6,4% азайды, бірақ сәбилер шетінеуі мен туберкулезбен ауыратындар саны әзірге бұрынғы деңгейінде қалып отыр.
Мектеп жасындағы бала саны алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 641 балаға немесе 4% артты. Салада 5123 адам еңбек етеді, оның 2826 педагог мамандар. 668 мұғалім білім жетілдіру курстарынан өтті. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепалды дайындықпен қамту көрсеткіші 92,6% жетті. Бейнеу гимназиясында «биология», Бейнеу лицейінде «физика» пәндері 7-8-9-сыныптарда ағылшын тілінде оқытылады. Жақында Бейнеу гимназиясында ІТ-кабинеті іске қосылса, осындай кабинет Бейнеу лицейінде 1-қыркүйекте ашылатын болады. Орта мектепті аяқтаған 762 оқушының 493-і немесе 64,7% ұлттық бірыңғай тест сынағын тапсырып, мектеп бітірушілердің орташа балы 67,8 болды. 22 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестатпен» бітірді. Бейнеу лицейі мен Бейнеу гимназиясының үздік оқитын 36 оқушысына аудан әкімінің арнайы стипендиясы, 2 оқушыға «Ең үздік шәкірт» стипендиясы тағайындалды. Бейнеу политехникалық колледжінде 536 студент 10 мамандық бойынша оқиды. Биыл оқу жылын 8 студент «Қызыл дипломмен» бітірді. Ал Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінде 6 мамандық бойынша 653 студент білім алады. Президенттің «Кәсіпқор» стипендиясы бойынша әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасының 7 баласы тегін оқиды. Сондай-ақ «Жасыл даму» бағдарламасы аясында бюджеттен 8 миллион теңге бөлініп, жазғы демалыс кезінде колледждерде оқитын 185 студент уақытша жұмыспен қамтылды.
- Бұл балаларды мәдениет пен спортқа тарту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
- Өзіңіз де білетін боларсыз, ауданда 10 спорт шебері мен 57 спорт шеберіне үміткер, 8 Азия чемпионы, 1 әлем кубогының иегері бар. Олар — біздің мақтанышымыз. Бүгінде мәдени үйірмелерге 1185 өнерпаз қатысса, спорттық секцияларда 1236 бала жаттығады. Жалпы, ауданның 20177 тұрғыны спортпен шұғылданады, бұл аудан халқының 29,2%. Демеушілер қаржысына Бейнеуде 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Есетте жаттығу залының құрылысы мен Бейнеуде жабық бассейн мен орталық стадионға жөндеу жұмыстары басталды. Боранқұлда 2 спорт алаңы салынатын болады. Сондай-ақ аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарды қамқорлыққа алу жұмыстары жалғасып, Сыңғырлауда имандылық үйінің құрылысы жүргізілуде. Бейнеудегі орталық мешіттің алдына тас төсеу жұмыстары аяқталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қоғам дертімен жұмыла күрессек
- Ауданның экономикалық дамуы да өз алдына бір мәселе емес пе? Экономиканың өркендеуіне өзіндік үлес қосатын кәсіпкерлік жайында не айтарыңыз бар?
- Әлбетте. Қолда бар көрсеткіштерді таратып айтар болсам, жыл басынан бері 219,7 мың тонна мұнай мен 637,8 миллион текше метр газ өндірілді. Астық терминалы Ауғанстанға 136 тонна, Өзбекстанға 476 тонна ұн экспорттап, 4349 тонна ұн, 2060 тонна жем өндірді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 28,9 миллиард теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 11,6 миллиард теңгеге жетті. «Шағырлы-Шөмішті» кен орнында 518,9 миллион текше метр газ өндірілді, бұл ауданда өндірілген газдың 81% құрайды. Қазір онда 264 адам еңбек етеді. Олардың 48,5% немесе 128-і аудан тұрғындары. Мал сою пункті 236 тонна ет өндірсе, жылыжай кешені 10 тонна өнім шығарды. Кәсіпкерлік нысандарының саны өткен жылға қарағанда 8,6% немесе 206 нысанға өсіп, 2607-ге жетті. Экономикалық белсенді тұрғындардың 37,1% немесе 10421 адам осы салада жұмыс істейді. Олар 560,2 миллион теңге салық төлеп, аудандық бюджеттің меншікті кірісінің 35,3% құрап отыр. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 74 тұрғын кәсіпкерлік негізіне оқыды. «Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша құны 256,0 миллион теңге болатын 19 жоба қолдау тапты. Микрокредиттік ұйымдар арқылы 8 тұрғын 38,7 миллион теңгенің несиесін алды. 800-ден астам адам еңбек ететін 220 шаруа қожалығы бюджетке 1,5 миллион теңгенің салығын төледі. Қазір қолда 5537 бас сиыр, 118313 бас қой, 11538 бас жылқы, 19214 бас түйе бар. Ет және ет өнімдерін дайындайтын «Берген Бек» ауылшаруашылығы кооперативінің модулді мал сою пункті іске қосылып, «Бейнеу» кооперативінің мал бордақылау алаңының құрылысы басталды. Эпизоотиялық шараларға республикалық бюджеттен 44,0 миллион теңге бөлініп, мал жайылымдарын суландыру үшін 4 құдық қазылды.
Ауданымызда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан, құны 19,8 миллиард теңге болатын «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасы шекарасы» автокөлік жолының 11 шақырымы асфальтталды. Инвесторлар қаржысына ауылдардағы автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдары асфальтталып, жөндеуден өтті.
Бейнеудегі 9 көшеге ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып, 13 көшеге ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Боранқұлдағы 1 және 2 ауылдарға ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары жақын күндері басталады. Ал Төлеп пен Есет ауылдарына жоғары кернеулі электр желісін тарту жұмыстары жалғасуда. Интернет желісінің сапасын арттыру мақсатында Бейнеудегі 9 көшенің магистралды кабельдері ауыстырылды. Қазір Боранқұлда 4 пәтерлі бір коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бейнеу ауылындағы 55 көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайын тексеру жұмыстары басталды.
- Бүгінде жұртшылықты алаңдатқан мәселенің бірі—қоғамда қылмыстың кең жайылуы. Осы орайда не айтар едіңіз?
- Биыл аудан бойынша 158 қылмыс тіркелген екен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38 қылмысқа немесе 19,4% төмендегенін көрсетеді. Жол-көлік оқиғасы 2,2 есеге, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 16,7% азайды. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 100% ашылды.
- Әңгімеңіз үшін рахмет, Бейнеубек Көңілімқосұлы. Қылмыс атаулы бұдан да азая түсіп, халықтың әл ауқаты арта бергей.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА