©
Бірер жыл бұрынғы дүниежүзілік экономикалық форумдағы сарапшылардың 12 көрсеткіш бойынша шығарған дерегіне сүйенер болсақ, бүгінгі күні Қазақстан экономикалық әлеуеті жағынан әлемде 53-орында тұр.
Онда негізінен еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылық, техникалық даму деңгейі және өмірді қамтамасыз ететін инфрақұрылымдар саласы алынған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрсетуінше, бұл үш нұсқа да – жаһандық бәсекелестіктің негізгі шарттары. Ел әлеуетінің әлді болуы үшін әрбір облыс пен аудандарда осы үш бағыт бақуатты болуы тиіс. Жуырда ғана тоқсан жылдық торқалы тойын атап өткелі отырған ауданымыздың бұл саладағы жеткені мен кенже қалған тұстары қандай? Ол жөнінде Маңғыстау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Адайбек Қалиевпен болған сұхбаттан оқи аласыздар.
-Көлік қатынасы - экономиканың «қан жүргізетін» жүйесі, қалыпты жұмыс істеуінің негізі деп жатамыз. Ал ол үшін автокөлік жолдарының жағдайы жақсы болуы тиіс. Ауданға қарасты автокөлік жолдарының бүгінгі жай-күйі қалай?
- Аудан аумағында 272 шақырым республикалық, 242,6 шақырым облыстық және 298,6 шақырым аудандық дәрежедегі автокөлік жолдары бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Дженгиз Иншаат» компаниясы жүргізген 170 шақырым Шетпе- Жетібай-Ақтау бағытындағы республикалық дәрежедегі автокөлік жолының игілігін халық көріп отыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Нұр Капиталдың» алғашқы несиесін түйе сүтін өңдейтін зауыт алдыАудандағы автомобиль жолдарының жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Жылына кем дегенде бір ауылға селоішілік асфальт жол салу жоспарын орындап отырмыз. Мәселен, осы жоспарға сай биыл 276, 640 мың теңгеге Қызан ауылішілік жолының 5,7 шақырымы асфальттанып жатыр. Тасмұрын-Мәстек аралығын қайта құрылымдау жұмысына 2 млрд. 645 млн. 289 мың теңге қаралса, Өтес селосының Толыбай шағын ауданының селоішілік жолын салу жұмысы 6390,00 мың теңгеге бағаланса, Шетпе-Қызан автомобиль жолын қайта құрылымдау жұмысына 230 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүріп жатыр.
Мемлекеттік сараптамадан өткен Жыңғылды-Шайыр-Шерқала аймағы автокөлік жолын қайта құрылымдау жұмысын «Алтын-құрық» ЖШС бастап кетті. Жоба құны 2677,0 млн. теңге.
- «Қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтылмаған. Былтырғы қыста жылу беру маусымында орын алған ақаулар бар ма, биыл ол олқылықтар қайталанбау үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр?
- Аудандағы 61 әлеуметтік мекемелердің дербес жылу қазандықтары бар және 3 орталықтандырылған жылу қазандығы аудандағы 92 әлеуметтік объектіні жылумен қамтып отыр. Жылу қазандықтарын 2018-2019 жылғы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындау үшін бюджетті нақтылау кезінде 60 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға бағалық ұсыныс сұрату тәсілімен аурухана, мектеп, кітапханалар, қажетті насостар, жылу қазандықтары, «Айналайын» балабақшасының, Маңғыстау техникалық колледжінің, Е.Оразақов атындағы өкпе ауруларына қарсы шипажайдың жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Қазір бәріне мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Былтырғы қыста тұрбаларымыз жарылып, қиындық берген жерлері болды, оны дер кезінде жөндеп, тұрғындарға зиян тигізбеуге жұмыстандық. Бұл олқылықтар биыл орын алмайды деп сендіремін.
- Біздегі байланыс саласы бәсекеге қаншалықты қабілетті?
-Аудан аумағымен халықаралық байланыс желісі жер асты кабелімен тартылған Өтес- Шетпе-Жетібай-Ақтау арқылы жүріп жатыр. Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір ауылдары және Тиген, Тасмұрын елді мекендері «Теле-2» арқылы интернет, телефон байланысын пайдаланып отыр. Қияқты елді мекенінде «Билайн», «Актив» ұялы байланыстары бар. Өтес, Жармыш, Тұщыбек, Жыңғылды елді мекендеріне талшықты оптикалық байланыс желісі, Үштағанға «ДАМА», Шетпе, Онды, Шайыр, Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір елді мекендеріне цифрлық радио-релейлі байланыс желілері тартылған.
Сонымен бірге өткен жылы Шетпе-Онды-Үштаған селоларына талшықты байланыс желісін тарту жұмысына – 129,581 млн. теңге қаржы бөлініп, «Нұрлы жол» ЖШС жұмысын жүргізген болатын. Сонымен қатар Шайыр-Жыңғылды селоларына талшықты байланыс жүйесін тарту жұмысы 12354,38, «Жыңғылды селоішілік байланыс жүйесін тарту жұмысына 53125,89, Боздақ елді мекенінің ішіне байланыс тарту жұмысына 22869,43 мың теңге жұмсалды. Сондай-ақ Маната жерінде қыс мезгілінде үлкен жүк көліктері оқыс оқиға тап болса немесе бұзылып қалса байланысқа шыға алмай, әбігерге түсіп жатады. Биыл осы қиындықты болдырмауға жұмыстанып жатырмыз. Мобильді байланыс жүйесіне арналған 40 метрлік антенналық мұнара орнату қызметіне 2800,0 мың теңгеге «Deluxe Desing» ЖШС жобалық сметалық құжатын жасақтап, жұмысын бастады. Жоба құны-64960,86 мың теңге.
Аудан бойынша байланысы жоқ Жарма, Сазды, Басқұдық, 15-бекет елді мекендері қалып отыр. Бұл жерлерде ұялы байланыс биік төбелердің үстінен ғана ұстайды. Сондай-ақ күре жолдың бойында орналасқан Бекі елді мекенінде интернет, ұялы байланыстың жоқтығы өзекті мәселе. Қазіргі таңда аудан әкімінің тікелей басшылығымен бұл елді мекендерге байланыс желісін орнату мақсатында жұмыстарды қолға алмақпыз.
-Жыл сайын облыс әкімінің қаулысына сай тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тазалық айлығында ауданда қыруар қызмет атқарылғанымен, ауыл тазалығы әлі күнге дейін өзекті болып қалып отырғаны жасырын емес.
- Иә, тазалық айлығы кезінде барлық ауыл әкімдері бөлінген өндірістік мекемелерімен байланыс жасап, айтарлықтай жұмыс атқарады. Тазалық екі айлығы кезінде аудан тұрғындарының еселі еңбегінің арқасында атқарылған қызметтер жөнінде апта сайын газет арқылы ақпарат беріп отырдық. Байқасаңыз, тазартылған аумақтың да, шығарылған қоқыстың да, шаншылған шыбықтың да елде есебі жоқ. Әр ауылдан тонналап шыққан қоқысты сырттан келіп ешкім төгіп кетпегені анық. Егілген талды жеп кететін де өзіміздің малымыз. Әрине бәріне бірдей тұрғындарды кінәлаудан аулақпыз, кейбір жерлерде белгіленген мамандардың салғырттық танытатыны да бар. Біз жыл сайын еткен еңбек пен егілген талдың еш кетпеуі үшін қызмет ұйымдастырып жүрміз. Тұрғындардың көше мәдениетіне деген сауаттылығын арттыру, жауапкершілікті сезінуі үшін ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, құқық қорғау орындары арқылы заңды да түсіндіріп келеміз. Санитарлық тазалықты сақтау мақсатында қоқыс тастауға арналған 726 контейнер алаңы жасақталған.
- Қоқыс контейнерлерін қөю тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін қаншалықты арттырады?
- Тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығына деген жанашырлығы төмен болуы расымен қынжылтады. Тіпті аула тазалығына немқұрайлы қарайтын азаматтар да бар. Олардың қоғамдық жерлердегі, көшелердегі мәдениеті әр алуан. Әрине барлығы бірдей емес, дегенмен қоқысты кез келген жерге тастайтын тұрғындар жетерлік. Арнайы жәшікке жеткізбей, бет алды лақтыратындарды да көріп жүрміз. Тазалық алдымен табалдырықтан басталады ғой. Ал кейбір тұрғындарда «Мен неге тазалауым керек?» деген пікір қалыптасқан. Осыдан-ақ ауыл тазалығына деген жанашырлықтың төмен тұрғаны айқын көрінеді, қоқысты арнайы орынға тастау үшін баланы жастан тәрбиелеу керек деп ойлаймын.
- Жағымды жаңалықтар мен алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…
- Биыл Шайыр, Шебір, Үштаған, Тұщыбек, Қызан ауылдарында төрт пәтерлік үйдің құрылысы аяқталып, Астана күні қарсаңында 20 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Сонымен қатар Жыңғылды ауылының депутаты Т.Ерманов ескі амбулаторияны жөндеп, төрт пәтерлі үй қылып, оны да Астана күні қарсаңында мұқтаж азаматтарға береміз деген жоспарымыз бар. Ауданда инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда. Жоспар бойынша бірінші кезекте кәріз жүйелері шешімін табуы тиіс. Сондықтан кезек күткен, жоспарланған жұмыстар іске асады деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!Айгүл РАХМЕТОВА