©
Қараша айында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай айлық басталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын осынау маңызды шараның тақырыбы әр түрлі болғанымен, түпкі мақсаты жалғыз — халықты қауіпті аурудан сақтандырып, оның алдын алу. Таяуда ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемиологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақнұр Ханайқызы ТАСБОЛАТОВАМЕН сұхбаттас болғанымызда адам ағзасын қорғаныс қабілетінен айыратын АИТВ/ЖИТС және басталып кеткен науқан жайында біраз жағдайға қанықтық.
- Ақнұр Ханайқызы, АИТВ-мен тіркеліп жататындар жыл өткен сайын көбеймесе, азамай келе жатқанын білеміз. Дегенмен, статистикаға көз жүгіртіп, өңіріміздегі жағдайға тоқталсаңыз.
- Маңғыстау облысында ең бірінші жағдай тіркелгеннен бері, яғни 1994 жылдан бастап күні бүгінге дейін АИТВ жұқпасымен 310 адам тіркеліп отыр. Бұлардың ішінде Қазақстан азаматтары арасында – 227, шет елдер азаматтары арасында – 80 жағдай, анонимды түрде тіркелген 2 адам, азаматы жоқ 1 адам. Қазақстан азаматтары арасында тіркеліп отырған 227 адамның 175-і Ақтау қаласында, 7-і Жаңаөзен қаласында, 21-і Мұнайлы ауданында, 2-і Бейнеу, 4-і Қарақия және Түпқараған ауданында 6 адам тіркелген. Ал 12 адам басқа облыстардың тұрғындары. Бұл тек қана Қазақстан азаматтары арасындағы тіркелу жағдайы, ал мұнымен қатар шетел азаматтары арасындада жаңа жағдайлар әр ай сайын тіркеліп жатыр. Қазақстан Республикасындағы АИТВ/ЖИТС бойынша қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалға бағалау жүргізе отырып, соңғы уақытта жыныстық жолмен жұқтырылған адамдар санының едәуір өскендігі байқалып отырғандығын атап өткен жөн. Маңғыстау облысында да ахуал осындай. Өсіңкі қорытындымен жұқтырудың 310 жағдайының 219-ы (71%) жыныстық қатынас арқылы жұқтыру үлесіне тиеді, ал 84-і (27%) инъекциялық есірткі тұтыну кезіндегі берілген. Бүгінде жыныстық жолмен берілу жағдайлары кобейе түсуде. Бұл халықтың саламатты тобының арасында жұқпаның таралуы мен өсуін қөрсетеді. Сондықтан жұптық өмірге адалдық – АИТВ инфекциясынан қорғанудың тамаша нұсқасы және кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту оның алдын алудың тиімді шарасы болып табылады.
- АИТВ-мен тіркелгендердің жасында айырмашылық бар ма?
- Жас айырмашылығы жайында айтар болсақ, тепсе, темір үзер шақтағы жігіттеріміз бен қыздарымыздың вирус жұқтырып жатқанын өкінішпен айтар едім. АИТВ жұқпасы жастар арасында кең таралып кетті. Маңғыстау облысында АИТВ жұқтырылғандардың жалпы санының арасында 93 жағдай 20-29 жастағылар тобына тиесілі болса, 30-39 жастағылар–77, ал 40 және одан үлкен жастағылар 51 адамға жеткен. Сондай-ақ тіркелген 6 баланың жасы 1-19 жас аралығында. Бұл көрсеткіштер тек медицина қызметкерлерін ғана емес, әр адамды алаңдатуы тиіс.
- Ұйымдастырылып отырған науқан осы аурудың алдын алудың бір шарасы ғой. Биылғы тақырып қандай?
- 1988 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1-желтоқсан Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күні болып жарияланды. Бұл–жұртшылықты тарту арқылы осынау ауруға қарсы күреске назар аударту және жалпыға бірдей бірлесу күні. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасында жыл сайын 15 қараша мен 15 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған іс-шаралар өткізіледі. Ағымдағы жылы Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған іс-шаралар «Өз ахуалыңды біл» ұранымен өткізіледі. Науқанның мақсаты–АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша алдын алу жұмысын жүргізу, халықтың білім деңгейін көтеру арқылы Маңғыстау облысында жалпы халық арасында, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер және осал топтар арасында АИТВ инфекциясының таралу қарқынын азайту проблемасына қалың жұртшылықтың мүдделілігін арттыру, халыққа АИТВ/ЖИТС ауруының алдын алу үшін эмоция мәдениетін, әлеуметтік-құқықтық білімінің деңгейін арттыруды насихаттау, алдын-алу шараларын барынша жандандыру. Облыстық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасы бекіткен іс-шаралар және ішкі жоспарларға сәйкес көптеген шараларды жүзеге асыруда. Бұлардың кейбіріне тоқталар болсам, Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерінде, ішкі істер органдары саласында және әскери бөлімдеріде, Ішкі істер министрлігі оқу орындарында, пенитенциарлық мекемелерде, адамдардың көп шоғырланған жерлері—орталық базарларда, ірі сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталығы мен вокзалдарда, медициналық мекемелерде Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес науқанына АИТВ/ЖИТС проблемалары және алдын-алу шаралары туралы дәрістер оқылып, ақпараттық білім материалдары (АБМ) таратылуда, сауалнама жүргізу арқылы АИТВ-жұқпасы жөнінде хабардарлығы, білім деңгейлері бағалануда. Жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнінде тақырыбында дәрістер өткізіп жатыр. Әлеуметтік бейнероликтер көрсетілуде. Аталған нысандардың барлығында АИТВ инфекциясына жедел-тест ұйымдастырылып, «Өз ахуалыңды біл», «Тестілеуден өтіңіз» науқандары жарияланды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және облыстық ЖИТС орталығы сайтында АИТВ/ЖИТС мәселелеріне байланысты әр түрлі тақырыпта мақалалар дайындалып, жариялануда.
- Халықтың өзін, яғни жастарды тікелей қатыса алатын шаралар бар ма бағдарламаңызда?
- Әрине, бар. Ол жағын да қарастырдық. Ақтау қалалық білім бөлімі және білімді үйлестіру орталығы мамандарымен бірлесе отырып, мектеп оқушылары арасында диктант, мазмұндама және әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастардың көп шоғырланған жеріне, 14-шағын удандағы «Астана» сауда орталығы алдында ЖИТС орталығы мамандары дайындаған бильборд орнатуға тапсырыс бердік. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары қалық арасында және жастарға психо-әлеумет кеңес береді, ақпараттық-білім беру материалдарын таратады. Науқан аясында 90-90-90 стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Ашық есік күндері жарияланып, барлық келген адамдарды қабылдай отырып, жедел тест арқылы қан тапсырып, адам ағзасында АИТВ инфекциясының бар-жоқтығын анықтап беріп отырмыз.
- Кешірерсіз, сөзіңізді бөлейін, осы 90-90-90 стратегиясын қысқаша түсіндіріп өтсеңіз.
- Бір ауыз сөзбен айтар болсам, бұл дегеніңіз, біріншіден, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 90% өз ахуалын білуі қажет, екіншіден, 90%-ы антиретовирустық дәрілерге қол жетімді болуы жане 90% вирус мөлшерін өте аз деңгейге төмендету болып табылады. Осы арқылы келесі адамдарға жұқтырмай, жайлы өмір сүру ұзақтығы артады. Ол үшін саламатты өмір сүруді кеңінен насихаттау, АИТВ-ға ерікті тестілеу, оған жастарды неғұрлым көп тарту және барлығына қолжетімді ету қажет. «Тестілеуден өтіңіз» атты жарнаманы науқан барысында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең көлемде насихаттау керек. Басталып кеткен осы науқан арқылы АИТВ жұқпасынан сақтану мен одан қорғану шараларын, саламатты өмір сүру салтын мүмкіндігінше насихаттағымыз келеді. Өскелең ұрпаққа АИТВ жұқпасын жұқтыру жолын шектеп, АИТВ/ЖИТС таралуының ғаламдық проблемасын шешу үшін жастардың АИТВ/ЖИТС берілу жолдары мен оның алдын алу туралы білім деңгейін көтеру—баршамыздың міндетіміз. АИТВ/ЖИТС мәселесіне байланысты сауалы бар адамдар орталықтың 50-40-49 сенім телефонына хабарласу арқылы керекті ақпараттарды алуына болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА