Біздің сұхбаттасымыз - Аманжол Нұрманов Әмірұлы. Атырау облысы, Кең Жылыой ауданы, Аққұдық ауылының тумасы. Еңбек ардагері, 73 жастағы қария. 1962-жылы 73-інші Бейнеу жол дистанциясына Ақтөбе теміржол техникумының жолдамасымен келіп, 17 жасында еңбек жолын бастаған күнінен бастап Бейнеуге «кіндігінен байланған» азамат. ҚазССР Жоғарғы Советі Президиумының 1973-жыл 20 наурыздағы бұйрығымен құрылған Бейнеу ауданының іргесі қаланып, қазығы қағылып, аяғына нық тұрып, даму жолына түсіп, өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып, қомақты үлес қосқан азаматтардың қатарынан ойып орын алған жан. Еңбегімен ел құрметіне бөленген ағамыздың аудан тарихы жайлы өскелең ұрпаққа айтары бар. Ендеше сол сұхбатпен қалың оқырман қауым таныссын деген ниетпен қолға қалам ұстадық.
- Әбеке, биыл Бейнеудің аудан болып құрылғанына 45 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жылдарында ауылымыз қарқынды даму жолына түсіп, берекелі, мерекелі, абат мекенге айналғаны бүгінгі жұртшылыққа әбден таныс. Ал аудан мәртебесін алғанға дейінгі құрылған жылдардағы Бейнеу қандай еді?
- Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары станса поселкісі деп аталатын, қазіргі көзбен қарасақ поселкі деп атауға келмейтін, бары-жоғы ағаш құрамалы жетпіс барак-үйлі шағын ауыл еді. Тынбай соғатын аңызақ жел сары құмды бұрқыратып боратқанда апшың қуырылып, тынысың тарылады. Жазда күн шыжғырғанда төбеңді тесіп өтіп, табаныңнан бір-ақ шығады. Көлеңкеге жарайтын бір түп те талы жоқ. Ауыз су теміржолмен тасымалданады. Ал қысы... Ол жылдардың қысы қайтып келмегей. Жем деген өзені бар, жазда жері құлпырып тұратын, қысы жайлы Кең Жылыойда туған бозбала тұрмақ, сулы, нулы өлкенің үлкен кісісі де тұрақтауға тәуекел ете алмайтын, көсіліп жатқан сары құмның төсіндегі шалғайдағы шағын ауылға мен жатсынбай, жатырқамай ендім. «Қалайша?» деп таңданып отырсың ғой. «Бұл жердің болашағы зор болады» дейтін әкемнің сөзі ең басты себепші болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері бола тұра қызметтен қол үзбеген әкем Әмір арнайы тапсырмамен осы шағын ауылға пошта бастығы болып келген болатын. Егде тартқан шағында күні-түні қызметте жүріп, ең ауыр орынға тап болдым деп өкінгенін сездірмейтін. «Киелі мекен - Кең Жылыой» тарихи-танымдық, тағылымдық кітабына есімі енген әкемнің орыны ерекше еді.
Алпысыншы жылдардың басы бұл өлкенің ояну кезеңі басталған кезі еді. Маңғыстау жерінің қойнауында мол мұнай көздерінің бары анықталып, Өзенде мұнай кендерін игеруге орай Бүкілодақтық маңызға ие Мақат-Бейнеу-Маңғышлақ теміржол құрылысының қарқыны үдей түсті. Отызыншы жылдардың зұлматынан ондаған жыл қаңырап бос қалып, соғыс жылдарынан бастап ұжымдардың мал жайылымына айналған Үстірт, Сам жерлерінің елді индустрияландырудың зор дүбірінен сілкініп оянған күндері. Қарқынды құрылысқа таяқ тастам жердегі Кең Жылыой тұрмақ, сонау Белоруссиядан, Ресейден, Одақтың көптеген қалаларынан маман құрылысшы жастар лек-лек болып ағылып келіп жатты. Еңбек майданының дүбірі құзға шауып, қияға өрлететін жастық жігерімді үстеп, көңілімнің қалауына үйлесті.
Еңбек жолымды теміржол саласында вагон жөндеуші слесарь болып бастап, екі-үш жылда бақылаушы, одан аға бақылаушы болып шыға келдім. Аса жауапты тапсырмаларды уақытылы және кемшіліксіз орындауға дағдыландым. 1966 жылы 12 шілдеде менің ауысымымда Өзен мұнайының бірінші құрамының сәтті өтуі ұжымымыздың абыройын көтерді. Сол жылы жергілікті партия, кеңес орындары 300-дің үстінде жұмысшысы бар 73-інші Бейнеу жол дистанциясының басшылары маған сенім танытып, мені ұжымымыздың кадрлар бойынша инспекторы лауазымына тағайындап, жауапкершілігі жоғары міндет жүктеді.
Сұрағыңа нақты жауап беруден алыстап кеткендеймін-ау. Атам заманнан тек қана мал шаруашылығымен айналысатын шалғайдағы мекенге теміржолы - өмір жолы болып келді. Мақат-Маңғышлақ теміржолы бойында 22-қалпына келтіру поезды Құлсары, Опорный, Бейнеу, Сай-Өтес, Шетпе, Маңғышлақ стансаларын, жұмысшыларға арналған барак үйлерді тұрғызды. Гурьев облыстық атқару кеңесінің 1965-жылдың 26- қаңтардағы 17-қаулысына орай Ембі ауданы, Молқат елді мекеніндегі селолық кеңес Бейнеу стансасына орналасып,сол жылдың көктемінен Бейнеу поселкелік кеңесі аталып, 1967 жылы Ембі ауданынан Маңғыстау ауданы қарамағына берілді. Бұрынғы станса енді әкімшілік орталығы бар елді мекенге айналды.
- Мұнайлы өлкеге үкімет оң көзімен қарап, жұмыс қызу жүріп жатқан жер ғой, қалайда...
- Бір қарағанда сен айтқандай болып көрінетін. Шындығында мұндай емес екендігін, еңбек екпінін бәсеңдетуге мүлде болмайтынын, тәуекел үстіне тәуекел етуге тура келетінін мен басшымыздың жұмыс уақытынан соң мені кабинетіне арнайы шақыртып, міндетіме жауапкершілігі жоғары тапсырма жүктеген сәтте ұқтым. Бұл 1967 жылы болған оқиға. 73-інші дистанция басшысы Наливайко Митрофан Прохорович - ұлты белорус, жасы 58-59-дар шамасындағы, ірі денелі, сымбатты, салмақты кісі еді. Тәртіпті, ұқыптылықты ұнататын. Арақ, өтірік дегендерге жаны қас. Сол кісінің шақыртуымен кабинетіне енгенімде орынбасары Сәрсенғали Қосмұқанов екеуі отыр екен. Митрофон Прохорович мені қарсы алдына отырғызып, асықпай темекісін тұтатып, қоңыр дауысымен байсалды әңгімесін бастады. Бүкілодақтық маңызға ие Мақат- Маңғышлақ теміржол құрылысының аяқталуға тақағанын, жұмыс аяқталысымен қазіргі жұмысшылардың бұл жерден кететінін,сол кезде жұмыс қолына мұқтаждық болу қаупін сөз етті.
- Аманжол, сен шұғыл түрде жолға дайындал. Көршілес Өзбекстан, Қарақалпақстанда, Түрікменстанда халық тығыз орналасқан. Сол жаққа барып, елмен шүйіркелесіп сөйлесе алсаң, ол жақтан көптеген жұмысшылар отбасыларын көшіріп алып келуге болады, - деді сенімді үнмен.
Сонымен Хожеліні бетке ұстап жолға шықтым. Бұрын табаным тимеген жер, дидарласпаған ел. Қанша жерден жігерлі болсам да көңілімде қобалжу басым. Бекер қобалжыппын. Қарақалпақ жеріндегі қандастарымыз ауызын ашса жүрегі көрінетін, бауырмал, қарапайым жандар екен. Қарттарын қатты сыйлайтындарына куә болдым. Ал қарттары мені баласынбай «Атажұрттан біздерді іздеп келген өкімет адамы» деп тең сөйлесіп құрметтеді. Бір ай сол елде болып, ашық-жарқын әңгімелесуімнің әсері шығар, 4-5 шаңырақ көшін атажұртқа аттандырып, қариялар «Ұзамай біздер де көшеміз» деп мені қимастықпен шығарып салды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жағалауда жартастар да жаңғырып… (ФОТО)Шалғайда жүрген қазақтардың атажұртты аңсар сезімі басым екендігін сол кезде көрдім. Олардың алғашқы көші Сай-Өтестегі, Үстірттегі үйлерге қоныстанып, теміржол саласына жұмысқа белсене араласты. Бүгінгі таңда Маңғыстауға танымал сәулетші, депутат, Бейнеудің көркеюіне мол үлес қосып жүрген, елге сыйлы азамат Рәббім Борашовтың әкесі Байбоз ағамыз осы көшті бастаған қайсар азамат еді. «КСРО-ның құрметті теміржолшысы» Әбдібай Сақтағановтың, қазір Сай-Өтесте тұратын ардагер теміржолшы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Ақкөз Жайлыбекова жеңгеміздің отбасы да алғашқы 4-5 үйдің ішінде келді. Ұзын сөздің қысқасы санаулы жылда 88 отбасы көшіп келді. Олардың бізді сүйсіндіргені келген күнінен бастап барлығы да еңбек майданына білек сыбана араласты. Қиындықтардан қашпады. Осы төзімділігінің арқасында көпшілігі ел құрметтейтін азаматтарға айналды.
- Ең бастысы жергілікті теміржолдың иесі өз ұлтымыздың азаматтары болды демекшісіз ғой.
- Дәл солай.
- Жас болсаңыз да еңбек жолыңыз сәтті басталып, темір жол саласындағы қызметіңіз көзге түсе бастаған екен. Неге басқа салаларға ауысып кеттіңіз?
- Барлығына өзің айтып отырған «көзге түсу» себепші болды. Ол кезде тағдырыңды партия билеп, төстейді. Таныс-білістікке қарап емес, қарым-қабілетке қарайды. Алпысыншы-жетпісінші жылдары басшы жұмыстарда болған ағаларымыздың бойында «Жаңадан көтеріліп жатқан шаңыраққа уық болып қадалу керек» дейтін ұғым басым еді. Біз осындай ағаларға қарап, еліктеп өстік. Тапсырманы тиянақты орындаудан басқа ойымыз болған жоқ.
«Ұйымдастыруға шеберсің, жас коммуниссің» деп, мені үнемі жауапты орындарға жұмсады. Алпысыншы жылдардың аяғында НГЧ-ының тұрғын үй басқармасын басқарып, 1-16 үйлерді қабылдап алуыма тура келді. Өндірістен қол үзбей, Атырау университетін бітіргендігімнен жетпісінші жылдардың басында аудандық білім бөліміне қызметке жіберді. 1975-1980 жылдары аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, кейін меңгеруші қызметінде болдым. Жас кезімде өнерге өзгелерден бір табан жақын болып, қазақтың қара домбырасында күй тартатынмын. Той-томалақта, атаулы күндерде осы өнеріммен көрініп жүрдім. Осы қасиетімді байқап қалған басшылар мені 1980 жылы аудандық кинофикацияның директоры қызметіне тағайындады. Он алты жыл осы қызметті атқардым. Тоқсаныншы жылдардың ел тұрмысын тұралатқан жылдар болғаны белгілі. Жұрт клубқа барғаннан базар жағалағанды жөн көрді. Мен елдің көркемөнерден жырақтап кетпеуін ойлап, елдің тұрмысына үндесетін, алмағайып кезеңде дұрыс бағыт беретін кинофильмдерді тауып алып келіп, көпшіліктің заманның жаңа бағытына, нарыққа түсініп көшуіне, мәдениеттің тоқырап қалмауына барымды салдым. Қазақ киносын басқарып тұрған әлемге танымал ақын Олжас Сүлейменов ұмытпасам, 1987 жылы Ақтауға келіп, аймақтағы клубтардың жай-күйімен танысты. Ол Бейнеудегі атқарылып жатқан жұмыстарға риза болып, ауданымызға бір көшпелі киноқұрылғы орнатылған автомашина және уазик беруге уәде берді, уәдесін көп күттірмей орындады. 1997 жылы маған «КСРО киноматографиясының үздігі» құрметті атағы берілді. Содан соң денсаулығыма байланысты мұражайға ауысып, сол жерден зейнеткерлікке шықтым.
- Шағын ауылдың қанатын кеңге жайған көрікті мекенге айналуына қосқан үлесім аз болды-ау, деп көңіліңіз толмайтын кездеріңіз болды ма?
- Мұндай ойға бой алдыратын кездерім болады. Бергенімнен берерім көп еді, бере алмай қалдым-ау, деп ойланамын. Құлазып қалған мекенге теміржол келіп, тамырына қан жүгіре бастаған кезде қажетті жұмысшы, теміржолшылардың алғашқы легінің келіп қоныстануына себепші болғандығым көңілдегі олқылықтың орнын толтырады. Осы аса жауапты міндетті атқарғаныма іштей масаттанамын. Құлазып жатқан сары дала төсіне көрген көз таңқалатын көрікті елді мекен орнатамыз деп тәуекелге бел байлаған менің замандастарымның, сайдың тасы, арқардың құлжасындай азаматтардың еңбегі текке кетпегеніне шүкірлік етемін. Ұлы дүбірден оянған өлкенің алғашқы еңбек жолын ерекше серпін, екпінмен бастаған аға-апаларының жолын бүгінгі өскелең ұрпақ өршіл рухпен, бірлікпен, біліктілікпен жалғастыруда. Ауданымыз нұрлы болашаққа сенімді қадам тастауда. Осыған қуанамын.
- Құрылғанына 45-жыл толуын атап өткелі отырған ауданымыздың халқына айтар лебізіңіз?
- Жалындаған жастық жылдарымыз көз жетпес алысқа кетіп, қарттық құрсауында үйде отырған жайымыз бар. Осыдан 45 жыл бұрынғы ұлы дүбір, зор екпін бүгінгі ұрпаққа бейтаныс. Ол жылдардың нақты көрінісі сол жылдарға куә бола қалған, көзі тірі қариялардың көңіл сандықтарында сақтаулы. Ақиық ақын Мұқағали: «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнеки жағада тұр», - деп жырлағанындай, жетпісінші жылдары ауданның іргесін қалаған кешегі жігіттер, бүгінгі қарттар қашанғы арамызда жүре берер дейсің. Сол қариялармен кездесіп, сыр тартып, сұқбаттасып, олар айтқан әңгімені хатқа түсіріп, кітап етіп дайындауға көңіл бөлінсе, жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына өнеге боларлық игі шара болар еді. Той тартуының ең құнды дүниесі осы болатыны анық. Той үстінде қарияларға сый-сияпат жасалып жатса, мерейіміз тасып қалары хақ.
Ең бастысы байтақ жеріміз тыныш, байдалы еліміз аман болсын. Сам төсіндегі берекелі Бейнеуіміздің тойы халқымызға құтты той болғай!
Сұқбаттасқан Қартбай ҚОЖАЕВ