Астана күні мерекесі ауданымызда жоспарланған мәдени шаралардың өтуімен қатар тосын сыйларға да толы болды. Ауыл, ауылда елордамызды асқақтата әнге қосқан шаралардың барлығы да бас қаламыздың бәсін жоғарылата түскендей болды.
Астана күнін мерекелеуде барлық ауыл өзіндік мән-мағынасы бар шаралар ұйымдастырды. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі, Астананың арайлы мерекесіне шын тарту - жыңғылдылық депутат Талғат Ермановтың ел сүйсінер ісі болды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өз қаржысына үй салып, ауылдастарын қуантуды ойлаған жаны жомарт жанның бұл жобасы, еліміздің ең ұлы мерекелерінің бірімен тұспа тұс келуі тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Бүкіл қазақ елі бірлігіміз бен берекеміздің ордасы болған Астананың әдемі шағын мерекелеп, шат-шадыман күйге енген тұста жыңғылдылық төрт отбасы қоныс тойын тойлап, төбелері көкке жеткенше қуанды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда үйлерді сырлау жұмысы басталып кеттіЫнтымақтың ыстық алауын жағып, бірліктің туын биік көтерген үш мыңға жуық тұрғыны бар, күре жолдың бойындағы қанатын кеңге жайған Жыңғылды ауылында көмекке мұқтаж отбасылар көп болмаса да ішінара бар. Ауылдағы ескі емхананың ғимаратын тұрғын үйге лайықтап, қайта жасақтаған халық қалаулысы қасына тыңнан екі пәтерлік тағы бір үй көтеріп, төрт жанұяны баспаналы етті. Атымтай жомарт азаматтың бұл бастамасы жалғасын табады, өйткені тағы төрт пәтерлі үйдің қабырғасы тұрғызулы екен.
Ауылдастарының алғысына бөленген азаматтың алғашқы қуантушыларының қатарында көмекке мұқтаж, көп балалы Аманқос Басарбаевтың жанұясы, екі бала тәрбиелеп отырған жалғызілікті ана Гүлжан Өтепова, аз қамтылған отбасылар санатына жатқызылған Нұржан Тәжіғұловтың отбасы және бірінші топ мүгедегі Ғалия Әнесова болды. Шағын ауылдың шартарапқа шуақ шашқан қуанышымен бөлісуге барған аудан әкімі Ж.Айтуаров баспаналы болғандарды құттықтап, үлгі аларлық іс жасаған ауыл азаматына алғыс айтты.
«Өзім осы ауылда тудым, өсіп, өндім. «Бұл ауылдың әрбір тұрғыны менің жалғызым» деп, Сабыр Адай ағамыздың сөзін сәл бұрмалап айтсам, әбестік болмас. Шағын ғана ауыл болған соң кімнің көже қарны, кімнің көңіл қарны тоқ екенін бес саусақтай біліп отырамыз. Көптен бері ойымда жүрген іс еді, ел игіліне беру сәті, міне, бұйырды. Жалпы өзім аудандық мәслихат депутаты және «Дария» МҚК-ның ауылдағы бөлімшесінің басшысымын. Ауылдастарыма жасаған бұл азғантай сыйымызды отбасымыздың атынан деп қабылдаған жөн деп ойлаймын. Өйткені жолдасым Гүлбаршын Әбдікәрімованың атында шағын отбасылық кәсібіміз бар. Осы Жыңғылды жерінен егін салып, жер ананы еміп отырған жәйіміз бар. Тапқан табысымыздың шетінен ауыл үшін қызмет жасауды өзіме парыз санадым және іске асырдым. Осындай жобаларды алдағы уақытта да жалғастыра бермекпін»,-дейді Т.Қорғанбайұлы.
Лаура АШЫҚБАЙ