©
Маңғыстау облыстық ғылыми әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Тұщыбек ауылында «Ауылым - алтын бесігім» концерті өтті. Шағын ғана ауылдағы шаттықты облыс көлеміне таратқан өнер иелері тұрғындардың тағы бір қуанышына куә болды. Жастардың бастамасына қолдау көрсеткен "Қаламқас" өндірістік бірлестігінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Нұрпейіс Сәрсенбайдың халыққа тартуы – дала сахнасы да дәл осы күні ел игілігіне берілді.
Ауылымыздың әрбір мәдени-көпшілік шарасын өткізуге қолайлы дала сахнасы бізге тамаша тарту болды. Ауыл кешін көңілді еткен өнер ұжымының концертін таза ауада жағалай отырып тамашалаған көрермендердің қошеметі бұл сөзімізге дәлел.
Ауылдың орта тұсына құрылған әсем сахнада бір кеш бойы қара домбыраның шанағынан күй төгіліп, өлкеміздің өнер жұлдыздарының бұлбұл ұялаған көмекейінен шыққан әсем саз Отпанның бөктерін әнге бөлеп үлгерді. Өлкемізге белгілі жыршы- термеші Амандық Көмековтың орындауындағы Елбайдың сөз басымен басталған кешті «Мен - қазақпын» мега жобасының жеңімпазы Оспан Құлсымақ, төл өнерімізді төрге шығарып жүрген бүгінгінің жүйріктері Алпысбек Оңайбайұлы, Бекенжан Ертөлеп, Айгүл Құбашова, Ниязтұрлы Бектұров, Райымбек Түзелов, Азамат Дүйсенбаев, Нұрғали Бекарысов жалғады. Кешті «Сөз бен саз» жобасының авторы Бердіхан Әлмен жүргізіп, өнегелі әңгімелерімен көпшіліктің көңілінен шыға білді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда ауыз суды тұтыну жылдан-жылға артудаТұщыбектің түнгі аспанында қалықтаған әуезді ән мен қоңыр күйдің әсерінен шыға алмаған ауыл тұрғындарының көңілін сахнаға көтерілген ауыл әкімі Орынғали Күзембаевтың сөзі өзіне бұрғандай болды. Ауыл әкімі осындай өресі биік өнер кешін ұйымдастырған облыстық ғылыми әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұжымына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтып, дала сахнасын ауыл төріне орнатуға үлестерін қосқан бірқатар жастарға Алғыс хаттарын табыстады.
Ерболат ЕСЖАН, Тұщыбек ауылы
Көрнекі сурет сайттың архивінен