Астананың тұсаукесеріне келетін атаулы қонақтар қайда тұрады деп Елбасымыз ойлағанда, сол кезде жаңа астана құрылысын қадағалап, жетекшілік етіп жүрген Владимир Ни: «Нұрсұлтан Әбішұлы! Қонақ үй жасаймыз!» - дейді. Бұл туралы да елбасымыз «Еуразия жүрегінде» кітабында бөлісіпті. Менің сенгім келмейді: «Не айтып тұрсың, Володя? Қайдағы қонақ үй, осынша қысқа уақытта ондай қонақ үйді қалай әзірлейміз? Ал енді бұл үшін не керегін айтшы?» - деймін оған. Владимир Васильевич тағы бір тың шешім ұсынып тұр: «Нұрсұлтан Әбішұлы, шетелдік жұмыс күшін әкелуге арналған лимит бар. Бір жолы 500-ге жуық адамды әкелуге болады. Мәселе мынада – осы лимитті уақытша тоқтату керек не айналып өту қажет». Бұл сөзімен менің мүлде келіскем жоқ: «Тоқтату керек, айналып өту қажет дегенің қай сөз, не айтып тұрсың,Володя?» - деймін оған. Ни қояр емес, өз пікірінде мығым тұр: «Лимиттің күшін тоқтата тұрмасақ, ештеңені істеп үлгере алмаймыз. Мен түрік мердігерлерінен қонақ үй құрылысын он бес күн ішінде аяқтай аласыңдар ма деп сұрап білдім. Олар аяқтай аламыз, тек лимит тоқтатыла тұрсын дейді». Сөйтіп мен жеңілдім. Шетелдік жұмыс күшін әкелуге арналған лимитті тоқтата тұруға рұқсат бердім. Түріктер ұшақпен үш мың жұмысшы жеткізді, нәтижесінде Астананың қонақтары үшін жаңа «Интерконтиненталь» қонақ үйінің құрылысын жаңа астанамыздың тұсаукесеріне қарай аяқтап үлгердік. Сонымен тұсаукесер рәсіміне келген қонақтарды Астанада тұңғыш рет бой түзеген, түріктің «Окан» фирмасы салған бес жұлдызды зәулім «Интерконтиненталь» қонақ үйі күтіп тұрды.
Жадыра ЖОЛДАСОВА