Асқақтаған Астана аз ғана уақыттың ішінде көз сүйсіндірер сұлулыққа қол жеткізді. Аспанмен таласа бой көтерген Бәйтерегі, Хан шатыры мен зәулім сарайлары бүгінгі заманның талабына сай бас қаланың көркіне көрік қосуда. 1998 жылы Алматыдан Астанаға көшкен жас қала биыл 20 жасқа толды. Осы уақыт аралығында өзін әлемге мойындатқан елордамыздың туған күнін Қазақстанның түкпір-түкпірі атап өтуде.
Сол күні ауданымыздың орталық алаңы мерекеге сай безендіріліп, әсем әуен шырқалып тұрды. Алаңға қарай беттеген халықтың санында есеп жоқ. Балаларға арналған ойын алаңы жасақталып, мерекеге орай жәрмеңке ұйымдастырылған.
Салтанатты шарада көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтаған аудан әкімі Ж.Айтуаров: «Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді республикамыздың бас қаласы – Астананың туған күнімен және 20 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Астана күні – барлық қазақстандықтардың мерекесі, өйткені Астана арқылы Қазақстан өзінің жоғары мақсаттары мен үлкен мүмкіншіліктерін барша әлемге таныта алады. Бір мақтанышпен айтатынымыз, мереке қарсаңында маңғыстаулықтар Астананың 20 жылдығына ерекше тарту жасап, қаланың сәніне сән қосқан тағы бір көрікті нысан - Достық үйін сыйға тартты.
Барша қазақ елі Астана қаласына қарап бой түзейді. Оның қатарында біздің ауданымыз да бар. Биылдың өзінде азаматтардың бастамасымен Қызан ауылынан спорт кешені, «Кәусар» дәріханасы, бірнеше дүкендер ашылып, күні бүгін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана күніне тарту жасап, аудандық мәслихат депутаты Талғат Ерманов 2 пәтерлік екі тұрғын үйдің кілтін ауылдастарына табыстады.
- Астананың 20 жылдығы, ауданның 90 жылдығына орай жұмыстарды жалғастыра беру мақсатында Шетпе-1 ауылынан ашық спорт алаңы, Жаңаорпа ауылы жол қиылысына стелла - монумент салынып, 90 жылдық қарсаңында орталықтағы екі қабатты 10 үйді жөндеуді қолға алдық. Екі қабатты үйлер арасынан спорт алаңын, балалар ойын алаңын, Б.Жұмалиев мектебі ауласынан және Жаңа орпа ауылынан балалар ойын алаңын салу, Жыңғылды, Өтес ауылдарында спорт алаңы, Жармыш ауылында спорт кешенін салу, түнеуханалар мен Онды ауылында мешіт салу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстардың бәрінде сіздердің, аудан тұрғындарының еңбегі бар.
Уақытпен бірге туып, заманынан озған, күшті де құдіретті мемлекеттің елордасы болу үшін жаралған жасампаз қала – Астанамыз мәңгілік болсын! Мереке құтты болсын!»,-деп тілек білдірді.
Думанды мерекеде аудан әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 20 маусымдағы Жарлығы бойынша «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін ауданның Құрметті азаматы, сот саласының ардагері Орынбаев Итемген, ардагер ұстаздар Жұмаханұлы Мырзабай, Алдақова Қымбат, Бесбаев Кемелхан, Мырзабай Қалымжан және мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қодаров Аманқос, мәдениет саласының ардагері Жарылғасұлы Алмажайға салтанатты түрде тапсырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда үйлерді сырлау жұмысы басталып кеттіСондай-ақ ардагерлер ұйымы жұмысына сіңірген еңбегі, еліміздің мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысқаны, жастарға патриоттық, адамгершілік тәрбие бергені үшін «Ақтілеу» аналар ансамблі республикалық ардагерлер ұйымының дипломымен, Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын және партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Бибігүл Жайлықызы мен аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Әсемгүл Жылқыбекқызы «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының Алғыс хатымен, Маңғыстау облысының өнер саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ару қаламыз Астанаға арнап «Астанам-ақ ордам» әнін шығарған танымал өнерпаз Қондыбай Шалабаев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапаттау сәті аяқталған соң көрермен құлақ құрышын қандырар әсем әнге қанық болды. Сахна төрінде Отан, туған жер, махаббат, Астана, достық тақырыбындағы туындылар мен ел жүрегінен мәңгі орын алған әндер шырқалды. Жас жеткіншектердің арман, тілегі жазылған шарлар ұшырылды.
Елдігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз мәңгі жасап, қол жеткізген жетістігіміз молайып, елордамыз жайнай берсін. Асқақтай бер, ару қала – Астана!
А.БАЗАРБАЙҚЫЗЫ