Қыркүйектің 15-інде Қазақстан бойынша емханаға тіркелу науқаны басталған болатын. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі науқан қараша айының 15-інде аяқталады.
Науқанның мақсаты - қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға немесе тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған, сондай-ақ өзге де себептерге байланысты емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру. Бұл - азаматтардың білікті дәрігерге көрінуіне, медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай дәрігер жүктемесін азайтуға ықпал етпек.
Жылма-жыл тіркеу науқаны барысында тіркеуші халықтың санының өсуі тіркеу компаниясына деген қызығушылықтың артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді. Бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болады деп үміттенеміз.
Тіркелу барысында ең басты назар аударатын жәйт - отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың өзіңізге жақын жерде орналасуы және кез-келген уақытта сізге көмек бере алуы. Сонымен қатар жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек, мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді. Осы және өзге де назар аударатын басты сауалдарға аурухана басшысы Жанар Нұрлыбаева жауап береді.
- Жанар Сайынқызы, тіркеу науқаны дегеннен-ақ көптің көкейіне келетін ең бірінші сұрақ «Емханаға қалай тіркелуге болады?» десем, қателеспеспін...
- Иә, бұл ең басты сұрақ. Екі ай көлемінде жүргізілетін тіркеу науқанына қатысамын деуші азаматтарға алдымен осы сұрақ төңірегінде түсінік беріп кетсем. Азаматтар үш түрлі жолмен, яғни таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін пайдалануға болады.
Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Ал егерде бұрынғы емхананың қызметі көңіліңізден шықса тіркеу науқаны барысында қайта тіркелудің қажеті жоқ.
Сонымен қатар емхананы: басқа жерге қоныс аударғанда, жұмысын, оқу орнын ауыстырғанда, жазасын өтеу мерзімі аяқталғанда, әскери борышын өтеу мерзімі біткенде, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы (БМСК) жабылғанда немесе қайта ұйымдастырылғанда, сондай-ақ жыл сайын 15-қыркүйек пен 15-қараша аралығында өтетін тіркеу науқаны барысында ауыстыруға болады. Өзіңіз тіркеуде тұрған емхана қызметіне көңіліңіз толмаған жағдайда да өзге емдеу ұйымына тіркелуге болады. Егер сіз таңдаған дәрігерге тіркелген азаматтар саны тиісті межеден асып кеткен болса, тіркеу бөліміндегілер сізге басқа маманды ұсынады.
- Яғни бұл жерде тұрғындар өздеріне ыңғайлы емхананы таңдауға толық мүмкіндігі бар дейсіз ғой. Біздің ауданымызда да бұрынғыдай емес, емхана саны артты. Емхана таңдауға қатысты қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
- Дұрыс айтасыз, тұрғындар бұрынғыдай бір емханаға телміріп отырған жоқ. Осындай науқандарды жүзеге асыру арқылы біз елімізде емханалар санын көбеюіне ықпал ете аламыз. Бәсекелестік деңгейі жоғарылап, қызмет көрсету сапасы артады. Ал емхана таңдаудың екі приципі бар. Бірінші қолжетімділік принципі, бұл таңдаған емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Ал отбасылық қызмет көрсету принципі - отбасылық дәрігер отбасы мүшелерінің қандай аурулармен ауыратынын және қандай инфекцияларға бейім екенін жақсы біледі, ем-домы да тиімді болады. Сондықтан бір маманға қанша ұзақ қаралсаңыз, денсаулығыңызға жасалатын бақылау да тиімді болады. Емхананы таңдаған кезде біз ең алдымен учаскелік терапевт (ересектер үшін) пен педиатрды (балаларға) таңдаймыз. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық емдеу участкелерінде баланы да ересектерді де қарайтын ВОП дәрігері жұмыс жасайды. Тағы бір айта кететін жәйт, емханаға отбасы мүшесінің бір ғана адамы барып басқаларын да тіркей алады. Ол үшін олардың жеке куәліктері мен жазбаша келісімі қажет. Ал 18 жасқа толмаған тұлғаларды тіркеу үшін ата-аналардан (немесе баланың қамқоршысынан) жеке куәлік (баланың атынан өкілдік ете алатынын растайтын құжат) пен баланың жеке құжаты талап етіледі. Олардың да өзіңізбен бірге тіркелетінін өтініште жазып, көрсету қажет.
Ал екі немесе одан да көп емхана тіркелемін деушілер емханаға ерікті сақтандыру келісім-шарты арқылы тіркелсе және келісім-шарт бойынша оған медицина ұйымының ел аумағындағы барлық филиалдарында қызмет көрсетілетін болса ғана екі емханаға тіркелуге болады.
- Тіркеуден қандай жағдайда бас тартуы мүмкін және ондай жағдайлар көптеп кездеседі ме?
- Емхана тіркеуге алудан бас тартатын жағдайлар үнемі болмаса да ішінара кездесіп тұрады. Жалпы оған 5 түрлі жағдай себеп болуы мүмкін.
Біріншіден, сіз таңдаған емханаға тіркелген азаматтар саны белгіленген межеден асып кетсе. Екіншіден, мемлекеттік мәліметтер базасында сіздің тұрғылықты жеріңіз туралы дерек жоқ немесе берілген мәліметтер дұрыс болмаса. Сондай-ақ балаларды тіркеген жағдайда баланың атынан әрекет ететінін растайтын құжаттары болмаса. Жекеменшік сақтандыру компаниясымен келісім-шарт бекіткен емханада сіздің полис иесі екеніңізді растайтын мәліметтер болмаса. Және тіркеу туралы мәліметтер базасында азаматтың соңғы рет өз өтініші негізінде емес, комиссия шешімі бойынша тіркелгенін растайтын мәліметтер болмаса. Мінекей, осындай жағдайлар кездессе емхана азаматты тіркеуден бас тартуы мүмкін.
- Мысалы, аудан орталығынан болмаса облыс орталығына барып емханаға тіркелушілер саны жетерлік. Ал егер олар тіркелгеннен кейін емхана халыққа қызмет көрсетпейтін болса ше? Қайда барып қаралады?
- Кез-келген азамат өзі тіркелетін емхананың жағдайымен алдын ала толық таныс болғаны абзал. Және оны өзінің тұрғылықты мекен–жайына жақын болғаны да жақсы. Өйткені жаман айтпай жақсы жоқ, жедел қызмет көрсететін тұстар да болып жатады. Ал егер тіркелгеннен кейінгі біраз уақыттың ішінде емхана жұмысын тоқтатқан болса, емхана тіркелген азаматтарға болған жағдай туралы алдын ала хабарлауға міндетті. Тіркеу тәртібі бойынша емханалар азаматтарды мынадай мерзімдерден кешіктірмей құлақтандыруы тиіс:
Емхана болған өзгерістерді тіркелген халықтың тұрғылықты жері бойынша хабарлайды.
Содан кейін медициналық сақтандыру қоры жергілікті органдар мен денсаулық сақтау басқармаларына хабарласып, емханалар арасындағы территорияларды бөліске салу туралы құжат сұрайды.
Арнайы комиссия тіркелген азаматтарды қормен келісім-шарт бекіткен емханаларға бөледі. Жаңа емхана сізді өздеріне тіркегенін хабарлайды.
Сіздің бұл шешіммен келіспеуге және өзіңіз тұратын аймақта қызмет көрсететін жеткізуші ұйымдар ішінен басқа емхананы таңдауға хақыңыз бар.
- Әр сұраққа тұшымды жауап бергеніңізге рахмет!Сұхбатты жүргізген Айгүл РАХМЕТОВА