Астанада "Елбасы. Маңғыстау" атты кітаптың тұсауы кесілді. Су жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Астана концерт залында қала тұрғындарының қатысуымен өтті. Тұсаукесерге белгілі жазушы, қаламгерлер, қоғам қайраткерлері мен мәдениет майталмандары қатысты. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа "Елбасы. Маңғыстау" атты жаңа кітапты маңғыстаулық қоғам қайраткерлері Достық үйін аралап көру барысында тарту етті.
Таралымы 1000 дана 5 бөлімнен тұратын тарихи хронологиялық кітап Маңғыстау өлкесінің облыс мәртебесіне қайта ие болуы, тәуелсіздік жылдарындағы облыстың гүлденуі және киелі түбектің өткен тарихы жайлы сыр шертеді.
Бұл публицистикалық повесть – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Қоры ұйымдастырған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсында жүлделі екінші орынға ие болған.
Естеріңізге сала кетейік, 1-4 шілде аралығында маңғыстаулық өнерпаздар Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай елордада «Жаңғырған Маңғыстаудан – жасампаз Астанаға» атты мәдени шаралар ұйымдастыруда. Кеше 1 шілде күні «Ұлттық домбыра» күні мерекесіне Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Маңғыстаулық өнерпаздар ұсынған мәдени кеш бүгін Астана концерт залында жалғасын тапты. Сонымен қатар, бүгін Маңғыстау облысының кешенді көрмесі өтті.
Суреттерді МО әкімінің баспасөз қызметі ұсынды