Ал Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев жастарға қарата айтылған бір сөзінде «Сендердің бәрің лайықты өмірдің, әл-ауқаттың, жаңа өмір сапасына қол жеткізудің тек еңбек арқылы ғана келетінін есте сақтауларың керек», – дегені бар еді.
Иә, расында да, қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Мектепте бестікке оқып, білім қуып, сауатын толықтырудың қамын жасаған адам ұтылмайды. Керісінше ондай перзент ата-анасының мақтанышы, достарының ақылшысы, қоғамның пайда келтіруші бір тұлғасына айналады.
Мұнайлы ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залына елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арнап шақырылған Астананың төл құрдастары Мұнайлы ауданының ең белсенді жастары деуге болады. Олар уақытында оқуды абыройлы тәмамдап, бүгінде әрқайсысы әр жерде жұмыс істеп, кейбірі жоғары оқу орындарында әлі студент. Студенттерді көріп, өзімнің студент шағым ойға оралды. Арман қуып, біз де айбарлы Алматыны бетке алып кете барғанбыз. Уыздай жаспыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетіне оқуға түстім. «Сен тұр, мен атайын» дейтін дарынды, ізденімпаз, жан-жақты құрдастарымызбен теңдесуге тырыстық. Жанталасқан өмір. Ол жақта жүріп бір сүйсінгенім – қоғамдық көліктерде отырып, кітапқа шұқшиғандар көз тартады. «Болар бала жасынан, жөргегінен» демей ме халқымыз?! Бұл да бір уақыт өлтірмеудің керемет амалы. Алып шаһардың орталық кітапханаларында лық толған адам, бәрі бірдеңені білгісі кеп жүр, көз жеткізгісі кеп жүр, көкірек көздерін ашқысы кеп жүр, қараңғылықтан шыққысы кеп жүр, қысқасы, рухани байығысы кеп жүр. Түрік жазушысы Назым Хикметтің сөзімен айтқанда «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ», – деп жүр.
Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев кездескен Астана құрдастары лапылдап тұр. Бәрі де сөйлегісі кеп, ауданның гүлденуіне қатысты пікір, ұсыныстарын жеткізуге асықты. Аудан басшысы осыны сезгендей жастармен әуелі таныстық орнатып, бірте-бірте әңгімеге араластырып отырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құм көшкініне тосқауыл бар ма?Нұрлан Төлегенұлы жастардың талап-тілектері ескерусіз қалмайтындығын айтып, мереке құрметіне орай хакім Абай шығармаларының жинақтарын сыйлыққа тартты. «Сыйға – сый» дегендей, жалынды жастар да өз аттарынан елорданың ең көрнекті ғимараттарының бірі «Бәйтерек» бейнеленген үстел мүсіндерін сыйлады.
«Жүрегім менің – Астана» тақырыбымен өткізілген аталмыш жиынға Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Б.Тұяқов, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Д.Жеткізген, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Б.Біләлов, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Ноғаева, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Себепбаева қатысты. Қатысушылар жиырма жыл дегеніңіз тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналғандығын сөз етісті.
Әсел ТАҢАТАРОВА